Қазақтардың мəдениетіндегі өлім мен өмір мəселелері

ТАНЫМ
1457

Эдвард Мунк. Өмір биі

Өлім, мəңгілік, өмірдің мəні сияқты əрдайым бітпейтін мəселелер қазақ ойшылдарының ойын тербеткен, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, шешімін нақты таба алмаған сұрақтардың бірі. Бұл мəселелерді қарастыру, олардың қалыптасуы мен даму жолдарын зерттеу қазақ халқының тарихи дамуын білумен тығыз байланысты. Қоршаған əлемнің барлық өзгерістері қазақтардың басты рухани байлығы болып саналатын халық шығармасында өз көрінісін тапты. Халықтың ауызша шығармасын зерттеу арқылы мəдениеттің даму тарихындағы өлім мен өмір мəселелерінің қойылуы мен олардың рəміздік көріністері жайлы мағлұматтар алуға болады. «Аталардан ұрпақтарға берілген жəне халық аузында сақталған көркем сөз, оның орындалуы мен айтылуының өзгеше ерекшеліктері ұлттық идеяның негізін, фонын жəне мəнін құрайды» [1].

Əрбір мəдениет құндылықтардың белгілі бір жүйесін жасап шығарады, онда өмір, өлім жəне өлместік мəселелері ой елегінен өткізіледі. Өлімнен құтыла алмайтынын білген адам өзіндік образдар, идеялар, рəміздер жасауға тырысады жəне солар арқылы қашып құтылмайтын «өлімнің» алдында өздеріне сенімділік таппақшы болады. Халықтың ауызша шығармашылығында жəне қазақ ағартушыларының көркем əдебиеттік шығармаларында өлім мен өмірдің философиялық түсінігін көруге болады. Қазақ мəдениетінің даму тарихында өлім мен өмір мəслелерінің қалыптасуын бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезең ХV- ХVIII ғасырдың соңы. Екінші кезең ХІХ ғасырдың ортасынан басталды.

ХV- ХVIII ғасырда қазақ даласындағы қоғамдық өмірде философ-жыраулар үлкен роль атқарды. Олар өз толғауларында маңызды қоғамдық мəселелерді қозғады, табиғатта, адам өмірінде, дүниеде болып жатқан өзгерістерге түсініктер берді. Феодалдық соғыстар кезінде жыраулар өмір мен өлімнің мағынасы туралы көптеген өлеңдер жазды. Өз өлеңдерінде олар жауынгерлерді ерлікке шақырды, ер жігіттің істерін мақтан етті, өмірден өткен батырларға арнап жоқтаулар шығарды.

Қазақ ауыз əдебиеті мен философиясының негізін салушылар: Асан Қайғы мен Қазтуған жырау қазақ мəдениетінде өшпес із қалдырды.

Шоқан Уалиханов Асан Қайғыны «көшпенділер философы» деп атаған. Асан Қайғы кезінде көптеген тарихи оқиғаларды күні бұрын көре білді, халықтың өмірінде болып жатқан өзгерістерге өз бағасын берді, Алтын Орданың ыдырайтындығын айтып, өзара соғыстарды сынға алды. Ол өз шығармаларында қазақ хандығы құрамына енетін барлық түрік руларын бірлікке шақырды.

Көлде жүзген қоңыр қаз

Қыр қадірін не білсін

Қырда жүрген дуадақ

Су қадірін не білсін!

Ауылдағы жамандар

Ел қадірін не білсін!

Көшіп-қонып көрмеген

Жер қадірін не білсін! - деп, жырау ақсүйектердің халық пікірімен санаспай, үйреніп қалған шұрайлы жерлерінен мақсатсыз көшіріп жіберетін өмірге өзінің наразылығын білдіреді.

Густав Климт. Өмір мен өлім

Қазтуған жырау көшпенді қоғамның өкілі болатын, оның дүниетанымынан жарқын образдылықты, терең байқағыштықты, өткен өмірге ешқандай өкінбейтіндігін көресіз. Қазтуған жыраудың :

«Азамат ердің баласы

Жабыққанын білдірмес,

Жамандар мазақ қылар деп!» [2]

– айтылған өлең жолдарынан сол замандағы қазақтардың өз руластарының алдында қорқақтығы үшін күлкі болып, абыройынан айрылғаннан көрі ерлікпен өлгенді артық санайтындығы байқалады. Оның айтқандарының көбі мақалдар мен мəтелдерге айналды.

Көшпенділердің моральдық бейнесіне Доспамбет жырау да тоқталған. Оның ең көрнекті шығармасы - өлер алдындағы толғауы. Онда жырау өз қайғысын, өткен өмірге өкінішін айтқанымен, толғаудың соңында:

«Бүгін, соңды өкінбен,

Өкінбестей болғанмын» - деп, өлімнің бетіне батыл жəне байсалды қарай алатындай сөздермен аяқтады.

Қазақ əдебиеті тарихындағы ең жарқын жəне көрнекті кескіндердің бірі Шалкиіз жырау Тіленшіұлы (1465-1560 жж) еді. Оның адам туралы, тұрмыстың мағынасы туралы ойлары сол замандағы адамдардың дүниетанымының деңгейі туралы түсінік береді. Шалкиіз ешкімге де өз адамгершілігін, ар-намысын қорлатпаған, əуелден Темірдің өзіне де: «біз туғанда тең болатынбыз, ал сен əмірші болдың-бірақ мұны жасаған Құдай » - деген екен. Жауынгерлерді: өмір де, өлім де Құдайдың қолында – деп жігерлендірген.

Өмірде мəңгілік ештеңе жоғын түсінген Шалкиіз жырау адамдарды қысқа өмірдегі қызықтан бос қалмауға шақырады:

Күлелік де ойналық,

Киелік де ішелік,

Мынау жалған дүниеде

Кімдерден кейін қалмаған!

ХVIII ғасыр қазақ халқының тарихында ең бір ауыр кезеңнің бірі, бір орталыққа бағынған күшті мемлекеттің болмауы өзара қырқысу соғыстарына алып келді. Бытыраңқылық үрдістерінің күшеюі, сыртқы жаулардың, əсіресе жоңғар шапқыншылығын жиілетті. Бұл тарихта «Ақтабан-шұбырынды Алқакөл сұлама» деген атпен белгілі. Қазақтар халқының үштен екісінен айрылды.

Бұл ауыр жылдар қазақ халқының санасында терең із қалдырды. Ел басына түскен үлкен күйзеліс ақындар мен жыраулардың шығармаларынан көрініс тапты. Осындай ақындардың бірі Ақтамберді жырау (1675- 1768). Ол өмірінде талай қиындықтар көрсе де, мойыған жоқ. Өз жырларында халықты батырлыққа, ерлікке шақырды, өзі ерліктің үлгісін көрсетті.

Уа, жігіттер, жандарың,

Жаудан аяй көрмеңіз,

Ғазірейіл тура келмей жан алмас!

Ел басына күн туғанда құндылықтар өзгереді, бостандық пен ар-аброймен, намыспен салыстырғанда адам өмірі ештеңе тұрмайды. Адамдарда құл болып өткенше, халықтың тəуелсіздігі үшін өлген артық деген психология пайда болды. Бұл ақын-жыраулардың өлеңдерінен көрініс тапқан.

Тарихта өз орнын қалдырған Үмбетей жырау да жауынгерлерді мадақтаған, олардың ерлігін паш еткен жырлар жазды. Абылай ханға Бөгенбай батырдың өлімін ескерткен шығармасында жанның бар екендігі, оның адамның денесі өлгеннен кейін жеке өмір сүре алатыны жайында сөз қозғайды.

Қазақтарда өлгелі жатқан адамға дұға оқу (иман айту), ол адамның барлық туыстарымен, достарымен қоштасу, олардан кешірім сұрау, өзі де кешіруді өтіну рəсімі бар. Мұның өзі жанды бұл өмірдегі күнəлардан тазартып, о дүниеге дайындалу үшін жасалады. Бұдан қазақтардың, ерекше діншіл болмаса да, ана жақтағы өмірдің бар екендігіндігінен үміті барлығы байқалады. Кезінде Аблай ханның бас идеологы болған Бұхар жырау көптеген тарихи оқиғалардың куəсі болған адам. Ол өз өлеңдерінде Абылай ханның ерлігін мақтайды, оның жоңғарларға қарсы барлық жүздерді біріктірудегі саясатын қолдайды. Ханмен келіспеген мəселелерде оны сынап та алған.

Ивар Аросениус. Өмір мен өлім

Өз шығармаларында Бұхар жырау бастан кешкен өмірдің мағынасы жайында ойланып, толғанады. Адам өмірін он жасынан бастап қартайғанға дейін кезең-кезеңге бөліп суреттейді.

Қазақ халқының поэзиясында адам өмірін жас мөлшерінің негізгі кезеңдері бойынша суреттеу көптеген ақын-жыраулардың өлеңдерінде кездеседі. Осындай талдау Шал ақынның шығармаларында да бар. Ол қамсыз балалық шақты мейірлене жырлайды. Балалықтан соң жастық шақ, бозлалалық, содан соң нағыз тамаша кез – есею, ержету- жиырма бес жас келеді. Бұл жас қазақтарда ертеден қатты дəріптеледі. Көптеген шығармаларда «Қайран жастық шақ, қайта айналмас жиырма бес» деген  жолдар жиі кездеседі. Бұл ең алдымен қайтып келмес, қайталанбас жастықты еске алу.

Жігіттің кемеліне келіп толатын шағы отыз, отыз бес. «Бұл ғажап кез, желдің екпініндей өте шығады. Қырықтан асқан соң, адамның рухы ырық бермейтін жəне «қындағы қанжардай» өткір, елуде ер адам толып, дана болған кезінде кəрілік те келіп жетеді. Сонан соң өлім. Өмір өткінші, өзгергіш, өмірдің барлық мəні –адамға берілген қысқа күндерде» – дейді ақын [3].

Шал ақын өмірінің мəні жайлы ойлана келіп, өлімнен ешкімнің құтылмайтынын, дүниенің бəрі артта қалатынын мына жолдармен баяндаған:

Жігіттер, жалған дүние бізден қалар,

Бір күні ажал келіп жаныңды алар,

Жан шығып, дүниеден көшкеннен соң,

Мал–мүлкің, қатын–балаң бəрі қалар.

Шал ақын адам өмірің одан ары жалғастығын оның артында қалған балалары, болашақ ұрпақтары деп санайды. Қазақтар мұрагерім деп ұл балаға ерекше қараған. Ұлы жоқ адамды «қу бас» деп атаған.

Өлім, өмір, «өлместік» мəселесін Бұхар жырау өзінше шешеді. Бұл өмірде мəңгілік ештеңе жоқ екенін түсіне отырып, ол былай деп толғанады: асқар тау да өледі, күн мен ай да өледі, көлдің толқыны да өледі, қара жер де өледі деп тұжырымдайды. Бірақ өлмейтін не? Кімнің ғұмыры мəңгілік? деген сұрақтарға: Адамның ардақты аты мен ақынның сөзі өлмейді, - деп жауап береді.

Өлімнің болмай қоймайтынын түсінген қазақ ақындары мен жыраулары өмірді мəнді жəне көңілді өткізуге (Шал ақын), бірақ рұқсат етілген шектен шықпауға, қоршаған ортамен гармонияда өмір сүруге, адамды асырайтын жердің қадірін білуге (Асан Қайғы) шақырады.

Адам бүкіл əлемді тұтас көре алса да, барлық ғылымды білсе де оның білімді аңсауы басылмайды жəне ол өмірге тоймайды – дейді Бұхар жырау. Адам өмірдің барлық құпиясын білген күнде де, ол өлімнің шешімін табуға келгенде дəрменсіз. Бұл өмірдің аржағында не бар екендігін білу мүмкін емес.

Өлім болмыстың ұлы құпиясы. Бірақ, адам ешқашан үмітін үзбейді.

Жақындап ажал тұрса да,

Жанына қылыш ұрса да,

Қалжырап көңіл қарайып,

Қарауытып көзі тұрса да –

Үмітін қоймас адамзат, – деп толғайды Бұхар жырау.

ХVIII ғасырдың соңына қарай Қазақстанның территориясының үлкен бөлігі Ресей империясының қол астында болды. Қазақ жəне орыс халықтары біртіндеп жақындаса түсті. Ауыр тұрмыс қара халықты «өз» феодалдарына қарсы көтеріліске əкелді. Ресейдің Е.Пугачев бастаған шаруалар соғысы, Исатай Тайманов пен Махамбет бастаған Бөкей ордасындағы көтеріліс халықтың ашу-ызасының куəсі. Көтерілістер талқандалды. Полковник Кузьмин мен майор Дерышевтың жазалаушы экспедициялары қазақ даласын қанға бояды.

«Зар заман» ақындары Дулат пен Шортанбай қанаушылардың ашкөздігін, қанағатсыздығын өткір сынға алады. Шортанбай Қанайұлы (1818-1881) өлеңдерінде өлім туралы көп жазады. Өмір–өтпелі, байлық–алдамшы. Сондықтан тірі кезіңде жанның пайдасын ойла – ораза ұста, намаз оқы. Өлім келеді, істеген істерің үшін жауап бересің. Сондықтан адамдар «мизан-таразы» күнінің келетінін ұмытпаулары керек деп толғанады.

Адамның болмысы, өлім мен өлместік мəселелері көптеген қазақ ағартушыларына да ой салды. Ыбырай Алтынсарин «Мұсылмандықтың тұтқасы» деген еңбегінде өліні де, тіріні де, адамды қоршаған барша дүниені жаратқан құдіретті Құдайдың бар екендігі жайлы айтады. Ол ана дүниенің бар екендігіне шұбаланбаған. Адам Құдай жаратқан пенде. Адамның бұл өмірдегі пешенесіне жазылғаны – қайырымдылық, жақсы іс жасау. Адамның жасаған барлық істері онымен ана дүниеге бірге баратын жүгі.

«Құдай тағала пенделеріне екі жол көрсетті: бір жолы- осылай бар деп бұйырған жолы, екіншісі – бұл жолға түспе деп тыйған жол. Əуелгі жолдың баратын ұшы- жұмақ, соңғы жолдың ұшы-тамұқ. Əр екі жолды көрсетіп қойып, қайсысына түсудің ықтиярын бұл дүниеде Құдай тағала адамның өзіне береді. Осы екі жолдың мəнісін түсініп үйренуді дін ғылымы деп атаймыз» – деп жазады ол [4].

Ы. Алтынсаринның бұл еңбекті жазуына екі жағдай себебті болған. Біріншісі: Ыбырай ашқан мектептерде сол кездің талабы бойынша міндетті түрде дін сабағы өтуі тиіс еді. Екінші жағдай, енді орныға бастаған жазба мəдениетін араб, парсы, татар терминдерінен тазарту болатын.

Өмір жəне өлім мəселелері Абай шығармаларында да елеулі орын алған. Адам болмысының мағынасы жайлы ойлана келіп, Абай: «Болмыс əлемде, əлем Алланың қолында», дейді.

Алла əлемнің жаратушысы, оның иесі, оның ешқандай мұқтажы жоқ. Бəрі де адам үшін жаратылған. Адам өлмек, өлім жеке өмірдің аяқталуының табиғи қажеті. Сондықтан адам өмірін босқа өткізбеуі керек. «Адам баласына адам баласының бəрі – дос. Не үшін десек, дүниеде жүргенде – тууың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің – бəрі бірдей, ахиретке қарай - өлуің, көрге кіруің, шіруің, махшарда сұралуың – бəрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пəлесіне каупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың бəрі бірдей екен» - деп жазды Абай [5].

Фрида Кало. Өлім бетпердесіндегі қыз

Өлім мəселесі, адам болмысының мағынасы жайлы белгілі қазақ ағартушысы Сұлтанмахмұт Торайғыров та ойлаған.

Қызықты, тəтті өмір бітесің-ау,

Алдымнан ажал тосып, күтесің-ау;

Туғанда қызықтаған жаңа жанды,

 Тумағандай бір күн өтесің-ау [6].

Ол өлімді табиғи процесс, əлемнің заңдылығы деп есептейді. Адамның жолы нəрестеліктен басталады. С. Торайғыров адам өмірін циклдарға бөледі: туылу - нəрестелік – жастық - кемеліне келу - кəрілік - өлім. Бала «періште», туудан соң өлім келетінің ол білмейді. Ол бəленің не екенін білмейді, адам қылықтарынан кейін жаза болатыны оған белгісіз. Балалық - гүл сияқты, гүлге ұмтылады. Бұл сондай мезет, ол кезде жақсылық пен жамандықтың арасы айрылмаған, адам жаны бай, бəріне де қуанады.

Он бестен отызға дейін жігітке өмір мəңгілік болып көрінеді. Бұл жақта адамға кəрілік келмейтіндей, өлім сағаты жеткенше адам мəңгі жас болып тұратындай көрінеді деп жырлайды ол.

Сол түрде тұратындай мəңгі өмірім,

Бақыттан бақыт таңдар жас көңілім.

Жетпеймін деп білмеймін ешбіріне,

Мен үшін жоқ секілді кəрілік, өлім.

Ақын əлем құпиясын түсініп, өмірді ұзартудың, өлімді жеңудің құралын тапса деп армандайды. Адам өмір суруі, жасампаз болуы керек. Оны құдай ертең өліп, топырақ болу үшін жаратқан жоқ.

Боламын – ау дүниеге келмегендей,

Аһ, дүние, қызық бар ма өлмегендей?

Мен тоқсанда өкінем өлгеніме,

Бір күн өмір, бір қызық көрмегендей [7].

Жер бетіндегі өмір аяқталған соң ана жақта өмір бар дегенге ақын сенбейді. Ол жаңылыс, қате түсінік деп санайды. Бұл ой оның бірнеше өлеңдерінен көрініс табады. Ақынның ойынша адамның өлместігі, мəңгілігі оның өмірдігі құндылықтарында, оның өз ұрпақтарына не қалдырғандығында, деп ой қорытады ол.

Қазақ мəдениетінің көрнекті өкілдерінің бəрі өз заманында өлім, өмірдің мəні жайында еңбектер жазып, бүкіл адамзатты толғандырған осы сұрақтардың шешімін іздеген. Алайда өлім, өмір, өлместік – өз құндылығын ешуақытта жоғалтпайтын, адамзат алдында мəңгі тұратын, өзекті мəселелер.

 ___________

1. Қасабек А., Қасабек С. Шындықты іздеу. Алматы, 1998. 54 б.

2. Бес ғасыр жырлайды. 1 т. Алматы, 1984, 38 б.

3. Поэты Казахстанана. Л 1978, 23 б.

4. Ы. Алтынсарин. Мұсылмандықтың тұтқасы. Алматы, 1991, 10 б.

5. Абай. Қара сөз. Алматы 1993, 74 б.

6. С. Торайғыров. Екі томдық шығармалар жинағы. 1 т. Алматы,1993, 28 б.

7. С. Торайғыров. Адасқан өмір... Алматы, 1992, 19, 54 б.

C. Қонар

Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...

Спорт

Қазақстандық Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иан Гэрри арасындағы айқасқа екі аптадан сәл-ақ астам у...