Желтоқсан оқиғасынан 1 ай өткеннен кейін менің түкірігім жерге тимейтін болды. Өйткені 1985 жылы ата...
Арон өлді дегенше, арың өлді дегейсің...
Шаңырақ ықшам ауданындағы жаппай тәртіпсіздікті (2006 жыл) ұйымдастырғаны үшін және полицияны өлтіруге, сондай-ақ тұтқында кепілгер ұстағаны үшін деген баптармен айыпталып, өмірінің 15 жылын темір торда өткізген, Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жалғыз диссидент ақын, Қазақстан әдебиетіндегі оппозициялық қазақ әдебиетінің негізін қалаушы ірі тұлға, қоғам қайраткері Арон Атабек 68 жасында бақиға аттанды. "Мәдениет порталы" қазақ қоғамының қабырғасын қайыстырған қаза жайлы бір топ ақын-жазушылар мен журналистер және саясаткерлер арасында сауалнама жүргізген болатын. Бір де бір сөзді өзгертпей сауалнама жауаптарын өздеріңізге ұсынып отырмыз, құрметті оқырман!
Сауалнама сұрақтары:
1. Арон Атабек сіз үшін кім?
2. Арон Атабек қоғам үшін кім?
3. Арон Атабек билік үшін кім?
ТОҚТАРӘЛІ ТАҢЖАРЫҚ, АҚЫН: "Аронның ажалы – Назарбаев жүйесінің бетіне жағылған мәңгілік күйе"
1. Біздің дәуірдің – біз өмір сүрген қоғамның трагедиялық ситуацияларының жиынтық образы. Лагерлік сананың адамды қалай жазалайтынын өмірімен де, өлімімен де дәлелдеген тұлға.
2. Өкініштісі, қоғам өзінің кімнен айырылғанын сезбейді. Қазіргі қоғам үшін Арон ешкім емес, жай ғана «құрбан», тіпті «орынсыз іспен айналысқан ақымақтардың бірі». Оның кім екенін, кім үшін күрескенін, не үшін сотталғанын халықтың басым бөлігі білмейді, түсінбейді, қызықпайды. Уақыт өте келе жаңа билік ауысып, қоғам рухани, саяси тазаруды бастан кешкенде барып іздейтін шығар...
3. Билік өзіне қарсы адамды өлтіре алатынын, шексіз, хайуани инстинкпен қорлай алатынын көрсетті. Бірақ Аронды жеңе алған жоқ. 30 жылдық авторитарлық режимнің құрбаны тек Арон емес екенін өздерінің де іштері сезетін болса керек... Осы дәуірде жасағандардың баршасы – тіпті биліктің әртүрлі сатысында қызмет етіп жүргендер де, осы жүйені құрған №1 адамның өзі де сол жүйенің белгілі дәрежеде құрбаны екені шындық... Бұл жүйенің болашақ құрбандары да аз болмас деген пессимистік ой қылаң береді. Аронның ажалы – Назарбаев жүйесінің бетіне жағылған мәңгілік күйе. Күні ертең ол тарихи оқулықтарда есімі аталып, кейінгі ұрпаққа дәріптеле бастайды. Оның аты қаһармандар сапына жазылады. «Назарбаев құрған мемлекет» пен «Аронды жазалаушылар отряды» дегендей ұғымдар қатар қолданылады. Кейінгі билік осы оқиғадан сабақ алады деген ойдамын.
ЫРЫСБЕК ДӘБЕЙ, ЖАЗУШЫ: "Арон Атабек биліктің көзіне шыққан сүйел"
1.Арон Атабек мен үшін қажымас, қайтпас батыр. Диссидент. Ақындығынан гөрі сол диссиденттік өмірі маған аса таныс болды және ол кісіге деген үлкен құрмет, ізетімді қалыптастырды.
2.Қоғам үшін де сол қасиеті, мінезі оқшау, дара қылған шығар деп ойлаймын. Әйтпесе қазақта ақын-жазушы көп қой.
3.Арон Атабек биліктің көзіне шыққан сүйел. Оны қорлады, ұрды, соқты. Бәрібір рухын сындыра алмады. Қайта өздері (билік) тарих алдында, адамзат алдында масқара болып қала берді. Биліктің аяусыз диктатурасы ақыры өздерінің сүйегіне таңба болып қалды.
МЕРЕЙ ҚАРТ, АҚЫН: "Арон - билік үшін Ешкім"
1. Бүгінгі заманның батыры. Қоғам қайраткері. Дулығалы ақын!
2.Қаққа жарылған қоғам толық тани алмады.
3. Ешкім
ЖАРЫЛҚАП ҚАЛЫБАЙ, ЖУРНАЛИСТ: "Арон Атабек - азаттық символы"
1. Мен үшін АА өмірін қазақ халқының бостандығы жолында құрбан еткен күрескер азамат. Ақын. Диссидент.
2. Қоғам үшін АА - азаттықтың символы, азамат ердің үлгісі. Оған құрмет көрсету біздің жас ұрпаққа азаматтық қоғам орнату жолындағы үлгі-өнеге тәрбиесі үшін керек.
Арон Атабек - күндердің күнінде тоталитаризмнің құрбаны ретінде Қайрат Рысқұлбековтің қатарында аты қазақ тарихында алтын әріппен жазылатын ұлт батыры.
Арон Атабек - азаттықтың символы, азаматтықтың үлгі-өнегесі. Оған құрмет көрсету жас ұрпақты азамат етіп тәрбиелеу үшін, Қазақстанда азаматтық қоғам орнату үшін керек.
3. Жемқор және өз халқын қанаған әділетсіз билік үшін халықты жамандықпен күресуге бастайтын өр мінезді қас-дұшпан.
ДӘУРЕН БЕРІКҚАЖЫ, АҚЫН: "Арон - арда азамат"
1. Ақындығы мен батырлығы қатар өрілген арда азамат, эстет һәм инттелектуал. Мықты лингвист, сақа аудармашы.
2. Қоғам үшін жауап бере алмаймын.
3. Билік үшін, тем более.
ҚАСЫМ АМАНЖОЛ, ЖУРНАЛИСТ: "Арон Атабек биліктің, Назарбаев режимінің жауы"
1. Арон мен үшін ең алдымен диссидент, күрескер. Ақындығы бар, өз оқырманы бар ақын-әдебиетші. Өмірін күрес жолына арнап өткен, соңына дейін принципінен қайтпаған өте сирек тұлғаның бірі.
2. Аронды қоғам Шаңырақ оқиғасынан көбірек таниды. Бірақ ол сонау Желтоқсан-86 да жарқылдап шыққан, тәуелсіздіктің бастауында халықтың рухын оятып, билікке қарсы күрескен жан. Қоғам үшін Арон диссидент ретінде тарихта қалады деп ойлаймын.
3. Арон Атабек биліктің, Назарбаев режимінің жауы. Қас дұшпаны. Билік оны сындырам деп ойлады, сынбады. Жеңем деп үміттенді, жеңілді. Менің ойымша, авторитарлы биліктің моральдық жеңілісі осы деп ойлаймын. Арондай азаматты азаптап 15 жыл қатаң түрмеде отырғызу, концлагерден шыққандай ауыр науқас халде еріксіз бостандыққа шығарған болу, бірақ соңында райынан қайтпаған, рухы сынбаған қалыпта қасқайып өлуі - Аронның билікті жеңуі деп есептеймін.
ЕРЖАН АЛАШТУҒАН, АҚЫН: "Қоғам үшін соңғы үміт еді..."
1. Ол мен үшін үлгі болды. 1996 жылы Желтоқсанның он жылдығында Республика алаңында әскери шеру өткізуге қарсы әрекеттеріміз үшін, жастарды көтергеніміз үшін Хасен Қожа-Ахмет үшеуіміз бірге сотталдық. Мен екі жыл шартты жазаға кесілдім.
Ұйқыдағы ұлттың ұлы рухы ол!
2. Қоғам үшін соңғы үміт еді... Ол да үзілді.
3. Билік үшін ең қолайсыз элемент болды. "Әлеуметтік қауіпті" деген ұғым бар оларда. Арон ағамыз сол тізімнің басында тұрды...
ЕРМҰРАТ БАПИ, ЖУРНАЛИСТ, САЯСАТКЕР: "Жау! Қорқыныш! Қатер!"
1. Ұлт мүддесі үшін өмірін құрбан қылған жанкешті.
2. Қазақ қоғамы үшін жанқияр жанашыр.
3. Жау! Қорқыныш! Қатер!
ӘМІРЖАН ҚОСАН, САЯСАТКЕР: «Арон – трагедиялық тұлға»
1. Мен үшін Арон, ең алдымен, ақын. Ақын болғанда, дауылпаз ақын, оның революционерлік дүниетанымы жырларынан да сезіліп тұр. Ол – ешкімге ұқсамайтын, өзіндік стилі мен өрнегі, тосын ой орамдары мен образдары бар қалам иесі.
Арон – Советтік және қазіргі жүйеге сыймай кеткен қайраткер.
Арон, сонымен бірге, трагедиялық тұлға. Өмірін ұлтшыл, халықшыл идеялар үшін сарп етсе де, демократиялық күштер, тұтас қоғам тарапынан көзі тірісінде, әсіресе, түрмеде, қолдау таба алмай кетті. Бұл, сонымен бірге, қоғамның да трагедиясы деп білемін.
2. Қоғам үшін ол – «Шаңырақ» оқиғасы кезінде халық жағында болып, сол кездің символына айналған тұлға. 15 жыл түрмеде отырса да, айтқанынан қайтпаған батыр. Өйткені, «Шаңырақ» бір қалада ғана болған оқиға емес, ол сол кездегі қарапайым халық пен биліктің арасындағы қарама-қайшылықтың жалпы көрінісі болды.
3. Билік үшін ол – қауіп. Оның билікке қатысты өткір, бет-жүзге қарамайтын ащы сыны өкіметке жақпағаны о бастан белгілі.
Сондықтан да, оны адам өліміне қатысы бар деп, айыптап түрмеге жапты.
Әрине, «Шаңырақ» оқиғасы кезінде өртке оранып, қаза тапқан полиция қызметкерін де ұмытпауымыз керек. Бірақ сот барысында Аронның кінәсі жоқ екенін оның адвокаттары дәлелдеп берді деп санаймын. Олай болса, билік сол жігітті өртеген қылмыскерлерді тауып, жазалауы керек!
АЙНҰР АХМЕТОВА, ӘДЕБИЕТТАНУШЫ: "Арон Атабек сөзсіз қаһарман азамат, ақын"
1. Арон Атабек сөзсіз қаһарман азамат, ақын. Халқының болашағы жолында, бостандығы, құқының тең болуы жолында Доспамбет жырауларша, Махамбетше күресіп өлді. Асылында, Арон Атабектің тәні өлгенімен, ерлігі, жаны тірі. Ол - ұрпақтың жадында мәңгіге қалатын тұлға. Мәдениет порталы Аронның өлеңдерін қазақшаға аударып жариялады ғой. Ақынның үні, ішкі дауысы ерекше әдіспен — сарказммен, ирониямен көрінеді. Өзі қарсы тұрып, басын тіккен жүйеге қарсылық поэзияның үлгісі. ХХІ ғасырдағы басым қарсылық поэзияның негізін салған Арон Атабек шығар.
2. Әлеуметтік желінің күші басым болды ғой. Қоғамда игі істердің жасалауына желідегі қарсылық ерекше себеп болды. Сол желідегі Аронның ерлігін, еңбегін бағалаған шағын топтар ғана ол туралы жазып, ақпарат бөлісіп жатыр. Азаттық радиосынан басқа (желіде) Арон туралы нақты ақпарат таратқан ақпарат құралдарын көрмедік. Сайттар ауруханаға түсті, шықты дегендей ақпаттарды жариялап жатты. Бұл жалпы қоғамның Арон Атабекке деген назарын көрсетеді деп айтуға болатын шығар. Нан табуға базарға, такси айдауға шығып кеткен жұрт Аронды білмеуі де мүмкін. Білсе де жаппай назар аударарлық ұжымдық сана әлі байқалмайды.
3. Азат ойлылар мен халық үшін шынайы күрескерлерге қоғамда жайлы орын болмаған. Кешегі Алаш зияларының тағдырын еске алайық. Арон Атабек Бөкейхановтардың тағдырын қайталады. Аронның түрмеден қандай күйде шыққанын көрдік. Тіпті оның адам шошырлық сүлдеріне қарауға дәтіміз шыдамады. Жарияламауды өтіндік. Билік үшін Арон Атабектің кім екенін оның түрмедегі өмірі және өлімі көрсетті.
ТАНАГӨЗ ТОЛҚЫНҚЫЗЫ, АҚЫН: "Билік үшін Арон— алынбайтын қамал"
1.Арон Атабек мен үшін арына дақ түсірмей өткен "алашорда" қаһармандары сияқты қазақ үшін жанын құрбан еткен ұлт батыры. Оны, билікпен, атақпен, ақшамен, байлықпен сатып алу мүмкін болмады.
2. Қоғам комада жатыр. Олар Арон Атабекті танымайды.
3. Билік үшін Арон — алынбайтын қамал. Ең қорқынышты түс. Олар оның тек тәнін өлтірді. Рухын сындыра да, өлтіре де алмады. Оның аты енді аңызға айналады.
Сауалнаманы ұйымдастырған Файзулла Төлтай