Рая Рахымжанқызы. Жан әке

ӘДЕБИЕТ
12922

Осыдан төрт жыл бұрын, 18-ақпанда көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың дүние кешкен еді. Осы күнге орай оқырмандарымыздың назарына жазушының тұңғыш қызы Рая Рақымжанқызының Әкеге деген сағыныш-эсселерін ұсынып отырмыз. Прозаның шағын жанрларына қалам тартып жүрген Рая Халық шаруашылығы университетін бітірген, бүгінде қаржы саласында қызмет етеді.

I. ЖҰМАҚҚА ХАТ...

«Қайран әкем, сен де менің мәңгілік сағынышыма айналдың-ау...» депсіз «Аңыз- адам» журналына берген сұхбатынызда. Ал, сіз мен үшін он жасымнан сағынышқа толы сағымға айналғаныңызды білесіз бе? Сізге наздана еркелеп, қорғансыз қалпымда қаншама сырымды айта алмадым, сіз де маған деген төге алмаған таудай мейіріміңізді өзіңізбен ала кеткеніңізге бек сенімдімін.

Өзіңізге еліктеп қаламға дос, қағазға серік болып түртпектей жазған көк дәптерім есіңізде; ал, алғаш әріп танып, зейінімді енді аша бастаған кездегі, газет, журналдан өзіңіз дауыстап оқытатын мақала мен ертегідегі балалық үнім де құлағыңызда болар. Бәрі-бәрі есіңізде...

Асқар тауым Сіз құламай тұрып та Алматыдағы мен Атырауға қарай жиі елеңдейтінмін. Өзіңізге деген шексіз махаббатым, сарқылмас сағынышым ғой. «Жастай серік болған мұң мені қияли ғып жіберді-ау деймін, қозы-лақ, қой қайырып жүргенмен, ойым өзге әлемде, оңаша аралда өмір сүріп жататын» дейсіз бір жазбаңызда. Бұл - тура менің де балалығымды есіме салады. Менің де қиялымнан құрастырған аралым бар-ды. Ол - «Рахымжан аралы» деп аталатын, ондағы тіршілік иесі де тек екеуміз едік. Бар мұңымды қиялымдағы өзіңізге шағатынмын... 

Әкесі жанында, шат-шадыман балаларға қызыға қарап, жолыңызды көп тосқандықтан болар, ұяң да сезімтал болып бой жеттім. Бірақ, бала күнімнен өмірдің қандай соқпағына жолықсам да еңсемді тез тіктеп, қайта тұруды үйрендім, өйткені бойымда сіздің қаныңыз, рухыңыз бар ғой... Университет бітіріп, қолыма диплом алғанда, қыз тағдырының салтымен қияға қонып басыма ақ орамал салынғанда сіздің қасымда болмағаныңыз жаныма қатты батты. Осындай бір құлазыған сәттерде өмірдегі емес, қиялымдағы әкем мені көп тыңдады, тыңдап қана қоймай менімен бірге болды. 

Сізді мен бала күнімнен қызғандым, қызғануға перзенттік хақым да бар деп білемін. Ешқандай эфирде, сұхбаттарда біздей бел балаларыңыз барын айтпасаңыз да, жүрек түбіңізде бізге деген еміренген махаббатыңыз лаулап тұрғанын, шалған қоңырауыңыз бен жазған хаттарыңыздан сезетінмін.

Сіздің «Бас», «Шыңғыс ханның көз жасы», «Біздің ауылдың амазонкалары» жинақтарыңызбен, драмалық шығармаларыңыз, прозаларыңыз тек оқырмандарыңыз үшін емес, біздер үшін, немерелеріңіз үшін де әліппеге айналып үлгерді. Прозаңызды Қытай елі алғаш болып аударғанын, түрік елінің оқырмандары жазбаңызды сүйіп жүріп оқитынын,  драмаларыңызды алғаш қойған Қырғыз театрлары екенін, пьесаларыңыз қаншама қазақ театрларында ғана емес, шетел сахнасында да табысты жүріп жатқанын – бәрін-бәрін біліп қана емес, мақтанып та жүретінбіз, әлі де солай. 

Бала күнімнен сағынышыма айналған жан әке, келместің кемесіне мініп, елеске айналғаныңызға да төрт жылдың жүзі болыпты. Өзіңізге деген сағынышым еселенбесе азайған жоқ. «Өмір маған толық жүзін көрсетпеді, менде оған толық жүзімді көрсетпеймін» деп тағдырмен таласқа түскен жан әке жаныңыз фердаусиде жарқырасын. Қазақ әдебиетімен, театрдағы орыныңыз ойсырап, бүгінгі туған күніңізде қазақ даласы сізді жоқтап тұрғандай. Жұмақтағы жан әке, сағындым сізді. Бала күнімде ойнатып отырып, «сен классик жазушының қызысың" дейтініңіз есіңізде ме.  Иә, мен классиктің қызымын...

II. ЖҰМАҚТАН ЖАУАП

(өң мен түс)

- Ақ көкем, жылы күнде жаурама. Мен де ана мейіріміне шөлдегенмін. Маған да тағдыр қырын қараған. Менің де жауапсыз сауалым көп еді. Қызым, Аралым иесіз қалмасын барып қайт!         

Түн. Уыз ұйқы құшағында жатырмын. Құдды бір өңім дерсіз. Туған күнінен кейін,көп күн ұзамай әкем келіп осылай деді, түсімде. Өң мен түсімді ажырата алмай ұзақ жаттым...

Бәрі Жаратушының құзырында ғой, дегенмен, әкемнің ажарлы өңін көріп жұмақтан келген жауабы болар деп жорыған болдым ішімнен. Мештіке барып дұға бағыштап, үйге қайтып келе жатқанда жол бойы тағы да әкеммен жолыққан сәттер көз алдымнан, сол күнгі көшкен бұлтпен бірге будақтап көңілімнен көше берді.

- Әке!... Біз бәріміз асығып жүреміз. Айтса айтқандай, жолға шықсақ жетуге асығамыз, жетсек кетуге асығамыз. Сіз де үнемі асығып жүретіндей едіңіз. Алматыда, М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрында «Бейбарыс сұлтан» тарихи драмаңыздың премьерасына Өзіңізді құттықтауға құшақ гүліммен арнайы бардым. Әу баста мені танымай да қалған сияқтысыз. Журналист қыз екен деп ойладыңыз ба -- алдымнан жеделдете қарсы шығып, сосын абдырап қалғаныңыз, сосын қойылымнан кейін гүлшоғымды бермекші болып барғанымда бір топ журналистің ортасында тұрып, біртүрлі асығыс қоштасқаныңыз... – бәрі-бәрі көз алдымнан өтіп келеді. Сол жолы мен де асығып, тез кеткенім, перзенттік пейілмен өзімсініп қатты ренжіп, жылап кеткенім рас. Кейін түсіндік қой, өзіңіздің жан қалауыңызды қаламағандай, жақсы көрген жаныңызды жаттай сезінетін, бір туған бауырыңызды бөтен көретін, қадірліңіздің қадіріне жетпей, жатбауыр болуға тура келетін немесе соған мәжбүрлейтін жағдайлар болатынын... Сол күнгі құлазыған көңілімді айтып жеткізе алмаймын. Бірақ, білесіз бе, Тәңірден тағы бір жолығу мүмкіндігі болса -- Сіздің сол кездегі  салқын  қабағыңызға қарамастан қуана-қуана жолығар едім, жан әке...

«Адам баласының туған жерге кіндігі байлана туады» деген рас болса керек. Өзіңіздің тарихи драмаға арқау еткен Бейбарыс сұлтаныңыз да тұтас Мысырды билеп тұрса да, сайын далада қазақтың қасиетті шаңырағын көтертіп, анасы берген бір түп жусанның иісін ұмыта алмай Дешті Қыпшақ даласын аңсамай ма. Өзге елде емес, өзіміздің Алатаудың етегінде жүрсем де, сіздің туған жер, менің де түпмекенім Атырауды аңсадым. Арадағы алтын көпір өзіңіз болмаған соң, ол жаққа ұзақ уақыт ат ізін сала алмадық. Енді, міне араға жиырма сегіз  жыл салып елдің қасиетті топырағын қайта бастым-ау. Ағайын-туыстарды армансыз  араладым, ата-әжелерімнің зираттарына құран бағыштадым.

Сол сапарда Өзіңізбен жолықтым ғой, әкешім.  Бірақ ол соңғы көруім деп кім ойлаған?! Сіз басқарған театрдың табалдырығын аттаған бетте жүрек дүрсілі үдеген үстіне үдей түсті. Хатшы қыздың «тоқта» деген дауысына қарамастан, кабинетіңізге кіріп келгенім әлі есімде. Креслоңыздан тұрмаққа үш ұмтылып, әрең көтеріліп, «Ақ көкем, қайдан жүрсің?» дей бердіңіз. Кабинетіңіздің ортасында құшағыңызға бөлеп алдыңыз... Осылайша ұзақ тұрдық, көзде жас.  Өйткені, жылдап көрмеген Ақ көкеңіз келіп тұр ғой! 

Сізбен кездесуге іштей ұзақ дайындалған едім, көз алдымнан кездесуіміздің небір нұсқаларын өткізетінмін. Алдыңызға үлкен үреймен келдім. Шынымды айтсам анамның «әкеңді өз көзіңмен көруге тырыс, халын біл» деген бір ауыз сөзі де үлкен себеп болды, тіпті үлкен көмек берді десем де болады. Енді, міне... Қандай мейірімді құшақ! Өзіңізге сапарымды неге кешеуілдете бердім екен, деп ойлаймын қазір. Сізге де оңай болмай жүр екен. Мұны мен дәп сол жолы түсінген едім... Қиялыңда өмір сүріп жүрген асқар тауыңның алдына тура бару, оның қарсы алдында отыру ғажап әрі ауыр, сөзбен түсіндіруге өте қиын сезім.. Көз алдымда менің қиялымдағы қайратты қара шашын сілкіп тастайтын, өткір жанарына кейбіреулер тура қарай алмайтын, өр-рухты, мінезді әкемнің орнында маған бейтаныстау,  самайын ақ шалған, жүзін әжім торлаған, көз алды күлдіреп шаршап отырған әкем отырды. 

Сырластық. Сөзіңізді бөлмей, барынша сізді тыңдадым. Бәлкім ол - жылдар бойы жиналған сағынышымыз болар, бәлкім ол – айта алмай жүрген, ақтарғымыз келген мұң-шеріміздің тым көптігі болар. Есік сыртынан сығалаған көздер мен сыбдыр әңгімелердің кедергісі болмаса мен де ағымнан жарылып ашылар ма едім?! Дегенмен, іште бүк түсіп жатқан жан жарамды жалап өткендей болдыңыз. Не әңгіме болғаны тек сіз екеумізге ғана аян...  Сол күн мен үшін ең бақытты күн еді.

- Аралыма барып қайт дедіңіз бе, әке?! Арал арқылы шығармашылығыма ие бол дегеніңіз бе, ізімді жалғаңдар дегеніңіз бе, білмедім. Мұны алдағы уақытта ішкі түйсігім бағамдап, бағдар көрсетер. Бастысы артыңызда ұрпағыңыз бар, отыңыз өшкен жоқ. Еліңіз аман. Қасиетті қара сөзден өрілген шығармаларыңыздың өзі де атыңызды өшірмесі хақ. Іздеушілер бар артыңызда.

Мынау жарық дүниеде қасымда қамқор болып жүрмесеңіз де, рухыңыз мені және сіңлілерім Айнұр мен Балымжанды, қазақы пәлсапамен алғанда, ерімен бір шаңырақ астында тұрмаса да  «келін боп түскен елінен кетпеген» аяулы анашым Зиннатты да үнемі қолдап жүргеніңізді сеземін. Атадан жалғыз болмасаңыз да, «жалғызбын» деген сөзді жиі айтатынсыз. Бәлкім ол өз аралыңыз – «Рахымжан аралындағы» жалғыздық болар. «Рахымжан аралы»  иесіз қалмайды, ол аралда менің - тұла бойы тұңғышыңыз Раяның да еншісі бар. Сол бір ғажайып аралда кездескенше, жан Әке! 

Алматы

18.02.2022 жыл

Рая Рахымжанқызы

author

Рахымжан Отарбаев

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...