Балет әлемінде ұстаздарына зор құрметпен және тебіреніспен қарайды. Онда біртуар х...
«Астана Опера» театры «Алпамыс» ұлттық операсын ұсынады
«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры 2021 жылдың 3 және 4 желтоқсан күндері аралығында көрермен назарына Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» ұлттық операсының премьерасын ұсынады, деп хабарлайды madeniportal.kz. Театрдың репертуары ұлттық опера жауһарларымен толығуда.
Композитор Еркеғали Рахмадиев «Алпамыс» операсын жазу туралы ойын алғаш рет «Алматы ақшамы» газетінде баяндаған: «Ержүрек Алпамыс батыр бейнесін тануыма әкем себеп болды. Оның білетін әрі орындаған ондаған эпостарының ішінде Алпамыс мен үшін барынша жарқын, жанды әрі көрнекті еді. Жылдар өтті, сөйтіп халық эпосы менің бар ой-санамды қайтадан баурап алды. Ежелгі замандағы оқиғалар қай уақытта да болмасын, асқақ мұратты – отанды қорғау, халықтың бейбітшілігі мен бақыты үшін күресті ту етеді. Музыка арқылы басты кейіпкердің алып қуатымен қатар, тұтас халықтың қажырлы да сарқылмас күшін бейнелеп әрі жеткізіп, орасан зор батырлық-эпостық туынды жасағым келді».
Қазақ халқының ауыз әдебиетінде кеңінен таралған Алпамыс туралы батырлық жыр негізінде либретто авторы – ҚазКСР Халық әртісі Кәукен Кенжетаев. Фольклорлық үлгілердің көптеген нұсқаларының ішінен ол ең мәнді де маңыздысын таңдап алады, бұл бас қаһарманның жан-жақты бейнесін ашуға ықпал етті. Операның музыкалық-сахналық композициясында эпикалық сипаттар айқын (оқиға мен оның жаңғыртылуы арасындағы уақыт қашықтығы, бас кейіпкерлердің амал-әрекеттерінің жақындасуы мен қақтығысы, қарама-қайшы екі әлемді – жердегі және қиял-ғажайып әлемді салыстырып, шиеленістіру және т.б.). Сөйте тұра, барлық сюжеттік іс-қимыл бүтін әрі қуатты тұлға – халық қорғаны Алпамыстың айналасында өрбиді.
Операның премьерасы 1974 жылғы 26 желтоқсанда орын алды. Қоюшы режиссерлер – Байғали Досымжанов пен Владимир Жданов, суретші – Гүлфайрус Исмаилова, дирижер – Валерий Руттер, хормейстер – Базарғали Жаманбаев, балетмейстер – Заур Райбаев. Үш бөлім мен бес көрініс, пролог пен эпилогтан тұратын операның екінші редакциясы 1976 жылдың 5 наурызында сахналанды.
Опера жырау-ақынның сөздерімен басталады. Оның монологтарын сүйемелдейтін домбыра үні оқиғаға салмақтылық береді. Пролог сезімдерге айрықша толы, онда қасірет шеккен Жер-Ана ұлы Алпамысқа жауынгерлік ерлік жасауға батасын беріп, семсер табыстайды. Операның барлық музыкалық арқауы халық әуендеріне толған. Қарсы күресуші кейіпкерлердің жарқын, бейнелі-мазмұнды вокалдық партиялары оларға қарама-қарсы қойылады. Сөйтіп, зұлым басқыншы Тайшық хан негізгі кейіпкерлердің бірі ретінде көрсетіліп, қатыгездік кек қайтарумен үйлесімді түйіскен. Оның айшықты речитативті екпіндері бар вокалдық партиясы Алпамыс партиясының ауқымды, жұмсақ әуеніне айқын қарсы қойылған.
Музыкалық жетекші әрі қоюшы дирижер – Абзал Мұхитдин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Қоюшы режиссер – Юрий Александров, Ресейдің халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Қоюшы суретшілер – Софья Тасмағамбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері / Павел Драгунов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Бас хормейстер – Ержан Дәуітов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Кеңесші – Найля Рахмадиева
Жарық бойынша суретші – Ирина Вторникова
Проекциялар бойынша дизайнер – Серджио Металли
Қоюшы балетмейстер – Ғалия Бөрібаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Жобаның техникалық жетекшісі – Виктор Караре
Қоюшы дирижердің ассистенттері – Руслан Баймурзин, Әлихан Идрисов
Қоюшы режиссердің ассистенттері – Наталья Кагадий, Еренбақ Тойкенов
Қоюшы суретшілердің ассистенті – Ербол Бисенов
Жарық бойынша суретшінің ассистенті – Карим Рамаш