Қуаныш Тастамбек – биотехнология, медициналық биотехнология, экологиялық микробиология сынды б...
Бастауыш сыныпта оқушылардың жылдам оқу дағдыларын қалыптастыру жолдары
Бастауыш сыныпта оқушы білімінің алғашқы іргетасы қаланады. Іргетас қаншалықты берік қаланса, баланың болашағы да соншалықты жарқын болмақ. Сондықтан да бала бойына білімнің қайнар бұлағын сіңіре отырып, білімді ұрпақ тәрбиелеу әрбір ұстаздың абыройлы борышы болып табылады. Мұғалім оқушы үлгеріміне кедергі келтіретін жайттарды зерделеп, зерттей білуі керек. Оның шешімін тапқан жағдайда үлкен жетістікке жетері анық. Оқушы үлгеріміне әсер ететін жағдайлар әртүрлі. Соның бірі — баланың оқу жылдамдығы болып табылады. Оқу жылдамдығы төмен, қаріптеп оқитын оқушы өзінің не оқып отырғанын түсінуі екіталай. Сөйлемнің немесе мәтіннің соңына жеткенше алдыңғы оқығандарын есіне сақтай алмайды. Ендеше, оқу жылдамдығын жақсарту үшін не істеу керек? Оқушылардың оқу дағдыларын қалай қалыптастыру керек? Баланың тіл байлығы, сөйлеу мәдениеті, жазу сауаттылығы бір-бірімен тікелей байланысты. Оқушы оқиды, түсінеді, түсінгенін айтады, жазады. Сауатты түсініп оқи білген бала өз бетімен жұмыс жасай алады. Сондықтан да бала бойындағы осы үш қасиетті бір-бірінен бөліп-жармай бірге қарастырған дұрыс.
Оқушының жылдам оқу дағдыларын қалыптастыру енді өсіп келе жатқан балалар үшін маңызды. Ол ойлау процестерін жылдамдатып, есте сақтау қабілетін дамытады. Тезірек алға жылжуға мүмкіндік береді. Жылдам оқу дегеніміз – оқудың түрлі тәсілдерін пайдалана отырып, мәтіндегі мәліметтерді тез түсіну және есте сақтау процесі.
Алайда оқушы мәтінді дұрыс оқуға дағдыланбайынша, білімді жете меңгере алмайды. Сондықтан мәтінді оқығанда мұғалім оқушының әрбір сөзді дұрыс айтуын, дұрыс оқуын қадағалап отыруы керек. Дұрыс оқу үшін бала мына жайттарды білгені дұрыс:
1. Оқып тұрғанда сөз ішінен әріпті және буынды, не жеке бір сөзді қалдырып кетпеуі немесе қате оқымауы;
2. Кейбір буынды не жеке сөзді қайталамай оқуы.
3. Кейбір дыбыстардың, сөздердің орнын ауыстырмай, сөзді бұзбай оқуы.
4. Орфоэпиялық талаптар тұрғысынан қате жібермей оқуы;
5. Текстегі сөздердің мағынасына қарай лайықты дауыс ырғағын сақтап оқуы.
Бұл дағдыларды баланың бойына сіңіру үшін алғашқы сабақтардан бастап әр түрлі әдістемелерді қолдана отырып, тез оқу әдісіне машықтандыру қажет. Ол үшін көп еңбек етіп, баланың қызығушылығын тудыру керек. Бастауыш сыныптарда оқу процесі кезінде көп қолданылатын әдіс-тәсілдерге мыналар жатады.
ызыңдап оқу,
Іштей оқу,
тізбектеп оқу,
рөлдерге бөліп оқу,
диалог,
саханалау,
мәнерлеп оқу,
тыныс белгісіне байланысты ырғақпен оқу.
Бұл әдіс-тәсілдерді мұғалім күнделікті баламен жұмыс жасаған кезде қолданып отырады.
Баланы тек мектепте қана оқыту жеткіліксіз. Үйде ата-анасымен бірге жаттықпаған баланың нәтижеге жетуі қиын. Сондықтан баланың жылдам оқуына ата-анасы да жауапкершілікпен қарай отырып, өз үлестерін қосқаны дұрыс.
Қазіргі таңда баланың қызығушылығын тудыратын белсенді әдіс-тәсілдер өте көп. Әр ұстаз, әр ата-ана баласының деңгейіне, қызығушылығына қарай отырып оны өздері таңдап алуы керек. Осы орайда төмендегі әдіс-тәсілдерге тоқталуға болады.
Үзіп-үзіп оқу.
Егер баланың оқу темпі нашар болса, оқығысы келмесе не істеу керек?
Мұндай жағдайда үзіп-үзіп оқу тиімді. Бала суретті кітапшалардан 1-2 жол оқып, суретін көреді де дем алады.
Дүркін-дүркін оқу.
Бала бір мәтінді минутқа қарап бірнеше рет оқиды. Әр оқыған сайын алға ілгерлеу бар екенін байқаған балада оқуға деген ынта пайда болады.
Ұйқы алдындағы оқу.
Адам ұйықтар алдынада оқығанда оқиғаның, жағдайдың әсерімен ұйықтайды. 8 сағат ұйқы бойы ол әсер адамның миынан кетпейді, адамның ағзасы бұған үйреніп қалыптасқан.
Серпіліс-тоқта
Мұғалім «серпіліс» дегенде балалар оқуды бастайды. «Тоқта» деген кезде оқуын тоқтатып, назарын кітаптан алады. Қайтадан «серпіліс» деген уақытта оқушы тоқтаған жерін тез тауып, жалғастыру керек.
Параллельді оқу
Белгілі бір мәтінді сыныптағы екі оқушы дауыстап оқиды. Жақсы оқитын балаға нашар оқитын бала ілесіп отыруы керек. Мәтінді түсініп, мәнерлеп оқу тапсырылады.
Артикуляциялық жаттығу
Жаңылтпаш, өлең, т.б. мәтіндерді әртүрлі темппен оқу. Айту барысында әріптердің дұрыс дыбысталып, сөздің анық болуын қадағалау керек.
Құпия сөзді іздеу
Таныс емес мәтінді алып, соның ішінен бір сөзді жасыру керек. Оқушылар сол сөзді барынша тез табу керек. Сөзді іздеу барысын күнде секундомер арқылы санап, өзгерісті бақылауға болады.
Бетбелгіні қолдану
Кітап оқу барысында бетбелгіні қолдану. Оқылған сөздерді бетбелгімен жауып, оқыған сайын бетбелгіні де жылжытып отыру керек. Осы арқылы бала бір сөзге қайтып оралмайды. Бұл психикалық түрде тез оқуға бейімдейді.
Көру диктанты
5-6 сөйлемнен тұратын мәтінді алып, мәтінді қағазбен не басқа затпен жауып қою керек. Оқушы тек бірінші сөйлемді бірнеше секундтай қарап естеріне сақтап алуы керек. Кейін оны да жауып, балалардың сөйлемді дәл солай жазып шығуын қадағалау керек. Неғұрлым шатасулар мен қателіктер аз болса, соғұрлым жақсы. Кезекпен мәтін біткенше осы әдісті жасау керек. Бұл есте сақтау қабілеттерін дамытуға және зейінді болуға көмектеседі.
Теріс қаратып оқу
Кітапты жоғарыдан төменге айналдырып, теріс қаратып оқыту. Алғашында бұлай оқу қиынға соғады, бірақ кейіннен баланың миы бұл қалыпқа да үйренеді. Бұл жағдайға тез бейімделуге, шапшаң болуға көмектеседі, әрі баланың оқуға деген қызығушылығын арттырады.
Бөлшектелген сөз
Қағаз беттеріне күрделі сөздерді жазып шығыңыз. Әрқайсысын жартысынан бөліп немесе түбірі мен қосымшасын айырып, қиып араластырыңыз. Кейін берілген уақыт аралығында сөздерді дұрыс табу керек. Бұл жаттығу бірінші әрпінен-ақ сөзді түсініп, тез оқып кетуге көмектеседі. Нәтижеге жету үшін тек оқыта беру жеткіліксіз, сонымен қатар көшіріп жазу, жаттау, мәнерлеп оқу, оқыған мәтіндері бойынша сурет салу сияқты жұмыстарды жүргізу баланың дамуына оң әсерін береді.
Қорыта келгенде, үздіксіз еңбек өз нәтижесін бермей қоймайды. Сондықтан әр баланың болашағына атүсті қарамай, табандылықпен еңбек ете отырып білімді шәкірт тәрбиелесек ұстаз бақыты сол болмақ.
Қарағанды облысы білім басқармасының Осакаров ауданы білім бөлімінің
«№21 жалпы білім беретін мектебі» КММ-нің
Бастауыш сынып мұғалімі Хабдай Айнур