Болатхан ТАЙЖАН – (1941-2007) Павлодар қаласында дүниеге келген. Мәскеудегі Мемлекеттік Халықа...
Сембіғали Смағұлов: «Баршаңызды ынтымақ пен бірлікке шақырамын» – #КүшімізБірлікте
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «10-қаңтар Жалпыұлттық аза тұту күні» деп жариялауының өзі Қазақстан халқының осы оқиғада көз жұмған боздақтарымызға тағзымы деп білемін. Мұндай пікірді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақ Елі» монументінің авторы, белгілі қазақстандық суретші және мүсінші Сембіғали Смағұлов «Мәдениет порталы» тілшісіне телефон арқылы білдірді. Пікірдің толық нұсқасы төмендегідей:
Қазіргі болып жатқан жағдай біз күтпеген жағдай болды. «Күтпеген жағдай» деп айтуға да болмас. Себебі бұл оқиғалардың басы әлеуметтік мәселелерден туындады. Өкінішке орай, көшеге шыққан бейбіт халықтың наразылығын өз мүддесіне пайдаланған кінәлілерді ресми ақпараттардан көріп, біліп жатырмыз.
Куә болып отырғанын оқиғаны тіптен «болмау керек еді» деп те айтуға болмайды, Бірақ арасына лаңкестердің кіруі, арандатушылардың кесірінен өзгеше сипат алуы өкінішті жағдай. Қалай дегенмен де, бұл еліміз үшін үлкен соққы болып тиді. Әйтсе де, өз басым елдегі дүрбелеңге шетелден әскер кіруін қаламадым.
Сонымен бірге, ел болып, жұрт болып бір өзгерістің, саяси реформалардың болғанын қалайтынымызды да жасырмағанымыз жөн. Ескі жүйенің жойылып, үкіметке жаңа леп келгенін қалаймыз.
Елімізде болған осынау оқиғаны «бармақ басты, көз қысты» дегеннің кебін кигізбей, Конституцияның шеңберінде шешілуі тиіс деген ойдамын. Кінәлілер құрықталып, тиісті жазаларын алу керек. Бір адамның өмірі келесі бір адамға ойыншық емес, барлығының сұрауы бар. Ал қарапайым халыққа отқа түскен қазанның күйесі жұғып кетпесе екен деген тілектемін.
Суретшілер қауымының атынан айтар болсақ, Мәдениет министрлігінде де жаңарулар болса деген ниеттеміз. Өйткені бейнелеу өнер саласы өте кенжелеп келе жатқан өнердің бір түрі. Онсызда кенжелеп келе жатқан өнерді, тіптен аяққа әрең тұратындай хәлге жеткізді. Тарихтан білетініміздей, лаваның астында қалған Пантей қаласын пәленбай жылдан кейін қазып алғанда, жер жадынан ұмыт қалған руханияты мен мәдениетін осы суретшілер мен мүсіншілердің еңбегі арқылы білдік. Сондықтан суретшілер қауымына да болашақта назар аударғанын қалаймыз.
Сөз соңында, бейбіт заманда қара жамылған отбасыларға қайғыра көңіл айтамын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «10-қаңтар Жалпыұлттық аза тұту күні» деп жариялауының өзі Қазақстан халқының осы оқиғада көз жұмған боздақтарымызға тағзымы деп білемін. Баршаңызды ынтымақ пен бірлікке шақырамын.
Сембіғали Смағұлов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Қазақ Елі» монументінің авторы,
белгілі қазақстандық суретші және мүсінші