Суретші Алмас Нұрғожаев жазған 7 картина

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ
5540

Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы елге белгілі, өзіндік орыны бар суретшілерге сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 картинасын сұрап, жариялап отырмақ. Еске сала кетейік, бұған дейін суретші бір топ суретші жазған 7 картинаны ұсынған болатынбыз! Бүгінгі суретші - Алмас Нұрғожаев! Мархабат!

Нұрғожаев Алмас – бүгінгі Қазақстан бейнелеу өнеріндегі белсенді жас суретшілердің бірі. Бұған Ə. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде 2019 жылдың тамыз айында өткен жеке көрмесінде көз жеткіздік. Ірі форматтағы туындылар суретші үшін жаңа мəнерде орындалды. Автор формамен, түспен тəжірибе жасаудан қорықпайды, батыл ракурстарды жазады. Детальдарды кішірейту арқылы, шығарманың эмоциялық сипатын, сұлбаның арқасында дерлік монохромды түстік шешімін күшейтеді. Композицияны құру, шығармадағы қозғалысты, ішкі шиеленісті бере білуі суретшінің шығармашылық əдісінің ерекшелігі болып табылады. 

А. Нұрғожаев 1988 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Кеген ауылында дүниеге келген. 2007 жылы О. Таңсықбаев атындағы Алматы сəндік-қолданбалы өнер колледжін, 2012 жылы Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын Ж. Қайрамбаевпен Ө. Жұбаниязовтың шеберханасында тəмамдады. 2017 жылы Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясыныңның магистратурасын бітірген. 2012 жылдан бері Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі. 

Алмас суретшілердің ең жас буынына жатады, оның шығармашылық жолы 2010 жылдары басталды. Ол барлық жаңа бағыттар мен ағымдарға ашық жəне өнерде жаңа сөз айтуға дайын. Суретшінің туындылары – оның ішкі əлемі, ойлары мен жан күйзелісі көрініс тапқан ерекше көркемдік кеңістік. Суретші тақырыптарының желісі кең. 

Əке мен баланың қарым-қатынасы, махаббат, қоғамдағы өткір мəселелер, сондай-ақ, ең бастысы адам жəне оның өмірмен немесе өзімен күресі. Бұл бейнелердің əрқайсысы ғаламдық тебіреніспен көмкерілген. Олар өткір жағыстар мен монохромды түстер үйлесімінде күрделі ракурста шешіліп, дене-бітімдеріне ерекше мəн беріле бейне бір мүсінші секілді саз балшықпен емес, түс арқылы сомдалады. 

Нұрғожаев Алмас өзінің кескіндемелік туындыларында детализациядан саналы түрде алшақтап, композицияның монументалдығына ұмтылады. Ол өзі мен кенептегі бейненің ара қашықтығын сақтай отырып, жалпылыққа қол жеткізеді. Яғни, суретші сыртқы тұрмыстық суреттеуден гөрі философиялық ойлауға талпынады. Оған автордың «Ояну», «Шарықтау», «Диалог», «Келісім алдында», «Көктен», «Ауыз бекіту», «Сырласу», композициялары жақсы мысал бола алады. 

Мұнда қылқалам шебері басты бейнені ауқымды етіп көрсете, жазықтық бетіндегі əрбір заттар мен фигуралар үшін кенеп көлемі əрқашан тарлық ететіндей əсер қалдырады. Ал, «Автопортретінде» əр кезеңде де өз дəуірінің қаһарманы болып табылатын суретші бейнесін күрделі қозғалыста барынша айшықты етіп жазады. Мұндағы суретшінің басты қарулары – қылқалам мен палитра. Бұл суретшінің сыртқы келбеті мен психологиясын жан-жақты талдау ғана емес, сонымен бірге оның шығармашылық сенімінің көрінісі.

2018 жылы орындалған «Жаңа əуен» туындысы автордың өтпелі кезеңдік шығармасы. Бұған дейін суретшіні тарихқа, салт-дəстүрге құрылған ұлттық көріністер көбірек қызықтырса, ал нақ осы композициядан бастап оның жаңа тақырыпқа, мүлде өзгеше көркемдік мəнерге бет бұрғанын байқауға болады. Шығармада дəстүрлер мен əлемнің концептуалды көзқарасын біріктіруге деген ұмтылыс сезіледі. Композицияның басты кейіпкері күйші жігіт бүкіл кенеп жазықтығына еркін жайғасып, ақшыл көк аяда (фонда) ауқымды етіп бейнеленген. Қолында ежелден аты аңызға айналған Қорқыт атамыздан мұра болып қалған қазақтың ұлттық аспабы қобыз, ал құлағында заманауи өмірдің көрінісін паш ететін ұялы телефонға жалғасқан құлаққап. Құлаққаптың көмегімен əуен кернеуіне енген жас жігіттің ішкі жан дүниесі қоршаған ортамен ұштасып, тұтас құбылысқа айналғандай. Сондай-ақ, бұл композицияда өткен шақ, қазіргі уақыт жəне болашақ бөлінбейтін біртұтастыққа бірлесіп, заманалар жалғастығын білдіреді. Дегенмен, заман қаншалықты жылдам өзгеріп, уақытты өзінің еншісіне бағындырғанымен, ұлттық құндылықтарымыз өз маңыздылығын жоғалтпайтыны сөзсіз. 

Суретшінің «Бастау», «Екі əлем» кескіндемелік шығармалары махаббат тақырыбын қамтиды. 

«Бастау» (2018) туындысында бұлақ басындағы ұзын ақ матаға оранған жас жігіт пен қалыңдықтың бейнесі жазылған. Мұндағы екі жастың тізе бүгіп тұруы бір-біріне деген сый-құрметін білдірсе, ақ орамал – əжелеріміз бен аналарымыздың басынан түспеген, тазалық символына айналған асыл қазына. Ал, ақ түстің өзі ішкі жан дүниесінің тазалығы мен байлығы мол рухани адамды сипаттай отырып, оның жаңа өзгеріске даярлығын жəне ұрпақ жалғастығын білдіреді. Мөлдір бұлақ басынан кесемен су ұсынып, өзінің ғашықтық сезімін білдіруі болашаққа, жаңа өмірге жол бастау сəті бейнеленген. Ашық, жылы түстердің үйлесіміне құрылған бұл композиция қыз баланың табиғатына тəн нəзіктік, мейірімділік, пəктік, сүйіспеншілік сынды қасиеттерді айқындай түседі. 

«Қызыл кітап» (2019) жұмысында бүгінгі күні қоғамдағы белең алған өткір мəселелердің бірі арқау етіледі. Автор бұл туындыны жазуына биылғы жылы елімізде орын алған қайғылы оқиғалардың əсер еткенін айтады. Олардың бірі қызыл кітапқа енген киелі жануар саналатын сайғақтарды қорғау болса, екіншісі солардың қорғаушысы табиғат сақшыларының браконерьлердің (қаскөйлердің) қолынан қаза табуы. Күрделі қозғалысқа құрылған композицияда сайғақтың баласын арашалап, құлап бара жатқан табиғат сақшысы бейнеленген. Оның бет-жүзі көрінбей, жалпақ қара жағыстармен жабылған. Бұл инспектордың қаскөйлермен күресу сəтінде қаза тапқанын, яғни қара жамылғанын білдіреді. Қазақта «қара жамылды», «о дүниелік болды» деген сөздер бар. Міне, бұл суретшінің осы қасіретті көркем бейнелік тілмен жеткізуде тапқан өзіндік ұтымды шешімі. Ер жігіттің құшағындағы сайғақтың оттай жанып, жанарынан шығып тұрған көзінен, сəл ашылған аузынан, жан-жаққа ширыға кеткен аяқтарынан жануардың бейне-бір жамандықты сезуін, сонымен қоса жалпы табиғат пен адамзаттың жан айқайын жеткізгендей болады. Артқы сол бөлікте бір топ сайғақтардың сұлбасы жазылған. Туындының түстік бояу арақатынасы қызыл, қара жəне ақ түстердің өзара үйлесімінде шешілген. Əйтсе де, қырғын соғыстар мен қан майдандар байланыстырылатын қызыл түс басым. Қылқалам шеберінің 2019 жылы жазылған «Əке қанаты» композициясы əке мен бала, олардың қарым-қатынасы тақырыбына арналған. Монохромды түстік жазықтықтардың үйлесімінде шешілген композицияның ортаңғы бөлігін, əрі негізін үш фигура құрайды – əкесі жəне екі ұлы. Ұзынша келген ағаш орындықта отырған ер адам екі қолын жанына созып, құшағында жатқан балаларын сыртқы əлемнен, жамандықтан қорғап, қанатының астына басқан бейне бір құс секілді. Мұндағы əке келбеті мейірімділік, қамқорлық сезімдерін, əке рухының тереңдігін қалыптастырады. Алмастың бүгінгі күнге дейінгі басынан кешкен өмірі мен шығармашылық жолы келесі бір көлемді туындыны жазуға негіз болған. 

«Суретшінің жолы» (2019) деген атауға ие бұл шығарма, күрделі қозғалыстағы көп фигуралы композиция. Бірінші бөлікте иықтарына этюдник пен жақтаушалар асынып, асығыс екпінде жүгіріп бара жатқан бір топ студенттер бейнеленген. Екінші бөлікте алыстан өнер академиясының ғимараты мен оның алдында сурет салып жүрген бір топ жастардың сұлбасы көрінеді. Жұмыстағы көлденең жəне тік келген өткір сызықтардың бір-бірімен өзара байланысы, нəтижесінде ырғақтардың қақтығысын тудырады. Бұл көрерменді суретшінің назарына айналған жалпы тұрмыс контекстінен бөлініп алынған бейнелер мен заттардың материалдық əлемде болудың маңыздылығы мен тұрақтылығы туралы ойға жетелейді. Осы орайда, бүгінде суретші болып қалыптасу үшін көп жылғы қажырлы еңбек пен жан-жақты ізденіс, тəжірибеден тұратын үлкен сара жолдан сүрінбей өту керектігі меңзеледі. Міне, аталмыш кескіндемелік туынды автордың суретші болып қалыптасу жолындағы өмірінің үлкен кезеңін қамтыған, өзінің басынан өткерген оқиғалар мен əсерлерге құралып, көрерменге терең ой салар туынды болып шыққан. 

Көрермен Нұрғожаев Алмастың кескіндемесімен кездескен сайын, шығармашылық белсенділіктің өткір жарқылын басынан өткереді. Оның кенептері тұрмыстың шиеленісін, шығармашылықтың тынысын, сезім мен ойдың драмалық диалогын көрсетеді. Сонымен қоса, оның шығармашылығында заманауи қазақ бейнелеу өнеріндегі жаңа ізденістер мен талпыныстар көрініс табуда. 

Самал Мамытова, өнертанушы

1

"Экстаз" 2019

2

"Самғау" 2020

3

"Бастау" 2018


4

"Әке қанаты" 2019


5

"Жаңа әуен" 2018


6

"Жұлдызды түн" 2019


7

"Автопортрет" 2019



author

Алмас Нұрғожаев

СУРЕТШІ

Жаңалықтар

"Асаруме" мәдени-білім беру қорының мүшесі Елжас Шора бұрынғы ұлттық экономика экс-министрі Қуандық...

Жаңалықтар

Атырау қаласындағы "Білім-инновация" лицейінің 11-сынып оқушылары дайындаған "Ақылды көзілдірік" жоб...