Ақтөбе облысында жартасқа жазуды ойып жазған шенеунік қайтадан жұмыстан қуылды, деп хабарлайды, made...
«Әгугәй мен Игигәй» музыкалық ертегісінің премьерасы
15-16 ақпан күндері «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Әгугәй мен Игигәй» музыкалық ертегісінің премьерасы өтті. Қойылым режиссері әрі инсценировка авторы – Нұржан Тұтов. (өзін режиссер ретінде сынап отырған шығармашылық иесінің тырнақ алды туындысы.) «Қасқыр мен егінші», «Алдар көсенің айласы», «Күй құдіреті» атты танымдық ертегілерді дәстүрлі әндермен әрлеп, Әгугәй мен Игигәй кейіпкерлері арқылы бір линияға түсірген.
Шымылдық ашылғаннан Қайта өрлеу дәуіріндегі итальян театрларының элементтері астасқан қазақи қойылымға тап боламыз. Актерлердің маскалары, костюмдердің тігілу стилі, көше театрын бейнелейтін арбаларының безендірілуімен екі менталиттетің әдемі қосындысын жасай алған. Led экранда көрсетілген көне Еуропа қалаларын айтпағанда, қазақи нақышқа басымдылық берілген. (Қоюшы-суретші: Алмас Ахметов) Ансамбльдің сүйемелдеуі спектакль көркемдігін арттырып, өзгеше тартымдылық береді. Дәл осы ансамбль – өзге балалар спектакльдерінен даралап, театр бағытының еректігін, маңызын көрсетіп тұрды.
Режиссердің ойдан шығарылған кейіпкерлеріне Әгугай мен Игигай деп есім беруінен-ақ халық әндеріне, олардың ерекшеліктеріне басымдық беретінін түсінеміз. Әгугай - Құдайбергенов Айбек пен Игигай - Пиязов Тимур бір сағаттық қойылымда кішкентай көрерменмен тығыз байланыс орната білді. Спектакль тек жақсылық пен жамандық тақырыбы аясында тоқталып қалмай, балаларға көңіл-күй сыйлап, физикалық қозғалысқа да шақырады. Ең үлкен көрермендерінің алдында адал ойнап, темпоритмді түсірмейтін барлық мүмкіндіктерін пайдаланады. Жеңіл билерді билетіп, үздіксіз байланыста болуға тырысады. Тек ертегілерді баяндаушы кейіпкерлердің кейбір сәттердегі текстері әлі де жалаң. Режиссер кейіпкерлері арқылы өз спектаклінде ұсынып отырған ерекшеліктерді айшықтап көрсетпейді және әр ертегіні бастарда айтылар байланыс сөздері де тым қысқа.
Үш ертегіні бір арба арқылы көрсете білген жинақы қойылымның алғашқысы – «Қасқыр мен егінші». Жақсылыққа жамандықпен жауап беруге болмайтындығын айтатын бұл ертегіде балалармен тәтті байланысты бірінші түлкі - Джурабаева Кенжегүл жасайды. Актриса түлкіге сай ойнақылық танытып қана қоймай, тәрбиелік ескерту жасап, балалардан кері жауап ала алды.
Халық ертегілерінен танымал әрі көпшіліктің сүйікті кейіпкері – Алдар көсе (Арипов Дәулет) шыққанда балалардың қуанышы ерекше болды. «Шықбермес Шығайбай» ертегісі арқылы сараңдықты әзілмен баяндайтын бұл ертегіде денесінің жоғарғы бөлігі тым кішкентай, бөксесі тым үлкен Бәйбіше - Аглакова Ұлжанның костюмі ерсі көрінді. (Киім суретшісі Әсел Лұқпанованың жұмысы) Комтюм балаларға арналған ертегілердегі «байдың бәйбішесі» бейнесінен алшақтап кеткен.
«Күй құдіреті» аңыз ертегісі – Ақ бөкен – Туралиева Айгерімнің бейнесімен есте қалды. Сұлу әрі нәзік ақ бөкен бейнесін жасауда костюмер мен хореограф (Карина Джиренбаева) еңбектерін атап өтеміз. Жануарды бейнелеуде бірлескен жұмыс сахналық сұлулықты бере алған. Алайда ертегі өз мұратына толық жете алмайды. Оқиға желісін жалпылама түсіндіргенімен, күй құдіретін шын мәнінде сезіне алмадық. Күйші - Исаев Нұрболаттың жанды дауыстағы «Ой жайлау» әні күйшінің мықтылығын көрсеткенімен, финалдағы ақ бөкенді аман алып қалар негізгі күйді ести алмадық. Техникалық себептерден домбыраның жанды дауысы фондағы музыкадан әлсіз шықты.
Афишада спектакльдің жастық шектеуі көрсетілмеген екен. Бірақ, әні мен биі, ойын-сауығы ұштасқан қойылымды еңбектеген баладан бастап тамашалай алады. «Алатау» театры өз репертуарына бүлдіршіндерге арнап тәрбиелік мәнді, сапалы қойылым енгізге алған. Дәстүріміз, мәдениетіміз жеңіл тілмен әдемі әрі көркем етіп баяндалар мұндай ертегілерді қазіргі театр репертуарларында көбейтуіміз қажет.
Құрманбай Ұлжан