Қуыршақ театрының қуанышы

ТЕАТР
1212

Алматы қаласаның Мәдениет басқармасына қарасты Мемлекеттік қуыршақ театры 2022 жылдың 20-25 сәуір күндері аралығында Ақтөбе қаласында Ақтөбе облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасының қолдауымен, Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының ұйымдастыруымен V Халықаралық «BALAUSA» экспериментальды спектакльдер фестиваліне Халықаралық және республикалық 23 театр арасынан арнайы құрылған комиссия мүшелерінің сараптауынан өтіп, үздік 8 театр ішінен «Макбет. Иллюзия» қойылымымен БАС ЖҮЛДЕНІ иеленіп, «ҮЗДІК ҚОЙЫЛЫМ» және «ҮЗДІК СЦЕНОГРАФИЯ» номинацияларын қанжығасына байлады.

Шындық пен елес, амбиция мен күш, кінә мен өкініш... Батыл әрі асыл адамның зұлымға айналуы оны құмарлықтың құлы етеді. Иллюзиялық сана дағдарысына ұшыраған Макбет ұрпақ сүю жолында соқыр үмітке сеніп, қолын қанға бояйды. Алайда бала сүйдіру – тек қана Жаратушының қалауымен болатын айрықша құбылыс екенін ұмытпаған абзал. Адамзатқа ортақ мәселені бір отбасының тағдырымен суреттеген ағылшын драматургі Уильям Шекспирдің кейіпкерлері алғаш рет қуыршақ бейнесінде тіл қатты. 

Режиссері – Д.Жұмабаева, суретшісі – Ю.Чернова, балетмейстері – А.Цой, композиторы – Г.Юн.

Фестивальдің мақсаты – театр өнерін дамыту, театрлардың шығармашылық топтарының әлеуетін қолдау, жаңа буынның қалыптасуына және шығармашылық бастамасын ынталандыру. Сондай-ақ, театр мәдениетін қалыптастыра отырып, көрерменді заманауи театр әлемінің шығармашылығымен таныстыру, театр ұжымдары арасында өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасау.

Бүгінде кішкентай бүлдіршіндерден тыс ересектерге арналған кешкі қойылымдарды да сахналап, жаңа форматқа көшкен өнер ордасы әлемнің классикалық туындыларын қуыршақтар бейнесінде сөйлетіп, ұлттық қуыршақ театры өнеріне жаңа тыныс сыйлауда. Бұған дейін сахна төрінде көрерменмен қауышып, республикалық, халықаралық фестивальдерде сыншылар тарапынан жоғары бағаға ие болып, қанжығасын жүлделі орындармен майлап жүрген «Ана жүрегі» (авт. Е.Ионов, реж. А.Зайцев), «Ана-Жер Ана» (авт. Ш.Айтматов, реж. Д.Жұмабаева), «Медея» (авт. Еврипид, реж. А.Салбан), «Ромео мен Джульетта» (авт. У.Шекспир, реж. Д.Жұмабаева), «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» (инсценировка авт. Е.Локшина, реж. А.Зайцев), т.б. сынды ересектерге арналған қойылымдар өзінің тұрақты көрерменін тапқанын еске саламыз.

Спектакльде басты кейіпкер Макбетті – Шохан Құлназаров, леди Макбетті – Жанар Мақашева сахналады. 

Фестивальге Мемлекеттік қуыршақ театрынан бөлек Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық  драма театры (Нұр-Сұлтан), Шығыс Қазақстан облыстық «Дариға-ай» жастар театры (Семей), С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры, А.Пушкин атындағы Орск мемлекеттік драма театры (Ресей), С.Мұқанов атындағы мемлекеттік қазақ сазды-драма театры,  Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық  музыкалық   драма театры (Маңғыстау), Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының ұжымдары қатысты. 

Драма театрлары қатысқан додада Қуыршақ театрының үздік атануы үлкен мәртебе. Аталмыш қойылым 2022 жылдың мамыр айының 20-30 күндері аралығында Түркия Республикасының Конья қаласында өтетін XIV Түркітілдес елдердің Халықаралық «Мың тыныс – бір дауыс» театрлар фестивалі және маусым айының 1-5 күндері аралығында Ресей Федерациясы Новосибирск қаласында өткізілетін «Перекресток» II Халықаралық қуыршақ театрлары фестиваліне де арнайы шақыру алып, негізгі конкурстың қатысушылар тізіміне енді.

Жоғарыдағы фестивальдерге қатысу арқылы театр ұжымы Алматы қаласының халықаралық деңгейде иммиджінің қалыптасуына үлес қосып, шетелдік өнер ордаларымен мәдени қатынастарды дамытатыны анық.

Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ

Жаңалықтар

Түркістан облысы Келес ауданындағы N8 Т.Бегманова атындағы жалпы білім беретін мектебінің өзбек тілі...

Жаңалықтар

Қостанай облысында зауыт жұмысшысы зауыттағы бетон араластырғышқа құлап, қайтыс болды, деп хабарла...