Суретші Алпысбай Қазғұлов жазған 7 картина

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ
5649

"Мәдениет порталы" ұжымы елге белгілі, өзіндік орыны бар суретшілерге сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 картинасын сұрап, жариялау үстінде. Еске сала кетейік, бұған дейін бір топ суретші жазған 7 картинаны ұсынған болатынбыз! 
Бүгінгі суретші - Алпысбай Қазғұлов! Мархабат!

Суретші Алпысбай ҚазғұловСуретші Алпысбай Қазғұлов

Алпысбай Нағыметұлы Қазығұлов 1958 жылы 25 қыркүйекте Қызылорда облысының Арал қаласында балық шаруашылығы энергетигі отбасында дүниеге келді. 1980 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының сурет-графика факультетін бітірді.

Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі. Қазақстан Суретшілер Одағының Басқарма мүшесі. 1978 жылдан бері республикалық және халықаралық деңгейдегі бейнелеу өнері кәсіби шеберлерінің көрмелеріне қатысып келеді. Суретшілердің симпозиумдарына бірнеше рет қатысты. Сондай-ақ, шет елдердегі, оның ішінде Ресейдегі, Жапониядағы, Нидерландыдағы, Бельгиядағы, Кытайдағы, Түркиядағы, Ұлыбританиядағы көрмелерге қатысқан. Онға жуық жеке көрмесі Қазақстанның әртүрлі мәдениет орталықтарында болып өтті. Оның жұмыстары астаналық қазіргі заманғы өнер музейінің, Президент мәдениет орталығы, Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің, Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің және отандық һәм шетелдік жеке коллекционерлердің көркемдік топтамасына енген. Қазақстанның жас суретшілері үшін онға жуық пленэр ұйымдастырды және өткізді. Әртүрлі қайырымдылық акцияларына қатысты.
Алпысбай Қазығұлов Қазақстанның өнеріне сіңірген көп жылғы сүбелі үлесі үшін 2013 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері»  және 2018 жылы «Парасат» ордені сияқты мемлекеттік наградалармен марапатталды.
2003 жылы Прагада әлемдік өнерге қосқан үлкен үлесі үшін Еуропалық өнер одағының Масарик атындағы құрметті сыйлығымен марапатталды. Абстракционизм және сюрреализм стилінде жұмыс істейді. Хоббиі – көрнекті суретшілердің картиналарын жинау.

2007 жылы  «Алпысбай Қазығұлов. Кескіндеме» атты альбомы жарық көрді. 208-беттік альбом «Апрель» баспасынан 2100 дана болып жарық көрді. Полиграфиялық жұмыстарының жоғары сапалылығының арқасында (кітап Түркияда басылған) Алпысбай Қазығұловтың картиналарының бояулық және композициялық байлығымен еркін сусындауға болады.

Суретшінің альбомына жазған алғысөзінде әйгілі жазушы, әлем әдебиетінің классигі Шыңғыс Айтматов: «Алпысбай Қазығұловтың буырқанған бояуларға толы туындыларын осыдан он жылдан астам уақыт бұрын, нақтырақ айтқанда 1996 жылы наурыз айында алғаш рет Брюссель қаласында көрдім. Қазіргі заманның көрінісін дөп басқан картиналардан қазақтың дархан даласына, туған еліне, Жер-Анаға деген деген сүйіспеншілік сезілетін Алпысбайдың картиналары мені бірден баурап алды. Сол күні автордың жеке көрмесінде онымен танысудың да сәті түсті.  

Суретшінің қылқаламынан туған дүниелерде жалғандық жоқ. Шығармалары бүгінгі заманның тілімен үн қатса да, баба дәстүрінен алыстап кетпеген. Қылқаламына тәуелді туындылар «модернистік» формада болғанымен, тақырыбы бойынша әлем шешімін таппаған мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді: Біз не үшін өмір сүреміз? Сүйіспеншілікті қалай түсінеміз? Адам табиғаттан жаралған ба, әлде жаратқан ба? Жан бар ма, әлде бұл жалған ба?.. Адамзат баласының ақылын алаңдатқан сауалдар. Тек өнер ғана осындай таусылмайтын мәңгілік тақырыптарға терең бойлай алады. Алайда, шынайы шабыттан туған үлкен өнер ғана осы тектес сауалдарға жауап таба алады» деп автордың шығармаларына жоғары баға берген.
Өнертанушылар атап өткендей, Алпысбай Қазығұловтың туындыларында автордың жарқын әсерлерінің тұтас бір палитрасы жеңіл әрі нәзік күйінде бейнеленеді. Суретшінің қайталанбас қолтаңбасын және өзіндік дара стилін сауатты құрастырылған композиция мен адам жанының толғанысы мен жай-күйін нақты суреттелгенінен бірден танып білуге болады. Суретші қарапайым тұрмысты, сұлулық пен кербездікті суреттеп қана қоймай, фантазия мен қиял-ойға да кеңістік қалдырып, ерік береді. Осылайша, қайғысыз, қамсыз бозбала шақтың естеліктері «Балалық шағымның ауылы», «Әжемнің үйі», «Тартыс», «Ойын», «Біздің аула», «Ыстық күн» сияқты бақытты өмір бейнеленген жұмыстарында көрініс тапты. Әрбір қазаққа таныс шексіз жазық даланың, көрікті табиғаттың әрбір көрінісін «Шарын шатқалына сапар», «Қапшағай жастығы», «Дала сазы», «Бұлақ басында», «Көктебедегі үй», «Аралда өткен кеш», «Киелі Түркістан жерінде» картиналарынан тамашалауға болады.
42 жыл шығармашылығында 7 мыңнан астам картина жазған, қазақ бейнелеу өнерін Еуропа мен Азия елдеріне паш еткен Алпысбай Қазақстанда бейнелеу өнерін сақтап қалуға үлкен үлес қосып келе жатқан коллекционер. Оның жеке қорында 2 мыңнан астам Қазақстан және басқа елдер суретшілерінің туындылары сақтаулы. Алпысбай өз коллекциясынан таңдаулы 50 картинаны Қазақстанның өнер музейлеріне сыйға тартқан.

1

«Айша бибі мен Қарахан». Кенеп, майлы бояу. 146 х 97 см, 2016 ж. 

Бұл картина назар аударған алғашқы сəттен ғашықтардың мұңды поэмасы сияқты əсер қалдыратыны сөзсіз. Əдетте біріне бірі шексіз берілген бойжеткен мен ер жігіттің махаббаты басқаша өрілер еді. Аталмыш туындыда суретші басқа жолды таңдап алған. Ал мына картинаның сюжетін терең үңілген адам байқайды: бір бірін қалтқысыз сүйген ғашықтардың тарихта басы қосылмайтынын суретші картинаның басты лейтмотиві етіп алған. Бір анық: суретші картина сюжетінің шешімін өте дəл таба білген. Ең бастысы, сол шешімді өзіндік тың сюжет арқылы өте жоғары деңгейде орындап шыққаны картинаның толыққандылығынан айқын байқалады. Картинада қос ғашықтың образы терең ашылған. Жалпы, бейнелеу өнерінде жасырын тұратын сюжеттің астарынан əдемі образдар өру – қиынның қиыны. Ал мына картинада суретші сюжет образдарын қиыннан қиыстырып, олардың ішкі алай-дүлей толғаныстарын түстердің композициясын шебер пайдалана отырып, əдемі орындап шыққан. Ақ боз атта отырған, тал бойында бір мін жоқ Айша бибінің текті жерден шыққанын суретші техникалық орындау тұрғысынан да, түстердің колориттік үндестігі тұрғысынан да тамаша үйлестірген. Алыстан ат терлетіп келіп, Айша бибінің тұсынан қосылған Қарахан да салиқалы ел билеуші екенін қапысыз танисың. Қанша жерден алабұртып асығып жетсе де, ғашығына деген сағынышын салқынқандылықпен жеткізуінің өзінен оның парасаттылығы мен мұндалап тұр. Картина кейіпкерлерінің адами тұрғыдан ұқсас қасиеттерінің өзі суретшінің образдарды ашу процесінде олардың ерекшеліктерін де айқындай түседі.


2

«Аламан бəйге». Кенеп, майлы бояу. 147 х 155 см, 2018 ж.
Картинада аламан бəйгенің қиқулап басталған сəті бейнеленген. Əлі кімнің бəйгеден бірінші келетіні белгісіз сəт. Сытылып шығып, топтан оза шапқандардан ешкімнің қарасы көрінбеген кез. Бірақ картинада ғажап қозғалыс байқалады. Қозғалыстың керемет көрінетіні сол, аламанның ішінен оқ бойы озып кетуге бар жанымен арпалысқан ат үстіндегі шабандоздардың образдары сол қозғалыс арқылы əдемі берілген. Картина аттың дүбірін құлағыңызға əкеледі. Дархан дала шаңының иісін сезесің. Суретші жылы бояуларды пайдалану арқылы көрушіге жақсы көңіл-күй сыйлайды. Зер салып қараған адамға аламанға қатысушы əр адамның образы əртүрлі берілген. Олардың бəрінің іс-қимылы мен жан дүниесі бір бағытта, бір мақсатта өрбіп бара жатқанына қарамастан картинада əр адам өзіндік келбетімен, өзіндік қозғалысымен көрінетіні – суретші шеберлігі. Жалпы Алпысбайдың шығармашылығынан бейнелеу өнерініндегі типтендіру принципі осы жерде айқын бояуымен байқалады. Əр образды бейнелеуде суретші екіұштылыққа ұрынбайды: сондықтан да картинадағы аламан бəйге кезіндегі қаптаған образдарды бір-бірімен шатастыру, тіпті, мүмкін емес. Əр образ өзінше кесек өрілген. Мұның өзі картинаға монументалдылық пен динамика бере түскен. Аталмыш картинада көмбеден ең алдымен көрінуді мақсат тұтқан əр кейіпкердің сезімге толы толғанысы мен ішкі жан дүниесін айнытпай танисың. Бұл да суретшінің адам психологиясының иірімдерін суреткер ретінде соншалықты дəлдікпен игергенін көрсетіп-ақ тұр. Дəл осы қасиеті арқылы суретші картинаны айқын орындауымен қатар шығарманың үлкен үйлесімділігіне жете білген.

3
«Аң аулауға шыққан Хан». Кенеп, майлы бояу. 120 х 145 см, 2017 ж.
Аталмыш картинадан көрермен ілкі сəтте ырғақ энергиясын сезінетіні – ерекше тапқырлық. Сол ырғақ қуаты сюжетке тылсым бір күш беретіндей əсер қалдырады. Хан мен оның нөкерлерінің аң аулауға шығардағы адами болмысы мен қуаныш сезімін де ең алдымен анау топ алдында тазының жүгіріп бара жатқан қозғалысынан айнытпай танисың. Осындай деталь арқылы ішкі иірімдерді бүге-шігесіне дейін живописьте көрсету көп суретшілердің қолынан келе бермейтіні тағы рас. Оның арғы жағында атына қамшы салып, шапқылап бара жатқан хан нөкерінің бірі де тазы беттеген жаққа қарай зулайды. Əуеде олжасына қарай оқтай атылған бүркіт үшеуі бір ырғаққа бағынғаны байқалады. Ырғақ энергиясы деп отырғанымыз осы. Бұл үш образ аңшылықтың қызығына əлден беріліп кеткен тұсын суретші картинасында əдемі монолит ретінде көрінеді. Сондықтан да суретшінің бұл динамикалық шешімі картинаны тұтас бір қозғалысқа түсіргенін байқамау мүмкін емес. Осы қозғалыстың топтық образы (нөкер, бүркіт жəне тазы) аң аулауды шартты рефлекс ретінде қабылдайтын субъектілер ретінде көрінсе, ал аң аулауға шыққан ханның бейнесінен оның ойы басқа екенін картинадан тап жазбай танисың. Ханның ойы – көңіл сергіту, сейіліп қайту. Дəл осы жерде де суретші адами категорияларды тайға таңба салғандай дөп басқан. Суретші хан бойындағы осы тектілік қасиеттерді қапысыз көрсетуімен адами категорияларды терең білетіндігін танытады. Живопистегі осындай қозғалыс алгоритмін кеңістік пен түсті жүрек түкпірінде алабөтен сезіне алатын суреткер ғана жасай алады. Кез келген образ арқылы кесек дүние жазу осындай қасиеттерге байланысты екені даусыз.

4
«Аптап». Кенеп, майлы бояу. 120 х 145 см, 2018 ж. 
Мына картина сезімтал көрерменді таңғажайып əлемнің тұңғиығына бойлата жөнелері сөзсіз. Картинада суреттелген шынайы өмір көрінісі ешкімді де бейжай қалдырмайды. Сүйірлене аспанға атылған садақ оғы секілді құйындай жөнелген бойжеткеннің мынау ми қайнатар аптап ыстықта тек бір ойдың құрсауында кетіп бара жатқанын сезесің. Ол ауыл шетіндегі көлге жеткенше саршатамыздың аптабына шыдар емес. Көл үстіндегі көлбеңдеген сағым қыз жанарына іліккен ілкі сəтті суретші таңқаларлық шеберлікпен сенің алдыңа жайып салған. Аптыға жүгірген қыздың енді бір сəтте көл бетінде аққудай қалықтап, тəні мен жаны рахатқа бөленетінін алдын ала сезесің. Бұны артқы планда қызға қызыға қарап тұрған ат үстіндегі жігіттің қызықтай қарап тұрғаны да растай түседі. Хас шебердің қылқаламына ғана тəн өзіндік мəнермен берілген сезім мен сыр өнер туындысын байыта, кеңейте түскен. Сондықтан да болса керек, суретші шығармасында терең білім, тағылымды өмірлік тəжірибемен қатар, қылқалам иесінің жан тебіреністері мен көркем əлемі де сайрап жатыр. Кəсіби шеберлігін былай қойғанда, суретші көңіл күйдің əсем көріністерін ғаламат бір əуездікпен əсем үйлестірген. Көңіл түкпірінде жасырынған тіл жеткізе алмас көркем ой мен ұшқыр қиялды қылқалам ұшына сыйдыруды меңгерген суретші туындысының ең басты құндылығы осы шынайылығында екеніне кəміл келісесің.

5

«Асауға тұсау». Кенеп, майлы бояу. 120 х 217 см, 2015 ж. 

Аталмыш картина дəлдігімен тəнті етеді. Еркін де бөлекше жазу байқалады. Суретші таза рефлекске аса мəн береді. Соның нəтижесінде картиналарынан кеңістікті байқау қиын емес. Суретші картинада тірі қозғалысты алдыңызға жайып салады. Қозғалыстың анық байқалуы суретшінің кеңістікті жақсы көре білетіндігінде жатыр. Кеңістікті сезіне білу суретшіге бояу палитрасын да толық меңгеруге мүмкіндік бергеніне шүбə келтірмейсің. Картинадағы кеңістік пен жарықтың алдыңғы планда айшықталуы керемет үйлесім тауып, картинаның тұтас көркемдік дəрежесін асқақтатып тұр. Асауға тұсау салу процесі – қым-қиғаш интрига. Асаумен арбасқан көз, мың құбылған қас-қабақ пен жан берісіп, жан алысқан əрекетті сөз, қара тасты қақ айырар отты да өткір тіл – осының бəрі картинаның өне бойынан естіліп тұр. Картинаны көзімен емес, санасымен көретін адам осының бəрін байқайды. Өйткені, автор қиялының көркемдік мүмкіндігі мен орындаушылық жоғары деңгейі əр адамның жүрегіне жол тарта ала жөнеледі. Картина төңірегіндегі осы толғам бейнелеу өнеріне жүктелер міндет пен жауапкершіліктің салмағына əділ таразы бола алады деп айтар едік. Дəл осы ерекшелікті сезіну – суретшінің үлкен ізденісі мен суреткерлік ұшқыр қиялының жемісі. Осы тұрғыдан алғанда, өзгеше стилімен, айрықша тосын ойлай білетіндігімен, оқиғаны өрбіту ерекшелігімен, жаңаша түйсіну сезімталдығымен дараланатын сара суретшінің аталмыш картинасы сезім мен ойға құрылған шығармашылық əлемінің бір үлгісіндей көрінеді.


6

«Керуен». Кенеп, майлы бояу. 90 х 100 см, 2018 ж. 

Суретшінің қылқаламынан туған туындыдан жалғандық таппайсың. Картина бүгінгі заманның тілімен үн қатса да, бабалар дəстүрінен алыстап кетпегеніне ризашылық білдіресің. Картинада Ұлы Жібек жолы мен Қазақстанның байланысы айқын аңғарылады. Сондықтан да тарихи құбылыс пен тарихи ортаның бір арнада тоғысуы картина авторының шығармашылық тапқырлығы мен орындаушылық шеберлігі деп батыл айтуымызға болады. Ықылым замандардағы тарихи оқиғалар мен құбылыстарды бейнелеу өнерінде айшықты өрнектеу қазіргі кездің көзқарасымен гармониялық байланыста жүзеге асырылғанына қуанбау мүмкін емес. Жаздың аптап ыстығында ешбір тіршілік нышаны байқалмайтын сары даланы таспадай тіліп келе жатқан керуеннің бас-аяғы атшаптырым жерді алып жатыр. Осыншама аш ішектей созылған ұзынсонар саудагерлер шеруін суретші кеңістікті нəзік сезінетіндігімен жəне түстердің сан алуан топтамасын шебер пайдалана білетіндігімен палитралық панорама арқылы өрнектей білген. Қиял мен логикаға қатар ие болған суретшінің картинасы тылсымға толы болса да, сұлулық пен тазалықтың исі аңқып тұр. Дəл таңдалып, қанық бедерленген көркем əлем көзді арбап, тұңғиығына тартып ала жөнеледі. Картинаның композициялық байлығымен жəне бояу алуандығымен еркін сусындайтыныңыз да – аталмыш жұмыстың тағы бір тамаша қыры.


7

«Көкпар». Кенеп, майлы бояу. 105 х 90 см, 2017-2018 ж.ж. 

Картина живописецтің лирикалық ағынан жарылуының нəтижесінде туған туынды екені оның өн бойынан көрініп тұр. Тіпті ат үстінде көкпар тартып бара жатқан жігіттердің осы делебені қоздырар ұлттық ойыннан алатын лəззатын суретші өте нəзік импульспен бере алған. Айтары жоқ, өнер туындысының біздің санамызда мəңгі сақталып қалатыны да, одан соншалықты өнер рахатына бөленетініміз де – сол импульстің əсері. Сол импульсті көрерменге де сездіре алған суретшінің бұл картинасы осынысымен құнды. Тылсым табиғаттың көзге көрінбейтін жан дүниесі мен адамның көңілкүйінің сан батпан қатпарларына терең үңіле білетін жəне оны өзіне бағындыра білетін суреткер ғана натура қозғалысын сезімге ұштастыра алады. Картинадағы қызғылт бояудың қоюлығы да əлгі импульсті көрерменге ерекше сездіре түседі. Суретші осы арқылы динамика мен түстің гармониясына жете білген. Бұл өз кезегінде кеңістіктегі керемет сюжетті одан сайын айшықтандырады.



author

Алпысбай Қазығұлов

СУРЕТШІ

Жаңалықтар

Жаңа адамдар Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті деканының қызметтен босатылуын...

Жаңалықтар

Оқиға Есет батыр шағын ауданында болған. Ойын баласының аулаға жүгіріп шығып, көлік астына түскен сә...