Кешқұрым.Вокзал басы.Анда-санда оңды-солға жүйткіген жүк поездарының арсы-гүрсі жүрісі қара жерді со...
Ержан Алаштуған. Үш қанат
1726
Топтама
I. БІРІНШІ ҚАНАТ: ПЕРІШТЕ
Марина Цветаева
Баршаға арман бас тартып қанша амалдан,
қанатын да қаға алмай... шаршағаннан
құлайды екен Періште, жылайды екен...
Адамдық аңсағаннан!
Сұрайды екен одан да: «Күнәң не?» - деп.
Құран дерек береді бұдан бөлек...
Сүрінгенде Періште, түңілгенде,
құл бар ма қылар көмек?!
Пәкизат қой, пендеден адал құшақ
аңсап жүрген, жанға ерек алаңды сап
сүйеді екен Періште, күйеді екен
Ақынша... Адам құсап!
Өзіміздей... сәуірді қаңтар көміп,
тарпаң көріп тағдыры, арқан керіп
өтеді екен, Періште кетеді екен...
Өмірден... Аң-таң болып!
Таңырқамай, сырлассын таңда түрлі,
жабырқамай, бірге ассын қарға түнді...
Жыр оқысын жәннатта Ридуанға...
Жібердік... Арда Ақынды!
II. ЕКІНШІ ҚАНАТ: ҚҰСТАР
«Шығарып бір құс салады мені...»
Юнна Мориц
Кеңдігі – кем даланың, қала – тордай,
Үт қадірін Ұзақтай ұғатын кем...
Көп ішінде кемеңгер — Қараторғай,
тілдескен тірі ақынмен!
Сол Алматың... Меңіреу, мұңды ауылдай,
Сұңқылдаққа серік қып Сыбырлақты,
Шырғанаққа іліккен Қырғауылдай
бір тепті... бүгін бақты!
Ғазиз еді-ау Қарғаң да, Құзғының да.
Бәбісек жоқ, базары тарап кеткен...
Шымшықтайын шырылдар біз ғұмырға
Қыран тұр.., қарап... Көктен!
Тізбегіне Тырнаның түстің бе тек?!
(Өмір қалды Өлеңнің өрнегінде...);
Секектеген сәуірде, міскін – Көкек,
Сен де оны... Көрмедің бе?!
III. ҮШІНШІ ҚАНАТ: Phoenix
«Феникс – птица счастья, но, права
на это счастье – птичьи».
Евгений Ханкин
«Ты должен сжечь себя в своём пламени.
Как иначе хотел бы ты обновиться,
не обратившись снова в пепел?!»
Фридрих Ницше
Білмеймін, бақтың бағасы
осындай ма еді?!
Бұл ой бермейді-ау
тіліме тыным:
Бір құс бар дейді
тірілетұғын...
Қайта алар ма екен
тосылмай кері,
Қиса егер досындай көгі?!
Ол қасқалдақтың қанындай
дара ақын-ды,
Рух еркіндігін
ұшқанда-ақ ұстар!
Біз түгілі, оған
құстар да құштар...
Қайтсем екен қайғырған
қара түнді,
Қайырылған қанатымды?!
Жан шуағыңа жаңғырған
бөленді ме ай?!
Құс Жолынан жұлдыз
жұлып көрерсің...
Күн туса-ақ, кері
күліп келерсің,
Жетімсіремесінші
Өлең бұлай,
Не дейсіз..,
ШЕБЕР ҚҰДАЙ?!