Республикалық спорт колледжі жанындағы мектеп-интернат қайта ашылды

Жаңалықтар
401

Бұл жайында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов facebook парақшасында жазды.



Оның айтуынша: «Министрлікке келіп түскен түйткілді мәселелерді саралап, шешу жолдарын қарастырып жатырмын. Солардың ішінде маңыздысы – Алматыдағы «Республикалық спорт колледжі» жанындағы мектеп-интернаттың жұмысын қайта жандандыруға қатысты ата-аналар мен ұстаздар тарапынан түскен өтініштер.

2022 жылы аталған оқу орны жабылып, дарынды оқушылар, жаттықтырушылар мен ұстаздар басқа білім беру ұйымдарына жіберілген еді. Мәселені бірден тікелей өз бақылауыма алдым.

Аталған оқу орнынын түлектері – Дәулет Тұрлыханов, Ольга Шишигина, Ислам Байрамуков сияқты белгілі спортшыларымыз. Сондықтан да бұл мектептің базасы мен мықты оқытушылары әлі де көптеген талантты спортшыларды даярлайтыны сөзсіз. Сол себепті мектепті жабу туралы шешім қайта қарастырылды», – деді. 



Сонымен қатар ол: «Министрлік лицензияны қайтару бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Бүгінде білім ордасы оқуға құжаттар қабылдауды бастап кетті. Мектепке жүздеген бала қабылданып, ондаған кәсіби оқытушы мен жаттықтырушы жұмыспен қамтылады. Интернаттың дайындық жұмыстарын көріп, оқу кабинеттерінің жабдықталуын, кітаптармен қамтылуын, жатақханадағы орындардың жай-күйімен танысу үшін арнайы бардым. Сонымен бірге, мұғалімдердің тізімі, сабақ кестесі мен күн тәртібі бекітілді.

Бүгінде Мемлекет басшысы балалар спортын дамытуға айрықша назар аударып отыр. Біздің министрлік үшін де балалар мүддесі – бірінші орында. Болашақ бүгіннен басталатынын ескерсек, ел мерейін асырар ертеңгі чемпиондарымызға қажетті жағдайды дәл қазір жасауға тиіспіз», – дегенді де айтты.