Заманауи қазақ киносындағы ізденістер мен шешімдер

КИНО
3950

Бүгінгі әлемдік кинематография саласында жанрлық формалар мен әдістер тарапынан пікір-таластар жүргізілуде. Ол – белгілі бір жанрдың қай жерден аяқталып, қай жақтан басталатыны туралы дау. Негізгі дәстүрлі кино жанрлары заманауи жаһандық, технологиялық талаптармен байланысып, жаңа формаларды құрастыруда.

Авторлық кино – бұл үнемі жаңа бағытта іздену және қалыптасқан қағидалардан бас тарту. Қазақстанда авторлық бағытта фильмдер түсіріп жүрген режиссерлар да баршылық. Бүгінгі қазақ киносында оңды тенденциялар байқалады. Ол – мемлекеттен тәуелсіз түсірілген, әлеуметтік тақырыпты ұлттық деңгейге көтеретін авторлық және жанрлық фильмдердің серпілісі. Осы екі бағыттағы фильмдер беделді кинофестивальден, отандық кинотеатрлар экранында көрермендерге ұсынылып жүр. Тақырып аясында айтулы фильмдерге талдау жасауға тырысамыз. Талдау объектісі ретінде Қазақстан киносыншылар қауымдастығының әлеументтік парақшасында үздік деп жарияланған фильмдер негізіне сүйенсек.

Авторлық бағытта түсіріліп, жанрлық фильм элеметтеріне талпыныс жасаған фильмдердің бірі ретінде «Быть или не быть?» (реж.: Азизжан Заиров және Мухамед Мамырбеков) фильмін қарастырсақ болады. Фильмге Шекспирдің «Гамлет» шығармасы негіз болған. Өмірдің мәні, кейіпкердің қоғамдағы орны жәйлі мәңгілік тақырыптардың бірі бұл фильмде тағы қозғалды. Бірақ бұрын-соңды тақырыптас фильмдерден кем емес, жаңа қырынан ерекшеленген фильм. Басты рөлдегі Тахир Умаров – мүмкіндігі шектеулі кейіпкер. Фильм деректі-бақылау кадрларынан басталып, көркем қойылымдылық көріністермен жаңа сипат алады.

Сондай ақ, соңғы жылдары қазақ киносына деген әлем киномамандарының қызығушылығы арта түсті. Бұл құбылыс беделді кинофестивальдерде көрінген отандық режиссерлар Э.Байғазин, Ә.Ержанов, Ф.Шарипов, Ш.Оразбаева фильмдерімен байланысты.

"Асланның сабақтары" фильмінен үзінді кадрФильмнің түпкі идеясынан бастап, көркемдік құрылымына дейінгі ізденістерімен ерекшелінген «Асланның сабақтары» (реж.: Э.Байгазин) фильмі – заманауи қазақ киносын әлемдік кинофестивальдерде жаңа қырынан танытты. Аслан есімді бас кейіпкер жасөспірімдік сана мен іс-әрекет жиынтығының жаңа кейіпкері. Фильмдегі Аслан бейнесі «жоғарғы адам мен сезім» идеясының пайымдаушы образына енген. Оқиға желісі көптеген астарлы мәселеге құралған. Мәселен, жергілікті «мафиози», полиция бөліміндегі «жүйе», мектеп қабырғасындағы «хиджап» кию құбылысымен күрес, «Happy Lon» утопиялық идеясы. 

Фильмдегі жасөспірімдер арасындағы қатаң шарттар мен көріністердің экранда бейнелеуі, көрермен санасында ұзақ уақытқа дейін әсерін қалдыратыны анық. Яғни, қатыгез зорлықты экранда көрсеткен күннің өзінде, көрсетпей сездіретін кадрлар да баршылық. Фильмдегі екі өлім сахнасы да осындай әдіспен түсірілген. Басты кейіпкердің ойлау қабілеті ұшқыр болғанымен, идеалды образдан алшақ. Және де бұл «қабілет» сол сәттегі ортасында орын алған қақтығыстардың жетегінде кетеді. Бұл фильм бүгінгі қазақ киносының бағытын, табиғатын анықтап бергендей.

"Арман. Періштелер ұйықтағанда" фильмінен үзінді кадр2018 жылы Рашид Сүлейменовтың «Арман. Періштелер ұйықтағанда» драмасы «Үздік жанрлық фильм» номинациясы бойынша киносыншылар қауымдастығының сыйлығына ие болса, фильм актрисасы Жұлдыз Айдарбекова «Үздік әйел рөлі» үшін жүлдеге ие болды. 2019 жылы режиссер тағы бір драма түсірді. Мұқият қарасақ, сіз біздің өміріміздің көрінісін «айналардан» көре аласыз. Фильм көлік айналырын ұрлау, ауылдардан табыс таппаған жастар арасындағы жұмыссыздық, жеңіл ақшаға ұмтылу туралы айтқысы келген. Олимпиада чемпионы Денис Тенмен болған қайғылы оқиға белгілі бір катализатор болды. Бірақ бұл әңгіме Денис туралы емес», – дейді режиссер бір сұқбатында. 

Жанрлық фильмдер элеметтеріне жасалған талпыныс ретінде ерекше көрінген фильмдердің бірі «Жаным, айтсам сенбейсің!». Фильм қаракомедия жанрында түсірілген. Фильм 2020 жылдың 17-23 қазан аралығында Ресейде өткен «Киношок» фестивалінде «Үздік сценарий» номинациясын, үздік толықметраж фильмге берілетін «Золотая лоза» жүлдесін, баспасөз дипломын иеленді. Сюжет желісі бойынша тұңғыш баласын күтіп жүрген ерлі-зайыптылардың әдепкі өмір салтынан басталады. Бас кейіпкер Дастан (Данияр Алшынов) әйелінен (Әсел Қалиева) бір күнге болса да қашып кетуді ойлап, достарымен балыққа кетеді. Аяқ астынан пәлеге ұшырамағанда, бәлкім, керемет демалып та келген болар ма еді. Міне, біз күткен шиеленіс осы тұстан басталады.

"Барымташылар" фильмінен үзінді кадрҚазақстан мен Жапония елдері бірлесіп түсірген «Барымташылар. Уақыт жолы» (реж.: Ерлан Нұрмұхамбетов) фильмі де осы тұрғыда ерекшеленді. «Барымташылар. Уақыт жолы» фильмі – жылқы бағумен айналысатын қарапайым отбасы туралы баяндайды. Бір күні жылқы үшін адам өлтіруден тайынбайтын барымташылар отағасын өлтіреді. 12 жасар Олжас барымташылардың қолынан мерт болған әкесінің өліміне қайғырып, зұлымдықпен күресіп, отбасына түскен ауыртпалықты қарындастарымен бірге көтереді. Қорғансыз қалған Олжастың отбасына ғайыптан пайда болған бөгде біреу қолұшын созады.

Бұрын соңды комерциялық фильмдер түсіріп жүрген режиссер Нұртас Адамбайдың соңғы фильмдері де талқылауға тұрарлық. «Тараз», «Әкім» сынды фильмдері Қазақстанстан киносыншылар қауымдастығының назарынан тыс қалмады. Екі фильм де киносыншылар қауымдастығының «Киносыншылар таңдау» жүлдесіне үміткер болып, тізіміне енді. Соңғы фильмдерінің бірі «Әкімге» тоқталсақ. Фильмнің оқиғасы Америкада оқып келген «мажор» (Нұртас Адамбай сомдауында) мемлекеттік қызметке орналасу қажет болады. Бірақ оны әділ және қатал бастық Жолбарыс өзі ойлағандай Астанаға емес, Қазақстанның оңтүстік аймағындағы алыстағы ауылға әкім қызметіне жібереді. Шалғайдағы ауыл өмірінен бейхабар, қазақ тілін білмейтін әкімнің жағдайы көрермендер үшін бір тұсынан күлкілі болатын болса, екіншіден өзекті мәселелерді қозғады.

Кинорежиссер Әділхан Ержанов та жанрлық фильмге талпыныс жасады. Осы талпыныстың бірегей үлгісі ретінде «Атбайдың шайқасы» фильмін айтсақ болады. «Short Brothers» және «Arizona Productions» компанияларының қатысуымен «Sunny Production» компаниясы өндірісі. Фильм кинофестивальдерде көрсетілгенмен, кинотеатр желісіне пандемиялық жағдайға байланысты көрерменге жетпеді. Отандық тұсаукесері 2019 жылы «Бастау» халықаралық кинофестивалінде өтті. Сондай-ақ, VI Якутск Халықаралық кинофестивалінің «Үздік фильмі» атанды. ХХХV Варшава Халықаралық кинофестивалінің негізгі конкурстық бағдарламасына өткен.

"Атбайдың шайқасы" фильмінен үзінді кадр«Атбайдың шайқасы» фильмінде жеңімпазы алдын-ала белгілі болатын аралас жекпе-жек бойынша турнирге қатысуды шешетін көше бұзақысы Атбайдың (актер Данияр Алшинов) өмірі жайлы баяндалады. Соған қарамастан бас кейіпкер жекпе-жекте жеңісті қолдан бермеуге бел буады. Себебі, ол үшін бұл жеңіс – жаңа өмірді бастау, үлкен спортқа қайта оралу және өзінің сүйіктісі Аиданы (Динара Бақтыбаева) қайтару мүмкіндігі. Атбайдың ринг бойынша басты қарсыласы, атақты Рафаэльдің рөлін белгілі актер Санжар Мәди сомдады. Жеңімпаз фильм «Атбайдың шайқасы» – бұл әркелкі кейіпкердің таңқаларлық оқиғасы. Басында ол жағымсыз боп көрінгенімен, соңына қарай оның қайғылы өмірін түсіне, сезіне бастайсың. Қарапайым оқиға өте керемет тілмен айтылған. Бұл оқиғаның айтылу мәнерінің өзінде бір сиқыр жатыр.

Қазақстан кинематографында әсіресе, романтикалық комедиялар мен тарихи драмалар танымалдылыққа ие болуда. Отандық кинотеатрлар желісінен көрсетіліп, көрермендік табысқа жеткен екі фильм туралы айта кетсек. 

Фильмдерге түсіп, актриса ретінде танылған Құралай Анарбекова продюсер ретінде отандық комедияға жетекшілік етті. Фильмді Әлішер Өтев түсірді. Ол «Брат или брак» фильміне сценарий жазып, екінші бөліміне режиссер болған еді. Фильмнің сюжетінде Марат 10 жылдан бері істеп келе жатқан банктің директоры болғысы келеді. Құрылтайшы бұл орынға өзінің күйеу баласын қояды. Ал Маратты кассир қызметіне төмендетеді. Көп кешікпей ол ипотекасын төлей алмай, өзі істейтін банкке пәтерді қайтарады. Марат банктен кек алу үшін оны тонамақ болады. Айналасына өзі секілді жәбір көрген клиенттерді жинайды.

Келесі фильм Нұрлан Қоянбаев пен Әсел Сағатова ойнайтын романтикалық комедия. Сюжетте сценарийшілер байқауында кезекті рет ұтылып қалған жасық Санжар туралы баяндалады. Үйіне қайтып келе жатып Айсұлу есімді қызбен танысады. Бойжеткеннің көңілінен шықпақ болып Америкада фильм түсіремін деп өтірік айтады. Бір күні Айсұлудан АҚШ-қа ұшып келемін деген хабар алады. Қыздан кешірім сұрап, шынын айту үшін Санжар да енді Америкаға аттанауы керек. Фильмде Санжардың ғашығына деген мөлдір махаббаты жүректі тебірентеді. Көрермен ретінде маған ерекше сезім сыйлады. Сәтті режиссерлік шешім оң жүйесін таба білді.

"Айсұлу, менің махаббатым" фильмінен үзінді кадрҚазақ киносында кино әлеміне нық қадамдар жасап, сол әлемде таңба қалдыру мақсатында жасалынып жатқан дүниелер аз емес. Жанрлық фильмдермен қатар, тарихи фильмдер лебі де көрінді. 

2000 жылдан бері қарай жарыққа шыққан тарихи кинолар жиынтығын: «Көшпенділерй, «Сардар», «Жау жүрек мың бала» фильмдері құрады. Бұл тек тарихи кинолардың бірен-сараны ғана. Бір қызығы, 2005 жылдан жоғары көтерілгенде жаңа леп, жаңа толқын уақыты келіп жетті. Бұл уақытта продюсерлер мен режиссерлердің жаңа сарыны қазақ кинематографиясының көшіне ілесіп үлгерді. Осы уақыт аралығында белсенділігімен көзге түскен – Ермек Тұрсынов. Ол бүгінге «Жат», «Шал», «Кемпір», «Кенже» және т.б фильмдердің режиссері және сценарисі болды. Кейін бұл көштің соңын Баян Алагөзова, Нұртас Адамбай, Нұрлан Қоянбаевтар жалғады. «Ғашық Жүрек», «Ғашық Жүрек 2», «Осторожно, корова», «Махаббатым жүрегімде», «Тракторшының махаббаты», «Баян сұлу», «Сиситай», «Я Пышка» фильмдері жарық көрді. Дәл осы типпен Нұртас Адамбайды да атасақ болады. Жастар арасында фильмдері айтарлықтай беделге ие болған продюсер 2014 жылы шыққан «Келинка Сабина» арқылы көпшілік жұртқа танылды. Нұрлан Қоянбаевқа келер болсақ, ол ең алғаш «Бизнес по-казахски» фильмімен бастап, ары қарай осы фильмді жалғастырды. 

Сағыныш БАҚБЕРГЕН, кинотанушы 

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...