Алматылықтар бүгін сағат 10.00-де жер сілкінісін сезді, - деп хабарлады madeniportal.kz Dalanews.kz...
Өңірлер көрмесі – елордада
Ұлттық музейде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен елорданың 20 жылдық тойы аясында «Өткенді еске алу – болашаққа жол» атты өңірлер мұражайларының көшпелі көрмесі ашылды. Салтанатты көрменің ашылуында қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев маңызды шараның мазмұнына тоқталып өтті.
– Бүгінгі көрме елорданың 20 жылдық мерекесі аясында өтететін шаралардың ең салмақтысы болу керек. Өйткені жұртшылық өңірлердегі мұражайда сақталған халқымыздың ғажайып жәдігерлерін тамашалайды. Мұның тағы бір жақсылығы бар. Аймақтарда болып жатқан өнер саласындағы шығармашылық ізденістер, рухани серпілістер осындай алаңдарда танылады. Сондықтан осы айтулы дүниені өткізуге қолдау көрсеткен барлық ұжымға алғысымды білдіремін, – деді әкім орынбасары. Одан кейін сөзді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев алып, жиналғандарды қуанышты күнмен құттықтап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттық брендімізге айналғандығын айтып, жыл аяғына дейін осындай көрмелердің бірнешеуі өтетіндігін жеткізді.
Шара барысында Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы елордалықтарға Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған «Ұлтын сүйген ұлы жүрек» атты көрмесін ұйымдастырды. Онда ардақты азаматтың отбасылық суреттері, құжаттары, тұтынған заттары қойылды. Әсіресе, бізді ақынның жайнамазы мен 1923 жылы шыққан «Избранное» кітабы қызықтырды. Ақмола облысының музейлерлерінен шараға 150 жәдігер әкелген. Оның ішінде Ерейментаудан табылған балбал тастан бастап, 50-ге жуық этнографиялық бұйымдар бар. Олардың арасынан атақты ақын, сері Иманжүсіптің бесатары көзімізге жылы ұшырады. Сондай-ақ, сол аймаққа танымал оқымысты Мұсабай Зілқараұлының шағатай тілінде жазылған жинағы, 1902 жылы Қазанда басылған «Хисаятул» жыр кітабы, Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикмет» қолжазбасының түпнұсқасы секілді көне мұралар сөреден орын алған. Ал кенді өлкеліктер жергілікті фотограф Дмитрий Ругис түсірген Ұлытаудың ғажайып табиғатын бейнелейтін 35 картинаны жұртшылыққа ұсынды.
Халқымыздың бай тарихы мен мәдениетін дәріптеу мақсатында қолға алынған жобаны бас қаланың Есіл ауданының әкімдігі ұйымдастырды. Шара аясында елордаға аймақтардың отыздан астам музейлері көш тартып келмек. Алғашқы ізашарды Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облысынан келген мұражайлар бастады.
Қысқасы, үш облыстың тарихи экспонаттарға бай көрмесі 10 маусымға дейін жалғасады. Одан кейінгі көшті Павлодар облысының мұражайлары жалғастырады.