Дала философиясы тарихында Қорқыт ата– қайраткер, түркі дүниетанымының негізін жасаған ғұ...
Еңбегі ерен Кенжекең
ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші Кенжеғали Мыржықбайдың аты-жөнін Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғандар қатарынан көріп қалдым. Қуандым, шын қуандым. Ойыма мемлекет және қоғам қайраткері, түрколог ғалым Мырзатай аға Жолдасбековтың «Кенжеғалиға «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әншісі» деген атақты мен алдырып бердім. Ал халық әртісін осы күнге дейін неге алмай жүргенін білмеймін...» деген сөзі түсті.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде студенттер тәрбиеcі дұрыс жолға қойылған. Жастардың патриоттық сезімдерін, мәдени-эстетикалық деңгейлерін арттыруға арналған іс-шаралар жиі ұйымдастырылып, тағылымы мол кештер, ел қадірлеген тұлғалармен жүздесулер үздіксіз өткізіліп тұрады. Бұл ретте ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор Кенжеғали Мыржықбаев жетекшілік ететін «Кәусар» мәдени танымдық бірлестігі университетімізде тиімді жұмыс істеп келеді. Еркеғали Рахмадиев, Кәкімбек Салықов, Илья Жақанов, Әкім Тарази, Несіпбек Айт, Серік Тұрғынбек, Исрайыл Сапарбай, Ақұштап Бақтыгереева, Ханбибі Есенғарақызы, Көпен Әмірбек, Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай секілді әдебиет, мәдениет, өнер қайраткерлерімен өткен кездесулер студенттеріміз үшін нағыз рухани байлық дер едім. «Кәусардың» сол жолғы қонағы – Қазақстан мен Қырғызстан республикаларының еңбек сіңірген әртісі, композитор, музыкатанушы, жазушы, суретші Илья Жақанов болды. Пай-пай, шіркін! Қалай ұмытайық, орындалған әндердің барлығы жанды дауыспен шырқалды және композитордың өзі әрбір шырқалған әннің тарихына қатысты әңгімелер айтып отырды.
Сол кеште көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ағамыз сөз алып, былай деген-ді:
«Есіме түсіп тұрғанда Кенжеғали туралы да бір ауыз сөз айтқанды жөн көріп отырмын. 1991 жыл. Мен ол кезде Қазақстан Орталық партия комитетінің идеология бөлімінің меңгерушісімін. Кенжеғалидың жап-жас, дүрілдеп тұрған әнші кезі. Жұмысқа бір жігіт телефон шалды: «Мен Кенжеғали Мыржықбаев деген әнші ініңізбін ғой» дейді. «Қай Кенжеғали, әнші Кенжеғалисың ба?» деймін мен. «Иә» дейді ол. «Бүгін спектаклім бар еді, соған жеңгей екеуіңізді шақырамын, келіп көріп кетсеңіздер» дейді.
Бізде әшейінде билет деген қаптап жататын, қас қылғанда дәл сол күні сол спектакльге билет болмай шықты. Сосын үйге телефон шалып, театрға баратынымызды айттым. Әйтеуір үшінші қатарда орын қалыпты, билет алдық. Отырғанымыз сол еді, спектакль басталып кетті. Ол кезде қызық қой, бірі-біріне «ЦКаның завотделі келіп отыр» деп сыбырлап жатыр. Бір кезде Кенжеғали сахнаға шықты да көзімен мені іздей бастады: сезіп тұрмын, бір кезде тапты. Сол сол екен, шабыттанып кетті.
Спектакль біткен соң Кенжеғалиға барып, шақырғанына рахметімді айттым: «Өте жақсы, қандай өтінішің бар?» дедім. «Аға, мен Ленинград консерваториясының вокал-хор факультетін опера әншісі, концерттік әнші, педагог мамандығы бойынша бітіріп келгеніме он жыл болды, атақ бермейді» деді. «Сен атақ аласың» дедім. Кенжеғалиға «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әншісі» деген атақты мен алдырып бердім. Ал халық әртісін осы күнге дейін неге алмай жүргенін білмеймін...».
Айтайын дегенім бұл емес, Кенжеғали Мыржықбай Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатыр екен. Мырзатай ағаның сөзін сәл-пәл өзгерткім келді: Кенжеғали Мыржықбай Мемлекеттік сыйлықты осы күнге дейін неге алмай жүргенін білмеймін...
Мемсыйлық адаспай, осы жолы иесін тапса екен. Оған Кенжеғали Мыржықбайдың сіңірген еңбектері әбден лайықты һәм әлемді мойындатқан Шыңғыс Айтматов тірі болса, бұған «абдан жақшы» деп қуанар еді!
Балапан БАЗАР