«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталды

Жаңалықтар
862
Елімізде алғаш рет 1200 шақырымдық марафон-бәйге жоспарланған болатын. Бүгін сол айтулы «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталды. Бұл туралы Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев facebook парақшасында жариялады.
Дүбірлі шара жайында министр:
«Ардақты Алаш жұрты!
Бүгін сайын сахараны дүбірге бөлеп, «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталды.
Айтулы аламанға тастүйін жігіттер арғымақтарын елордада ерттеп, түркінің төрі Түркістанды бетке алды.
Өздеріңізге белгілі, халқымыз үшін жылқы жөні бөлек. «Түбіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» дейтін қазақ атамыз тұлпарды ерекше қадірлеген.
Бұған дейін де айтқанымыздай, қазақ даласында, нақты деректерге сүйенсек, ежелгі Ботай қонысында тұлпарды тұңғыш қолға үйретілгені археологиялық қазбалар арқылы дәлелденді. Бүгінде дүниежүзі Алаш баласын арғымақты алғаш ерттеген ел деп таниды.
«Ұлы дала жорығы» жай ғана ат жарысы емес – қазақ халқының салт-дәстүрін жаңғыртатын, рухын оятатын, Қазақстанның бай табиғаты мен тарихын зерделейтін, жаңа туристік маршруттарды қалыптастыратын тың жоба деуімізге болады.
Жігіттеріміз жігерін сынайтын, қазанаттарымыз қажыр-күшін көрсететін марафон-бәйгеге барлығыңызды жанкүйер болуға шақырамын.
Бейнелеп айтсақ, арғымақтарын ауыздықтап, алыс сапарды бетке алған азаматтар тұлпар тұяғымен жаңа тарихты жазады.
Бұл – намыстың додасы, төзім мен жігер, қайрат пен мінез
сынға түсетін аламан!
Марафон-бәйге туралы алғаш хабарлағанымызда  1200 шақырымға төзіп беретін тақым, төтеп беретін тұлпар жоқ деген пікірлер айтылды.
Бірақ, батыр бабаларымыз анау Алтайдан сонау Анадолыға дейінгі аралықты ат үстінде жүріп жаулады. Бүгін тақымдарына тұлпарлары тулаған мықты жігіттер сол баһадүр бабалардың даңқты мұрагерлері ретінде осы додада атқа қонды!
Әрине, 1200 шақырымды он екі күнде өту – оңай сапар емес.  Жігіттерге мықты денсаулық, ең бастысы амандық тілейміз! 
Азаматтардың айбары, қазанаттардың қайраты қайтпасын!
Арғымақтар алқынбай, шын мықтылар жеңіс тұғырынан көрінсін!
Алға, Қазақстан!», - деп жазды.

Жаңалықтар

Түркістан облысы Келес ауданындағы N8 Т.Бегманова атындағы жалпы білім беретін мектебінің өзбек тілі...

Жаңалықтар

Қостанай облысында зауыт жұмысшысы зауыттағы бетон араластырғышқа құлап, қайтыс болды, деп хабарла...