Белгілі актер CANNES FILM AWARDS фестивалінің «Үздік Азия актері» номинациясын жеңіп алд...
Серік Нұғыман. Қытайдағы қазақ киносы
Серік Нұғыман
Қытай қазақтарының киносы дегенде, салған жерден басын ашып алатын нәрсе – қытайдығы қазақтарда бұрын-соңды өздері құрған немесе мемлекет тарапынан құрып берген киностудиясы болған емес. Тек қытай үкіметі қытай коммунистік партиясының «қамқорлығын сездіру» мақсатында 50-60- жылдарда өздері жарымай отырса да, аузынан жырып (қаражат жағын айтам), қазақтарға бірді-екілі кино түсіріп беріпті. Ол кезде жаңа құрылып жатқан өзі жарлы мемлекетте «бауырының жылуын» одан көбірек өткізудің мүмкіндігі болмаса керек. Әйтпесе, аянып қалмас еді.
1956 жылы құрылғанмен, өндірісін 1958 жылы жолға қойып, алғашқы өнімдерін 1959 жылға келгенде ғана көре алған «Тәңіртау киностудиясы» толық жұмыс істей бастағанда да жағдай аса оңала қоймапты. Олай деуімізге себеп, бұл студия Шыңжаңдағы, арасында қазақ та бар, жан саны аз, ұсақ ұлттардың (әрине, ұйғырдікі алдыңғы планда) киноларын жасауға арналған тұңғыш студия болатын. Қарық қылғаны шамалы бопты. Тағдыр жазып, жарық дүниеге келген туындыларының сапасы, тіпті, сын көтермейді. Бұл ретте өзгеге ренжіп те керегі жоқ па дейсің. Өзіңнен шықпаған соң (кадр жағын айтам да), шыққанда да есі түзу біреу болмаған соң, бәрі бекер екен... жат жаттығын жасамай қоймапты. Қанша жерден ниеті түзу, ынтасы ыстық, белсенділігі жоғары дегенмен, өзге ұлтты тану, өзгеше өмірін түсіну деген ойыншық емес қой, ылғи да межеге жетпей жығылып отырыпты. Далаға кеткен қайран ақша! Ал жұмыс белгілі бір деңгейде әлгі ұлттың руханиятына қатысты болса, әңгіме тіптен басқаша болып өрілетін сияқты. Еш болған қайран еңбек! Болары әлдеқашан болып қойған істі қырық жылдан соң қайта қоқсытқанмен, шығар пайда болмас-ау, тегі, босқа таусылмай, енді бастапқы әңгімемізге оралайық.
Қытайдағы қазақтардың киносы дегенде, басын ашып алар тағы бір маңызды түйін бар. Қазақ өмірінен түсірілген кино, басқа ешбір жағынан (мысалы, сценарий, режиссер, оператор дегендей) қазаққа еш қатысы болмаса да, қазақ киносы болып есептеле ме? Тек актерлер қауымы оның ұлттық сипатын толыққанды айқындай ала ма? Ойлану керек. Айтайын дегенім, қытайдағы қазақтар өмірінен түсірілген фильмдердің ішінде, әрине, кейінгі бір-екі қытай тілінде жазатын қазақ қаламгерлердің араласқанын есептемегенде, тек 1953-54 жылдары түсірілген «Қасен-Жәмила» киносы ғана актерлерімен ғана емес, сценерийімен де қазақпен тығыз қатысты болыпты. Оны сол кездегі қытайдағы қазақтардың санаулы аға жазушыларының бірі болған Бұқара Тышқанбаев жазыпты. Ол кісі сол кезде Шыңжаңның мәдениет министрі болып жұмыс істеп жүрсе керек. Қытайдағы қазақтар арасында тұңғыш сценарийді қалай қолға алғанын айтпас бұрын, әуелі бұл күнде есімі сәл көмескі тартқан қарымды қаламгердің өмірбаянына шамалы тоқтала кеткен жөн.
«Қасен – Жәмила» киносынан
«Бұқара Тышқанбаев 1920 жылы 12 сәуірде Жәркент уезіне қарасты «Тоғызбұлақ» ауылында (қазіргі Алматы облысы, Ұйғыр ауданы) дүниеге келген. Үркіншілік жылдары үйімен бірге арғы бетке өткен жас талап әуелі Құлжа қаласындағы татар мектебінде, кейін Үрімжідегі мұғалімдер даярлайтын жоғары курста оқыған, ұстаздық еткен. 1940 жылы оның алғашқы өлең, әңгімелері, мақалалары «Шыңжаң», «Төңкерістік Шығыс Түркістан», «Алға» газеті мен «Шұғыла» журналында жарық көре бастайды. Мәдениет және әдебиет салаларында жауапты қызметтер атқарады. Шыңжаң Жазушылар одағын құру ісіне атсалысады. Оның хатшыларының бірі болып сайланады. Еңбектері ұйғыр, қытай тілдеріне де аударылып, Үрімжіде, Пекинде шығарылған жинақтарға, оқулықтарға енгізілген. «Құлжа» (1945) және «Халық күші» (1952) пьесалары өлке сахнасында қойылады. 1953 жылы «Шаңхай киностудиясы» түсірген «Қасен – Жәмила» кинофильмінің сценарийін жазады.
1962 жылы отбасымен туған Отанына қайта оралып, Алматы қаласына келіп тұрақтайды. 1964 жылы «Азамат» атты повесі жарық көреді. Қазақ телевизиясының әдебиет редакциясында істей жүріп, «Келін» атты пьеса және «Лау» деген повесть жазып, үзінділерін мерзімді баспасөзге ұсынады. Жазушы Ж.Жұмахановпен бірлесіп жазған «Махаббат пен мансап» пьесасы Семейдің Абай атындағы облыстық драма театрында қойылған.
Ұйғыр жазушысы З.Сәмәди, М.Зұлпыхаров еңбектерін қазақ тіліне тәржімалады. З.Сәмәдидің «Бір тал папирос» повесі мен «Майымхан» романын аударды. Таңжарық Жолдыұлының еңбектерін «Арман-тау» деген атпен жинақ етіп бастырды. «Жыр – бесік» деген өз өлеңдер жинағы да шыққан.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған».
Бұл – Бұқара Тышқанбаев туралы көпке белгілі деректер. Қараңыз: «Қазақша ашық энциклопедия» және «Қазақстан жазушылар одағы» одақ мүшелері анықтамалығы».
Енді аяңдап, Б.Тышқанбаевтың «Қасен – Жәмиланы» қалай жазғанына келейік. Бұл жайында да қолымызда нақты дәйектер бар. Әуелі соған кезек берейік.
«1952 жылы Ұлттар өнер үйірмесіндегі қазақ бөліміне кинорежиссер болып У Йұңгаң, сазгер болып Шүй Хысәй келді. Олар Шыңжаңдағы жоғары оқу орындарындағы студенттер мен Үрімжі, Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарында тұратын қазақтарды аралап, олардың өмірімен танысты. Актерлікке бейімі барлардың аты-жөнін, мекен-жайын жазып алып, артынан Үрімжіге шақырып, үш айлық актерлік курс ашты. Үрімжіден жазушы-драматург Қаусылхан Қозыбайұлы, әйелдер қоғамынан Тұрар апай, мәдениет бөлімінен Әубәкір, Дайырбек, Мұқатай, домбырашы Тұрдыхан, әйелдер бөлімінен хансуша аудармашы Фәрида Шәріпқызы, әскери мектептен Иген Күрішбаев, «Іле» газетінен тілші Зекен Мейірман, советтік экспедиция құрамында болған, орыс-хансу тілінен аудармашы, сырнайшы-сазгер Бақытжан Әділжанұлы Құрманғалиев, Тарбағатайдың Шәуешек қаласынан Әйтікен Қозыбаев, әнші Зейнеп Хабайба, Толы ауданының салық жинау мекемесінен Айтжан Жазықбаев, әнші-биші Күлшән, мұғалім-сазгер Мәлік Шипан, халық ақыны Кәсімбай, қырғыз әнші-жыршысы Баяқын Әлімбекұлы, Алтайдан күйші Тайыр Белгібаев, әнші Камал Ішікбаева Қыдыркеліні, музыкант-сазгер Масғұт Тәтен, Сыламхан Әлімбеков, биші Айниса Өтемісова, сырнайшы-сазгер Бәтима Қызданаева, Мәруан бәріміз осы киноактерлік курсқа қабылданып, бірге оқыдық.
Актерліктен режиссер У Йұнгаң, әдебиеттен Бұқара Тышқанбаев дәріс берді. Шығарманы талқылаудан кейін режиссер: «Киноның бар жайын ұғып, туындының әр сөзін, әрекет-оқиғасын зерттеңдер. Кім қандай рөлді ойнай алатыны туралы дәлелдеріңді жазып тапсырыңдар. Оны бір-біріңе көрсетпейсіңдер, айтпайсыңдар. Сол бойынша рөл бөлінеді», - деді.
Мен бас кейіпкер Хасенді ойнай алатынымды жаздым. Жылқы жайын білетінімді дәлелдеп, «Жылқышы жыры», «Асау үйрету», «Бие бау», «Ұры тіс» деген өлеңдерімнің газетке жарияланғанын қосып, одан сыйлық алғанымды жаздым. Мылтық ату, шалма тастап, құрық салатынымды түгел тізіп, осыған сай Хасен рөлін толығымен ойнай алатынымды жазып бердім. Режиссер мен автор мені Хасен рөліне белгілесе де, Үрімжі халық үкіметіндегілер: «Ол байдың баласы, табы жат» деп мені қолдамапты. Содан режиссер мен автор Шыңжаң компартиясының бірінші хатшысы Уаң Жынға барып айтып, менің Хасен бейнесінде ойнауыма қамқорлық жасаған.
...1953 жылы сәуір айында Үрімжінің актерлік жайлауында (түсіру алаңы) киноның сыртқы көрінісі түсіріліп, тамыз айында Шаңхайға барып, ішкі көріністері түсірілді. Сөйтіп кино түсіру жұмысы сәтімен аяқталды. 1954 жылы наурыздың ортасында Пекиннің қабылдауынан өткен «Хасен – Жәмила» фильмі Шаңхайдағы он екі мың орындық кинотаетрда үш рет қойылды. 1954-1955 жылдардан бастап фильм шетелдерде сатылып алынып, көрсетіле бастады».
Бұл, айқандарынан аңдалып тұрғандай, кинодағы бас рөлдердің бірі – Хасеннің бейнесін жасаған Абылай Түгелбаевтың 2007 жылы «Үш қиян» баспасынан шыққан «Өмір естеліктері» деген кітабында «Хасен – Жәмила» киносының түсірілуі жайында жазған естеліктері. Бұл туралы бұдан ары айтып жату артық білдік. Енді Абылай Түгелбаев кім еді деген сұрақ тууы мүмкін. Соған қысқаша тоқтала кетейік. Есімі бұрыннан құлағымызда жүргенімен, анығын әлгінде аталған кітаптан білдік, ол кісі 1933 жылы Іле аймағының қазіргі Қорғас өңірінде (бұрыс Сүйдің аталған) туған азамат екен. Жастайынан өнерлі ортада өскендіктен, өнерге бейім болыпты. Талабы таудай талапкер кейін тәлейі жанып, Пекиндегі «Ұлттар институтында» аударма мамандығы бойынша оқыпты. Сонда жүргенде, сәті түсіп, қытай халқының әйлігі оқымыстысы Гоморомен кездесіп, Абай өлеңдерінің аудармасы жайында тілдескен. 1950 жылдардың соңына қарай Советтік Қазақстанға келіп, арасында таетр да бар, түрлі салаларда еңбек еткен. Өмірінің соңында «Ықылас» атындағы республикалық саз аспаптар мұражайында аға ғылыми қызметкер болып міндет атқарыпты.
«Хасен – Жәмила» фильміндегі Жәмиланың рөлін КСРО халық әртісі Фәрида Шәріпова ойнаған. Аса көрнекті өнер шеберінің сахнадағы жолы сол арғы бетте жүргенде-ақ басталып кетіпті. Бұл туралы Абылай Түгелбаев естелік кітабында актерлік курсқа талданғандар қатарында «әйелдер бөлімінен хансуша аудармашы Фәрида Шәріпқызы болды» деп жазады. Шынымен де, ол кезде Фәрида апамыз Шыңжаң халық үкіметі құрамындағы әйелдер бөлімінде хансу тілінен аудармашы болып жұмыс істепті. 1936 жылы Шәуешек қаласында дүниеге келіпті. Кейін, 1955 жылы елге келген соң талантты жан үлкен ортада ойдағыдай өсіп-жетіледі. Ел білетін аса биік деңгейге көтеріледі. Бұл туралы бұдан ары айтудың қажеті шамалы. Бізсіз де ел жақсы біледі.
Енді бір-ер сөз киноның режиссері туралы: У Йұңгаң есімді бұл қытай кісі 1907 жылы Шаңхай қаласында туыпты. Бірақ түрлі себептерге байланысты Хынан өлкесінде өскен. 1925 жылы әкесінің өсиетіне опасыздық жасап, өзінің бала кезгі арманының жетегінде кино серіктігіне жұмысқа тұрыпты. Сөйтіп, тірі кескінге түсіру саласындағы өмір жолы басталап жүре беріпті. Өмірінде отыздан астам кино түсірген. Солардың жуан ортасында «Хасен – Жәмила» да бар. Әрине, ол Фәрида Шәріпованың кейін кім болғанын білген жоқ. Білгенде, өзінің кезінде қандай үлкен таңдау жасағанын сезіп, бір жасап қалар еді. Бәлкім, 1982 жылы емес, одан кейінірік дүние салар ма еді, кім білсін?
«Хасен – Жәмила» махаббат тақырыбын арқау еткен кино болғанымен, саяси түсі қою. Хасен есімді кедей жігіт дүниеқоңыздау шаруа қызына ғашық болады. Қыздың аты – Жәмила. Екеуі көңілдері жарасып, кешікпей сөз байласады. Бір реткі жиын-тойда көзі түскен сол ауылдағы тағы бір байдың баласы қызды тоқалдыққа айттырып алмақ болады. Дүниеге жақын қыз әкесі бұл ұсынысты теріс көрмейді. Бай баласына бермек болады. Не істерлерін білмей, тұйықта қалған қос ғашық шарасыздан шарқ ұрып, тауға қашады. Біраз уақыт сондағы бір жарлы шаруаның қолында тұрады. Көп өтпей гоминдаң әскерін бастаған бай баласының қуғыншысы келіп, екеуін қолға түсіреді. Аттандатқан жау емес, қайдағы бір сай сағалаған ғашықтарды қуғындаған қарулы сарбаздардың өз есебі бар болатын. Олар осы болмашы іс арқылы Жүніс байдың сеніміне кіріп, өңірдегі өз ықпалдарын нығайтпақ еді. Қайтар жолда Хасен мен Жәмила ебін тауып, жау қолынан сытылып шығады. Олжаға алған бір мылтық иықтарында кетеді. Қайта барып тау аңғарына бекініп, сонда аң аулып күн кешеді. Қысқа қарай Жәмиланың өтініші бойынша ел шетіне жақындап қонады. Өздерінің жұрт арасына аңыз боп тарап кеткендерін сонда ғана құлақтары шалады. Айы-күні толған бір күні жас келіншек босанады. Балаға Махаббат деп ат қояды. Сол кезде қырсық қайта шалады – жер-көкті тіміскілеп жүрген Жүніс байдың шабарманы Дадай тау арасындағы лашықты түтінінен байқап, тауып алады. Екеуін байлап, сәбиілерін далаға тастап, әкеп түрмеге қамайды. Түрмеде талайдан бері тұтқында отырған төңкерісшілер бар еді. Солармен бірлесіп бір күні сыртқа қашып шығады. Жолда «Үш аймақ ұлттық армиясымен» кездеседі. Армиядағы бала кезгі таныстарымен жолыққан Хасен әскер қатарына өтеді. Осы арада үстеп айта кететін бір жай, кішкене бір эпизот арқылы кино «Үш аймақ» өкілдерінің Бейжіңге кеткенін, соғыстың уақытша тоқтап тұрғанын, оның себебі – «азаттық армияның» Шыңжаңға кіруін күтіп отырғандарын айтады. Фильмнің кейін қойылмай кеткенінің бір сыры осы болса керек. Шынайы тарихи жағдай айнымай дәл берілген. Бұл кезде Жәмила жау қолында еді. Арада көп өтпей Хасен ауылын азат ету шайқасына қатысады. Жәмиламен сонда кездесіп, екеуі бірге Дадайды өлтіріп, балаларының кегін алады.
Мазмұнындағы айтарлықтай қызылдықты, таптық элементтерді есепке алмағанда, кино жақсы түсірілген. Обалы кәне, режиссер қазақ өмірін жақсы зерттеген және оны ретіне қарай ұтымды пайдаланған. Қазақ жерінің табиғат көріністері де тамаша берілген. Артық емес, кем де емес, дәл орнында. Соңғы кезде Қытайдағы қазақтардың киносында шаң берген мазмұндағы әлсіздікті табиғат көріністері арқылы бүркегісі келетін бір ұнамсыз нысаймен салыстырғанда әлдеқайда қалыпты нәрсе.
Актерлік ойындар да жаман емес. Кино түсіруге алғаш рет қатысып отырғандарына қарамай, әрбір актер өзіне міндеттелген кейіпкерлерді кісі қызығарлық деңгейде сомдап шыққан. Табиғи және нанымды. Демек, рөлдегі адамдар дұрыс таңдалған деген сөз. Осы көрегендігі үшін ғана өзге ұлт режиссеріне алғыс айтуға болатын сияқты. Еңбек жемісінің нәтижесі қайда алып келгені белгілі. Сол кезде Фәрида апамыз Жәмила рөліне таңдалмай қалса, не болар еді дегенді қазір ойлаудың өзі қорқынышты. Кейінгі өнер жолының қалай өрілгені өз алдына, даңқты апамыздың өнер әлеміндегі сол тұңғыш қадамының сәтті болуы оның ары қарай жалғасуына оңды әсер еткенінде күмән жоқ. Ұлы сапарлар қашанда алғаш тасталған дұрыс қадамдар басталады емес пе!
Енді сөз етпек екінші киномызға келейік. Бұл алдынғыдан сәл өзгешелеу еңбек. Тек актерлері ғана қазақ демесеңіз, сценарий, режиссура, сазгер түгелімен ұлты қытай азаматтардың қолынан өткен. Аты – «Тиян Шән қызыл гүлі». Жер атының қытайша аталуы көңілдеріне қонбаған болса керек, жергілікті жұрт қысқартып «Айгүл мен Асқар» деп атайды.
Кинода қазақ әуендері көптеп пайдаланылған. Бірақ, дәуір рухына сай шамалы қызылдау қылып өңделген. 1964 жылы түсіріліпті. Соның алдында ғана (1959 жылы) жүргізілген саяси науқан – коммуналасуды басты тақырып етіп алады және оны бар дауысымен асқақтата жырлайды. Бас кейіпкер – Айгүл есімді жас келіншек. Оқыған, көзі ашық, жігерлі жас әйел жаңа құрылған мал шаруашылығы фермасына көпшілік дауыспен басшы болып сайланады. Бұл жағдай кешегі кедей баласы, бүгінде сәл дандайсыған Асқар атты күйеуінің көңілінен шықпайды. Күндіз-түні үй көрмей, түзде жүретін әйелді қай еркек жақсы көрсін, іштей қарсы болады. Оның осы пиғылын байқаған Қасым есімді малдәрігері өзінің теріс ойына пайдаланып қалғысы келеді. Өйткені, ол келмеске кеткен өткен күнін аңсайтын табы жат бай баласы болатын.
Ептілікпен жүргізген жымысқы әрекеті жеміссіз болмайды. Аңғал Асқарды шырғалап жүріп қолға түсіріп, келіншегіне айдап салады – жұмыстан бас тартуын талап еттіріп, отбасында әурешілік тудырады. Бұл жай Айгүлдің еркін жұмыс істеуіне кедергі болады. Бірақ табанды, партияға адал, отбасына қамқор қажырлы келіншек түрлі тосқауылдарға қарамай, ақыры бәрін жеңіп шығады. Күндер өте келе күйеуінің қателескенін өзіне дәлелдеп береді және қараниет Қасымды қылмыс үстінде ұстап, сазайын тартқызады. Сөйтіп, соңғы талассыз жеңіске қол жеткізеді.
Киноның оқиғалары шымыр, кейіпкерлер мінезі нанымды. Бір сөзбен айтқанда, бас-аяғы балғадай болып шыққан, тартымды дүние. Қояр кінә – қызылдығы. Бірақ, уақыт ауанынен есептегенде одан аман қалу да мүмкін емес еді. Өзінен он жыл бұрын түсірілген «Хасен – Жәмила» фильмінен басты артықшылығы – түрлі түстілігі. Кең формата. Сондықтан да болар, табиғат көріністері керемет көз тартады.
Актерлер ойыны жоғары деңгейде. Өте-мөте Айгүл бейнесін сомдаған Фатиха Мәлікқызы әуесқой әртіс екеніне қарамай, шын шебердің үлгісін көрсеткен. Бас кейіпкерді барша көңілден шыққандай етіп орындап шыққан. Сол ізденісінің жемісі болар, ол кісі кейін де экраннан түскен жоқ. Қазаққа қатысты барлық киноларда рөл алып, 70-тен асқан бүгінгі жасында да шаршамай, түрлі көркем бейнелерді сомдап жүр. Өмірбаян деректерінде ол кісінің 1944 жылы Үрімжі қаласында туғаны айтылады.
Ал Асқар бейнесін қытай қазақтарына белгілі киноактер Мүтәліп Әбдірахманұлы ойнаған. Оған дейін әнші ретінде белгілі болған өнерпаздың содан кейін жаңа бір тынысы ашылғандай. Ол кісі де экраннан түспейтін өнерпаз болған. Кейінгі жылдардағы қазаққа қатысы бар деген кинолардың бәріне қатысыпты. Жасаған бейнелері, әрине, түрлі деңгейде. Кәсіби әртіс болмағандықтан болар, бірде жоғары, бірде төмен. Рас, ұмытып барады екенбіз, Мүтәліп ағамыз 1934 жылы Іленің Құлжа ауданында өмір есігін ашыпты.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл киноны да ішкі Қытайдан келген киногерлер түсірген. Нақтап айтқанда «Бейжің киностудиясы» мен «Ши ан киностудиясы» тізе қосып, бірлесе қимылдаған. Режиссер үшеу. Ал сценарийін өнер әлемінде оған дейін де, одан кейінде белгісіз боп қалған Оу Лин деген адам жазыпты. Жынысы – әйел. Есімі сәл тосындау, бүркеншік ат болуы да ықтимал. Бір анығы, қазақ даласында 25 жыл тұрыпты. Жұмысына соның үлкен септігі тигені байқалады. Сценарий айта қаларлықтай жақсы жазылған. Қазақ өміріне, ұлттық тұрмысқа жетік екені жер түбінен менмұндалап тұр. Экранға қарап отырып, егер автордың аты-жөні жазылмаса, қазақ қаламгер жазды деп қалғандайсың.
Менің пікірімше, қазаққа қатысты картиналардың ішінде ерте кезде түсірілгеніне қарамастан, осы екі кино бәрінен оқ бойы озық тұр. Тұңғыш туынды болғандықтан ғана емес, белгілі бір деңгейде көп көңілінен шыққан сапасымен де. Олардың бізге бергені осы ғана десек, қателескен болар едік, соған қоса, қазақ қанды адамдардың кино ойнай алатынын дәлелдеген зор табысымен де есте қалары даусыз. Олар сонысымен де құнды. Біздің ойымызша, бұл – үлкен нәтиже. Осы екі кино арқылы қаншама адам өнер жолына түсті. Олардың кімдер екенін, қай қияға шыққанын жоғарыда айттық, қайталасақ, артық болады. Осы киноларды көріп жүріп қаншама қазақ баласы өнерге ғашық болды, ал өнерде жүргендерінің шеберлігі қалай шыңдала түсті... кім біліпті! Бір Құдайдың өзі ғана білетін жұмбақ. Қалай болғанда да, зияны болмағаны анық.
Міне, біздің екі-үш буынның бала кезінің көзіндей болған осы бір естен кетпес киноларға көп жылдардан соң қайта айналып соғып, бүгінгі ұрпақ өкілдеріне таусыла таныстырып отырғанмыздың мәні. Ал қалған фильмдер туралы әңгіме кейін... сәті түскенде.
Мәдениет порталы