Заида Елғондинова, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «...
Алаш Кеңшілікұлы. Орысқа асқан кертөбел
Әңгіме
Туған жердің жыланы, Шырылдартып шақ мені...
Жәркен Бөдешұлы
Бұл өлкедегі малшылардың көрмегені жоқ ғой. Туада тағдыр маңдайларына «Бейнет»деп жазып қойғандай. Социализим дәуірінде баққан малдарын өздері сойып жеп, сауып сүтін іше алмаған. Өкіметтің көп алман-салығы діңкелерін құртып,таусылмас шексіз жоспарын орындау үшін талай ақтүтек борандарда күні бойы мал соңында болып келіп,қатқан нанды қажалап, бір шыны қара суды алғау қылып,жыртық қоста бүрсең қағып отырар еді. Хан сарайындай шатырлы үйлерді орталықтағы мектеп ғимараттарынан ғана көретін.Көбінің басқалқасы көлденең қаланған төртқұлақты дөңбек үйлер. Үйдің сыртын әктемек түгіл, саз балшықпен толықтай сыламайтұғын.
Су құйып илегенде күрекке жабысатын сарыбатпақты баданадай қылып алақандарымен ұстаған қалпы екі дөңбек арасындағы ұрадай тесіктерге былш еткізіп ұрып өтетін-ді. Жан жағы төрт шаршыдан аспайтын жатаған үйлері өздеріне алты қанат ақ ордадай сезіледі. Үйдің дәл ортасына абажадай болып орналасқан,қаңылтыр темірден соғылған қара пеш,қи тезектің жылымығын шашып,кәрі құртаңдары қолдан тігілген оюлы сырмақты қабаттай салғызып пеш түбінде қорылға басатын. Ақшам мен шам аралығы ғасырға бергісіз, тым ұзақ, іңір өтпейтін.Жарық үшін жаққан білте шамдары жалпылдап,қолдан еріткен тоңмайлары таусылып қала береді. Орыстан келетін майшамды қолы жеткен жылпостары ғана керектенетін.
Атаңа нәлет сонау алмағайып жылдары нақақтан «халық жауы» аталып, қызыл қан аққан Қызылтауда тірідей көмілген аталарының сүгіреті мен тәбәрік дүниелерін тау тастың қуысына тығып қойып, Ленин мен Сүхэбатырдың суреттері басылған газеттің сары парақтарын қолдарына ұстап, әрбір сөздерін құрандай жаттап «күн көсем» жасасын деп ұрандатқан кездер естерінен шықпайды. Мың өліп,мың тірілген қазақ баласы ғой, көніп келеді,төзіп келеді. Сөйте тұра сахаралық тұрмыстарын қимайды. Бойларында көшпенділердің қаны бар.
1990 жылдары мал қайтадан малшылардың үлесіне тиіп,бұлт астынан күн шыққандай мамыражай заманға бет бұрғанды. Әр ауылдың қотандағы қойы өсіп,желісіне құлын байлана бастаған.
Шаруасы шалқып,ел қатарлы түлігі түгелдене түскен Қайыртайдың шаңырағына бір сәт бақыт құсы қонған.Адам баласы басына қонған бақыт құсын ұшып кеткен соң бірақ біледі екен-міс ,деген рас па екен әлде?.. Табан ет маңдай терімен келген аз дәулетке шүкірлік етсе де,анау қос-қостан машина мінген көршілеріне қызыға әрі қызғана қарайтын. Ал, көршілері болса Қайыртайдың бәйгенің алдын бермейтін кертөбел жүйрігіндей бір атымыз болса, бақыт құсы басымызға қонар еді-ау, деп қиялдайтын. Кедей бай болсам дейтін, бай құдай болсам дейтін дүние-ай, десеңізші! Сонау қылша мойындарына ілініп тұрған кәллаларының Алланың добы екенін қайдан білсін,бұл қызылқұрт пенделер?
Шөкім нанға зар болған аласапыран,қиямет күндерін естерінен шығарып та үлгерген, малшылар қауымы енді сән салтанаттарын өзгелерден асыру үшін жалған тірліктің басыбайлы құлына айланған.Кейісі басында тинәмдай ми жоқ ойламсыз қолдан жасалған «құлтемір» іспетті апырып-жапырып, жалғанды жалпағынан басып мәңгілік жүреміз деп ойлаған. Оған... шыыыр етіп мынау пәниге келгеннен бастап, Лаухұл-Махфузға жазылған тағдырлары жар берсін бе?! Уақыт-құзғын бір күні көзге шұқитынын қайдан білсін!
Найзаның ұшындай көкке шаншылған сүйір таулардың қойнауына салынған малшылар қыстағы мал малдануларына қолайлы болғанымен Ресей шекеарасына тым таяу маңда орналасқандықтан өзіндік зобалаңдары көп болатын. «Қайырмаса мал кетер, қарамаса қатын кетер» демекші әсіресе Қамбар ата түлігіне жау көп. Жұт-жұбырдан қалған аз малды арықшылық уақытында аю бір жағынан жарып кетер болса, тай-құнандарының таңын қасқыр тартып маза бермейді. Ол аз дегендей түн қараңғылығын пайдаланып Таулы-Алтай қарақшылары жасанып келіп,таң атып ел орнынан тұрғанша үйір-үйір жылқыны айдап әкетуде. Бұл жақтың да кейбір атқамінер пысықайлары «барымта» ретінде арғы беттен мал қуып келетін. Әрине өздері «барымта» деп атағандары болмаса қып-қызыл ұрлыққа жататын бұл әрекеттері.. Қосағаш, Шүй, Ақташ,берісі Қызылман, Төбелер колхоздарының малшыларымен қарым қатынас жасайтын мал ұрылары арысы Горно-Алтай жеріне рұқсат қағазсыз ішкерлей кіріп, Бийскіге дейін шығандап кететін.
Екі жақтың шекеарашылары да сандарын соғып,ұрыларды құрықтай алмай мәтқапыда қалып жүр. Тау биігіндегі шекеара «бағандары» (моңғ) діңгектерінен малдарын асырып жаюға болмайтын қатаң ереже,заң тәртіптері бар.
Өкіметтің заң-ережесіне бағынып малын көзден таса қылмай қайыратын Қайыртайдың жылқысының саны өсіп, дөңгелек дәулет бітіп, өткен бір дәуірдің орны толғандай жалдана түскен. Бұл өңірге әйгілі бай болған молда атасын «эцэргүүге» (моңғ-өкіметке қарсылар) тартып кеткен сонау 1938 жылдар зобалаңы естерінен кетер емес. Бұлар бұған дейін жау тұқымы атанып не көрмеді дейсің? Әкесі бірлестіктің малын боранды күні аман алып қалам деп жүріп,адасып қарлы бұрқасында үсіп өлген. Туа да көргені мал болса да, бұл тірлігіне шүкірлік ететін.Жетім өскендіктен бе, ерте есейіп, ат құлағында ойнап өсті.
Бұл өңір Сібірге жуықтықтан ба, қыс жыланбауырлап жатып алатын. Самарханның көктасы жібігенмен, жон жотаның қойтастары ақ сүлгіге оранған қалпы міз мақпай тұр. Сәуір болмай тәуір болмайтынын білетін малшыларға қыс қылығы жат емес. Бұл жақтың ақсүңгі мұзтаулары қырық күн шілде де ақ сәлдесін шеше қоймайды. Жаулығының ұшымен көзін сүркіштейтін, жанары солғын тартқан қарт әжелердің бейнесін көз алдыңа келтіріп,тау беткейлерінен жыра жылғаны қуалай аққан қар сулары «қыс» дәуренінің аяқталғанын паш ететін. Сол бір «жұмақ» төрінен орын алғанша малшылар талай қияметті басынан кешіріп те үлгеретін.
Кеше кешкісін байғыздың шақырғаны аздай-ақ, бекерде ұлымайтын құтжолдың ұлығанынан іш тартқан. Байғыз ерте шақырса қыс аяғы ұзақ болады деген малшылар әлдебір ырымға сеніп,арты жақсылықпен аяқталғай деп іштей тоба қылатын. Ит ұлыса.... онда тіптен жаман? Мал бастан шығын шығады делінетін.
Көкек мамырға ойысса да күнде ызыңдаған ессіз жел есіріп қырат қырқаның қарын қаққанымен,сай саланы жас баланы сылағандай жылмағайлап тастаған. Жер бетіне қылтиып шыққан жас көкті үскірік соғып үсітіп кеткендіктен көк қуалаған қой ешкінің іші кепелеп жеті жұт енді басталған. Аяғымен қарды теуіп жайылатын жылқы малы ғана өз нәпақасын қар астынан тауып жеп теріскей беттегі тепсеңге тұрақтағанымен ұйқысынан ояанған аю мен ұядағы тірмізіктеріне жем іздеген аш бөрілер құтын қашыруда. Қыс аяғы ұзарған сайын малдан күй кетіп, малшылардан маза қашқан қоңторғай мезет. Ұзақты күнге қой соңынан бір еріп сарпалдаңға түссе,ыққан сыйырды бір қайырып,ит пен құстан, ұры қарыдан сақсынып жылқы малын сан байқастап діңкелері құрып біткен малшыларға «жаз»ұстатпас сағымға айланғандай-тын.
Қайыртайдың отбасындағылар бүгінде әдеттегідей ерте тұрып, мал жайлау қамына кіріскен-ді. Үйелмелі-сүйелмелі екі-үш жасар шиборбай қарадомалақтары да ерте оянып алып, жылы көрпенің ішінде бір-бірін қытықтай күліп тебісіп ойнап жатыр. Балаға ойын керек әрине. Дүние төңкеріліп кетсе де бәрібір ғой бұларға. Оттың жылуы бойларын жылытса,ата-аналарының еркелете еміренуі жандарына шуақ сыйлайды. «Балалы үй базар» деген осы да. Атадан жалғыз болса да, Қайыртайдың көз қуаныштары осы бір бес-алты көбелегі-тұғын.Тірлік үшін тырбанса тек осылар ғана үшін тырбанады да.
«Әке, ат жоқ,таппадым» – деп үйге сөйлей кірген он үш жасар ұлы Айдарға ежірейе қарап: – Сендердей кезімде бір айғыр үйір жылқыны жалғыз баққан едім. Қорадағы атты таппайсыңдар,құр сандалып – деді зілсіз ұрсып. – Әкесі-ау, баланың не жазығы бар? Жыра-жықпылдың бірінде қалып қойып, көрмей кеткен болар. Мал өретін уақыт болды ғой, өзің байқастасайшы! – деп ана мұңлық таңнан сәре ішпей кеткен ұлына ара түсіп жатыр.
Таңға жуық орталықтан мотосы бұзылып зорға қос тапқан Қайыртай ұйқысы шала болса да,шайын асығыс ұрттап орнынан тұрды. Төлдеуліктен бері кереқап теңдеп қойға мінген арық бурылдың ұзай қоятын жөні жоқ еді ғой, әрі екі аяғы өрелі болса,қайда барар дейсің деп іштей бала шалағай қараған шығар деп жорамал жасаған әу баста. Мал десе ішкен асын жерге қоятын Айдар да, бір шыны шайды суытпалай ұрттап, әкесіне ере шыққан. Екеуі бір мотоға мінгесіп, ер жүгендерін ортаға қыстырып тау бөктеріне жол тартты. Қанша дегенмен жазғытұрымғы күн ғой, зәрі сынып, қардың шеті сөгіле бастапты. Енді аз шыдаса, қыста ақырласатындай. Тұрғы сайын дүрбілеп, бурылдың қарасын көрмеген соң іш тарта бастады. Ит құс тиісті деуге, құзғын қарға да жоқ қаптаған айналада. Тепсеңде күнде қозғалмайтын құланың үйірі де көрінбейді. Алабажақ қар үстінен із шалу да мүмкін емес. Мотомен бұнан ары жүре алмайтын болған соң бір белдің астындағы «бөжбе» Тілеудің атын сұрап мінгелі көршісінің үйіне келді.
Бұл күні сай-саланы, түгелдей тінтіп шыққанымен құланың үйірінде, оқшау жүрген ішінде кертөбел жүйрік бар, бес-алты мініс атты да, күнде үй маңынан ұзамайтын арық буырылды да таба алмай торығып жуық маңдағы шекеарашыларға барған көмек сұрап. Ертесінде Тілеу бастаған көршілері көмекке келіп, шекеарашыларды ертіп тау қырқасына жол тартты. Зәуде болса он, он бес шақырым жердегі мұзқұрсанған тау қыратындағы Ресей шекеарасына дейін із шалу. Тау іші салқын.Ауыз жаппай сөйлеп келе жатқан тек бөжбе Тілеу ғана.
– Орыс деп сырттай айтқанымыз болмаса,осы көккөздер көпке бөлінеді екен, – деп көп білетін кісідей әңгімесін тұздықтай бастап, көпшілік назарын өзіне бұрған. – Атам айтып отыратын, ақ орыс деген пәлекетін Тұлба көлде қойша қырғамыз деп. Сонда осылардың қызыл орыс дегендері бізге болысыпты ғой. Өзім шегірейген қараларын да көрдім. Құдай-ай, қолдарындағы қарулары болмаса, шөп сияқты кеупая бос келеді, атқа отырыстары қандай жаман обиып. Екеу-үшеуін бір жігіт аударып кетуге болатындай! Қайыртай іштей мырс еткен. Қара орыс дегені «тілеуіттер» ғой, бұның. Сырттай малшылар «Алтайстар» деп атайтын. Қасат қардың қалыңдау жерлерінен аттары тайғанап, тар шатқалдың кейбір жалғыз аяқ жолдары кезіккенде бірінің артынан бірі шұбырып алаңқайға шыққанша көп жүрді. Енді бес-алты шақырым жол шексе, шекеара бағанына да жетеді. Онан әрі жүруге рұқсат жоқ. Алда «орыс» асуы. Батыстан бір сұмдықтан сыр бергендей ызыңдап жылаңқы жел шыққан. Таудың қағаберіс ойпаңдау жеріне жете бергенде алда келе жатқан шекеарашылардың біреуінің аты жалт беріп үркіп жығып кете жаздады. Жемтікке қонған қарақұстан үріккен екен. Сумаңдап бір жақ шеттен түлкі қашты. Құс шоқыған жылқының өлексесі адамдардың назарын аударды. Ішек қарнын ақтарып, қабырғаларын ырситып кетсе де жарты денесінен жануардың кімдікі екенін ажыратуға болатындай. Ен далада ит құсқа жем болған жылқыны зер сала байқастаған Қайыртай «менікі емес»деп іштей қуанып қалған. Шекеарашылар да Қайыртайдың аты болмағанға қуанып төңіректегі малшылардың біреуінікі ғой, қасқырға жем болған деп жорамал жасап үлгерген. Бөжбе Тілеу сампылдай сөйлеп, жемтікті аударып-төңкеріп қарап жүрген еді, жоқ іздегендер аттарына мініп қозғала бергенде: – Алла сақтасын, мына аттың таңбалығын, ойып, кесіп алыпты ғой. Құлағы да орнында жоқ, – деп көзі шарасынан шығып, жұртты елең еткізді.
Барлығы аттарынан қайталай секіріп түсіп бажайлап байқағандарында, аттың тұрқы тым ірі, арғы беттің «томсық» жылқысы екенін ажыратты. Жануар аяғы мертікті ме екен, әлде, бір түнгі жүрісті көтермей бұрдығып жығылды ма екен, әйтеуір жүруге келмейтін болған соң атып өлтіріп, арғы беттің жылқысы екенін білдірмес үшін таңбалығын ойып, құлағын кесіп әкетіпті.
«Адам емес, хайуандар-ай, мінген атын былай аямағанда кімді аясын?». Қайыртайдың сабыры сарқылып,қаніпезер қарақшылардың қылығына жандүниесі шырқырап, көз алды тұмандана тұрған орнында жығылып кете жаздады. Тілеу де қолына түссе езіп жіберердей «жаяу қалғырлар-ай» деп бүретін бүркіттей қалшылдап шекеарашылардан рұқсат сұрады.
«Қылқиған жаман орыстар ұзаған жоқ,бір бір оқпен жалындырып,алдарындағы жылқыны тартып әкелейін, мылтықтарыңды беріңдер»деді. Ызаға булыққан малшыларға мылтық беретін шекеарашылар жынды емес, арықарай із шалғандарында топты жылқыны шекеарадан асырып кеткендері белгілі болды.
Шекеарашылар орталыққа хабарлап,сақшы ұйымынан да адамдар келіп, тексеру, іздеу салғанымен бірден шекеара асырып кеткен түліктің артынан іздеп барар қайран жоқ, бір апта өткен. Мініп отырған атында ұрылар алып кеткен Қайыртай жалғыз күнде жүген ұстап қалды. Екі жақтың шекеарашыларының келісімі бойынша қырат үстінде кездесу болып, ұрланған жылқы ісі талқыға түскенде Орыс солдаттары жылқының ізін аңның ізі деп мойындамаулары қапаландырды. Ақыры салы суға кетіп,үмітінің жібі үзіліп жылқыны асырып кеткен тау белегірінен қайтқан Қайыртайдың ішкі жандүние арпалысын сөзбен айтып жеткізу қиын еді. Ішіндегі ер тоқымды ат, кертөбел боп кісінеп, айғыр үйірлі жылқысы боп шұрқыраса да,малдың орны толар деп іштей өзін жұбатып жүдеп-жадап үйіне оралған.
Үйіне келсе жаяу ол шетімен бұл шетіне жете алмай, быдырмықтан он неше қойды қасқырға шығындатып алдым деп ұлы Айдар жылап отыр екен. Бұл ішіне өскен ат басындай шердің ағытылуына себеп болды. «Құдай-ау, әкең өліп қалған жоқ, анаң да тірі. Қуанбайсың ба, қайта? Туған жердің қасқыры жеген малда не арман бар? Туған елдің ұрысы алған малға да,іш жимас едім ғой. Себебі, ұрының өзі ұры болғанмен баласы ұры емес! Сұңқылдайды ғой, жетте! Ол қайткені? Қайдағы бір орыстар айдап кеткен жылқыңнан артық па еді!?»...
***
Арада айға жетпес уақыт өткенде, ел жайлауға көшердің алдында екінті, ақшам әлетінде ағайынды Асым мен Тасым деген жігіттер келе қалмасы бар ма? Арғы беттегілермен байланыстары бар деп былайғы жұрт жақтырмаса да, өзіне қылған қиянаттары жоқ, әрі жамағайындары болғандықтан аралас-құраластары жақсы болатын. Шай су ішіп,аман саулықтан кейін жігіттер келген бұйымтайларына көшті.
– Кек қайтарам десең,бізге еріп жүр, – деді үлкені Асым күж етіп. – Жалғыз белдің асты, таң ата қайтып келіп қоямыз. Басқа жылқыңды қырып тастаса да, жарықтық кертөбелді адам баласы пышаққа қиятын жануар емес ғой. Өкіметтің заңына бағынып омалып үйіңде отырсаң малыңды ешкім тауып бермес.
Кертөбелдің атын естігенде іші қан жылап,орнынан тұрып кеткен Қайыртай, екі жігіт көп әрбілеп, «Қоянды қамыс, жігіті намыс өлтіреді», шегірлерден кек қайтарайық деген соң, мал иесі бар ғой іздеп көрейін деп іштей бір тәуекелге бел буып атқа қонған. Бұлар іңір қараңғылығын пайдаланып, тау қырқасындағы шекеарадан лезімде асып үлгерді.
«Край шалдың үйіне барып ат шалдырамыз» деді Асым жолбасшы ретінде. Бұл жігіттің өң ретінен адам шошырлық, кеусіндей, мұрны қолақпандай, бұжыр бет, қабағы шотпиған, көзі бүркіттің көзіндей оқты, сұстана қараса кімде кімнің жанарын тайқытардай мысы бар өр кеуде, басы бақырдай «тілеуіттердің» зәре құтын ұшырады деп ел аңыз қылатын .Қайыртайға жамағайын боп келеді. Енді туысының жыртысын жыртып келе жатқандағысы. Тасым бұған қарағанда тыриған арық,шап берме мінезі бар елгезек жігіт. Екеуінің мойнында да соғысқа бара жатқандай, бесатар» мылтықтары бар. Қайыртайға да үйінде ілулі тұратын ескі калибр мылтығын асындырып қойған.
Алыстан «керосин» шамының жарығы жылтылдап, иттің үргені естілді. – Шалдың үйінде бөтен-бастақ адамдар болмасын, біліп кел – деді Асым інісіне таяғанда. Тасым атын жолдастарына қалдырып, жаяу бүкектей жөнелді. Бөгде жан баласы жоқ болса,жарық жағып белгі беретін болды. Сүт пісірімдей уақыт өткенде, қол жарықтың жанып сөнген белгісі көрінді. Край шал жақын бір туыстары келгендей, «андаларым, келіп қалған екен ғой» деп қалбалақтап жылы қарсы алды. Асым мен Тасым асығар емес. Тап бір құдасының үйіне келгендей жайланып отырып алған. Қайыртайдың бойында, қорқу, қобалжу пайда болса да намысқа тырысып сыр білдірмегенсуде. Өйтпеске асар шекеараны асып алды, лажы да жоқ еді. Үй үші тым жұпыны. Артық-ауыс ештеңе де байқалмайды. Үйдің астаң-кестеңін шығарып, алысып-жұлысып жататын шиборбай, қарадомалақтар да жоқ. Тек тандыр пештің түбінде пырылдап жатқан мысық,осы үйдің еркесі ме дерсің! Келгелі тіс жарып, үн қатпаған бір адам Крайдың кемпірі. Оның керең екенін Қайыртай қайдан білсін енді?
– Андаға әкелген сарқытымызды алып кел, – деп еді. Тасым соны күтіп отырғандай сып етіп тысқа шығып, екі көкмойынды қолға ұстай кірді. Край шалдың екі көзі шырадай жанып: – моңғол архысын ішпегелі қашан? – деп үш төрт шөлмекті сылдырлатып ортаға қойды. Қайыртайдың жынды суға әуестігі жоқтықтан, қолына да ұстамады. Бірнеше тостыны жітірмелете тартып жіберген шал, арақтың буымен бұларға көргенін жайып салды. Айтуынша оңтүстікке қарай бес-алты шақырым жердегі Жалтаңбас деген шопанның қорасында екі құла реңді моңғол жылқысы байлаулы тұр екен. Бірақ орталықтан азамат ұлдары келіп жатыр,алуларың қиын болар ма екен дегенді қосып айтты. Асымның онсызда ұсқынсыз реңі алакөлеңкеде тіптен бұзылып, орнынан асығыс тұрды да, кетерінде шалға сес көрсете: – Шалеке, көрдім деген көп сөз білесің ғой! – деп былғарыдан жасалған қындағы қанжар сияқты ұзын пышағын суырып алып,олай болса «бауыздаймын»дегендей ишарат білдірді.Шал байғұста зәре жоқ,түкірігіне шашала-машала ант су ішіп жатыр.
Край шалдың үйінен сәл ұзай бере,Асым өз жоспарын айтты. –Біз үйдің терезелерінен мылтық оқтап тұрамыз. Сен сол аралықта шапшаң қимылдап, ат қорадағы екі атты алып шығасың, – деді інісіне. Сен ұзаған соң салт атпен артыңнан қуып жетеміз. Бұл оңбаған ұрыларға да жан керек, оқтаулы мылтықты көргенде бұғып үйлерінен шыға алмайды! Қайыртайдың көрмегені осы еді. Өнебойы дірілдеп, шегінер жер жоқ, бекер-ақ, ерген екенмін деп сары уайымға салынды. Ер жаманы жолда қалдырады деген мақал есіне тағы оралып, кімдікі болса да ұрылардың қолындағы екі атты тартып алып кетісуге бел буыуға бекіген.
«Адамның басы Алланың добы»деген. Қарапайым малшыдан барымташыға айланғанын білмей де қалды. Жалтаңбас есімді ұрының қоржасына таяған сайын Қайыртай жын буған бақсыдай қалшылдап, өз өзіне келе алмай, аттан ауып түсе жаздады.
Қоржаға таяй бере дүсірлете шапқан Асымның артынан бұлда еріксіз атының басын қоя беріп,қалыспауға тырысты. Жарық жанып тұрған терезеден Асым шапқан бойы келіп мылтығының ұңғысын шылдыр еткізіп, шағып кіргізгенде үйдегілер расында бастарын басып, қозғала алмай қалды.
– Қозғалмаңдар, қозғалсаңдар атамын! Асымның үні тым айбарлы естілді. Қайыртай келесі терезенің сыртынан мойнындағы жаман мылтығын алып,оқтаған болып тұр. Онысының таңдайында тым құрыса оқ та жоқ еді. Оқ болды дегенде де, шүріппені басар дәрмені жоқ,саусақтары билеп тұр. Бір байқағаны үй ішінде бес-алты адамның сұлбасы ербең қаққандай, көз алды жамырап, аттарды тезірек алып шықса ғой деген бір ой санасының саңылауында бой көтерді. Қас қылғандай ат қораға кеткен Тасымнан сыбыс жоқ. Уақытқа біреу тіреу қойып тастағандай.
«Кеттік!»... Қанша тұрғандарын кім білсін, осынау бұйрықты үнді естігенде, жүрегі жарылып кете жаздап,ат тізгінін зорға бұрған. Түн тыныштығын бұзып дүсірлете шапқандардың біреуі әудем жер жүрмей жатып, аттан ауып түсті. Аттан ауып түскен інісіне Асым ұрсып жатыр. Көрсеқызар Тасым, ат қорадан аттарды алып келе жатып, орыстың жайпақ сары ерін көрген ғой, соны олжа ретінде мінген атының ерінің үстіне қабаттай бос сала салып секіріп мініп шаба жөнеліпті. Қосардағы аттар тартынып қалғанда бос ер ауып кетіп құлағандағысы екен. Арт жақтан тарс етіп атылған мылтық дауысы естіліп жатты. Тілеуіттер ес жиғанша қыр қазақтары түн қойнына сіңіп,ұзап кеткен еді. Сары ер жығылған орнында қалды.
Осы оқиғадан кейін Қайыртай шекеара десе аза бойы қаза тұратын болды. Жамағайындары олжаға ал деп берген қос құланы да жетегіне алмай құр қайтқан, «Е,жаратқан берсең алалынан бере гөр» деп іштей дұға тілеп. Тілегі Алланың құлағына шалынды ма екен?!
Ел жайлауға қонып,қыс қылығын ұмытып,аламанға ат қосып дүрлігіскенде торытөбел сәйгүлігін аңсап, іштей мүжіліп жүрген. Әрі торыны үкілеп байлайтын мамағашын көрген сайын құлазып, құлагерін жоқтаған Ақандай бай-байлайтын. Бір күні таңертеңгі шайларын ішіп, торыны ойлап мұңайып отырғанында кіші ұлы Бекжан,-әке,орыс асудан бір аң келе жатыр!-деп қуана кірді айғайлап.
– Аңы несі, бұның? – деп анасы ұлының қылығына елжірей күлген мейірленіп.
– Әке, әке, аң емес ат екен! Інісінің сөзіне сенбей сыртқа шыққан Қайдардың үні жарқын естілді. Сонда да, қаракөңілдеп суып қалған жүрегі селт ете қоймады. Керісінше ана-мұңлық балалар не айтып жүр дегендей сыртқа шыққан жаулығы желбіреп.
– Әкесі-ау, керітөбел ғой мынау! Құлын күнінен ана-мұңлықтың қолынан жем жеп, сүт ішкен жетім құлын кісінеп қоя берді. Қайыртай есіктен еңбектеп шықты. Кертөбел бөкен желіске салған бойда ана-мұңлыққа тұмсығын тіреді. «Ат арыса тулақ» деген осы екен... Бұрынғы сүмбіледей жараған сұлу дене тұрқының бірі жоқ. Төрт аяғының да,шашалығын кісен қиған. Қан саулап тұр. Сауырын қамшымен емес темірмен осқандай, ұрадай боп тілінген. Омыраулығының ойынды етін біреу бөлшектеп тастағандай. Қыр желкесінде қылтан жоқ. Арудың бұрымындай қылып өретін қыл құйрығынан екі-үш тал қалған. Ана-мұңлық еңіреді-ау, дерсің... «Қарғыс атсын сендерді...»
Енді бәйгеге қосыла ала ма екен!?