Әселхан Торбаева. Мен бүгін Тәңірге серт бердім!

ӘДЕБИЕТ
6072

Мен бүгін Тәңірге серт бердім, 
Адалдық жолдан айнымау үшін, 
Өлімді еске алып қайғырмау үшін, 
Өкініштерімді ұмытамын деп, 
Жылаған жанды жұбатамын деп, 
Арамға алданбаймын деп, 
Пасыққа жалданбаймын деп, 
Мен бүгін жүрекке серт бердім, 
Опасыздарды жақсы көрмеймін деп, 
Алланың әмірінсіз өлмеймін деп. 
Ауырсам - құранмен емдеймін деп, 
Жамандарға ермеймін деп, 
Сәждеге бас қойып жылап алдым, 
Құдайдан бармақтай бақ сұрап алдым. 
Мен бүгін өзіме - өзім серт бердім, 
Жасымды толасыз төкпеймін деп, 
Өмірімді жақсы жаққа реттеймін деп. 
Адамдардың қиянатын кешіремін деп, 
Ыза - кекті кеудемнен өшіремін деп, 
Жыласам - қуаныштан ғана жылаймын деп, 
Көзім көрген опасыздарды сынамаймын деп.

***

Мейірімі жоқ адамдардан қорқамын, 
Ет жүрегі тасқа айналып кеткендей. 
Жақсы адаммен толтырайын ортамды,
Көңілдері кір шалмаған көктемдей. 


Мейірім бар жүректерде қайыр бар, 
Жылатпайды жазықсыз ол пендені.
Тербеліңдер жапырақтар қайыңдар, 
Жақсы көреді ел мені. 


Мейірім — бұл геометриямен өлшенбейді, 
Тұңғиық ол, түпсіз терең теңіздей. 
Төмен түскен көтер кәне еңсеңді, 
Жылай бермей егілмей. 


Мейірімін қызғанбайтын бір — ана, 
Жо — жоқ әуелі бір Алла.
Жұдырықтай жүрегімнен сыбаға, 
Жүрексіздер сұрама. 


Мейірбандылық көрсетпесе дүние, 
Дүниені кінәлап сен тілдеме. 
Жаратылыс сыйын тартқан күніге, 
Көру, есту біл неге? 


Мейір көзі,  әлемдегі тыныштық, 
Дүние ғажап жер үстімен жер асты.
Дұшпаным жоқ, төрлет кәне ырыс құт, 
Жақсылықтың күні туды қарашы. 

***

Мен өртене сүйе білдім,
таң қалма.
Ой өргіздім жаңа атар таңдарға.
Көз ілместен өткерген түн –
естелік,
Ол баспалдақ бастар алғы арманға.



Қуаныш та, 
күйініш те арбады,
(Менің ғана салған ізім ол дағы.)
Бүгін, міне, айналамда орман тұр,
Жалғыз-жарым жолаушы ем жолдағы.


Сыбағасын тосқан күнге салауат,
(Мен емеспін қамшы сүйер шабан ат.)
Көкжиектер көгілдірін жаймалар,
Бәріне де берерінің қанағат.


Қанағатқа тойындырып көңілді,
Таптым бүгін өзімдік өр,
төрімді.
Ең әуелі алмай ешті мұрат қып,
Жанға серік ете білдім сенімді.


Осылайша ғұмырымды екшедім,
Қазір белес емес екем –
Көкшемін.
Бәрі осының іңкәрлігім тек саған,
Махабатың қолдағаны тек сенің.


Тербеп тұрар әрқашанда жыр-ағыс,
Жыр жолында тебіреніс,
жұбаныш.
Менің сені ұнатқаным сияқты,
Тағдырымның арқауы да –
қуаныш!


***

Оң қолымды тістеп алдым ауырды, 
Сол қолымды тістеп алдым ауырды. 
Ауырмаған не қалды?, 
-жүрек пе?! 
Жүректің сау-тамтығы жоқ, 
- күш білекте. 


Көз жасымды ішке жұттым жыламай, 
Өліп кетсең қиындыққа шыдамай. 
Тірі өліктер мысқылдап, 
- күледі әй, - Құдай-ай. 


Қаңғып кетсем болар еді, шар тарап, 
Кімдер мені құтқарады қалқалап.
Дос деймісіз, 
- шүкір сенер досым бар, 
Мұң қайғымды бөліп алған арқалап. 


Оң саусақты тістеледім қан шықты, 
Сол саусақты тістеледім жан шықты. 
Жүрегім бар ауырлықты сезіп тұр, 
Демек мен тірімін, 
Жеңем барлық қорлықты.

***

Мені сүйсең өртене сүй, өртене,
Айырым жоқ, ұзын бойлы келтеме.
Жүрегімді селт еткізсең серім-ау,
Келін болып бір күн барам өлкеңе.


Таңдауың да, таңдамауың еркінде,
Қарамаймын құндыз-жанат бөркіңе.
Бай ма, кедей маңызды емес ол жағы,
Басты мақсат тұра білсе сертінде.


Аяласа жан - жарым деп мәңгілік,
Махаббаттың формасы жоқ заңдылық.
Қос ғашықтың болар ма едік символы,
Жырға қосар бақыт жайлы ән қылып.


Қай жігіттің болар екем бағы бір,
Қазақ болса болды маған бәрі бір.
Мұның бәрі қалжын-шындық аралас,
Бұйырғаны болар дедім дәрігер.

***

Қайда  қалды?, 
- бәріде,.. қайда қалды?!, 
Досым деген сырласым қайда бәрі?!, 
Жаным деген асылым жатқа айналып, 
Жақыным тіпті майдаланды. 
Қайда бәрі?, 
- жақсылар қайда бәрі?!, 
Жанға дауа таппадым, дертке дәрі.
Сөйлеңдерші тек үнсіз қалмандаршы, 
Санамды у, жайлап алды. 
Қайда дәрі?, 
- шипалы қайда дәрі?!, 
Еш данышпан таппаған жерде әлі. 
Сенім, үміт арпалыс, алға сүйреп, 
Жанарымнан жас сырғып тайғанады.
Қайда барам?, 
- білмеймін қайда барам?!, 
Бөтен емес бүгінде айда маған. 
Жұлдызды түн жыр оқып берейінші, 
Күндіз толған айнала адам.

***

Бүгін мен махаббатқа мас боп қалдым,
Тағыда сүйе түсші бас тартпағын.
Сезімге елтіп барып от боп жанып,
Əуенің шатастырдым аспаптардың.


Жаным - ау, жанарыңмен аймалай түс,
Кездесіп қалған жоқпыз жай ғана біз.
Мен сізді құлай сүйдім сүйші тағы,
Бақыттан жайнап кетсін жайдары қыз.


Құшақта жібермеші жырақтаман,
Қолдарым — қолдарыңа сыр ақтарған.
Тəтті ерін аймаладым естен кетпес,
Бəріде түс екен ғой бірақта Аллам.

***

Ешкімді кінәламай, 
Өмірді сүргім келді. 
Өткенді сұрама қой,
Өмір деп көнгім келді.


Өмірі тиянақты,
Адамдар бақытты рас.
Өзгенің қиянаттың,
Ұмытпас уақыт бірақ.


Өткен күн үзілген жас,
Кірпіктен ағып кеткен.
Өлеңім ұмытылмас,
Жүрегім жазып кеткен.

***

Жегідей жеп тынды қанша мұң,
Арасын кездім көп арсаның.
Досқа да, қасқа да бүгінде,
Өтірік күлуден шаршадым.
Жүрем деп бәрімен жарасып,
Көңілім күздегі нала-шық.
Жеріндім одан да,
кетсем ғой,
Көктемде көгерген тау асып.
Тау асып,
сырласып тастармен,
(мұнымды адамзат қоштар ма ең?)
Иісін аршаның сезініп,
Таласып бой жазсам аспанмен.
Ойым да жоқ онда елірмек,
Бір қадам жақындап керім көк,
Жаһанға биіктен қарасам,
Осыны айтады өмір деп!
Ашылса табиғат шырайы,
Жалғанның қатпары шынайы.
...Қыс пен жаз, күз деген жақсы-ау,
Көктемде көңілдің шуағы.

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...