Шуақты Наурыз мейрамы «Астана Операда» кеңінен атап өтіледі. Халықтық мереке күндері теа...
Абай атындағы қазақ драма театры
Жамбыл облыстық Абай атындағы қазақ драма театры 1936 жылы көркемөнер үйірмесінің негізінде аудандық театр болып құрылды.
Сол жылы 16 наурызда Б.Майлиннің “Келін мен шешей”, К.Қырқымбаевтың “Келіншек” атты комедияларымен шымылдығын ашты. Театрдың алғашқы труппасы құрамында С.Атамқұлов, Ж.Абызбаев, С.Абызбаева, Т.Әлмұхаметов, Ш.Сәкиев, М.Сәкиев, М.Табанов, О.Тұрымқұлов, С.Үмбетбаев, т.б. актерлер болды, режиссерлік жұмысты Р.Әбдрахманов, Ж.Арғынбаев атқарды. Аудандық театр 1940 жылы облыстық қазақ драма театры болып қайта құрылды. Театрға 1945 жылы Абай есімі берілді.
Театр сахнасында драмалық пьесалармен бірге музыкалық шығармалар да қойылды. Е.Брусиловскийдің “Ер Тарғын” мен “Қыз Жібек”, У.Гаджибековтің “Аршин мал алан” спектакльдері 20 ғасырдың 60-жылдарының басына дейін сахнадан түспей келді. М.Әуезовтің пьесалары театр сахнасынан берік орын алды. “Қара қыпшақ Қобыланды” 1944 жылы Б.А. Лурьенің режиссерлік етуімен ең алғаш осында қойылды. өлы драматургтің “Еңлік—Кебек”, “Айман—Шолпан”, “Түнгі сарын”, “Қарагөз”, “Абай” трагедиясы мен “Абай” романының сахнаға бейімделген нұсқасы қайталанып қойылып, театрдың кәсіби жағынан қалыптасуына ерекше ықпал жасады. Әуезов аударған Н.Гогольдің “Ревизоры”, К.Треневтің “Любовь Яроваясы”, У.Шекспирдің “Отеллосы” театр ұжымының классик. шығармаларды меңгерудегі ізденістері болды. Бұлардан басқа театр сахнасында Ғ.Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш — Баян сұлу”, “Ақан сері — Ақтоқты”, Майлинмен бірігіп жазған “Амангелді”, Ә.Тәжібаевтың “Жалғыз ағаш — орман емес”, “Көңілдестер”, З.Шашкиннің “Тоқаш Бокин”, Ш.Хұсайыновтың “Біздің ұани”, “Тоты Тәмиллә”, Қ.Мұхамеджановтың “Бөлтірік бөрік астында”, “Құдағи келіпті”, “Біз періште емеспіз”, Ә.Әбішевтің “Белгісіз батыр”, Т.Ахтановтың “Ант”, С.Жүнісовтің “Жаралы гүлдер”, Ш.Мұртазаның “Қара маржан”, Д.Исабековтің “Ертеңді күту”, “Әпке”, “Тыныштық күзетшісі”, И.ұайыптың “Мен ішпеген у бар ма?” пьесалары қойылды. Театр ұжымы әр кездері О.Шиллердің “Зұлымдық пен махаббат”, К.Гольдонидің “Екі мырзаға бір қызметкер”, Гогольдің “Үйлену”, А.Н. Островскийдің “Жазықсыз жапа шеккендер”, В.В. Маяковскийдің “Қандала”, Ш.Айтматов прозалары негізінде “Ана — Жер-ана”, “Арманым, Әселім”, Х.Хамзаның “Бай мен батырақ”, “Майсараның айласы”, А.Қаhардың “Жібек сюзаннасы”, Я.Соловичтің “Түлен түрткен тіленші”, Г.А.Боровиктің “Буэнос-Айрестегі интервью”, т.б. спектакльдерін сахнаға шығарды. Мұнда әр жылдары режиссер болып халық артистері А.Тоқпанов, ұ.Хайруллина, М.Байсеркенов, Ж.Арғынбаев, Б.Лурье, Е.Оразымбетов, Т.Дүйсебаев, Т.Ерғалиев, Ә.Ордабаев, Мен Дон Ук, Ж.Омаров, Ә.Құлданов, О.Кенебаев, А.Оңалбаев, А.Сәлімбаев, Р.Шарафутдиновалар қызмет істеді. Театрдың қазіргі бас режиссері — Қ.Қасымов (2001). Труппада халық артистері Сәкиев, А.Ружева, М.Рахымжанова, еңбегі сіңген артисі — Г.Батырғалиева, М.Салықов, Ж.Тұрсынов, Ж.Шүлембаев, Ә.Дүйсекенова, Г.Өскенбаева, актерлер Ү.Әлжанов, Ш.Жаменкеева, Н.Омарбекова, Қ.Сатқанбаев, М.Әлімбетова, т.б. өнер көрсетті. Театрдың суретшісі болып әр жылдары А.О. Белолипецкий, В.А.Волажанкин қызмет атқарды. Театрдың соңғы қойылымдарының бірі — Айтматов пен М.Шахановтың “Сократты еске алу түні немесе миғұла терісі үстіндегі сот” спектаклін (реж. Қ.Қасымов) Бішкекке апарып көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.
1997 жылы Әуезовтің 100 жылдық мерейтойына арналып қойылған “Қара қыпшақ Қобыланды” (реж. О.Кенебаев) спектаклі Алматыда аса жоғары бағаланып, “Театр көктемі” фестивалінің лауреаты атанды. Театр сахнасында 1995 — 2001 жылдары аралығында 28 спектакль қойылды.
Театрдың тұңғыш директоры Т.Әлмұхамедов болды. Бұл ұжымды одан кейін Ә.Төлебаев, Дүйсебаев, Ә.Әмзеұлы басқарды, 1998 жылдан Т.Сұлтанкереев басқарады.