Өнер адамдарының ішінде тыныш, бұйығы өмір сүретін бір қауым бар – суретшілер қауымы. Әлде біз...
Суретшінің жан сарайы
Ақмола облысының Әдебиет және өнер музейі 1989 жылы Қазақ ССР Министарлер Кеңесінің қаулысымен құрылған болатын. Қазіргі таңда қорында он мыңнан астам жәдігері бар, күрделі жөндеуден өткізілген, соңғы техника үлгілерімен жабдықталған еңселі мәдениет ошағы.
Музей құрылған сәттен бастап өңірдегі әдебиет майталмандары мен өнер қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын зерттеуді, оны халық арасында кеңінен насихаттауды мақсат етіп қойған. Атап айтсақ, музейдің көрме залында ай сайын бір суретшінің жеке көрмесі өтіп тұрады. Қала мен аудандардан және өзге де облыстардан келген суретшілер туындыларын талғампаз көрерменнің назарына ұсынып, шығармашылығын насихаттауға барынша мүмкіндік жасалған. Сондай өнер иесінің бірі суретші, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Әділбай Шүінішев. Қылқалам шебері жеке көрмесін Тәуелсіздіу күніне орайластырып өткізген болатын.
Көрмеге суретшінің жиырмадан астам туындысы қойылды. Әділбай Шәңгерейұлы қаламынан туған еңбектерде ұлттық бояу басым, тарихи тақырыптар барынша айқын берілген. Қазақ мемлекеттігінің бастауында тұрған хандар мен билер жаңа қырынан бейнеленген. «Қыз Құртқа» картинасында қазақ әйелінің өжет, батыл бейнесі шынайы көрсетілсе, «Абылай» портретінде айбынды хан жаңа образда көрініс тапқан.
Көрменің ашылу рәсімінен кейін суретшімен аз-кем сұхбаттасудың орайы келіп, бірнеше сұрақ қойған едік.
– Әділбай Шәңгерейұлы, жеке көрмеңізге құтты болсын дейміз. Көрмені «Жан сарайы» деп атапсыз...
– Рақмет! Иә, бұл жерде қойылған еңбектерімнің бәрі өзімнің жан сарайымда әбден толғағы жетіп пісіп, жеті рет өлшеніп, тоғыз толғанып, он ойланып барып тудырған дүниелер. Бәрі жаныма жақын тақырып. Сондықтан көрмені де солай атадым.
– Еліміздегі сурет өнерінің бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?
– Жұмсартып айтсақ, әлі де істелуге тиіс көп дүниелер бар. Сурет –жазудан бұрын пайда болған өнер ғой. Тасқа алғаш рет әріп емес, сурет салынды емес пе?! Қоршаған ортаның нобайы, тіршілік иелерінің сұлбасы жартастарға бейнеленді. Бұл енді әдебиет живописьтен төмен тұру керек деген сөз емес. Бірақ, мемлекет пен меценаттардың көмегі ауадай қажет-ақ.
– Сіздің қаламыңыздан туған Абылай ханның портреті біздің көзіміз үйренген суреттерден мүлде бөлек сияқты. Себебі неде?
– Бұл ғылым мен қиялдың синтезінен туған бейне. Өздеріңіз білесіздер, осыдан біраз бұрын Абылай бабамыздың бас сүйегіне антропологиялық сараптама жасалған болатын. Бұл портреттің негізінде сол сараптаманың қорытындысы басшылыққа алынды. Сонымен қатар, сурет өнеріндегі романтикалық бағыт та қолданылып отыр. Осы екі дүниені біріктіріп, осындай образ бергім келді.
– Туындыларыңызда тарихи тұлғалар мен тарихи кезеңдер жиі көрініс табады екен.
– Рас, дәл байқағансыз. Тарихи шығармаларды көп оқыдым әлі оқып жатырмын. Деректер мен дәйектерді жинап, архивіме сақтап жүрмін. Тарихшы мамандармен кездесе қалсам міндетті түрде қазақ мемлекеттігіне қатысты тың мағлұмат сұраймын. Эпостық жырларымыз да тұнып тұрған тарих. Осының бәрі қыл қаламның ұшымен кенепке таңбаланып руханиятымызды байыта түсу керек. Бұрындық ханның бейнесін жасауға көп уақыт пен күшім кетті. Ол да өз заманының бір кемеңгер тұлғасы ғой. Жан-жақтан ақпарат жинап, кітапхана аралап, сирек қолжазбалар қорларын ақтарып еңбектендім. Нәтижесін көріп отырсыздар, бағасын да халық берер.
– Сіз музей қорында Алтын Ордаға қатысты дерек бар ма деп сұраған едіңіз, бұл да шығармашылығыңызға байланысты болды ма екен?
– Әрине, солай. Алтын Орданың ірі сауда-экономикалық орталығы болған Сарайшық қаласын білесіздер. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған дүниелерге қарап-ақ қандай өркениеттің ошағы болғанын білуге болады. Өкінішке қарай қаланың жұртын да, маңайындағы зираттарды да орыс отаршылары тонады. Көптеген құнды дүниелер қолды болды дейміз. Өткен күн өтті, амал нешік...
Сол қазба жұмыстары кезінде бір тостаған табылыпты. Әлгі ыдысқа уланған сусын құйылса, сусынның түсі өзгеріп сала береді екен. Яғни, тостаған жасалған материал құрамында адам ағзасына зиян затты анықтайтын индикатор сияқты элемент бар деген сөз. Оның құпиясы ашылмаған әлі. Міне, ғылымның деңгейі қандай болғанын осыдан біле беріңіз. Осы жаңалықты естігелі бері жаным жай таппай жүр. Қолым жұмыстан босаған күні түпкілікті соңына түссем деймін. Жалпы бұл ғана емес, жаңа туындыларға тұздық болар ой-жоспар көп. Бәрі алдағы күндердің еншісінде.
– Жеке көрмеңіздің Тәуелсіздік күні қарсаңында (05.12.2022) ашылуы кездейсоқ емес шығар?
– Иә, көзіміздің қарашығындай сақтауға тиіс Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай. Желтоқсанның ызғарлы желі бізді де теңселтіп өткен еді. Алаңға шығып, ойымызды ашық білдіргеніміз үшін комсомол қатарынан қуылдық, оқудан шығарылдық. Бірақ, аяғы біз үшін қайырлы болды, егемен ел болдық, алып империя құлады. Мен үшін азаттық осымен қымбат.
– Әңгімеңізге рақмет. Шығармашылығыңызға толайым табыс тілейміз!
Көрменің ашылу салтанатында Ақмола облысы суретшілер одағының төрағасы Юрий Попов, Әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұралы суретшіге шығармашылық шалқар шабыт, толайым табыс тіледі.
Көрмені тамашалауға келген көпшілік өрелі өнер туындыларына ерекше таңданыс білдіріп, риза көңілмен тарқасты.
Шүйінішев Әділбай Шәңгерейұлы, 1959 жылы 3-ші қарашада, Атырау облысының Исатай ауданы, Забурун ауылында дүниеге келген. 1977 жылы орта мектепті бітіріп шықты. Сол кезден бастап 1983 жылға дейін ауылда әр түрлі жұмыстар істеген. 1983 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің көркемсурет факультетіне оқуға түсіп, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне қатынасқаны үшін оны екі жылға үзе тұрып, құрылыс саласында еңбектенуге тура келді. 1988 жылы оқуды қайта жалғастыруға мүмкіндік алып, оқу орынын 1990 жылы бітіріп шықты. Оқу орынын бітіргеннен кейін Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы педагогикалық институттың көркемсурет факультетіне оқытушы болуға жіберілді. Қазіргі кезде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау Университетіндегі «Шығармашылық және спорт» кафедрасында ұстаздық етуде.
2019ж. Израиль, Тель-Авив қ. көрмеде жеңімпаз дипломын жеңіп алды;
2019ж. Үндістан, Нью-Дели қ.. «АRT WEEK IN INDIA» көрмесінде ІІІ дәрежелі диплом;
2020 ж. «Санкт-Петербургская неделя искусств» көрмесінде І дәрежелі дипломды иеленді.
Нұрболат Әлменов,
Ақмола облысы Әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері.