«Астана Опера» балет труппасы отандық хореографияны дамытып, жаңа ұлттық балеттер қоюды...
Танымал актер Сағат Жылгелдиев ақтық сапарға аттанды
Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, театр және кино актері Сағат Жылгелдиев 1954 жылдың 12 желтоқсанында Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Аққыр кеңшарында туған.
1970 жылы орта мектепті бітірген. Оы жылы Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық театрының жанындағы екі жылдық студияға қабылданып, аталған оқу орнын бітірген соңғ 1972-1973 жылдар аралығында туған ауылына барып алғаш еңбекке араласқан.
1974 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияның актерлар дайындайтын бөлімін КСРО-ның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Хадиша Бөкеева мен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әшірбек Сығайдың шеберханасынан бітірген.
1977-1997 жылдар аралығында Талдықорған облыстық драма театрында актер ретінде қызмет атқарған.
Аталмыш өнер ордасының сахнасында көптеген күрделі образдар сомдады: М.Әуезовтің «Қарагөзінде» – Сырым, «Абайда» – Айдар, «Хан Кенеде» – Нысанбай, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясында – Ақан, Б.Майлиннің «Шұғасында» – Әбіш, А.Фадеевтің «Жас гвардияшылар» спектаклінде – Сергей Туленин, Қ.Ысқақтың «Таңғы жаңғырығында» – Бақтығұл, А.Бектің «Волоколам тас жолында» – Бауыржан Момышұлы, Ш.Мұртазаның «Сталинге хат» халықтық драмасында – Т.Рысқұлов, Ш.Айтматовтың «Жәмиласында» –Данияр, Т.Қалилахановтың «Ақын Сарасында» – Біржан сал, В.Шекспирдің «Асауға тұсауында» – Петручио, І.Жансүгіровтің «Исатай-Махамбет» тарихи драмасында – Махамбет, т.б.
1997 жылдан күні бүгінге дейін Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек етті. Осы театрға келген алғашқы жылдары сахналанған қойылымдардағы рольдері: О.Дастановтың «Әзірет Сұлтанында» – Қожа Ахмет бейнесі, С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» лирикалық мұңындағы – Абдолла, Иран-Ғайыптың «Қорқыттың Көрі» аңыз-дастанында – Билеуші бек Қаһан, С.Жүнісовтің «Тұрымтайдай ұл еді...» тарихи драмасында – Оразқұл, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» трагедиясында – Шеге, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясында – Қарабай, т.б.
Сағат Жылгелдиевтің театрда соңғы он шақты жыл ішінде сахналанған қойылымдардағы рольдері: Ш.Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» екі бөлімді драмасында – Аманжолов, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясында – Қоңқай, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясында – Қарабай, Т.Теменовтің «Шығыс сазы» музыкалық хикаясындағы – ертегіші, Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорланы» махаббат-намасында – Естай, М.Әуезовтің «Телғара» (Жас Абай) трагедиясында – Керең, Б.Әлімжановтың «Супер Серкеш» комедиясы мен Б.Есенәлиевтің «Базарың тарқамасын» музыкалық драмасы, С.Мұратбектің «Жусан иісі» драмасында – Байдалы шал, І.Жансүгіровтің «Құлагер» саун-драмасында – Қарт Ақан образдары.
Адал сезімдерін аялай білген қос мұңлық – Естай мен Қорлан жайындағы «Естайдың Қорланы» (авт. Иран-Ғайып, реж. М.Ахманов) махаббат-намасы өмір мен өнерде 50 жылға жуық бірге келе жатқан жарасымды жұп, ҚР еңбек сіңірген артистері – Сағат Жылгелдиев пен Жібек Лебаеваның 60 жасқа толу мерейтойларына орай (18.06.2014 ж.) сахналанды. Естай образын С.Жылгелдиев сомдайтын аталған спектакль 2014 жылы 9-19 қыркүйек аралығында Әзірбайжан Республикасы, Шеки қаласында өткен І Халықаралық театр фестиваліне қатысып келді.
Сағат Жылгелдиевке шығармашылық еңбегінің жемісі ретінде, әр жылдары:
- 1978 жылы Қаз. ССР Мәдениет министрлігі, Қазақстан ЛКЖО-ОК-ті, Қазақстан Театр Қайраткерлері Одағы бірігіп белгілеген ІІІ дәрежелі дипломы мен төсбелгісі берілді;
- 1985 жылы ҚазССР Мемлекеттік комитеті тағайындаған «Телевидение мен радиохабарлар» жүйесі бойынша «Айтыс» жарысының жеңімпазы болғаны үшін, И.Байзақов атындағы құрметті диплом мен төсбелгісі табыс етілді;
- 1995 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі» құрметті атағына;
- 2006 жылы «Ерен еңбегі үшін» медаліне;
- 2020 жылы «Құрмет» орденіне ие болды.
2012 жылы «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының жобасы аясында түсірілген «Әке серті» телехикаясындағы Әке бейнесі – Досымбек; 2014 жылы телекөрерменге ұсынылған «Сырғалым» атты сериалдағы Ұлықбек образы; «Біржан сал» көркем-фильмінде – Сал сері рөлін бейнеледі.
Сондай-ақ, «Шалғайдағы оқиға» телесериалындағы Жылқышы рөлін сомдаған. «72 сағатта үйлену» көркем-фильмінде – Ақсақал, «Келінжан» телехикаясында – Қасым шал рольдерін сомдады.