Қырбақ Нұрғали. Бүркіттің кешірмелері

ӘДЕБИЕТ
1998

Шыңдары көк тіреген биік таудың қайсы бір қойнауынан ұшып шыққан тас түлек – жас қыран шұғылалы күннің шуағына рахаттана шомылып, көгілдір аспан аясында шарқ ұрып, ұзақ самғады. Жасыл нуы желкідеп, көкше буы көлкілдеп, масаты кілемдей құлпырған ұлан-байтақ туған даланың құтты құшағындағы қырды қымтап, ойды ораған ұшы-қиырына көз жеткісіз сыңсыған орман-тоғайларды шолды. 

Күміс айдағарша тоқсан толғанып, қырық құбылып шұбатыла алысықа жосыған ақжал өзендер мен көмейінен күлкі, езуінен шарбат төгілген қыз сипатты сылқым бұлақтарды, көгілдір жанарын күн сүйіп, шар айнадай жарқыраған қоғалы көлдер мен қордалы теңіздерді, көбелек-құсы көнектегі арадай өріп, аң-киігі илеудегі құмырсқаша бықынаған баябан даланы көңілі күбіне, көзі сүріне ұзақ шарлаған оның тұла бойын масатты сезім мастандыра биледі. «Мынадай ұлан-байтақ жерім мен көл-көсір ырыс-байлығым тұрғанда, өз басым тұрғой ұрпақтарымның үрім-бұтағына дейін мұқтаждық тартып, мұң арқалай қоймаспыз-ау» деп ойлады. Күпірлікке бой алдырғанын өзі де сезбестен қарадай кекірттеніп.

Ата мирас, тәңір сыйы ‒ қос қанаттың күш-құдыретіне арқаланған ол сәлден соң маңдайын күн шұғыласына сүйдіре, терістіктен түстікке қарай көсіле самғады. Төменде, оның көз алдында сайын сақара өзінің бар салтанатымен шірене көсіліп жатты: Ақ томағадай үйлері топ-топ болып самаладай самсаған көшпенділердің ауылдары, киік табындарымен кимелесіп көгілдір төскейлерді қайыстыра мыңғырған төрт түлік мал; Жібек қанат, жұпар лепті самалмен шаштарын тарап, жыршыл құстардың әсем әніне елітіп, ырғала биге басқан орман-тоғайлар; Шортаны шоршып, сазаны сарып ұрған көк айдын көлдер мен ақ жал өзендер. Бәрі-бәрі де мамыражай бейбітшіліктің құшағында бақыт мастығымен балбырап жатқан. 

Оның қиырдан шалатын қырағы көзі басын тоғайлы орманға сүйеп, аяғын қоғалы қамысқа көлбей көсілген қара көк теңіздің бойында қаршыға көтеріп, тазы ерткен салт атты саятшылар тобын да қалт жіберген жоқ. «Мынау түйенің қомында туып, аттың жалында өмірлері өтетін, атам заманнан бері сайын сақарада салдық құрып бірге жасап келе жатқан байырғы көршілерімнің мінез-қылығы да өзімнен айнымайды-ау. 

Бұл өңірде аспанның ажасы мен болсам, жердің қожасы – осылар. Желдей есіп, киіктей жосып, бір тыным таппаймыз. Тамыры бірдің тағдыры бір деген осы екен-ау, бұл дүниеде бізден талайлы, бізден бақытты жан бар ма екен?» деген марқа көңілмен масаттана түскен ол қуатты жас қанаттарын құлшына бір неше рет сермеген еді, тіпті де шығандап, шырқау биікке аспандай жөнелді. Еркіндік пен өршілдік сезімі мейлінше ереуілдеткен ол шарқ ұрып ұзақ ұшты. Құрыш топшысы мен алмас тегеурінінің құдыретіне қапысыз сенулі ол дәл осы шақта ештеңеден де қамсыз, уайымсыз еді.

Ата-мекеннің байтақ өлкесін емін-еркін шарлап, сайрандап ұзақ ұшқан ол бесін мезгілінде ойыстап түстікке таман барғанда, ойда жоқта бейбіт жатқан елдің іргесіне оқыс жау тигендей дүрліктіріп, көпе-көрінеу зорлыққа басып, зобалаң көтерген озбырлық пен зұлымдықты өз көзімен көргенде, тұла бойын ашу қысып, кек кернеді. Жаз бойы баулысын көріп, жылы қанға кәніккен топты бөлтірігін соңынан ерткен көк шолақ бөрі қара адырдың бір қора ақ бөкенін қызыл жоса қанға бояп, торғайдай тоздырып батысқа қарай тырым-тырақай қуып бара жатқан-ды. 

Сонау алыс таулардың арыстан, аю, жолбарысынан гөрі ауыл торыған қанпезер қарақшы тектес мынау іргедегі миқы адырдың көк шолақ бөрісі мен жымысқы сілеусінінің осындай жосықсыз озбырлығы мен зорлығы ылғи да оның қанын қайнатып, ызасын келтіретін. Бұл рет ол тақат қыла алмады. Ашу күші қабындатқан долы қайратын бойына жиып, қанаттарын қарыстыра қомдап, шырқау биіктен зақпының тасыныдай зымырап, қанпезер жауының төбесінен сорғалай құйылды.

Талайдан бері көңілінің түкпірінде ылығып, көкірегінде күшіктеп, шие бөрідей шулап келген қызғаныштың қызыл иті екі көзіне шел бітіріп, бақталасының мәйегі мол бақ-несібесін күбідей күптеп, айрандай аптауға мықтап бекініп, сайланып шыққан көк шолақ бөрі ылғи да алыстан айбар шегіп, сес көрсетуден аспайтын көк тағысының бұл жолы өзгеше өжеттікпен кекті қимылға басқанын көріп, тіксініп қалды. 

Алайда ол сонда да кәнігі көкжалдығына басып, жалтарып-жалтақтамай, жекпе-жек сайысуға сайланды. Ол шынында, десе дегендей үлкен ерлік көрсетіп, көк тағысын арт-артынан екі рет жер соқтыра бетін қайтарды. Алайда көк тағысы да өліспей-беріспейтін, нағыз көк долы екендігін көрсетті. Екі рет оңбай жер соғып, ашу мен намыстан жарылып кете жаздаған ол үшінші рет көк перісі қолтығынан үрлеп, қаһарына мықтап мінді. 

Айлакерлігімен аты шулы жер тағысы аузын арандай аша, қанжар тістерін сақылдатып, шапшуырлай ырсылдап, айбарлана қарсылық көрсеткеніне қарамастан бір қанатымен басынан жасқай қағып қалды да, сол орайда темірдей қатты қарымды тегеурінімен бәйекеңді таңнан шеңбектей қысып, еңістетіп іліп ала жөнелді. Бұны көрген қырғын қасаптың қызығындағы жас бөрілер танауларынан тас тигендей бірден аңтарылып, сілейіп, үрпиісіп тұрып қалды да, артынша тырым-тырақай қаша жөнелді. 

Шеңгеліндегі көкшолақты омыртқасын опырып, жүрегін суырып жеп, мәңгілік тыным таптырудың орнына тоқ кезіндегі қанағатшыл дағдысына басып, неше арқан бойы жерге дейін көтеріп апарып тастай салған көк тағысы тиянағы жоқ болмашы жеңісіне ессіздікпен масаттанып, шарқ ұрып, биікке қайта көтеріле жөнелді. 

Ал жерге есеңгіреп түскен көкшолақ сәлден соң орнынан сүйретіле тұрды да, бөксе жағы бұралаңдап бөлтіріктерінің соңынан безіп берді. Бірақ ол сонда да қыр соңынан екі елі қалмай, шүйіліге қағуылдаған көк тағысының қудалауынан құтыла алмады. Тұла бойын жеңіліс кегі мен намыс ашуы кернеп алғанына қарамастан әбден діңкелеген талайсыз көкшолақ бір ауықтан соң: «өз жөніме кеттім ғой, енді тисе қоймас» деген оймен жүгірісін баяулатып, тыныстап алғысы кіліп еді, алайда соны байқап қалған көк тағысы төбесінен төне шүйлігіп тықсыра түскен соң, амалсыз жан ұшырып қайта дыздақтады. 

Не тыныстауға, не жалтаруға ерік бермеген көк тағысы жаралы көкшолақты алды еркіне қоймай қудалап, тұп-тура өзінің апаны жаққа қарай тықсырды да отырды. Бұдан әлде нені түсінгендей болған көкшолақ та әбден мысы құрып, өкпесі кеудесіне симай ырсылдап, шыбынын қоярға жер таппай, құйрығын бұтына қысып, жан ұшыра безектеумен болды. 

Сөйтіп, өліп-талып ескі апанына таяй бергенде керталей сорлы күтпеген жерден «аюдың апанынан қашамын деп, жолбарыстың аузына түскеннің» артқы аяғын құшты. Балаққа жабысқан жәутік ит тектес қандес неме ақыры асқанға тосқанның артқы аяғын құшты. Қанына сіңді ашкөздігі әуейілендірген тойымсыз желікпен тоғайлы өзендегі байырғы мекенінен кезеніп алыс жортуылға аттанып, тімтініп көп жерді шарлап, ақыры қапысын күтіп торуылдап жатқан, алыс-жуыққа аты белгілі айтулы кәрі жолбарыстың тап алдынан шықты. 

Итке мысық айбар шеккеннің кебін киіп, езуіндегі несібесіне таласқандай ара-тұра меншікті өрісін жырым-шеттіктеп, маза бермей, ұйтқып кеп жүретін көкшолақты көргенде, жер төресісінген қандыкөз қорқаудың қаны қайнап, қаһарлана жалғыз-ақ гүр етті де, көк серісінің қудасынан әбден діңкелеп, дәрмені қалмаған сорлы көкшолақты бұлтаруға мұрса бермей, жалғыз-ақ «ап» деп аш белінен қапсыра тістеген бойы кәнігі қатыгездігіне басып, омыртқаларын күтірлетіп үгітіп жіберді. 

Ал көкшолақты жеңіп, көк тәңрісіген аспан серісі ойда жоқта қарсы алдынан кез болған қызыл тарғыл жер төресінің бұл қанпезерлігін өз көзімен көргенде, жүрегі суылдап, төбе құйқасы шымырлап қоя берді де, қайқаң қағып биікке қайта көтерілді. Өзіне сұсты да, такаппар көздерінің қиығын бір-екі рет тастап қойып, екі езуінен қып-қызыл қан сорғалап, олжасын көтерген беті кердеңдей басып кетіп бара жатқан жер төресінің соңынан қауіпсіреген раймен қадала қарап бір сәтке аңтарылып қалған көк тағысы өзін бірден шөжіп, кішірейіп қалғандай аса сорлы күйде сезіне бастады да, өз-өзінен қарадай қорланып, құсаланып кетті. 

Өйткені, ол анау жер төресінің теңдессіз алып күші мен сүйекті қамырша илейтін алты қарыс азу тісмен салыстырғанда өзінің мынау қағаздай жұмсақ қауырсын қияғы мен екі еліге жетпейтін мүйізгек тұяғының түкке тұрғысыз екенін анық сезінген болатын. Есер, ата жауы көкшолақ бөріні соншама жек көре тұра «қарны тоқта қайғы жоқ» дегендей дағдылы дәстүрмен күн кешетін көк тағсы кіндігі бүтін кең далада бірге жасасып келе жатқан оған артықша мейрімсіздік істеуге жүрегі дауамаған-ды. Алайда оның соңғы аянышты тағдыры ен даланы еркін шарлап, сайран салумен өмір кешетін оның мұңсыз, уайымсыз бейғам көңіліне күдіктің қара көлеңкесін түсіріп, қатты жабырқатып тастады.

Қатты дағдарып, еңсесі түскен күйде байтақ даланы барлап, қалықтап ұзақ ұшқан көк тағысы бағанағы көкшолақ бөрінің апанының маңында әлгі дәу жолбарыстың өзінің олжасын обырлана жәркемдеп, сүйіне асап жатқанын көріп, бұл өңірдің енді оған тәуелді болғанын аңғарды. Өйткені аю, арыстан, жолбарыс сияқты жыртқыш жануарлар жайшылықта өзіне тиесілі өңірге өзге бақталастарын мүлде жолатпайтын. 

Тіпті, кейде өріске таласып, өзара қырқысатын немесе ірге кеңейту үшін екінің бірінде басқаларға шабуыл жасайтын. Олжаны қайдан ұстаса сонда жәркемдеп, төңірекке сідігін шашып белгі салып, бұл өңірдің енді өзіне тәуелді мекен екенін басқаларға ескертетін. Сөйтіп бұл өңірде жеке-дара патшалық құратын. Бұл олардың қашаннан бергі қанға сіңді қатал дағдылары екенін көктағысы жақсы білетін. Ілгері бір неше рет шарлап, сұқты көзі қызарып қайтқан дәу жолбарыстың аң-құсы мол бұл шұрайлы өңірді енді басы бүтін өз иелігіне алғаны белгілі еді. Оның оппа өңешіне осыншама кең жердің ұшан-теңіз байлығы болмаса не шақ келсін! 

Бір есепте, мұны әлмисақтан жалғасып келе жатқан тіршіліктің заңды қағидасы деуге болар. Осының бәрін жеріне жете жінтіктеп-сараптауға тәкаппар көк тағысының ақыл-парасаты кәміл жеткенімен, алайда қанға сіңді бейғамдығы мен сенгіш, аңғалдығы «еруліге қарулы» дегендей алдын ала қам жасауға мүмкіндік бермейтін. 

Десе де, көзімен көрген жоғарыдағы үрейлі шындықтан оның көкірек қуысына күдік пен уайымның суық, қара көлеңкесі сілтідей тұнып, мықтап сіңіп қалған-тын. Ілгері өзін ылғи да түлкі, қоян, онан қала берді қанатты құстармен ғана шендестіріп, күш-қайратының мығымдығына масаттанумен келген ол енді, міне, өзінің дәрменсіздігі мен пайымсыздығына көзі шын жеткендей ұнжырғасы түсіп, сері көңілінің сенім арқауы сетіней бастады.

Сөйтіп, көңіл аспаны күңгірт тарта бастаған ол кенет сонау шығыстағы көне ұясы қалған шыбар шың жақтан біраз уақыттың алдында қанаттанып, өз алдына ұшып кеткен балапанының піштактай шаңқылдаған өжет дауысын құлағы шалғанда, бойына қуат біткендей қайта серпіліп, ширап-ширығып сала берді. Ұядан ұшқанына ұзақ болмаған ала қанат балапанның ата мекен аясында көтерілген өжет дауысы оның жабырқау көңілін үміт алауымен жарқыратып жібергендей еді. Сөйтіп қанаттарын құлшына сермеген ол шарқ ұрып қайта биіктей жөнелді.

Уақыт пен табиғаттың алмағайып өзгерісі мен құбылысы тіршіліктің жұмбақ та, құбылмалы тағдырымен ұдайы үндесіп жатады. Көп өтпей батыс терістіктен жайдың бұлтынша түйдектеліп, түнеріп шыға келген қара бұлт қалбайған қанатын аспан аясына далита жайып, шығыстағы заңғар таудың шатқалдарына шөгіп жатқан соқыр тұманмен тұтаса жөнелді де, қапы соққан қасыреттің салдарынан ерте біткен ғұмырдай жадыраған жаз өмір мезгілсіз аяқтап, кеңістікті қалтырауық қарашаның сумақы ызғырығы керней бастады.

Аяқ астынан сабынша бұзылған табиғаттың бұл құбылысынан көңілдегі қобалжуы онан сайын ұлғайып, әлде неден секемдене бастаған көк тағысы қанаттарын асыға сермеп, келген жағы ‒ құбыла тұсты бетке алып самғай жөнелді. Бағана ғана жайнап, жарқырап жатқан байтақ өлке ендігі сәт әлде неден қауып ойлап, үрейлене түскендей сұп-сұры болып, сұрқы кете бастаған-ды. Жүрегі суылдап шырқау биікте қалықтап жүрген қыран аң-құс атаулының орман-тоғайға жылыстап, ауыл біткеннің сай-салаларға топтасып, бой тасалай бастағанын байқады. 

Көккөл маңындағы қаршыға көтеріп, тазы ертіп, қызық қуған бағанағы топты саятшының орнынан енді лашын сирақ шоқпар, тазқараның қауырсыны пшінді қайқы бас қылыш, бәбісек тұмсық найза, теке мүйіз садақ, болат қалқандарын сайлап, шашақты дулыға, шар айналы сауыт киіп, бірден қосар ат алып, әлде қайда асыға жол алған, топаны мол жорық шоғырын көрді.

Одан былайырақ ‒ батыс терістік жақтан иықтарына оқшырайтып асып алған көсеу секілді әлде не нәрселері бар, аш бөріше анталап, осылай қарай төніп келе жатқан бейсауат тобырды алыстан көзі шалып, байыбына бара алмай іштей таңырқады. Бар болмысты биіктен барлап жүріп маңдайынан оқыс ұрған ызғырықтан тұла бойы қалтырап сала берген ол, бұл өлкеде жарқын жаз бен қоңыр күздің дәурені ерте бітіп, қатал да, қаһарлы қыстың өктемдігі беймезгіл басталатынын өзгеше сезімталдықпен анық аңғарды. 

Әрине, қыраулы қыс қыспағынан жер бетінің тіршілігі қысылса, олармен тыныстас көк серісінің де көрер күні белгілі болмақ. Мерейі үстем, мейрімі мол сайран жазға ықыласы өзгеше ол бұл өлкені қатыгез қыс шеңгеліне алар болса, ең әуелі өзінің қанаты кесіліп, қарны есілетіндей ауыр күй кешіп, мұң мен уайым иектей бастаған соң, құт-берекелі байтақ мекені ақ қар, көк мұздың қатал, суық шеңгеліне ілінбей, жадырап, жайнап тұрған шағында емін-еркін шарлап, көңіл құштары мен көз мейірін мейлінше қандырып алғысы келіп, шарқ ұрып көсіле самғасын-ай келіп. 

Ол ұзақ ұшты. Алыс-алыс қияндарға дейін шығандап, өзіне таныс тау-далаларды, орман-тоғайларды, өзен-көлдерді бірін қоймай, жоқ іздегендей сүзіп шығып, қасиетті қара мекен көркіне көзі қанып, көңілі тоғайып, кеш бата қайта оралған ол биік заңғардың төсіндегі ұясына таяй бергені сол еді, оқыс гүрс еткен сұрапыл дауыстан қатты шошынып, жебедей зулап биікке қайта көтерілді. Өмірі естіп көрмеген бұл сұмдық, тосын дауыстан әрі үрейленген, әрі ғажаптанған аспан серісі бір сәтке қайтерін біле алмай дағдарып қалды. 

Не ұясына қона алмай, не басқа жаққа кете алмай, ұзақ айналсоқтаған ол биік заңғар − алып қара жартасқа екінші рет таяй бергені сол еді, жаңағы сұмдық дауыс тау-тасты күңіренте тағы да гүрс ете түсті де, көк тағысының тұла бойы жасын шарпығандай оқыс ду ете қалып, кездей құйрықтарының бір неше тал қауырсыны қырқылып түсіп, кетиіп қалды. Бұл жолы бағанағыдан арман ес-ақылы шыға қатты үрейленген ол қайқаң қағып шырқау биікке қалай шығып кеткенін өзі де білмей қалды. 

Қыр соңына түскен гүрсілдектің не сұмдық екенінің байыбына бара алмай, үрейлене дағдарып бұлтты, үскірікті, қара сұры бейуақ аспанында ұзақ сандалған ол ақыры амалсыздан қас қарая ұлы таудың жүйрік басындағы иен қарлы шыңға барып қонақтауға мәжбүр болды.

Жон таудан еңкейе жауған алғашқы қармен уыттанып, ашулы арадай анталаған шыңылтыр аязы қандауыр тілін кезенген түнгі үскірікті көк серісі елең құрлы көрмегенімен, қараңғы түннің қап-қара шымылдығын қақырата айырып, тау-даланы күңіренте түн бойы уақ-уақ от шаша гүрсілдеген құбыжық дауыс зәре-құтын қашырып, жылы ұясынан қудаланған сергелдең тағдыры жанына аяздай батып, түн бойы кірпік айқастырып, көз шырымын ала алмады. 

Ол таңды зарыға күтті, алайда сол аңсатқан құла таңы құланиектеп саз берер-берместе, оның табаны астындағы қарлы шың аяқ астынан жан біткендей ақилана күңіреніп, жын қаққандай сілкіне жөнелді де, оны қараңғылығы әлі толық айыға қоймаған бозалаң кеңістіктің тұңғиығына қатаң қолдың қаскелең күшімен қаңғыта лақтырған зақпының тасындай қайта шырқатты. Бағына жарай ол биіктеген сайын қараңғылықтың қармауынан сытылып, жарық сәулемен қауыша бастады. 

Сол сәулелі кеңістіктен үміт пен сенім тапқан ол «болат топшы қос қанатым аман тұрғанда маған, сіра, кім, не істей алар» деген астам ойдың асқақтатуымен аспан аясында шарқ ұрып, ұзақ ұшты. Бірақ ол әрқандай төзім мен күш-қуаттың шегі, сарқылар шағы болатынын ескермеген еді. Ақыры, оның қанаттары талығып шаршай бастады. Сонымен азда болса топшы суытып, тыныстап алғысы келген ол жайшылықта ара-тұра қонақтап, төңіректі қарауылдап отыратын серек тасқа таман тайай бергені сол еді, құлақ түбінен оқыс «гүрс» ете түскен сұрапыл дауыс қайқалақ қақтырып аспанға қайта шығарды. 

Күні бойы қыр соңынан қалмай ес-ақылын алған бұл әзірейіл гүрсілдектің басқа емес, өзіне тіке төнген үлкен қатердің дабылы екеніне бара-бара көзі жеткен ол, не істеудің бабын таппай саса бастады...

Солайда-солай, бұл қудалау тұп-тура бес күн, бес түнге жалғасты. Қайда барса да қыр соңынан қалмаған гүрсілдек таң ағарып атқаннан, күн қызарып батқанға дейін жер бетіне жуықтауға, тынығуға ерік бермей қудалағандықтан, оның өзегі талып, қанаттары қайысып, қатты діңкеледі.

Түндері қарлы шыңға қонақтап, ептеп азда болса тыныс тапқандай болғанымен, таң атқанша ауық-ауық қара түннің қара бауырын от бишікпен осқылап, шың-құздардың шырқын ала өкпесінен соққылаған үрейлі күрсілдек көз шырымын алдырмай, қорқыныштың тұңғиығына батырып, аштық пен қалжырауға ұйқысыздық пен үрей қосылып, оны мүлде титықтатып жіберді.

Бес тәулік бойы тыным бермеген әзірейіл гүрсілдек алтыншы күні таңға жуық жағы қарысқандай бір сәтке тым-тырыс бола қалды. Қатты қалжырап мұрттай ұшуға шақ қалған көк серісі талықсып барып мызғап кеткені сол еді, ұзақ өтпей қарлы шыңды қалтырата қайта гүрс ете қалған сұрапыл дауыстан шошып оянған ол жебедей зулап көгілдір аспанға қайта көтерілді. Бұл шақта күн арқан бойы көтеріліп, шікірейген шыңылтыр дала жылымық тартып, құрс-тырысы ептеп жазыла бастағандай еді. 

Сәтке болса да көз шырымын алғанға өзін әжептәуір сергіп қалғандай сезінгенімен, әлде неше күннен бергі тынымсыз жанталас пен аштықтан титығы құрып, өзегі талып, құр сүлдері ғана қалған көк серісі аужал боларлық бірдеңе тауып жеуге әуес-аңсары ауып, атырапты шарлай бастады. Көп өтпей оның өткір көздері бөктердегі шилі төбенің басында бір қызыл түлкінің жын қаққандай бір орында шыр көбелек айналып, ұйтқып жүргенін көріп, өзегі удай ашып, сабыр-тақатынан айырыла бастады. 

Неше күнгі қудалаудан әбден зәтте болып, бірден жер бетіне түсуге батына алмай, қайрандап, бір ауық айналсоқтаған ол, дала төсінен күндегідей ажал иісі бұрқыраған қара дәрінің қаңсық иісі емес, бейбітшілік бейнелі тыныштық күйін байқаған соң, нар тәуекелге басып, көздің құрты ‒ қызыл түлкігіе қарай жұдырықтай түйіліп, бар екпінімен құдия сорғалады. 

Аштық билеп, ақыл-сабырдан айырған нәпсі итпегімен алды-артына қарамастан шырғаға байланған түлкінің төбесінен дәл түсіп, кәнігі әдетімен таңнан іліп, көтере жөнелмек болған бәйекең, өзіне арнап әдейі құрылған дұзаққа ‒ топырақ түстес жіңішке жіптен тоқылған торға ілініп қалды да, шошына долырып, құтылып кетпекке әрекеттеніп, жан ұшыра далбырлаған сайын шырмалғанның үстіне шырматылып, өрмекшінің торына түскен сорлы шыбындай тырып ете алмай, екі көзінен жарқылдаған ашулы жасын ойнап, сіресті де қалды. 

Қатты шамырқанулы ол сонда да, шеңгеліндегі олжасынан айрылмай, өткір тегеуріндерімен кектене жұлмалап, дал-дұлын шығарды. Осы аралықта қайдан шыққаны белгісіз, мойындарына шошайтып «көсеу» асынып, қазмойын арғымаққа мінген екі адам мәз-майрам болысып, оның қасына жетіп келді. Бұл екеуін алты күннің алдындағы бейсауат жүрісті тобырдың арасынан көргенін есіне алған тордағы тұтқын неше күннен бері өзіне күндіз-түні тыным бермей, сары ізіне шөп салып, ақыры шырғалап торға түсірген дәл осы екі сайқал екеніне көзі анық жеткенде, ашу-ызадан жарылып кете жаздап, сегіз найзасын сайлап, шамырқана қатты қарсылық көрсетті. 

Бірақ шырмаудағы сорлының қолынан түк те келмеді. Оның ақилана айбар шеккеніне қарамастан қауғадай жирен сақалы қаужаң-қаужаң етіп, екі езуі екі құлағына жете, қасындағысына әлде нелерін айта жүріп, тордың сыртынан одеялмен орап-шымқап, мықтап құндақтаған кәркесте аңшы, қолтығына қыса салды да, атына қарғып мініп, желе-жортып, өз бетіне кете берді.

Тәңірі берген екі аяғы бола тұра жер басып жүруден гөрі дұспанына қанжар етіп қадауға дағдыланған, күн бойы көктен түспейтін дала серісі құндаққа оралып, қолтыққа қысылған соң, өкпесі сығылып, тынысы тарылып, шыбыны шырқырап, жаны тұмсығының ұшына келді. Рақымсыз бұғаудың ішінде долданып, тағыланып қатты арпалысқан ол ақыры есеңгіреп қалды. Ол есін жиған шақта өзін екі аяғы құрсаулаулы күйде, абажадай темір шарбақтың ішіндегі аласа тұғырда байлаулы күйде көрді. 

Ол мұнда жалғыз өзі ғана емес, қаршыға, лашын, сұңқар, тұйғын сияқты тағы талай көк серілерінің еркіндіктерінен айрылып, бұғауға түскенін байқады. Бұл шақта оның бойындағы бағанағы бір аштық, қалжырау сияқты азапты сезімдердің бәрі ғайып болып, оның орнын үрей мен таңырқау қосанжарлаған долы ашу иелеп алған-ды. Ол құтылып кетпек болып, темір шарбақ ішінде ұзақ, әрі, қатты арпалысты. Бірақ әккі қолмен мықтап кигізілген сиқырлы құндақ еркіне жібермей, біртіндеп діңкесін құртып тынды.

Кешке таяу алшаңдай басып байлаудағы оның қасына келген бағанағы жирен сақал қолындағы киіктің кеуіп құрысып қалған бір жапырақ борсыған өкпесін оның көз алдына олай да, былай да бұлғақтатып, арбай бастады. Бірақ өзегін талдырған аштық тақсыретінің соншама мейрімсіздігіне қарамастан өмірі жемтікке көз қырын салып көрмеген ашулы көк тағысы құлқын үшін құлдық ұрғанның орнына, шамырқана шаңқылдап, жирен сақалға айбар шеге шапшуырлап, қапас ішінен қарсы ұмтылды. 

Өкінерлігі, бар сенген көк найзалы қос шеңгелі матауда болғандықтан, босқа далбырлаған құр далбасадан түк те өнбей, керісінше өзі торға соғылып, жерге ұрылып, сайын даланың ерке желі мен кіршіксіз қар-жаңбырынан өзге еш нәрсе жуысып көрмеген сетер денесін қатты ауыртып, жаралап алды. Дала тағысының оңай-оспақ беріле қоймайтынын білді ме? Әлде, оның ашу үстінде өзін-өзі оқыс қылып алуынан алаңдады ма, әйтеуір, жирен сақал дереу кейін шегініп, оны оңаша қалдырып, тынышталуын күтті.

Шамырқаулы шәлгез құс сәлден соң біртіндеп сабасына түсе бастады. Соны үнсіз бағып тұрған жирен сақал ебін тауып ләйлаға бір көндіріп алса, өз бойындағы бар қажыр-қайратын өмір бойы аямай сарқып беретін кенішті де, келісті өзгеше «олжасына» сүйінішті сезіммен қадала, қызықтай ұзақ қарады.

Қулық пен айладан гөрі аңқаулығы басымдау болғанымен, нартауекел намыс пен буырқанған ашудың қуатты күші ирімінде тұңғиықтана тұнған қап-қара көздерінен жасын ойнап, дүр-дүр сілкініп отырған бұғаудағы көк тағысы да айлакер дұшпанымен арбасқандай оның әккілік пен парасаттың нұры жайнаған ирімі терең қарт Каспий түстес аялы көк жасыл көздеріне кектене, тесіле қадалды. 

Талай-талай ақылды мен қудан айласын асырып, небір тарпаң мен тағының әптігін басып келе жатқан болса да, соның бәрінен болмысы өзгешелеу, қулық-сұмдықтан гөрі ақ жүрек сенгіштік, сосын жанпида ерлік пен намысқойлық қанына мықтап сіңген, туа бітті қайыспас қажыр-қайрат өз басынан асып-тасып тұратын. Жайшылықта оңай-оспақ желіп етпейтін, желіп етті ме, болды, жаным арым садақасы деп өртке оранып, теңізге түсуден тайынбайтын әскере намысқой, мынау сыры мен сипаты өзгеше көк тағысының тәкаппар, кекті кейпі зорлықшыл болса да мәрт мінезді тұтқын иесінің өзін де қатты сүйіндірген-ді. 

Сөйтіп, сұңғыла да, тәсілқой сартабан саятшы әншейін сылап-сипап, өкпе-бауырмен алдап-сулауға келмейтін болмысы шетен ашулы тағыны тезірек тізе бүктіріп, ләйлаға көндіру үшін тың тәсіл, өзгеше амалға басты. 

Басын буған екі мосы ағашқа жарты құлаш оқтаудай ағашты аспақтап шағын әлпеншек жасаған ол оған шыжым тақты. Сөйтіп, төсекте жатып-ақ шыжымды бір қозғап қойса, талай уақыт тынымсыз тербелетін ырғақты әлпеншек дайын болды. Бүркітті соған қондырған ол өгей ұлы − қасынан екі елі қалмайтын шикіл сары жас жігіт − екеуі іске кірісті. 

Екеуі кезектесіп, отырып та, жатып та күндіз-түні маза бермей бүркітті ырғаққа алды. Неше күнгі қудалау мен аштықтан әбден діңкелегендігіне қарамастан бойды кернеген ашу жалынынан қуат тапқан көк серісі өз дұспанына әсте жеңістік бергісі келмегендей, арқалық ағашты қарулы шеңгелімен сығымдай қысқан қалпы екі көзі жалын шаша жалт-жұлт етіп, күн бойы, түн бойы сіресті де отырды. Сөйтіп, тынымсыз ырғақ үш күн, үш түнге жалғасты. 

Әрине, «жалған» деп сипатталатын бұл дүниеде бас-аяғы белгісіз шексіздікке жалғасқан уақыт тәңіріне бағынышты тіршілік атаулыға берілген несібе-сыйдың бәрі өз бойынан соншама асып-төгіліп жатқанына қарамастан қашанда өлшеулі әрі шекті болатыны талассыз ақиқат. Соның айғағындай жасаған иесі өзгеше ілтипатпен аса қайратты жаратқан көк тағысының бойындағы қайсарлық, төзімділік атаулының бәрі-бәрі, ақыры, сарқылып бітті. 

Десе де ол соңғы шаққа дейін өзінің тәкаппар болмысынан айнымады. Төртінші күні таң сәріде ес-түсінен мүлде айрылып, құлап түскенде де, құрыш тұяқты шеңгелін арқалық ағаштан болсатпаған бойы, қанаттары керегедей жайылып, кеңістікте сірескен қалпы аспақтаулы күйде салақтап қалды. Сөйтіп, бас-аяғы он күнге жалғасқан қуғын және зорлық-зұлымдық әккілікпен ұштасқан марапонша шабуыл оны, ақыры, бас иуге мәжбүр етті. Есесіне жатжұрттық ашкөз саятшылар да бір талай күш-қуат, жігер-қайраттарын сарып етіп, мейлінше діңкеледі. Әрине, тәкаппар да, тағы, қайсар да, ержүрек дала серісін бағындыру жолындағы олар берген бұл бодау тым арзанға тоқтағаны айтпаса да белгілі еді.

Көк тағысының осыншама қайсарлығына бір жағынан таң қалса, тағы бір жағынан жүрегі жарыла қатты қуанған жирен сақал қарт саятшы екі езуін екі құлағына іле жүріп, оның сіресіп қалған шеңгелдерін арқалық ағаштан еппен ажыратып алды да, аяғына жез шығырықты, қайыс шыжымды аяқ бау, басына айдарын жезбен айшықтаған былғары томаға кигізді. 

Сонан соң өз үстіндегі тер мен қолаңса сіңіп, әбден кірлеген көк көйлегін сыпырып алып, құстың тұмсығын көйлектің қолаңсалы қолтығына келтіре орап-шымқап, қайта құндақтап тастады.

Ес-түстен айрыла талықсып жығылған тағы құс ұзақ ұйқыдан соң қайта есін жиып, көзін ашқанда, кешегіден мүлде басқаша күй танытты. Өзінше қормалдық көрсетіп, құндағын шешіп, томаға мен қолаңсалы жейдені үстінен сыпырып алған жирен сақалға кешегіше шақшиып шапшуырламай иемсінген бәсең, бағынышты раймен сәл-пәл имене, жаутаңдай қарады. 

Соны көріп кеңк-кеңк күлген жирен сақал саятшы алдын ала жібітіп дайындап қойған борсыған киік өкпесін үлкен ұлына алдырып, оның алдына қарай тастай салып еді, жерге түсірмей қақшып алған аш тағы өліп-өше жұлмалап, екі-ақ тартып қылғи салды. Өмірінде буын бұрқыратып, қанын сорғалатып, тамсанып жейтін тәтті еттен өзгеге көз қырын салмайтын аспан серісі, сөйтіп, өлекседен үзіп жейтін қарға-сауысқанның несібесінен тұңғыш рет ауыз тиді. 

«Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» дегендей, әлде неше күн бойы босағада ілулі тұрып, борсып, иістеніп қалған кенеусіз өкпенің кермек дәмі таңдайына балдай татыды. Кеше ғана шексіз, көгілдір аспан құшағында көсілте самғап, сайын сақара, тусыған даланың лықсыған байлығын тұнығынан шайқап ішіп, жер бетінің желі мен көк аспанның жауынынан өзгені жанына жуытпай тағы өскен, тәуелсіз тәкаппар ғұмырын шексіз биіктік, шектеусіз еркіндікпен ғана өлшеп үйренген аспан серісі жирен сақал саятшының «сиқырлы дуасынан» соң, қанына сіңген өрлігінен де, серілігінен де жаңылып, жынын алған бақсыдай бірден итағатшыл, момақан күйге кіріптар болды. 

Алақандай кермек өкпе жұмырына жұқ болмағандықтан, кесіліп қалған кендірі оны қожайынына жапақтатып, жаутаңдатып тағы да тілене қарауға мәжбүр етті. Соны байқаған иесі де бағана әдейі айырым алып қалған өкпенің бір жапырақ қосары ‒ әжептәуір нәрлі, жұмсақ болғанымен ашыңқырап қалған қара бауырды ортаншы ұлына алдырып, алдына қарай тастай салып еді, кіріптар сорлы оны да жерге түсірмей қақшып алып, қомағайлана жұлмалап, екі-ақ асап қылғи салды. 

Сөйтіп, бұл шақта өзінің тегін де, кегін де мүлде ұмытқан, құлқынынан өзге уайымы да, арманы да, мұңы да қалмаған. Оған өзегі талып, өлер шаққа жеткенде қормалдық танытқан жирен сақал саятшы өзінің туған әкесі қыран ақиықтан да артық жанашыр жақын, қамқор жарылқаушы есебінде таныла бастады. Өйткені, ашаршылық азабымен ақыл-естен алжаса бастаған екіұдай күйдегі сорлыны сыбдыры білінбес су жыландай айлакер саятшының тұңғиық жанарға жасырынған аярлық сағымын мекер күлкінің сиқыр сәулесімен көлегейлеген монтаны, көгілдір көздері оны албастыдай арбап еріксіз алжастырған-ды.

Осыдан бастап сері мінезді көк тағысы тұғыр күзетіп, қолға қараған кәдімгі басыбайлы саят бүркітіне айналды да, иесінің қас-қабағын бағып, оның әмір-жарлығын екі етпейтін, ұш десе ұшатын, қон десе қонатын, тіпті, өзінің шамасы мүлде келмейтін арыстанға салса да, еш екіұдайланбастан қатерге басын байлайтын, байырғы римдік құлдар тектес иттей қадырсіз күй кешуге бойы үйрене бастады. 

Уақыт ұзара келе оның бұғауға түскен бойының құлдыққа үйреніп, намыс-жігерсіз салғырттық пен мәңгүрттіктің қанына сіңгені сонша, тіпті, кейде: «дала кезіп, далұрған бұрынғы тірлігіме қарағанда, шапағатшым қайыр еткен, өлшеулі болса да, дайын несібені қанағат тұтып, ақпанның аязы мен шілденің шіліңгір ыстығынан қамсыз, тыныш тұғырда өткен мынау бейбіт тірлігім қандай зор бақыт» дегендей жетесіз ойға бой алдырып, ерлік пен серілікке толы, бостандықтағы еркін өмірін мансұқтауға дейін баратын.

Дүниенің қызығына әбден кәніккен қызыл көз саятшы жаз күндері ылғи қаршыға, сұңқар, лашын, тұйғын секілді жеңіл құстарын көтергенімен, қысылшаңы көп қысқа қарсы көбінесе қарымды да, төзімді бүркітті қайырып салатын. 

Иесі неге сілтесе бұлтармай барып соны алып, оның қомағай көңілін қош қылатын көмпіс те, қалтқысыз қызыл көз қыран оның есесіне ештеңе де дәме етіп жатпай, иесі силаған өкпе-бауырды қанағат тұтатын. Тек қансыз-сөлсіз, күлімсі иісті шандыр етін адам жеуге келмейтін түлкі ұстаған күндері ғана өзінің ащы терінің тәтті жемісін тату орайына ие болатын.

Арада айлар аунап, жылдар жылжып, біраз уақыт өтті. Саят бүркіті бұл барыста талай-талай кешулерді басынан өткізді. Иесінің айламен ұштасқан қаталдығы оны қамшының басы мен сабындай біртұтас етіп, оған мүлде тәуелдеп жіберді. Әрине, құсбегі мен құс ортасындағы байланыстың осылай болуы атамзаманнан келе жатқан заңды дәстүр, қалыпты құбылыс еді. Десе де, замана ағысы сияқты саят бүркітінің өмірі мен тағдыры да бір сарынды болғаны жоқ. 

Көп өтпей оның басына нәубет күндер арт-артынан кимелеп келе бастады. Аспан мен жердің неше түрлі тарпаң мінез тағыларын құрша жорғалатып, құлша қорғалатып телмең көзге айналдырған өзінің теңдессіз амал-айласы мен күш-құдыретіне әбден сеніп, салтанат буынан басы айнала бастаған саятшының тағдыры да бір сарында тұрмай, күтпеген өзгеріс болды.

Ізбасарлық салауаты жоқтығына қарамастан, қартайған әке билігін үлкен ұлы еркінен тыс өз меңгеруіне алды әрі сұрқиялық пен қатыгездікте әкесінен әлде қайда дарынды да, алымды екенін ұзақ өтпей дәлелдей бастады. Соның айғағындай күндерде бір күн күтпеген оқиға ақыры туылды. Бұрынғыға қарағанда қанат-құрығы одан сайын жетіліп, күш-қуаты толыса бастаған бүркіттің ит бойына жетпейтін аласа тұғырда басында томаға, аяғында шыжым кіріптар күйде отырғанына қарамастан құйрық-қанаты жетілгенін білдіргендей бой түзей таранып, томағаның болмашы саңылауынан елегізе аспан жаққа қарағыштады. 

Дүр-дүр сілкініп отырғанын көріп, көңіл түкпірінен күдіктің қара шұбар жыланы қақшитып басын көтере қалған ол, жан баласының ойын да, бойын да түршіктірерліктей қатыгез тағылыққа басып, құлақ естіп, көз көрмеген сұмдық істі бастады. Тұғырда байлауда отырған бүркітті тарпа бас салып тізесіне басқан ол, құлын да-құлын жан дауысы Құдайға жете шырылдағанына қарамастан, қып-қызыл қанын судай сорғалатып отырып, кездей болып жетілген қанат-құйрық қауырсындарын түгін қоймай жұлып, отап тастады. Бұл сұмдықтан қып-қызыл қанға батып ауыр жараланған бүркіт көпке дейін қалпына келе алмай есеңгіреп, әлсіреп қалды.

«Жұт жеті ағайынды» дегендей жанына да, тәніне де өшпестей жарақат салып, қатты есеңгіретіп, қансыратып кеткен бұл зұлымдықтың қан дағы мен тақсырет табы толық айықпай жатып оның басына қасірет-соры бес баттам қара күннің қатаң сойылы тағы тиді. 

Ойда жоқта бір күні балағы жырым, балтыры жаралы күйде өң-түс жоқ әлде қайдан оралған саятшы қайырып-баптаусыз күйде байлауда тұрған тазылары мен құстарын алып, асып-сасып ұшы-қыйыры жоқ кең өлкенің батысындағы орманды алқапты бетке алып, асығыс жүріп кетті. 

Көп өтпей бәрі де анық болды: кең өрістің бір шетінен тиген азу тісі қанжардай көкжал арлан бастаған топты бөрі кез келгеннің бәрін қынадай қырып, жосадай бояп, жайпап жүр екен. Соны көріп қаны қайнап, көзі жайнап шыға келген саятшы өзі бастап, қолқанаттары қостап, «уралай» ұран салып, тұс-тұстан анталай тап берді. 

Иелерінің ілгергі қатыгездігі тұла бойларына оңбастай ауыр жара салғанына қарамастан, қыран құстар мен алғыр тазылар асқан адалдық, үлкен жәнсебілдік, ірі ерлік көрсетті. Өте-мөте қанат-құйрығын тұттай қылып отап, қатты қансыратып кеткен мейірімсіз зұлымдықтың салдарынан мейлінше есеңгіреп, әбден әлсіреп қалғанына қарамастан аспан серісі – қыран бүркіт бұл ретте өзінің асқан адалдығы мен ерен жанкештілігін барынша әйгіледі.

Алайда, бұл еңбегіне бола ол иесінен ешқандай сый-сияпат дәметкен жоқ. Қансонардағы өзінің теңдессіз ақыл-парасаты мен күш-құдыретіне және соның арқасында қолға келген үлкен олжасына қатты масаттанып мейлінше дардиған иесі де оларға пәлендей ықылас-пейіл таныта қоймады. Иә-әу, қолда баққан құс пен ит иесінің еңбегінің өтемі үшін қойға тиген қасқырға қарсы шаппағанда қайтушы еді. Мұндайда құс пен ит бөрі алса, ат-атақ иесіне тән болмағанда кімге тән болушы еді. 

Тарихи сын сағат қалыптастырған ұлы бірлік пен үлкен ерліктің алдында аспанға шауып, азуын айға білеген қанды езу көкжалдың қатыгез тобы өзгеге тілеген зауал күн өзіне қайтып, ақыры, желкесі қиылып, жер тістеді. Алайда өз ерлігін ізгілік үшін емес, жауыздық үшін жұмсаған ол өзінің жеңімпаз жауларын да оңбастай етіп қансыратып кетті. 

Осы орайда  саят бүркіті де өз басынан асыра аса ауыр қанды бодау берді. Өкінерлігі, бұл бодау оның өзі үшін емес, иесі үшін берілген бодау болатын. Десе де, бұл туралы ойланып, өкініп отыруға оның қақы мүлде жоқ еді. Өйткені, ол қатысқан бұл шайқастың әділеттілігін айтпаған күннің өзінде, пенде Алласына, құл қожасына шек келтіру ‒ дәстүрлі этикаға жат азғындық, опасыздық есептелетін билеушілер фәлсапасының бұлжымас заңын, әрине, естен шығаруға болмайтын еді. 

Қатал иесінің қатыгез мәмілесінен әбден ығыр болып, іштей жатсырай бастағанымен, ерік пен бостандық туралы қастерлі сезімінен айрылғалы тым ұзақ уақыт болған бұғаудағы бүркітте бұл туралы ойланып-толғанарлық мүмкіндік атымен жоқ еді.

Әркім өз жарасының қотырын жалап, емдеудің қамымен болған осыдан былайғы күндер аздаған ызғырығы болғанымен артында шуағы мол көгілдір көктем сияқты бар нәрсеге үміт, тың тіршілік бағыштап, жәймен жылжып жатты. Соңғы реткі қанды салбурыннан соң әлде қандай ой түскен қарт саятшы да біртіндеп жұмсарып, қасаң қабағы ептеп жадырай бастағандай күй танытты. Қолындағы құстары мен тазы-тағыларын дағдысынша ара-тұра саятқа алып шығып, шыжымдап ұстағанымен, әжептәуір кең қолдылық танытып, ара-тұра олардың үй маңында еркін ұшып-қонып жүруіне ептеп ерік бере бастады. Шынын айтқанда, жасы ұлғайып, қол-аяғынан дәрмен кете бастаған саятшы осылай істемей амалы да жоқ еді. 

Оның үстіне соңғы кездері тәкаппар болмыстың ақиқат сынды мейірімсіз айнасы алдында құр қиялды тұғыр еткен сабылысқан сағым тектес із-дерексіз мұратына күмәндана қарап, қажи бастаған оның қауға басына қай-қайдағы бөтен ойлар ұялап, іштей жаңаша бір ниетке бой алдыра бастағанымен, тоңмойын көне сенімі бірден еркіне жебермей, екіұдай күйде дағдарулы болатын. Солайда, ол тәжірибешілдік рухтың жебеуінен бе, әлде өз бодандарының мүлде рухсызданған мәңгүрттігіне шынымен әбден сенгендігінен бе, әйтеуір, соңғы кездері қолдағы құстарының көздерін көлегейлеген томағаларын алып тастап, жарық пен шын дүниені өз қалыптарында көріп-тануларына ептеп мүмкіндік бере бастаған. 

Бастарын қырсаулап, көздерін көлегейлеген томағадан құтылған соң, ұзын шыжыммен ептеп ұшып-қону орайына ие болған саят құстары бара-бара бостандықтың қадырін түсініп, еркіндік туралы тілектері біртіндеп ояна бастады да, ескі тұғырларда ендігәрі омалып отыра бергілері келмей, аспанға жиі көтеріліп, ұмытылуға айналған бостандық әлеміне жалтақтай жиі көз жіберіп, қалықтап ұзағырақ ұшуға талпынатын болған. 

Көптен аңсаған, армандаған еркін кеңістікке шарқ ұрып самғай жөнелу тілектері қаншама күшті болғанымен, бірақ олар көп жылдық ортақ мекендерін бірден тастап кетуге дәттері де шыдамай, батылдары да жетпей, қайрандап қатыгез қожайынның қабағына қарайлаумен болды. Өйткені, бәрінің де аяқтары берік те, ұзын шыжыммен байлаулы еді.

Көне ай мен жаңа айдың өларасы тектес осындай өтпелі күндердің бірінде ақыры күтпеген оқиға туылды: ең соңында ұсталған қаршыға тұқымдасына жататын үш бірдей қырғи құс тұғырларынан ұшып кеткен беті қайта оралмай, саятшының сес көрсете зекігеніне де, шырғалап шақырғанына да қарамай, кесірлене кергіп, биіктей ұшып, барған сайын алыстай берді.

Соңғы кездері әкесінің кейбір оғаш қылықтары көңіліне қонбай, іштей наразы болып жүрсе де, өзін сабырға жығып, үндемей келе жатқан үлкен ұлы бұл жағдайды көрген соң, ақыры төзе алмады да, ортаға шықты.

– Бұларды былайша әспенсітіп еркіне жіберуге әсте болмайды, − деді, әкелік салауатына қарамастан қарт саятшыға қатаң наразылығын білдіріп, − ана үшеуін қазірдің өзінде-ақ көнсе еркімен, көнбесе зорлықпен қайтарып әкеліп, қапасқа қамау керек.

– Олай істеудің ешқандай қажеті жоқ, − деді, өзгелерден бұрын жауап қайтарған саятшының кіші ұлы, − бұл күнде барлық жерде жануарларды беталды ұстауға, бұғаулауға, қорлауға тиым салынып, олардың еркін тіршілігін қорғау дәріптеліп отыр. Біз мына сорлыларды тым ұзақ уақыт бостандықтарынан айырып, бұғауда ұстадық. Мұнымыз үлкен әділетсіздік болды. Былайша қорлық өмір кешетіндей бұлардың еш күнәсі жоқ. Керісінше біз бұлардың алдында кінәліміз. 

Біреулердің күшті, енді біреулердің әлсіздігіне қарамастан бәріміз де Жаратушының алдында тереземіз тең тіршілік иесіміз. Еркіндік пен бостандық біз үшін қандай қымбатты болса, бұлар үшін де дәл сондай қымбатты. Сондықтан, бұлар да біз сияқты еркін өмірдің бақыты мен рақатына кенелуге құқылы.

Кіші ұлының сөздерін ден қоя тыңдаған саятшы қарт ырғайдай мойнының үстіндегі кәрі басы қалтыл қағып, сен қалай қарайсың дегендей ортаншы ұлына қарап еді, ол екі иығын қиқаң еткізе қомдап, дағдара басын шайқап қойды. Сонан соң үш ұлын нұры тайған кәрі көзімен жағалата шолып шыққан қарт саятшы булыға күркілдеп ұзақ жөтеліп алған соң, көптен көкейінде жүрген ақырғы байламын айтты.

– Менің қаусаған халімді бәрің де көріп отырсыңдар, шындыққа мойынсал болудың өзі әрі ерлік, әрі даналық. Менің ойымша да бұларды ендігәрі бұғаулай берудің қажеті қалмады. Кешегі күн мен бүгінгі күн ұқсамайды. Тұтас дүние өзгерді, соған жарай тіршіліктің талғам, дағды, тәртібі де өзгерді. Өзгелер секілді біз де мұндай шындықтан шет қалуға ерікті, оған қарсы келуге шарықты емеспіз. 

Егер, бұларды еркімізді зорлап таңып жалғасты бұғауда ұстаймыз десек, зорлық істеуіміз керек. Біз зорлық істесек, еркіндік сезімдері оттай лаулап алған бұл кесапаттар шамырқанып қарсы шабары хақ. Бұлар қарсы шапса, бізден қан шығарады. Сонан соң біздің де бұлардан қан шығаруымызға тура келеді. Сөйтіп көне «достар» бір-бірімізді азапқа саламыз. Менше, былай істеудің біз үшін ешқандай пайдасы да, қажеті де жоқ. 

Аса сабырлықпен абай болмасақ, «байтал тұрғой бас қайғы» дейтіндей күнге тап болуымыз ғажап емес. Сондықтан, бұларға талғам жасау еркін беруіміз керек. Онсыз да, асты-үсті бірдей байлыққа лықсыған мынау ұлан-қайыр кең мекен өзімізге де, әулетімізге де, тіпті екі дүниедегі игілігімізге де әбден жетеді. Бұдан былайғы мұрат басқа емес, осы мекенге бөтен көздің сұғын, бөтен аяқтың ізін түсірмей аман сақтау. 

Сонда ғана біз баз-баяғымызша әп-әйбат тіршілігімізді жалғастыра береміз. Біздің бақыт жұлдызымыз қай-қашан да кіндік қанымыз төгілген осы мекеннің аспанынан жарқырап сәулесін төгеді. Бұл бәріміз білуге тиісті және мәңгі есте сақтауға тиісті ақиқат.

– Тым болмағанда анау бүркітті жібермей алып қалуымыз керек. Біз үшін оның пайдасы ұшан-теңіз. Оған тағылған аяқ бау да бәрінікінен берік. Мұның маңыздылығын біз түсінуіміз керек, – деп, ең соңғы қатаң ниетін білдірген үлкен ұлына әппақ қудай басын селкілдете шайқады қарт саятшы.

– Басқаларына ие болмаған екенбіз, бұған тіпті де ие бола алмаймыз. Өзгесін айтпағанда, таяуда ғана шығарған сойқанын ұмытып қалмаған шығарсыңдар, – деді ол кесете сөйлеп, – әншейінде қылтың-сылтыңы жоқ көмпістей көрінгенімен зайырында ол ашу-ызасы бәрінен де қатты, өліспей-бітіспейтін нағыз қанды көз тағының өзі. Сондықтан, әуелі еркіне жіберіп, райын бағып көру керек. Егер кеткісі келмесе, өзінің соры.

Отағасының шешімі осылай болған соң, оған ешкім де қарсы келе алмады. Арада бір неше күн өтпей жатып-ақ саятшы қарттың қолындағы лашын, тұйғын, қаршыға, сұңқар, тұрымтай, бөктергі сияқты саят құстарының бәрі де аяқ баулары алынып тасталған соң, бірінен соң бірі алды-алдына ұшып кете бастады. Мұны көрген саятшы қарттың кіші ұлы ұзақ жылдар бойы әкесі баптап саят пен салбурынға мінген, есік пен төрдей көк арғымақтың ноқта-жүгенін сыпырып алды да, кекілі мен сауырынан сипап, кең өріске, еркін жайылысқа жіберді.

Саят бүркітінің әлде нені күткендей алды-алдына ұшып кетіп жатқан серіктеріне үнсіз ғана көз тастап қойып, өз тұғырында тапжылмастан жалғыз қалғанын көріп, қарттың үлкен ұлы қатты қуанған еді, алайда мұнысының есек дәме екені көп өтпей аян болды. Серіктерінің бәрін жолға салып, жалғыз қалған көк тағысы саятшының ұзақ жылдар серік болған көк тұлпарының да өз жөніне кеткенін көрген соң, кідірмеді. 

Керегедей қанаттарын жайып жіберіп, құлшына сермеп-сермеп қалды да екпіндеп ұша жөнелді. Алғашында баяу қалықтап, бір сәт айнала ұшқан ол, біртіндеп биіктеп, шырқау биікке көтеріліп алған соң, ұзақ жылдар бойы көзінен бұлбұл ұшқан байтақ өлкенің тау-даласын емін-еркін аралап, шер-құмарынан шыға көзайым болу үшін қанаттарын құлшына сермеп, шарқ ұрып алысқа самғады. Алайда оның алып ұшқан көңілі көп өтпей су сепкендей басыла берді. 

Олақ ағашшы шапқан шадыр ерден арқа-басының сау тамтығы қалмай шұрқ-шұрқ тесілген барымтаның күтімсіз көлігіндей, айғақ-сайғағы шыға кетеуі кетіп, мейлінше жадап-жүдеген жаралы даланың құс-киігі сиреген, орман-тоғайы күйреген жүдеу жүзін көргенде, өзегі у құйғандай күйіп-жанып, өртеніп сала берді. 

Көп өтпей ол мұндай зардаптың тек жер бетінде ғана емес, өз бойында да бар екенін анық аңғарды. Ұзақ жылдық тұғырға маталған тұтқындық өмір болаттай берік қос топшысының төзімділігін кемейтіп, желге жанып жетілетін, ұша-ұша бекінетін қанат-құйрық қауырсындарының ұлы денені емін-еркін меңгеру қуатын әжептәуір әлсіретіп алғанын ол өкінішпен сезіне бастады. Десе де, бұрынғыға қарағанда мейлінше күшейіп, әбден жетілген тегеурін-шеңгелдері мен қарулы жіліншіктері оның жас үміті мен жаңа сеніміне үлкен медеу болды. 

Сөйтіп, «әттеген-айлаған» өкінішті сезіммен өзіне қадала қарап тұрған саятшының үлкен ұлының сұқты көз, суық қарағанынан тезірек құтылу үшін қанаттарын құлшына сермеп, өзіне тән сайын сақараның шалқар кеңістігінде еркін самғай жөнелді.

Қиял мен елестей ойламаған жерден басына қайта оралған бақытына сенер-сенбес күйде әрі қобалжи, әрі таңырқай шаттанып, зеңгір көктің төсінде өзін-өзі барлап, кең де, еркін дүниеге тамсана таңырқай көз жіберіп, секемшіл сақтықпен баяу қалықтап жүрген ол, енді бір сәт барар бағытын бағамдап, беталысын дұрыстап алу үшін бір ауық алыс-жақынды барлап айнала ұшты.

Шырқау биікке көтеріліп алған ол сонау көз ұшындағы аспанмен бой таласып, сағымдана мұнарланған жасыл тауды бетке алып самғай жөнелді. Оның екпінінен жел тұрып, сағым көшті. Төменде жасыл жер, төбеде көк аспан оны қошаметтеп қарсы алғандай құшағын айқара ашты. 

Еркіндік бақыты ереуілдеткен үміт пен сенім күші көкірегіне талайдан бері сілтідей тұнып қалған уайым-қайғы атаулыны қидай сыпырып тазартты. Тұла бойын шексіз күш-қуат кернеген көк тағысы айнадай жарқыраған көгілдір аспан аясында, шұғылалы күннің шүлен шуағы астында қанаттарын құлшына сермеп, жебедей зулап ілгері қарай заулай жөнелді.


Авторы Қырбақ Нұрақынұлы Нұрғали 1962 жылы 15 қазанда ҚХР Құмыл аймағы, Тасбұлақ ауылының Құмсу деген жерінде туған. 1984 жылы «Шұғыла» журналында жарияланған тұңғыш туындысы «Қастық» атты әңгімесімен әдебиет табалдырығын аттаған. 

«Сынық қанат көгершін» повесттер жинағы, «Ақсағым», «Көкжалдың асығы» атты әңгімелер жинағы шыққан. 1998 жылы тұңғыш ҚХР қазақ-қырғыз әдебиетінің  «Дүлдүл» сыйлығын, 2002 жылы ҚХР мемелекеттік аз ұлт әдебиетінің «Тұлпар» әдеби сыйлығының иегері.

Мәдениет порталы

author

Қырбақ Нұрғали

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...