Дәурен Абаев: Тілімізді дамытуға бос сөзбен емес, нақты іспен үлес қосу керек

ӘДЕБИЕТ
1753

Тілімізді дамытуға бос сөзбен емес, нақты іспен үлес қосу керек. Мұндай пікірді «Сөзтүзер» сөздігінің тұсаукесеріне орай сөз арнаған ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Facebook-те білдірді, деп хабарлайды "Мәдениет порталы".

«Ардақты ағайын! Бүгін біз мына «Сөзтүзер» атты қате қолданыстар сөздігінің тұсаукесерін өткіздік. Бұл – бұқаралық ақпарат құралдарындағы мемлекеттік тілдің қолданысын реттеуге және ана тілдің тазалығын сақтауға арналған жоба. Соңғы кезде қазақша баспасөз бен теле-радио арналар тілінде әртүрлі қателердің белең алғаны туралы жиі айтылып жүр. Уақыт өткен сайын мұндай қателер күнделікті қолданысқа еніп кетуі мүмкін. Одан ана тіліміздің табиғаты бұзылып, сауаттылық деңгейінің төмендеуі ықтимал. Сондықтан біз осы мәселені шешу үшін беделді ғалымдар мен тіл мамандарын жинап, осы сөздікті жасап шығардық»,- деді Дәурен Абаев сөздіктің тұсаукесеріне орай халыққа арнаған видео үндеуінде.

Оның атап өтуінше, сөздікте жиі кездесетін екі мыңнан астам қате қолданыс жинақталған. Олар жан-жақты түсіндіріліп, дұрыс нұсқасы көрсетілген. Негізінен стильдік және емлелік қателер, калька атаулар, жасанды сөз тіркестері, яғни жүйелі қателер іріктелген. 

«Әрине, бұдан кейін тіл тазалығының мәселесі бірден шешіліп кетеді деуге болмас. Алайда біз осы бағытта нақты қадам жасадық. Ол үшін тіл мамандары бірнеше ай бойы еңбек етті. Қазақ тіліне қажетті тың дүние әзірледі. Өз атымнан жұмыс тобына алғыс айтамын! Сөздікті бұқаралық ақпарат құралдарына, университеттерге, мемлекеттік органдарға таратамыз. Сайтқа салуды да көздеп отырмыз. Сөздік журналистердің, тілшілердің, жалпы жазарман қауымның күнделікті қажетіне жарайды деп үміттенемін. Себебі көпшілік тілінің қалыптасуына ақпарат құралдарының әсері зор. Әрине, бұл – бір-екі аптаның немесе бір-екі айдың ішінде жасалған жұмыс емес. Мұны былтыр мамыр айынан бастап қолға алдық. Яғни Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары ретінде тілге қатысты алғашқы жобалардың бірі осы болатын. Оны кешегі – ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай өздеріңізге таныстыру бұйырыпты»,- деді ол. 

ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары мемлекеттік тілді дамытуға арналған бұдан да басқа бірқатар ірі жобалар бар екендігін, оларды уақыты келгенде осылай таныстырып отыратындықтарын айтады. 

«Ағайын, қазақ тілінің мәселесі әрдайым назарымызда. Оның өркен жаюына бәріміз де мүдделіміз. Бірақ тілімізді дамытуға бос сөзбен емес, нақты іспен үлес қосу керек. Бұл – әлеуметтік желіде эмоциямен пост жазу емес, тұрақты әрі тынымсыз еңбекті талап ететін бағыт. Нәтижелі әрі бірден бір дұрыс жол да – осы. Президентіміз кешегі Жолдауында айтқандай, болашақта Отанымызда тұрғысы келетін әр азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Осы орайда, қоғамдағы сыйластық, өзара құрмет, адами қарым-қатынасқа сызат түспеуі керек. Мен Алматы облысындағы Үңгіртас деп аталатын табиғаты тамаша, шағын ауылда дүниеге келдім. Әжеміз бен атамыздың өсиетін тыңдап өстік. Сондықтан да туған тілдің тағдыры мені ерекше толғандыруы заңдылық. Осы ретте, қазақ тілі үшін күнделікті қызмет етіп жүрген зиялы азаматтармен, тілді үйретіп жүрген нағыз патриоттармен жұмыс істеуді, жүйелі жобаларды жүзеге асыруды өзіме міндет санаймын», - деді Дәурен Абаев. 

Айта кетейік, 6 қыркүйек елордада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысөзімен бұқаралық ақпарат құралдары мамандарына арналған «Сөзтүзер» сөздігінің тұсаукесер рәсімі өтті.

ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлының жетекшілігімен жарық көрген сөздіктің таныстырылымына арналған іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев қатысып, сөздік қазақ тілін тұғырына нық қондыруға арналған нақты жоба екендігін баса айтты.

madeniportal.kz

Жаңалықтар

Танымал әнші Роза Әлқожа Талғар қаласында төбелес кезінде қайтыс болған Шерзат Болаттың отбасындағы...

ТАНЫМ

Бүгін белгілі этнограф, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлық иегері Ақселеу...