Қазақ бейнелеу өнері өзінің бастауын көне тас, қола, темір дәуірлеріндегі жартас суреттерінен, одан...
Мауриционың бананы немесе өнер дегеніміз не?
Суретші Маурицио Каттелан Майамидегі Art Basel-те 15 жылда алғаш рет жаңа инсталляциясын көрсеткен болатын. Сондағысы қабырғаға жабыстырылған кәдімгі банан еді. Galerie Perrotin галереясының стендісінде осы бір кәдімгі бананның атауы «Comedian» деп жазылып, ең таңқаларлық тұсы, аталған өнер туындысы 120 000 АҚШ долларына сатылды. Тіпті туындының екінші нұсқасы да осы бағаның көлімінде сатып алынды. Бұл ретте Мауриционың өзі жергілікті базардан бананды шамамен 30 центке сатып алғанын да мойындады. Сонымен, Еуропа елдерінде өнер ретінде бағаланып, өз бағасын алған туындыны центрге ала отырып, «Мәдениет порталы» кезекті бір сауалнамасын жүргізді. Дәлірек айтсақ, Мауриционың «қабырғаға скочпен жабыстырған 30 центтік бананы» қалайша өнер туындысы ретінде 120 000 АҚШ долларына бағаланды? Бұл өнер туындысы ма? Егер өнер туындысы болса қандай критерийлерге сай болғаны үшін өнер туындысы деп естептеу керек? Яки өнер туындысы емес пе? Егер өнер туындысы болмаса қандай шарттарға сай болғаны үшін өнер туындысы емес? Белгілі бір шығарманы қалайша өнер яки өнер емес деп бөле аламыз? Оның өнер яки өнер емес екенін қайдан білеміз? Жалпы өнер дегеніміз не? Қазақ бейнелеу өнері қандай деңгейде? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін қазақ суретшілеріне тек қана «Мауриционын бананын» көрсетіп, жоғарыдағы сауалдарды қойдық. Әрқилы пікірлер мен ойлардың әлемінен бір-ақ шыққан суретшілердің пікірі төмендегідей. Мархабат!
Сембіғали Смағұлов, суретші: «Бұл «туындыны» өнер деп айтсам, өзімді алдағаным болады»
Бейнелеу өнерінің ішіндегі живопись, графика, скульптура деген өнерлер элитарлық, биік өнер болып бізге Кеңес үкіметі орнағаннан кейін, «қызыл» болып кірді. Қызыл жүйені дәріптеген, соцреализмді мадақтаған өнер ретінде қазақ даласына енді. Барлық мұндағы суретшілер солай қабылдады. Ал мұның бізге өнер болып енгеніне һәм қалыптасқанына әлі жүз жыл да болған жоқ. Дегенмен сол жылдардың өзінде бізге көп дүниені білуге һәм сезінуге көп мүмкіншілігіміз болды. Алайда тәжірибелік тұрғыдан алып қарасақ, кемшін түсті. Расын айтқанда, төңкерістен кейін кірген қызыл дәстүрдің әлі күнге дейін бізге жақындығы соншалық, бұл бейне бір «келіннің бетін кім ашса –сол ыстықтың» кебі. Әлі сол «ыстықтыққа» шырмалып, ауруын жасырып жүрген науқасқа ұқсайтынымызды жасыра алмаймын.
Мәселен ки, бейнелеу өнері Европадан басталды ғой. Ал ол өнердің бізге шуағы жетем дегенше ол жақта қалыптасып, орнығып үлгерді. Объективті тұрғыдан алып қарасақ, Европаның «Қайта өрлеу» дәуірінде біз қайда болдық? Біз пен бейнелеу өнерінің отаны Европамен салыстыру мүлде келмейді. Сол үшін арамыздағы XV ғасырда паралель жүргізу мүмкін емес.
Әсілі, өнер дегеніміз қалалық мәдениет болып саналады. Ал біздің қоғам қалалық мәдениетке енді-енді кіріп келеді. Сол себепті Европада қалыптасқан қалалық мәдениетті, яғни жаңа өнерді қабылдағанымызбен, біздің тәжірибемізде, өмір салтымызда жоқ дүние. Ал «Мауриционың бананынан» өнер көріп тұрсыз ба деген бізге емес, қалалық мәдениеті қалыптасқан, орныққан сол елдердің тұрғысынан қойылатын сауал. Яғни, Мауриционың халқына қойылатын сұрақ. Біздің бұған әлеуетіміз жетпейді деген қорытынды шығады. Ал қазір бұл «туындыны» өнер деп айтсам, өзімді алдағаным болады. Өнер емес дейін десем, мұны қабылдай алатын ел бар, жұрт бар. Барлығының қабылдауына, көрер көзіне құрметпен қарауымыз керек. Бізден бөлек бұл әлемде өнердің жілігін шағып, майын ішкен елдер бар. Неше түрлі измдерді басынан өткерген һәм оларды өмір сүру салтына айналдырған оларды ұмытпауымыз қажет. Қорытындылай айтқанда, жаңағы айтқан елдер «Мауриционың бананы» сынды туындыны жазатындай хәлге жетті. Мұны олардың азған түрі дейміз бе яки асқан түрі дейміз бе, оған біздің әлеуетіміз жетпейді.
Біздің ортамызға келетін болсақ, дәл осы сарындас бағыттар мен жолдарға барып, осындай эксперименттер жасап жатқан адамдар бар. Олардың биік өнердегі түсінігі қандай екені маған белгісіз. Бірақ бір нәрсені ұмытпауымыз керек, Европа елдерінің мұндай «өнер туындыларын» қабылдау, бейне бір сексуалды орентациялары дәстүрлі емес адамдарды қабылдағаны секілді қанына сіңіп кеткен. Оларда бізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын өзгеше «қалалық мәдениет» бар. Ал оларды біздің енді ғана қалыптасып келе жатқан мәдениетімізге транспортациялауға болмайды. Біздің өз мәдениетіміз бен өзіміздің қанымызға сіңген ұлттық кодымыз бар. Қалай десек те, олардағы жазық біздің жазықтыққа түспейді. Сөз соңында, жоғырыда айтқанымдай бұл сұрақ Европа халықтары, Мауриционың еліне қойылуы керек. Тек солар ғана бұл «өнер туындысына» өнер ме яки өнер емес пе деп айтуға моральды тұрғыда құқылы. Ал біздің әлеуетіміз оған жетпейді. Біздің қоғамда мұны өнер деп қабылдаудың өзі таяздықты білдіруі бек мүмкін.
Серікжан Ысқақбек, суретші: «Бұл жұмыс бейне бір баланың ойыны, бақсының жыны секілді»
Жалпы бұл жұмысты жарнама сипатындағы сурет деп есептесек болады. Дегенмен шетелде қалай бағаланып жатқаны маған белгісіз. Бірақ бейнелеу өнерінің өзіне тиесілі заңдылықтары мен қағидаларына, әдістемелеріне салып салыстырмалы тұрғыдан айтатын болсақ өнер деп айтуға әсте келмес. Мұны «өнер» деп есептегеніміздің өзі қазіргі қоғамның өнерге деген талғамының төмендеп кеткенінің белгісі.
Қазіргі қазақ бейнелеу өнеріне келетін болсақ, 1960-70 жылдарға қарағанда бірнеше құлдилап бара жатқанын көре аламыз. Десе де, біздің алдымыздағак буынның, мықты суретші ағаларымыздың жұмыстарын жоққа шығара алмаймыз. Мысалы, Қайранбаев Жұмақын, Сембіғали Смағұлов, Ерболат Төлепбай сынды ағаларымыз әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүр. Ол кісілердің жұмыстарына қарайтын болсақ, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар қозғалатынын көруімізге болады. Ал сауалнамаға арқау болған кісінің жұмысын жоғарыда айтқан қазақ суретшілерімен салыстыруға келмейді. Меніңше, мұны өнерге жатқызып, оны талқылаудың өзі артық деп ойлаймын.
Бұл жұмысты көбі қазіргі заманауи өнер деп көмкере салады. Ал заманауи өнердің терісін жамылғандар арасында адам істемеген, адамды таңғалдыратын дүние істесек болды деген жалаң көзқарас бар. Осынау көзқарас аясында бананды қабырғаға жабыстыра салып елді таңғалдырғанымен бұл өнер емес. Өнер түсінер адамға заманауи өнердің арғы тегі классикалық өнер екені айдан анық. Классикалық өнер секілді заманауи өнердің де өзіне тән критерийлері бар. Қандай кезеңдегі өнер болса да, ол автордың ішінен қайнап шығуы керек, белгілі бір адамға өнеге қалыптастыратындай, эстетикалық әсер беретіндей дүние болуы керек және өзіне тән философиясының да орын алуы шарт. Сондықтан заманауи өнер дегеніміз өте күрделі әлем. Оның аясын шектеп, кез-келген затпен көрсете салуға келмейді. Десе де, заманауи өнерді танытып жүрген өкілдер де жоқ емес. Шектеуге келмейтін, шеңбердің сыртына шығып кеткен қаншама жаңашыл картиналарды көріп жүрміз, бірақ сіздің ұсынып отырғаны мына бір жұмыс олармен иық тіресе алмайды деген ойламын. Меніңше, бұл жұмыстың авторы елге ұқсамайтын дүние жараттым деп ойлауы мүмкін. Шынтуайтына келгенде, бұл жұмыс бейне бір баланың ойыны, бақсының жыны секілді.
Бұл жерге тағы айта кететін жайт, сіз маған бұл кісінің бір ғана жұмысын көрсетіп отырсыз. Мен сол жұмыстың төңірегінде ғана ой қозғап отырмын. Десе де, автордың бұдан бөлек кереметтей жұмыстары болуы мүмкін. Егер болып жатса, ол жұмыстарды да көрейік. Бәлкім, ойымыз бұдан әрмен кеңейіп, тереңдер түсер, кім білсін?!
Аршын Қабылбек, суретші: «Бәлкім, бұл расында концептуалды өнер туындысы шығар...»
«Өнер ме немесе өнер емес пе?» деген өте күрделі сұрақ. Нақты мына бір алмағайып заманда оны бірер ауыз сөзбен жеткізу қиынның қиыны. Тіпті жауабы жоқ сұрақ десек те болады. Мысалы, классикалық кезеңге тоқталатын болсақ, ол кезде қазіргідей техника жоқ. Қылқалам шеберлері өз ойлары мен философияларын жеткізу үшін өздерін кәсібилік деңгейге көтерді. Бұл бағытты игеріп, қалыптастырған уақытта адамдар бұдан жалыға бастады. Солайша, классиктерден кейін келген импрессионисттер, Клод Моне, Ван Гог сынды суретшілер күрделі қою, қараңғы түстерден қашып, мүлдем басқаша бағытты жарыққа шығарды. Алайда бұл өзгеріс сол дәуірде өз деңгейінде бағаланбады. Тек кейіннен ғана ол шығармалар құнды дүниелерге айналып, бейнелер өнері тарихында суретшілердің есімі алтын әріптермен жазылды. Сол сынды сіздің сауалнамаға арқау қылып көрсетіп отырған жұмыстың айналасында айтар сөз өте көп. Бәлкім, «қабырғадағы банан» белгілі бір концептке құрылған шығар. Оның белгілі бір мақсаты, ойы болуы бек мүмкін. Сонысына қарап бұл шығарманы талдауға һәм біраз дүние айтуға болады деп ойлаймын. Бірақ дәл қазір тек қана «қабырғаға жабыстырып қойған бананға» қарап мен ештеңе түсініп тұрған жоқпын. Дегенмен өнердің мақсаты –ой салу ғой. Барлық құпия мен сырларды әшкере қыла салсақ мына дүниенің еш қызығы болмайтыны секілді, өнердің де бар құпиясы мен жұмбағын паш ете салсақ ол өнер болудан қалады. Бәлкім, бұл «бананның» белгілі бір құпиясыбар шығар. Сол құпия болғаны үшін қазір талданып, талқыланып отыр деп ойлаймын. Бәлкім, бұл расында концептуалды өнер туындысы, бәлкім, жәй ғана «атың шықпаса жер өртеудің" әрекеті?! Қалай десек те, жұмысты толыққанды «түсінуіміз» үшін алдымен автордың басқа да шығармаларымен танысуымыз керек. Авторды танымай-білмей жатып оның шығармасы төңірегінде өнер жайлы сөз қозғау артық деп ойлаймын.
Толқын Табысбек, суретші: «Біз жоғымызды түгендеп жүрген жоқшы секілдіміз»
Әуелі, сауалнама жүргізіп, өнерге жанашырлық білдіріп жатқандарыңыз үшін рақмет айтқым келеді. Ал сіз көрсетіп отырған жұмысқа тоқталатын болсақ, біздің елдің өнер адамдары үшін бұл қисынға келмейтін әрекет деп ойлауымызға да болады, бірақ бұл жұмысты жоққа да шығара алмайтын адамдар бар. Өйткені біздің де бейнелеу өнерінің дамығаны бертінде ғана ғой. Әлі сол жоғымызды түгендеп жүрген жоқшы секілдіміз. Сол көп жоқшылардың бірі болғандықтан, мұндай тақырыптарды кей-кездері қабылдай алмаймын. Бірақ басқа да адамдардың пікірлерімен салыстыратын болсақ, мұндай сарындас туындыларды мақтау яки даттау менің деңгейімде емес шығар деген ойға қаламын. Десе де, замауи өнердің жалаңаштанып бара жатқаны жасырын емес. Бұл жұмысты өз елінде өнер ретінде қабылдауы ол елдің өз мәдениетіне сай деп қабылдаймын. Шаршаған сәттерде осындай жұмыстарға ой жүгіркің келеді, бірақ дәл қазіргі мүмкіндік оған жар бермейді. Ал бір адамның жұмысына бұл өнер немесе өнер емес деп айтуға менің ешқандай правам жоқ. Қайта гүлденудің дауылдары соқса, осындай жеңіл дүниелер желге ұшып кетер ме екен дегендей оймен кей-кездері айтқың да келеді, әрине.
Бала күнімізде әжелеріміз қисса қылып, ақырзаман таяғанда самал жел соғады, сол уақытта жердегі барлық жақсы адамдарды алып кетеді, оларды Алла Тағала қинамайды деп айтып отырушы еді. Сол сынды өнердің де ақыры келіп, қайта гүлденетін дәуірі болады. Бәлкім, сол гүлденген немесе құлдыраған дәуірлердің бірінде шығармыз. Жойқын дауылдар соққанда мұндай жұмыстар желге ұшып кетер ме екен, жоқ әлде көкке көтеріліп «жақсы адамдар» секілді шарықтай ма, оны уақыт көрсетеді.
Аманат Назарқұл, суретші: «Бұл туындыны автордың бұған дейін жазған шығармаларымен салыстырып көру керек»
Өнер дегеніміз үлкен әлем. Көне грек, Рим, Египет, сақ, майя тайпалары болсын біздің жаңа өнер деп есептеп жүрген көп дүниемізді көрсетіп, жазып-сызып беріп кеткен және өте жоғары деңгейде. Бәлкім, бұл сол кезеңдердегі асқан адамның немесе бөгде ғаламшарлықтардың почеркі болуы әбден мүмкін. Бұған қазіргі уақытта таңданудың, таңғалудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Десе де, қазіргі заманауи өнер –ол осы уақыттың өнері болып қала бермек.
Өз басым авангарттық жұмыстар ретінде сақ, ғұн балаларымыздың еңбектерін жоғары бағалаймын. Олардың технологиясының қиындығы мен композициясының күрделіліген таң қаламын. Біздер сол бабаларымыздың жазған жұмыстарынан композиялық шеберліктің жоғары деңгейін енді ғана үйреніп келе жатырмыз. Оның өзі теңіздің тамшысы іспетті.
Осы турасында қазақ бейнелеу өнеріне келетін болсақ, бабаларымыздан өнер туындалырына қарағанда, Батысқа еліктеушілік басым болып көрініп тұрады. Бәлкім, бұл процесс заңды да шығар. Себебі қазіргі классикалық-дәстүрлі бейнелеу өнері қазақ даласы 50-ші жылдары ене бастады. Демек, акамедиялық өнер бізге өте кеш көрініс тапқанының айғағы. Жасыратыны жоқ, қазақ суретшілерінің көп жұмыстары Советтік идеология төңірегінде, белгілі бір қалыпта жазылды. Тек еркіндік алғаннан кейін ғана керегеміз кеңейіп, әлемді басқаша қырынан тани бастадық. Соның арқасында бізден де ауыз толтырып айтатындай тұлғалар шығып келеді.
Әлем алдымызда керегеніміз кең, шаңырағымыз биік ел ретінде қарайтын болсақ, сіз көрсетіп отырған жұмысты өнер деп те, өнер емес деп те айтуға болады. Яғни, екі бағытта да қабылдауымыз мүмкін. Мұны жазған немесе жасаған адам да бәлкім мықты дизайнер, мүсінші, суретші шығар. Сондықтан бұл туындыны автордың бұған дейін жазған шығармаларымен салыстырып көру керек. Сол кезде тақырыбымызға арқау болған суретші расында мықты суретші екеніне көзіміз жетсе, мұны өнер туындысы деп қабылдауға болады. Ал керісінше болған жағдайда «қабырғадағы бананды» өнерге жатқызбас едім. Барлығы суретшінің басқа да туындыларына байланысты.
Шаттық Батан, суретші: «Өнер – шексіздік»
Қазір біздің заманауи өнер деп есептеп жатқан дүниеміз, бізден бір ғасыр алдында-ақ қалыптасып, орнығып қойғанын ұмытпағанымыз жөн. Тіпті заманауи өнердің элементтері бұрынғы өркениеттер де болғанын ескеруіміз керек. Оның алғышарттары кеше ғана немесе өткен ғасырда ғана емес, бізге дейін де қалыптасып үлгерген. Мысалы, сақ, ғұн дәуірлеріндегі бейнелердің, тасқа қашалған суреттердің стилизациясы да заманауи өнерге жатады. Дегенмен «бір тал бананның» барлық заманауи өнерге жауап береді деу өте күлкілі нәрсе. Ал Джексон, Поллок, Модриян сынды суретшілер, алғашқы концептуалды өнерді жасаушылар, алғашқы авангардтық өнерді жасаушылар, алғашқы экспрессионизмді жасаушылар, алғашқы импрессионизмді жасаушылардың барлығы реалистік академиялық бағыттардан шығып, өздерінің сара жолын тапқан бейнелеу өнерінің бағыттары. Сол секілді заманауи өнердің де өз тарихы, өз прогресі, өз мектебі бар. Ол біздің өнер немесе өнер емес дегенімізді күтіп тұрған жоқ. Адамзаттық деңгейде өзінің жолын тауып өз сүрлеуін жасап қойған. Бұл бір. Екінші, қай заманда болмасын шын таланттылар дүниеге тоқтаусыз келеді және олар өздерінің эксперименттерін тоқтаусыз жасай бермек. Сол арқылы өзі өмір сүрген қоғамына деген көзқарасын білдіріп отырады. Бұл шексіз процесс. Ұшы-қиыры жоқ шексіз процесс. Біз болсақ, өнерді шектеулі ракурспен қарауға үйреніп қалғанбыз. Әсіресе «шектеулі» пікірлер постсоветті елдерді жиі кездеседі.
Заманауи өнерде Маурицио секілді адамдардың «банан» секілді жұмыстары басқа индивидтердің қитығы тиюінің өзі – өнер. Заманауи өнердің ерекшеліктерінің бірі де осы, ол өзіне дейінгі прогрестер секілді ой айту емес, ойландыру, қитығына тию, сарказм және т.б. Бірақ бұлар кеше ғана ортаға шыққан жоқ. ХХ ғасырдың орта шегінде-ақ заманауи өнердің өзі бұтақ-бұтаққа бөлініп, әр түрлі стилдерде өнер әлемде өз орнын тапқан дайы бар. Ол жоғары айтқанымдай біздің мұнда отырып алып, талқау, талқылауымызды қажет етпейді және оған мұқтаж да емес. Заманауи өнер біздің жоққа шығаруымызбен жоқ болып кетпейді. Бүгінге дейін қалай дамып келе жатыр, әрмен қарай да солай дами бермек.
Ал Мауриционың атаулы жұмысына келсек, оның өзінің концептісі болуы керек. Дегенмен бір ғана жұмыс барлық заманауи өнерге жауап бермейді. Ол заманауи өнердің бір бөлшегі ғана. Бірақ жауап бермейді екен деп оны өнердің қатарынан сызып тастауға болмайды. Ол – өнер. Және өнер ретінде әлдеқашан қабылданып қойған. Бұл заманауи өнердің өзін-өзі жария етуі, жарнамасы ретінде қарастырылады. Тіпті тек қана банан емес, әртүрлі жарықтармен, мұздармен, органикалық заттармен, өрмекшінің торымен, бал араның балауыздарымен, жібек құртының жібегімен жасалған жұмыстар өте көп. Оның барлығын көзі ашық кез-келген өнер сүйер қауым өнер емес деп айта алмайды.
Әуелі заманауи өнер жайлы сөз қозғағанда оның тарихы, дамуы, көрнекті өкілдері, қоғам арасында орны, қолданысы турасында сөз қозғауымыз керек. Мысалы, Маурициодан бөлек, Нери Оксман, Элиассон Олафур, Аниш Капур сынды заманауи өнердің беделді өкілдерінің туындылары қазіргі таңда қоғам арасында өз орнын тапқан. Қарапайым ғана біздің киіп жүрген киімімізден бастап, тұрған үйімізге дейін, оның ішіндегі әр мебель, бәрі-бәрі заманауи өнердің туындылары. Бұл дегеніміз өнер, өнер емес пе деген сұрақтан әлдеқашан өтіп, әлемге сіңіп, жалпыадамзаттық өмір сүру салтына айналып кеткен дүниелер. Қанша жерден біздің қоғам заманауи өнердің «шимайларын» қабылдағысы келмесе де, оның игілігін көріп отырған қоғам екенімізді жоққа шығара алмаймыз. Біздің әрекет бейне бір олардың тамағын жеп алып, жемедім дегенге саяды. Оны өнер ретінде қабылдамайтын болсақ, онда толықтай жаһандық прогрестен бас тартуға мәжбүр боламыз. Себебі заманауи өнер өркениеттің дамуында үлкен қозғаушы күшке ие.
Мұнан бөлек, заманауи өнердің өкілдерін классикалық өнерді білмейді, сол үшін осындай ессіздікке барады деп айыптауымыз да орынсыз. Олар, керек десеңіз, классикалық өнерді бізден жақсы біледі. Және сол классикалық өнерлерді ұштастыра отырып, дамушылық кезеңдерге бөле отырып, өздерінің сара жолдары мен стильдерін тапқан жандар. Яғни, классикалық өнер қолынан келмеген соң жасамған амалдары емес. Бізде кейбір адамдар осы дүниелерді жоққа шығарып, бұрынғы шапандарын қайта киіп жүре бергісі келеді. Ал заманауи өнерді жасаушылар болса, кейбір адамдардың жазған-сызған дүниелерін жоққа шығармайды, керісінше оған тарих ретінде құрметпен қарайды.
Заманауи өнер – бұрынғыдай адамның аузына асты «шайнап» бермейді. Ол ондай кезеңнен әлдеқашан өтіп кеткен. Классикалық өнерді қазір заманауи технология жаратып береді. Орта ғасырдағы әрбір суретші армандаған дүниені қазір сіз бен біздің қолымыздағы смартфон жасайды. Оның камерасына кез-келген материясы түсіріп алып, әртүрлі компазицияда түрлендіріп, қалаған дүниніңізді жасауыңыз мүмкін. Бірақ озық технология «біз қалаған заттарды жасап береді екен, осымен шүкір, енді ештеңе керек емес» деп тоқтау қалмау керек. Себебі өнер – шексіздік. Өнер шексіз болғаны үшін –өнер. Жер бетінде соңғы адамзат қалғанша өнер өз экспериментін, өз жолын әрмен қарай жалғастыра бермек. Бұл табиғаттық берген үлкен сыйы, адамдарға берген мүмкіндігі. Сондықтан ертеңгі күні дәстүрлі айналатын бүгінгі заманауи өнердің жолына кедергі болып, жоққа шығарып, оны тежеймін деу, қызғанышпен қарау және «Мен түсінбедім», «Мен түсінбегеннен кейін, ешқандай маңыздылыққа ие емес» деген эгоистік ойлардың арылу керек деп санаймын. Бұл тек қана біздің бодан кезіміздегі қалыптасқан идеологиялардың әсерінен әлі күнге дейін шыға алмағанымызды білдіреді. Біздің түсінбегінімізге басқалар кінәлі емес.
Рахат Сапаралива, суретші: «Мауриционың бананы өнердің жаңа түріне еліктеушілік деп ойлаймын»
Сауалнама өте қызық екен! Мауриционың бананы өнердің жаңа түріне еліктеушілік деп ойлаймын. Яғни, инсталляция. Бірақ терең ой салатын дүниеге ұқсамайды. Мұндай өнер бейне бір ағын секілді тез өтіп кетеді. Әр заманда өнер әрқилы өлшемдер мен көзқарастар аясында жетілетін болады. Бұл соның өтпелі кезеңі деп ойлаймын. Өкінішке қарай, белгілі бір адамдар осындай жұмыстар жайлы сөз қозғау арқылы басқа адамдардың миын улайды. Сосын ештеңе түсінбесе де, қоғамнан қалмас үшін «өнер деген осы екен ғой» деп қолын көтеріп жүре береді. Я болмаса бұл қоғамды әдейі адастыру.
Бейнелеу өнері дегеніміз өзі айтып тұрғандай бейне емес пе?! Сайып келгенде, суретші осылай көрді деп те айта салуға болады. Дегенмен өнер дегеніміз барлығының емес, аздаған топтың түсінген дүниесі екенін ұмытпағанымыз жөн. Бірақ қоғамның алдына шығып кетуге болмайды, артына қалып кетуге де әсте болмас.
Сауалнаманы ұйымдастырған Файзулла Төлтай