Виртуоз Бесбаев

МУЗЫКА
1619

Өмір, өтірігіңе алдансам да, адалдығыңның кілтін ауыстырмашы, сәбидің күлкісіндей сағынтар, қуанышты сәттер көп, пендеміз ғой, бетімізді жуғанша ұмытып кетерміз, әйтсе де аспан күрсінетін, жер сілкінетін, жүрек тіксінетін, тау шағылатын шақтарда аз емес-ті. Кіналағанмен не қайдам, тірліктің қағидасы ма? Әлде «табиғат танымының алма-кезегі ме, шеңберлі өмірде жүремін бе?» деп жүрегіңмен үндесесің, сол шақтарда рух сарайың ашық болса шексіздікпен тілдесесің, ол екінің-бірінің қолынан тұрмақ ойынан келмес... Марқасқа ақын Мағжан: «Жүрегім, мен зарлымын жаралыға, сұм өмір абақты ғой саналыға» деп күрсінді; Мағжанның жүрегін аңсап аласатқан ақын Жаркен Бөдешұлы «жер сатылатыны үшін сатылды, Мағжан сатылмағаны үшін атылды» деп жырлады. Өлең иә өнердің, таланттың тазалығын қараңыз, сол асылдар айтқандай қарт ғасыр күрсінсе де, күн кеудесі батар алдында ендігі шаршамас шәкірті ертеңіне сенеді, жастарға сенеді, сол сенімді бала кезінен басына қонған «бозторғай» бақыты баптай білген, бағалай білген, арзан дүниеге сатылмаған, шексіздіктің үнінің үрпінен әннің ақ уызына жарыған ұстамы да, ұстазы да жақсы, бағы жанған бір әнші болса, ол – Тәңір тағаланың мейірімі түскен Мейрамбек Беспаев. 

Әңгімені бағы жанған деп бастадық па, ол әннің, ал ән оның бағын жандырды, құс көңіл қиырды шарласа Қыпшақ даласы деп бекер айтпаған, атасы емес алған батасына қызығамыз, өнер жолындағы несібесінен қызғанбаймыз, оның дауысынан нән аспанды еміп тұрған нар таулардың таңдайының тақылын, нағыз Әл-Фарабидің нақылын тыңдағандай жүрегің дем алады. Оның үнінде қазақ даласының иісі, шіркін, жусан мен аршаның иісі аңқиды, жаңбырдан кейінгі құлпынайы тағы басқа гүлдері құлпырған қарағайлы тауды аралап көріппе едіңіз? Бұлағы жамыраған, арқары маңыраған қазақ даласы! Қарыны ашса да қадыры қашпаған қайран қазақ баласы! Ұлы Дала ән мен күйге көмкерілген, құйттай құсының тамағы тұрмақ қанатынан ән маржаны төгіледі, арғымағымның жалында күй күмбірлейді, аққуы айдынында толғатқан арлы қазақ елінің еркесі, ізгілік періштесі иығынан ұшпаған ұлағатты ұлы – Мейрамбек Әбіләшімұлы. 

Әнші Мейрамбектің мейірімге бөккен майда қоңыр үні иісі қазақтың аяғы жеткен жеріне желдей есіп, бұлттай көшіп кең тарады. Күллі қазақты әсем әуезімен ұйыстыра білді. «Өз елім» деп өзегі өртеніп, емешегі үзілмеген қазақ кем де кем. Мейрамбек конкурс пен шоудің әншісі емес, ол – нағыз әнсүйсер қауымның әншісі. Ол сөйте тұра әлемдік деңгейге көтерілген – виртоуз әнші, дәулескер домбырашы. Қазақ елінің осынау ширек ғасырылық тәуелсіз жылдарын әнмен мелдектете суреттеген әнші – Мейрамбек Бесбаев. Және оның қатарластары: Тоқтар Серіков, Саят Медеуов, Мақсат Базарбаев, Жұбаныш Жексен т.б есті эстрадист азаматтарды айырықша айтуға болады. 

Кіндігін қобыз кескендей сабырлы қоңыр дауысы даласына тартқандай, мен сезсем жарынан бұрын ең жақын сырласы, жан жолдасы домбыра, әннен бұрын күйді сүйетіндей, қыз дәмі бар қымыз ішкеннен гөрі қырдың иісін аңсайтын ауыл пейілді азамат. Даналы ұлттың ұлы өнерде даралығын ұстаған «Сүлеймендей жүзігім болғанша, жүрегі таза жүз інім болсын» дейтін ағалығын сақтаған ардақты азамат. 

Кісілікке кісен жүрмейді. Өнер үшін құс ұйқылы, құлан қарауыл болған құнды өнердің сүрінбес Құлагерін құлақтаған, күнге шағылысқан күміс жүгенін сол әннің арғымағына жүрегімен жүгендеген, ел үшін ер салған, қоржынына алтын жамбы емес, жүрекке азық ән толтырған, Оралхан Бөкей ағасындай шын өнердің Алтай асқарында тұрса да бөктерін, қара қосын ұмытпаған, өткеніне опасыздық жасамаған, жан тазалығын жанарынан, жан дауысынан, жүрек үнімен сездірген, жеткізген талант иесі. 

«Өнерге әр кімнің бар таласы» болса да Мейрамбектің талантына ешкімнің жоқ таласы. Ол жүректің иесі, әнді жүрекпен айтады, әрине жүректен шықпаса жүректерге қалай жетсін. Сыбызғы сырнайы, қобызы, жетігені, домбырасы, шертері шертетін сырың мол дегендей әншінің арлы өмірін әрлендіре түседі. Өнердің текті аспанында темір қазығы жарқыраған қазақ ән өнерінің асыл нұры, қалың ұлды білмеймін Ер Төстігім бір төбе деген Ерназар еліміз ғой. Көк туы желбіреген көкжал рухты Отанда мейірім оты өшпесін, арқар ауып кетпесін, жан сағынышы Сарыарқаны арымен, әнімен сүйген қайран Ақселеудей барыс адымды бақытты аға сізге Жамбыл атаның жасын тілеймін! «Ержанатым» деп шақырған, еркелеткен ерте жеткен құс жүрегіңізден айналдым, қолда бар да асылын ардақтайтын халықпыз, айна халқына уақыт таразысына ұялмай азаматтық ұжданмен қарайтын, тез басынан аулақ текті әнші бес періште қорғаған Бесбай атаның Мейрамбегі, тек қазақ емес ән сүйер қауымның өнерге адал ұлы аман болсын! Тәмам!

Ақын Ержанат БАЙҚАБАЙ

author

​Мейрамбек Бесбаев

ӘНШІ

Жаңалықтар

Атырауда 5-қабаттан құлаған бала жансақтау бөлімінен палатаға шығарылды, деп хабарлайды madeniportal...

Жаңалықтар

Ақтауда кәмелет жасына толмаған қыздардың соққыға жығылғаны видеоға түсіп қалған, деп хабарлайды mad...