Қазақстан халқы Ассамблеясының өнегелі ісі

АССАМБЛЕЯ
1044

Қазақстан халқы Ассамблеясы «Мектепке жол» акциясы барысында 10 мыңнан астам мектеп оқушыларына 200 миллион теңге көлемінде демеушілік жасады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы «Мектепке жол» республикалық іс-шарасы аясында әлеуметтік тұрғыда тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ ата-ана қамқорлығына зәру оқушыларға 200 миллион теңге мөлшерінде қайырымдылық амалын жасады. 

Жалпы өзінің өңірлік филиалдары арқылы әр жыл сайын осындай әлеуметтік қолдаулар ұйымдастырып, тұрмыс жағдайы жұтаң отбасылардың балаларына көмек қолын ұсынуды қалыпты дәстүрге айналдырған-ды. Тамыздың алғашқы күндерінен бастау алған ізгі шара қыркүйек айының аяғына дейін жалғасын тапты. Осы жылы да бұл науқанға Қазақстан Халқы Ассамблеясы аса жауапкершілікпен қарап, қазақстан халқының ауызбірлігін паш ететін өнегелі іс көрсете білді. 

Биылғы жаңа оқу жылының ашылуы қарсаңында игілікті істің тізгінін Алматы қаласы ұстап, көш басынан көрінді. Жуырда, 23 тамыз күні «Достық» үйінде орын алған қайырымдылық шарада Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев пен «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Зиятдин Касанов жүз балаға кеңсе тауарлары мен киім-кешек сыйлаған болатын-ды. Сондай-ақ  2 700 000 теңгеге дастархан жайылып, түскі ас берілді. 

Осы өнегелі шараны «Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығы» жедел қолдап, оларда қайырымдылықтың жақсы үлгісін таныта алды. 78 миллион теңге көлеміндегі қаржы әртүрлі керек-жарақтар алуға жұмсалып, өскелең ұрпақтың көңіл-күйін бір серпіп тастады. Атап айтсақ: 1300 жасөспірімге оқу құрал-жабдығы мен мектеп формасы сатып алынды. Осы орайда кәсіпкер Мизангүл Авамисимова Алматы облысындағы Ж. Босаков атындағы мектепке жаңадан парта, орындықтар әперді. Жахангер Мұратова облыс көлемі мен Алматы қаласын қоса алғанда 107 оқушыны  білім ордасын аттауға сақадай сай етті. 

Сонымен қатар Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығының Алматы қаласындағы филиалы «Нұр Отан» партиясымен ынтымақтасып, 600 оқушыны қалам-қағазбен қамтамасыз етсе, 200 жеткіншекке мектеп формасын кигізді. 

Осы игі дәстүр барысында «Мицва» еврей ұлттық ұйымдарының қауымдастығы 22 балаға 248 600 теңгеге, «Филия» Қазақстандағы грек қоғамдарының қауымдастығы 10 балаға 60 000 теңгеге, «Наири» армян мәдени орталықтарының қауымдастығы 100 000 теңге көлемінде қолдау көрсетті. Қорыта келгенде Алматы қаласындағы этномәдени бірлестіктер тарапынан көрсетілген қайырымдылық көмектің жалпы мөлшері 81 108 000 теңгені құрады.

Сонай-ақ Түркістан облысына қарасты этномәдени бірлестіктердің қосқан үлесі де айтарлықтай болды. Оңтүстік өңірді мекендеген этнос өкілдері 2068 балаға 30 560 000 теңге көлемінде мектепке даярлық шараларын жасаса,  Қостанайлықтар 2 889 балаға   28 444 969 теңге қайырымдылық ретінде қаржы жұмсады. Қарағанды облысының этномәдени бірлестіктері мен Аналар кеңесі және Қайырымгерлер мен меценаттар клубының өкілдері бас қосып, 713 балаға 18 254 770 теңге «атымтайжомарттық» көрсетті.   Ал, қайырымгерлер мен тәлімгерлер клубының өкілі, сондай-ақ «Жомарт жүрек» төсбелгісінің иегері Сәуле Шауенованың бастамашылығымен Жезқазғандағы «Utaria LTD» компаниясының жасаған қарымды ісін айырықша атап өткен жөн секілді.  67 көпбалалы отбасына 6 млн. теңгеге қолдау көрсетіп, әр оқушы балаға 25 000 теңгеден қылдай бөліп берді. Сосын Сәтбаев қаласындағы тігін және тоқыма шеберханасының тасын өрге домалантып жүрген кәсіпкер, көпбалалы ана Алена Эберман өз тарапынан жалпы сомасы 300 000 теңгені құрайтын мектеп формасын 30 оқушыға тегін кигізді. 

Жамбыл облысының да бет алысы көңіл толарлықтай, олар 928 оқушыға 8 100 000 теңге көлемінде шарапаттың үздік көрінісін көрсетті. Айта кетсек, қалалық, облыстық өзбек этномәдени бірлестігі, облыстық «Немістер қоғамы», «Барбанг» күрділер этномәдени бірлестігі, «Вынхуа» дүнгендер қоғамдық бірлестігі, «Ахыска» этномәдени бірлестігі, «Полонез поляк тілі мен мәдениеті орталығы» қоғамдық бірлестігі мен «Шиват-цион» еврей этномәдени бірлестігі, Махмуд Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі, Қарашай-балқарлар этномәдени бірлестігі аса белсенділік танытты.

Осындай ізгі шараға мұрындық болған ұжымдар тізімін әрмен қарай  жалғастыра беруге болар еді, дегенмен түйіндегенді жөн көрдік.

Сонымен, Алматы облысы 8 250 000 теңгеге, Нұр-Сұлтан қаласындағы 20 этномәдени бірлестік 52 балаға 7 000 000 теңгеге, Маңғыстау облысы 1550 балаға 7 580 500 теңгеге, Шығыс Қазақстан облысы 350 балаға 5 564 100 теңгеге, Шымкент қаласындағы этномәдени бірлестіктер 140 балаға 5 040 000 теңгеге, Павлодар облысы 1000 оқушыға 5 000 000 теңгеге ауыз толтырарлық қолдау жасады.

Ал Батыс Қазақстан  өңіріне тоқталар болсақ, 157 ұл-қызға 1 580 000 теңгеден астам астам қайырымдылық танытты. Осы шараға ұсталған қаражаттың ауқымды көлемін, дәлірек айтқанда 1 млн теңгеден астамын «Мирзоян» армян этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қалалық мәслихаттың депутаты Аветик Рубенұлы Амирханян өз жанынан шығарып,  тұрмысы нашар отбасылардың жүзден астам баласына мектеп формасы мен оқу құралдарын табыс етті. Сондай-ақ, «Бірлік» әзірбайжан мәдени-ағартушылық қоғамының төрағасы Наджав Мамедов те көмекке зәру болып жүрген 17 мектеп оқушысына 280 мың теңгеге спорттық киімдер мен аяқ киімдер және мектеп құралдарын алып берді. Аталмыш акция барысында «Юнисерв» ЖШС басшысы, облыстық мәслихат депутаты, облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Н. Сатбаев қырықтан астам оқушыға 300 мың теңгеге мектеп құралдарын табыстап, алғысқа бөленді.

Еліміздің өзге де облыстарындағы этнос өкілдері шама-шарқынша игілікті іске өз үлестерін қосып, ауызбіршілік танытуға тырысты. Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақтөбе қаласындағы ғимаратында «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі, Ақтөбе облысы жанындағы Аналар Кеңесі, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының облыстық штабы, «Әзірбайжан Қауымдастығының» облыстық филиалы, «Шалом» еврейлер этномәдени бірлестігі, «Оксана» украиндердің ұлттық-мәдени орталығы, «Ұйғырлар Қауымдастығы» Ақтөбе облысындағы филиалы 200 мың теңге қаражат көлемінде 10 балаға мектепке қажетті құралдар мен киім-кешекті сыйға тартты. Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының  этномəдени бірлестіктері «Тұлпар» сауықтыру кешеніндегі демалыста жүрген Арыс қаласының 47 жеткіншегіне қол сөмкелер ұстатып, мерейлерін тасытты. Сонымен қатар арнайы концерттік бағдарламаны тамашалатып, тəтті сыйлықтармен қуантты. Шараға жұмсалған қаражаттың жалпы сомасы – 500 мың теңгені құрады.

Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысының қайырымгерлері 18 балаға – 680 мың, Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен 80 балаға жалпы сомасы 800 000 теңге көлеміндегі тарту-таралғы табысталды. 

Қорыта келгенде, Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінгі таңда «Мектепке жол» акциясы бойынша 10 мың оқушыға 200 миллион теңге көлемінде қолдау жасады. Қайырымдылық шарасы осымен сарқылып қалмай қыркүйектің аяғына дейін жалғасын табады. 

Заман Төлеуов

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Сенат және Мәжіліс депутаты Абзал Құспан соғыстың қаупі төніп тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды mad...

Жаңалықтар

Ресей Днепрге шабуыл жасаған баллистикалық зымыран қырғи қабақ соғыс кезінде де қолданылған, деп хаб...