Балаларға базарлық: Адам өмірі

ӘДЕБИЕТ
4030

Балалар әдебиеті – балалар өмірінің энциклопедиясы. Ең бастысы – балалардың рухани мәдениетін байытып, туған елі мен жерін сүюге, ата-анасын сыйлау, үлкенге құрмет көрсету, имандылыққа тәрбиелеу. Осы мақсатта «Мәдениет порталы» жазушы Әлібек Байболдың аудармасында әлем халықтарының ертегілерін жүйелі түрде ұсынбақпыз. Назарларыңызда  «Америка халықтарының ертегілері» циклынан Бразилия ертегісі  «Адам өмірі». Мархаббат, періште оқырмандарымыз!

«Абапору» - 1928 жылы Тарсила до Амарал салған картина. Бұл картина бразилиялық модернизмнің символы. Бүгінгі күні - Бразилия өнерінің ең қымбат туындысы.

АДАМ ӨМІРІ 

(Бразилия ертегісі)

Елдің айтуынша, біржолы бамбук* пен тас сөз таластырған екен. Әрқайсысы адам өмірі өзінікіне ұқсаса депті. Ал, онда екеуінің не турасында қызыл кеңірдек боп айтысқанын тыңдап көрелік...

Тас:

– Адам өмірі менікі секілді болу керек. Сонда, ол мәңгі дәурен сүреді.

Бамбук:

– Жоқ, жоқ, адам өмірі менікіндей болуы қажет. Мен ажал құшам, алайда артынша-ақ тірілем.

Тас:

– Жоқ, негізі, бәрі басқаша болғаны жөн. Адам мендей-ақ болсын. Мен соққан жел, жауған жаңбырға да қыңқ етпеймін. Суға да, суыққа да, ыстыққа да – төзімдімін, көнбіспін, мықтымын, қаттымын. Менің өмірім – шексіз, мәңгілік. Жаныма батар ештеңе жоқ, қайғы-мұңнан да адамын, қамсызбын. Адам өмірі де сондай болуға тиіс.

Бамбук:

– Жоқ, қателеспе, адам өмірі менікіндей болу керек. Мен өлгеніммен де, өсімтал ұрпағым кейпінде қайта жаңғырамын, жаңарамын, байлығым да – солар. Дұрыс па? Жан-жағыңды бір шолып шықшы, бәрі – менің ұлдарым, баршасы – балаларым, ұрпағыммен – баймын. Олардан да үрім-бұтақ өрбиді, тарайды, олар да өсіп-өнеді, жайқалады, бәрінің терісі: жып-жылтыр, жұп-жұмсақ, аппақ әрі тегіс болады. 

Тас – үн-түнсіз. Түнерген күйі кетіп қалады.

Сөйтіп, бамбук оны сөзден ұтады.

Міне, неге адам өмірі мен бамбук өмірі – өзектес, туыстас екенін енді ғана байқаған шығарсыздар?!..  

*Бразилия – бамбук өсімдігіне бай мемлекет, өйткені оның алуан-алуан түрі бар және жергілікті халық аталған астық тұқымдасына жататын ағашқа асқан құрметпен қарайды.   

Аударған: Қазақстан Жазушылар одағының 

мүшесі, жазушы-драматург, 

әдебиеттанушы, сыншы Әлібек БАЙБОЛ.


Ертегі аудармашының рұқсатымен жарияланды. Авторлық құқық сақталғандықтан көшіріп басуға болмайды!

Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...