COVID-19 - адамзат тарихындағы он сегізінші пандемия. Адамзат тарихында қаншама соғыс, қаншама панде...
Гүлмира Сүйекенова. Жас тамады жанарынан Жайықтың
3743
Жас тамады жанарынан Жайықтың Осы көктем... Ақ Жайық сезіне алмай, Ақ Шабақтар ойнақшып, керіле алмай Өлекселер қалқиды су бетінде Кері қарай өмірге шегіне алмай... Осы көктем... Тамшы ақты көзден іркіп, Қан сасыған өзеннен жүрмін үркіп. Су астының тірлігін көп көргендей Шыға келді жауыздық түлен түртіп. Осы көктем... Көңілде мұз бар әлі Жайық бойын есіп тұр ызғар әні. Жанға батты тілі жоқ, сүйегі бар Жағадағы жүректің сыздағаны. Осы көктем... Неге апа, сең жүрмейді?.. Неге мені үмітім сендірмейді? Селдетіп төгіп өткен мына жауын «Жауын емес, Жайықпын, менмін» дейді... Бір-ақ күнде айнала қалқыған су, Қарлы боран, қауқарсыз пенде у-шу. Боран емес үрейді үрлеп тұрған Көмейіне өзеннің құйылған у!.. Ақжал толқын,ақ Жайық, асау Жайық, Төңкеретін қаласа кеме, қайық. Мінезіміз өлмесе біз де өлмейміз Арнамыздан асу да бізге лайық!.. Биылғы жаз Тамыз. Дала. Тамбайды аспан тамбайды, Жауамын деп жадау бұлт та алдайды. Биыл жаздың көйлегі де жұпыны, Түрі солғын, сары күзден аумайды. Биылғы жаз, биылғы жаз біртүрлі-ей, Көмейінде өксік қалды іркілмей... Төрт аяқты жануарға жұт келді, Құр сүлдері құлап жатты құмды үрлей!.. Тамыз. Дала. Тамбайды аспан тамбайды, Тамса шіркін біраз үміт жалғайды. Көз алдымда күйіп барады дүние, Аңызақ жел қаңбақтайын аунайды. Тамды аспан, Қанып ішті күз ғана. Тамыз қалды аузы күйіп, қызғана. Сынақ болса, сабыр етер жұмыр жер, Күнәм болса, кешіре гөр бір Алла! Мені іздесең... Күз келеді, Өлең де осы кезде тез келеді. Сыртта тамшы, сабалап іште шабыт, Шынымен мен бе еді іздегені? Күз дегенің- Қара жаңбыр, қара бұлт жел айдаған. Күз дегенің- Қайтқан құс тізбегі еді. Ал мені қиял сүйреп бара жатыр, Шынымен тағы мен бе іздегені? Күз келеді, Қарбалас қызу шаруа түз дегенің. Кеудесінде жаны бар құмырсқа да, Дән іздеп, жер-жаһанды кезген еді. Ал мен жіпсіз байландым ақ қағазға, Шынымен мен бе еді іздегені? Мені іздесең, Күнкөріс қамындамын, Отбасы-ошаққасы жанындамын. Көлеңкемен күресем шыр-пыр болып, Күнгейіңнің ылғи да жағындамын. Мені іздесең, Жердемін, көлдемін мен, Көлде тұрып та кейде шөлдедім мен. Мені іздесең, Шыңдамын, аспандамын, Аласартты ақымақ асқандарың. Мені іздесең, Іздегін ауыл маңын, Кіп-кішкене ауылдың дауылдарын. Мені іздесең, Шулаған қаладамын, Қала емес болса да қалағаным. Мені еріксіз өзіңе бағындырып, Көріспесек әрдайым сағындырып, Шумаққа шумақ қосып сабылдырып, От сөзбен қып-қызыл шоқ жалын қылып, Мен осы іздеуіңе тұрамын ба өлең?!. Көңілімнің табылмай тұрағы да, Күннен-күнге көбейіп сұрағы да, Сені рас іздейді ғой жаралы жан, Мен осы іздеуіңе тұрамын ба, өлең?!. Қыз ғұмыр Өмір маған қос-қостап Гүл де берді, Ұл берді, Айдар тағып, ат қойып, Менмен ғұмыр Меншіктеп-ап үлгерді. Өмір мәні –құлыншағым Құндағында-ақ бұлқынды, Күннен-күнге құлпырды, Құлын күннің қабағында Күн күлді!.. Бірі әкенің, Бірі ананың Қылықтарын қайталап, Айнытпаған шеберлікке, Еш мүлтіксіз Құдіретке Еріксіз бас шайқап-ап, Көріп қалып өзімді-өзім Айнадан Таңырқана үңілсем, Қу тірлікке Байланыппын соншалық Әжімменен мөрлегенше, Маңдайымыз терлегенше Ауыр жүгін арқалай, Желдей ескен Уақытты да байқамай... Ұл ер жетті, Қауыз жарды Қызыл гүл Ауызға үріп салғандай... Сұлулыққа тамсанбаған Жан қалмай, Түсті көзі біреудің. Бітті бәрі, Менікі емес, Оныкі... Менікі деп, Тас құрсақты кеңіттім, Менікі деп, Тас емшекті жібіттім, Менікі деп, Түн ұйқымды төрт бөлдім, Менікі деп, Суға түстім, Отқа түстім, өртендім. Менікі деп, Қуратпадым ыстыққа, Жауратпадым жаңбырға. Енді міне, Үлбіреген сол бір гүл Теңін тауып, Бағыт алды қияға, Қимаса да қол бұлғады Туып-өскен ұяға. Жалғау үшін Тірлік отын маздатып, Сіңіп кетіп Топырағына жат жұрттың, Жарық болып, Жылу болып төгілу де бір бақыт!.. Екі жүрек Менің екі жүрегім бар Жағасында теңіздің. Бөліп қарау мүмкін емес, Сыңарындай егіздің. О-о-о Ақ Жайық, Біреуін сен еміздің! О-о-о Көк Каспий, Біреуін сен еміздің! Өздеріңдей мөп-мөлдір, Өздеріңдей шып-шымыр, Өздеріңдей сұлу, нәзік, жаны ізгі! Бұл екеуін қосқан өмір Құда-құдағи дегізді, Құйрық-бауыр жегізді. Ақ некені жар салып кеп ағайын, Ақ дастархан басында Аямады аппақ дұға лебізді. Куә болды Ақ Жайық, Куә болды көк Каспий. Еміренсе енді бірге еміреніп, Тебіренсе енді бірге тебіреніп, Татулықтың әнін айтты негізгі. Енді екеудің Жүрегі бір, Жаны бір, Сүйіктім деп салатұғын Әні бір. Өмірай-а... Жайық пенен теңізді Жалғап қойған Күре тамыр тәрізді!.. Бір ақынды іздеймін Ол жусанның інісі, Шеңгел болып кектеген, Маған ерек жұпары Жусандардан көптеген. Бір ақынды іздеймін Көкпек жаққан көне үйдің Көжесімен көктеген. Мен -Жайықтың қызымын, Ол -Ырғыздың баласы. Досы да жоқ, жауы жоқ, Жоқ ешкіммен таласы. Бір ақынды іздеймін Бәрін үнсіз кешіріп, Биіктеу тұрған бағасы. Сәби көңіл, сенімі мен дәмесі- Өзінен зор өлермен. Тірегі жоқ, Жалғыз досы –жүрегі Бір ақынды іздеп келем әлі мен. Дәруіш ой, дәрмені жоқ қашуға «Құтыла-а-а-рмын!» деп еді, Танып тұрып тіпті алыстан мен неге Қайталағым келеді?. Еліктеді, Ерінбеді, Іздеді, Гүл—ғұмыры баянды!.. Бәлкім өзін тапты содан, селк етіп, Жусан көріп, оянды! Ащы+тәтті=өмір—өлең—дәл өзі!!! «Тау құлады» деме, сен!.. Шалқар сезім илеудей-ақ иледі, Уақыт ол да еркімнен тыс биледі. Білесің бе шаршамаймын неге мен? Себебі, өмір, маған кеше «тау құлады» деген ең!.. Содан бері есеңгіреп көмескі үн, Өксік қысып, булыққанда өңешім Жарылардай айқайлағым келіп бір Жайықпенен кеңестім. Жел қайраған толқын көрдім, күрестім, Уақыт жүйрік тамшы қайдан ілессін. Аппақ ағыс сілкіп өтті санамды, Содан бері мұңды сезген емеспін. Тіпті бар ғой Көмуге әзір тұрса да Суық сөзге сендіре алмады мені ешкім. Өйткені ... Әкем тірі, тірі, тірі деген мен, Тірі қанды жалғау үшін келген ем. Сол қан менің тамырымда тулаған, Сол қан міне, боқ-дүние қумаған. Сол қан елдің жылағанын жұбатып, Бір қадеге жарар болса қуанам. Тағдыр ғана үйретеді көнуді, Талпынуды, немесе тез сөнуді. Тастар қайта тауға айналу үшін де Ізің қалсын білмейтұғын өлуді... «Тау құлады» деме, сен!.. Апа, сенің құшағың Апа, сенің көктемеде исің бар, Жұпар иіс бүр жарған. Көктемді мен бүгін саған ұқсаттым, Көкірегіме ұя салып бір арман. Тас құрсақты кеңіткенің кешегі, Тас емшекті жібіткенің кешегі, Тамырлардан тамырларға таралып, Мейірім боп еседі. Апа, сенің құшағың-ай, құшағың, Еніп кетсем, ен даланы құшамын. Сен бар жердің бәрі сая, самал жел, Еңсем биік, емін-еркін ұшамын. Сары сиырдың саумақ түгіл желінін, Аз ба қыздар баса алмаған желігін. Өзіңіздей иманжүзді, ибалы, Болса екен деп тілеп жүрмін келінім. Қыз өкшесі көтерілді, кешқұрым... Көктем көңіл сіркіреді, кешті мұң. Мен ұшқанда қия алмаған жүректің Дүрсілін де енді ғана естідім... Іздеймін сені Тыраулаған тырналардың тізбегі Үмітімді қайта жалғап күздегі. Балқытып кеп естің ескі қатпарын Менің жаным бір жылылық іздеді. Мазасызбын бәсе, бәсе мен көптен Дәрілер де пайдасы жоқ әр еккен. Сөйтсем маған антивирус болатын Өзім өскен ауыл екен, ақ мекен. Сәбидейін бүлкілдеген еңбегі, Желбіреген жусан аңқып жөргегі. Тамырыма қан жүгіртіп, табаным Тие сала емдеді. О туған жер, салқын самал төсегі Қырандарың құндағында-ақ өседі. Өлең болып төгіле алсам мен бүгін Топырақпын қойныңда өскен кешегі. Сені іздеймін сағынышым қысқанда, Сені іздеймін жабырқаған тұстарда. Тағдырымның талғамынан аса алмай, Сені іздеймін сенен алыс ұшқанда. Сені іздеймін ағарып таң атқанда, Сені іздеймін қызарып күн батқанда. Сені іздеймін өкпем әзер тыныстап, Тар балконның терезесін жапқанда. Іздеймін мен алма бақты жайқалған, Сілкігенде-ақ саулар алтын әр талдан. Ауыл түгіл қаланы да шыдатпай Сілекейін шұбыртқан дәм бал тамған. Іздеймін мен әкем көрген көздерді, Іздеймін мен жүріп өткен іздерді. Сағынудың не екенін білмеп ем, Бал,қаймақпен әжем баққан кездері... Жасыма жас қосқан сайын іздеймін, Ағайын бас қосқан сайын іздеймін. Жеткізбейтін мына жүйрік уақытың Талаптарын тосқан сайын іздеймін. Іздеп барсаң ниетінен таныңдар, Қонағына сайлап қойған орын бар. Іздемеген ізделмейді дегендей Тас тілінде сайрап жатар қорымдар. Беу, ауылым, таңғажайып мекенім, Тал бесіктен қымтап өскен етегін. Іздеп барсам төр сыйлайтын қашанда Мен өзіңнің сыйлы қызың екенмін. Тахаджуд Түн. Тахаджуд намазы. Тіл жетпейтін тамаша!.. Сүйген құлдың сырласуы Тәңірімен оңаша!!! Қап-қараңғы, тып-тыныш, Еміс-еміс өз күбірің естіліп, Тереземнің тамшылары тасты үгіп, Жан жуылып, Үміт артып, Күдік біткен қуылып, Сәбидейін тап-таза, Ұшқан құстай жеп-жеңіл- Мендік көңіл, Міне өмір!!! Айқайлайды , Қайталайды Ішіңдегі жаңғырық. Қимастықтан Байқамайды Кеп қалғанын таң күліп... Бойым балқып, Аспан тартып барады Көрінбей-ақ көзіме Ғашық қылған Өзіне Әр- Рахманның ғажабы!!! Ешкім бұны сезе алмайды, Шын ғашықтық күйге енбей. Мен де ешкімді сүйе алмаймын Дәл Өзіңді сүйгендей Раббым!!! Тәтті ұйқыңды Қисаң болды, Тап-таза су Құйсаң болды тәніңе, Ниет деген –нар тәуекел Қарамайды әліңе. Ешкім бұны сезе алмайды, Шын ғашықтық күйге енбей. Мен де ешкімді сүйе алмаймын Дәл Өзіңді сүйгендей Раббым!!! Бала ғашық Неғылған қартаймайтын бала ғашық, Көңілі шарықтаған айдан асып. Бал татады таңдайың кейбір кезде Тұз себеді кей кезде жараңа ашық. Неғылған мәңгі жап-жас бала ғашық, Оның бар ғой әрдайым қабағы ашық. Тәбетіңнен айырар кейбір кезде, Ұйқыңды да кетеді ала қашып. Ол бар ғой ол бір сезім алаулаған, Оңай емес алауға қарау маған. Өртейді, балқытады өн бойыңды, Жүрек тулап, тамырда қан аунаған. Ей жаным-ау, ол бар ғой өлмес арман, Тырнағына тұрмайды мына жалған. Дер кезінде қадірін білсе шіркін, Болар ма тауы қайтқан, көңілі қалған. Жүрек соқты, шынымен тірісің бе? Тағдыр қайта жазған ба көрісуге? Аяқасты есімнен айырдың-ау, Көктем болып кеп қалып күз ішінде! Күз ішінде шынымен неғып жүрсің? Қысылмашы мейлі ғой бәрі білсін. Айтшы жаным, мен саған не істей алам, Осы күйде мәңгілік қалу үшін?.. Сен кімсің?! Сен емес, Ар үшін ғана күресем. Сен –елес, Төзімді босқа түгесем. Сен –сезім, Өртеніп барып сөнесің. Сен –өзім, Тағдырға ғана көнесің. Сен –жақсысың, Көре білетін көз керек. «Сен –бақсысың», Сезе білетін өзгерек. Сен –сағыныш, Күтумен ғана күн өтер. Сен –жарылыс, Жүректі сойып, жыр етер. Сен –«періште», Күнәңді көзім көрмейді. Сен келіспе, Жел-өсек тыным бермейді. Сен –тамшысың, Көрінбей тырсыл қағатын. Сен –қамшысың, Оп-оңай жөнге салатын. Сен –армансың, Алысқа қанат қағатын. Мен таңғалдым, Таусылып барады тағатым. Таңғалды әне бұла түн, Таңғалды міне ұлы ақын, Әлсіз боп қалды алдыңда Әлемнің өзі- Сені мен менен тұратын Сен кімсің?!. Гүлмира Сүйекенова, Атырау қаласы