Белгілі ақын Аманқос Ершуовтың шығармашылығына арналған қаламгерлер арасында «Ақ бұлттар, қар...
Қайрат Сейтқазин: Шиеге аунап күн батты…
***
Таныс əуен естігенде құлағым,
Кеудеме орнап қалатындай бір ағын.
Сағындым мен қайтқан қаздың қаңқылын,
Тырналардың тырауын.
Сəулесіне шомылғанда сағым қыр,
Шуағына жылына алсам бағым бұл.
Таудан аққан тас бұлақтың, тəңірім,
Мөлдірлігін сағындыр.
Дала, дала көкірегін көрік деп,
Жырларыңды,
Жұмбағыңды беріп кет.
Ақ селеуге ұқсаса екен өлеңім,
Ақ жусанға еліктеп.
Сұңғақ атты, сұлу қызды, сымбатты,
Сағым дала қаншама əнді тыңдатты.
Шешіле бір сыр ақтарсам деп едім,
Шиеге аунап күн батты…
***
Мұз құрсанған бұлақты
Жарып шығып сылдыраған су ақты;
Біреу сенің сұрап еді жасыңды,
Сенің жасың –
Көктем еді шуақты.
Бауырында өсіп шығып ауылдың,
Қара көздің құдіретімен ауырдым.
Гүл көмкерген көк көйлекті киіп ап,
Кербез тұрдың,
Құрдасындай сəуірдің.
Мұратына жетпегеннің,
Жеткеннің,
Пейіліне беретінін көп көрдім.
Жақсы адамдар – жылулықтың айнасы,
Жақсы адамдар – көшірмесі көктемнің.
***Құлатпай жылдарға еңсені,
Тау болып шыдадың бар сынға.
Нəзік үн естідім
Мен сенің
Мейірімді фатиһа даусыңда.
Білемін өзіңде бақ барын,
Білемін өзіңсіз көңіл-мұң.
Оңаша налыған шақтарың,
Назындай найқалған өмірдің.
Аяулы сəттерім көп еді.
Кеудеме көшіріп əн асыл.
Мен саған ұқсағым келеді,
Ұқсағым келеді,
Анашым…
***
Күміс саусақ. Алтын кеуде. Ақ білек.
Жыр саулаған бұрымыңнан бақ тілеп.
Сенің көзің қарақаттан қап - қара,
Сенің ернің құлпынайдан тəттірек.
Сезімдердің аяулысы алғашқы-ай...
Төзім бітіп, сөздерім де жалғаспай.
Өміріңнің қиындығын білмеймін,
Көңіліңнің нəзіктігі рауғаштай.
Алақаның жылуы мол Күн шығар,
Еркелігің жібектейін түн шығар.
Көз қиығын тастап кетсең тасада,
Жігіт біткен жастығына тұншығар.
Теңей көрме періштеге, елеске,
Түсірмейді Лəйлəні де ол еске.
Сұлулықта дарын жоқ деп кім айтты,
Сұлулықтың өзі дарын емес пе?
***
Сұлу сазың - керең қылмас,
Ұмыттырмас наланы.
Сүйген бе едім, өлеңге ұқсас,
Долана иісті даланы?
Сарыарқаның жыры сынды
Сыры бекем ақ қурай.
Сыңсып тұрған тұрысыңды
Сүйген бе едім тап бұлай!
Бір күн сенім, бір күн үміт,
Арман əнім-мұратым
Ақ жусанды үлгі тұтып,
Өскен бе еді бір ақын?
Жапырағы аяды ма,
Жүрегімді ботадай.
Ақ қайыңның аяғына,
Құлай салдым оп-оңай.
Бəрі жақын, қымбат маған,
Ойым орман, санам қыр.
Терек - менің сымбатты ағам,
Қарындасым - қалампыр.
Сұлу сазды жидым да оңай,
Сала алмадым жат əнін.
Сені ессіз
Сүйдім солай,
Менің Дала Отаным!
***
Мен өскен өлкеде қыс қатал, жаз нəзік,
Даланың сазынан таба алмай өзге азық.
Жабығып жүргенде өлеңді үйрендім,
Бұлбұлдың əніне сөз жазып.
Теректей теңселіп, қайыңдай ырғалып,
Шөліркеп, шөлдеген жанымды жырға анық
Ақ жауын өлеңді іздедім өзіңнен,
тұмаға тұндырып, бұлаққа бір барып.
Таңқурай аңқыған таңдарда жиі ұқтым,
Самал жел ойнақшып, басын да иіп тым,
Иітіп алғандай даланың асауын,
Белінен сипайды киіктің.
Айтатын сыр барда өлкеде мен өскен,
Бидаймен бірге өсіп, бақтармен кеңескен,
Жаза алмай жүрген бір ақынды аяймын,
Өзіңмен тел өскен...
***
Даланың тілегі - жел,
Алғысы - көл.
Ақерке бұлттай мұңсыз болғысы кеп,
Алтындай алабөтен жарқ-жұрқ етті,
Аяулы қарындастың шолпысы зер.
Ұландай ерен ерлік қайда менде,
Ұқсамай ұры-қары, айлакерге.
Мен бірақ, өлеңімді аттай баптап,
Ұйқасын таратқызам майда желге.
Көз талмас көкжиекке көзді салдым,
Ізіндей шұбытылып кезгіш аңның.
Даланың гүлдерінен өлеңді өріп,
Иісін қосып берем боз жусанның.
Содан соң аунап алып қыраттарға,
Жуынып шілдеде аққан бұлақтарға,
Даланың кезіп жүрем сай-саласын,
Жауап іздеп...
Атам қойған сұрақтарға,
Бабам қойған сұрақтарға.
***
Шайың қою болғаны үшін енді мен,
Өзімді-өзім сұлулыққа сендірем.
Билеп өскен ақ қайыңдай кербез боп,
Тау суындай мөлдір ең.
Гəкку əнін айтқаннан соң елде көп,
Қағаз бетін көрді өлеңім ертерек.
Қағаз шайды іштім сосын, іштім мен
Апаңның қат-қабағына еркелеп.
Осылай да болады екен, жазған-ай,
Ыстық шайдан терлеп-тепшіп жазда оңай.
...Отырдым мен өмірімді өткізіп,
Отырдым мен көңіліңді қозғамай.
Шайың қою болғаны үшін, жазған-ай…
* * *
Қазір уақыт - шолпан жұлдыз шығар сəт,
Көл бетінде дір етпей.
Сенің бейнең көңілімде тұра алса
Көне ғасыр суреттей...
Қазір уақыт - туралған ай деседі
бұлт ішінде бұлдырап.
Сенің даусың Ай-Бегімнің кешегі,
Шолпысындай сыңғыр-ақ.
Қазір уақыт - қарашаның қайтуы
Көңіл күпті, дала мұң.
Жүректегі жан-сырымды айтуым,
Ісі екен-ау баланың!
қараша,
КҮЗДІҢ ҚАҒАЗ СУРЕТІ
(Этюд)
Таңда оятып сезімдерді біздегі,
Тамыз ауа келіп жеткен күз бе еді?
Аспандағы ақсұр бұлттың бұрымын
Өріп жатты тырналардың тізбегі.
Түнгі ызғар көлге аққуды, үйректі,
Аспандағы жұлдыздардай түйрепті.
Су бетіне сызып жатты содан кеп,
Аяз сүйген иректі.
Сағынуға себеп таппай мен енді,
Сағынышым ескі хаттай көнерді.
Қыркүйектің босағасы алтынның
Шашуына кенелді.
Құлап жатты жапырақтар мұңды ұрлап,
Шақша басым шарадай боп сыңғырлап.
Сырғаларын желге тосып шулады,
Қартаюға асығатын құмбыл бақ.
Қоштасуды, сарғаюды білетін
Күзгі күндер,
Жаңбыр болып бір өтіп,
Мен отырдым бар ынтамен сезініп,
Күздің қағаз суретін.