Жастық өмірімді оң арнаға бұрған ағам, қазақ поэзиясының қаранары – Ұлықбек Есдәулет пен әкеде...
Бұрын жарияланбаған Жамбылдың қырғыз ақындарымен айтысы, арнау өлеңдері кітап болып шықты
Таразда өткен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Ұлы дала ақыны» атты халықаралық конференция барысында «Жамбыл жырау» кітабы таныстырылды, деп хабарлайды "Мәдениет порталы".
«Жамбыл жырау» атты кітапқа Қырғыз Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен кітапханасының архивтерінен табылған, бұған дейін баспа бетін көрмеген, ғылыми айналымға түспеген тың Жамбылдың қырғыз ақындарымен айтыстары, арнау өлеңдері, көрші ел ғалымдарының тұлға жайындағы зерттеулері топтастырылған.
Конференцияда филология ғылымдарының докторы, академик, жамбылтанушы Қалижан Уәлихан, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет ғасыр жасаған абыз ақынның шығармашылық қуаты, шетелдің әдебиет майталмандарының жоғары бағасы туралы тілге тиек етті.
«Біз – батыры да, ақыны да бар елміз. Біздің қазақтың мықтылығы сонда. Әлемдегі ең биік таудың бірі Алатау болса, әлемдегі ең ұлы ақындардың бірі – Жамбыл Жабаев. Ғаламшардың аспанын Алатау қалай биіктетсе, адамзаттың аспанын Жамбыл ақын солай биіктеткен. Сондықтан Алатау десек Жамбыл бабамыз еске түседі, Жамбыл десек Алатау көзге елестейді.
Біз Жамбылдың заңғар мұзтауын әлі терең зерттеп болған жоқпыз деп есептеймін. Жамбыл жырлары кезінде әлемнің 160 тіліне аударылып, жарық көрген»,-деген Ұлықбек Есдәулет шетелдік жазушылар Жамбылды ХХ-ғасырдың Гомері деп бағаланың айтты.
Сондай-ақ, қоғам қайраткерлері, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп пен Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, жазушы-драматург Елен Әлімжан, мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, Ж.Жабаевтың шөбересі Мұратхан Жамбылов өз кезегінде тұлғаның қазақ әдебиетіне қосқан орасан үлесі, айтыскерлігі мен кемеңгерілігі туралы тебірене сөз қозғады.
Қырғызстаннан келген Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының жетекші ғылыми қызметкері Келдібек Қойлыбаев пен ақын, «Манасшылар» театрының директоры Әзиз Бимырза екі елдің әдеби-мәдени байланысындағы Жамбыл Жабаевтың рөлін айрықша атап өтті.
Басқосу барысында қатысушылар жыр алыбы туралы тың мәліметтермен бөлісіп, шығармашылығын тереңірек зерттеу, келешекке ұрпаққа лайықты насихаттау бойынша бірқатар ой-ұсыныстарын ортаға салды.