Аддис-Абебада Семей полигоны жабылуының 30жылдығына арналған семинар өтті

Жаңалықтар
1176

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту аясында Эфиопия астанасы Аддис-Абебада Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығына арналған «Ядролық қарудан және ядролық сынақтардан азат әлемге қол жеткізу» тақырыбында семинар өтті. Бұл туралы "Мәдениет порталы" ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Семинарға Эфиопия Сыртқы істер министрлігінің, Африка одағы комиссиясы хатшылығының, дипломатиялық корпустың, соның ішінде «ядролық бестік» пен Стокгольм бастамасына кіретін мемлекеттердің, өкілдері, қоғам қайраткерлері, бейбітшілік пен қауіпсіздікті зерттеу институтының, Диалог, зерттеулер мен ынтымақтастық орталығының сарапшылары, Аддис-Абеба университетінің студенттері, сондай-ақ бірқатар эфиопиялық басылымдардың журналистері қатысты. 

Семинарға қатысушыларға арнаған сөзінде Қазақстан Елшісі Барлыбай Садықов мемлекетіміздің жаһандық қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау үдерісіне қосқан үлесі, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамалары, оның халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі туралы айтып берді. 

Биыл құрлық елдері Африкадағы ядролық қарудан азат аймақ туралы Пелиндаб келісіміне қол қою ашылуының 25 жылдығын атап өтеді. Ағымдағы жылы Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақтың (Семей шарты) құрылғанына 15 жыл толады. Қазіргі таңда екі аймақ арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қою жоспарлануда. 

Іс-шарада ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, Эфиопияның қоғам қайраткерлері, Индонезия, Швеция, Иран елшілері, Жапония елшілігінің қызметкері сөз сөйлеп, Қазақстанның белсенді қатысуымен қарусыздану және әлемде ядролық қаруды таратпау режимін нығайту жөніндегі халықаралық қауымдастықтың бірлескен жұмысты одан әрі жалғастыру қажеттігін атап өтті. 

Семинар шеңберінде Андре Сингердің «Жел қайдан келді» атты деректі фильмі көрсетілді, сондай-ақ Семей полигонының жабылуының 30 жылдығына орай «Өлімнен де мықты» атты фотокөрме ұйымдастырылды. 

Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан мен оның халқының Халықаралық ядролық қарусыздану және таратпау процесіне қосқан үлесін жоғары бағалап, біздің елмен достық байланыстарды нығайтуға қызығушылық танытты.

madeniportal.kz

Жаңалықтар

Түркияның Ризе қаласында лай көшкіні жүрді, деп хабарлайды madeniportal.kz. ВВС мәліметінше, Чайели...

Жаңалықтар

Ақмола облысы Атбасар қаласындағы тұрғындар жаңа үйдің құрылысына сын тақты, деп хабарлайды mad...