Аманқос Ершуов. Меңдекештің хаттары

ЕСТЕЛІКТЕР
3698

Меңдекеш Сатыбалдиев ағамның кезінде маған жолдаған біраз хаттары бар еді. Хаттардан елге, жерге деген перзенттік сағыныш, өмірге құштарлық, азаматтарға айтар алғыс қатар сыр шертеді. Бір хатында Меңдекеш: «Ганюшкин жақта біраз күн жолсапарда болдым. Облыстық Радио комитетінің ескі «Газигі» қақпақылдап қалаға әрең жеткізді. 

Жолдың жайсыздығы, оған қоса ескі сырқаттың белгі беруі мүмкіндік бермей қойды. Бүгін ем алып, бойым жеңілденіп отыр. Көңілім көтеріліп, қағазға отырдым. Сапар қоржынындағы қопыраған қағаздар мен таспаларды тәртіпке келтіріп, радиоға 2 репортаж, газетке 1очерк тапсырдым. Онда ауыл адамдарының тұрмысы, мәдениеті, жағдайы, малшылар өмірінің жай-жапсарлары сөз болады. Кеше Қабекең (Қабиболла Сыдиықов) мен Гүлшат үйге келіп кеткен. Қабекең екеуміздің де Ақкиізтоғайдағы мектепте сабақ берген ұстазымыз ғой. 

Қазір Гурьев пединститутында оқытушы» деп жазса, енді бір хатында «Аманқос! Өзің білесің ғой. Мен тағдыр салмағын қаршадайымнан көтерген адаммын. Жан азабым бір басыма жетіп жатыр. Он бес жасымда бүкіл ошағым опат болды. Құлаған үйдің құламай қалған мұржасындай сопайып жалғыз қалдым. Сонда маған ел-халқым таяныш болды. Қазаным барда қаңғыбас емеспін. Өз аяғыммен тік тұратын халдемін. Біздің жұмыс- адамдар арыз-шағым айтып кететін орын. Жақсы да, жаман да кездеседі. Кеше Қызылқоғадан бір азамат келді. Сенген досы сатып кетіпті. Қиянат жасапты, адалдық ала жібін аттапты. Осындайды көргенде жарты тарының қауызына сыйып кетердей тарығамын. 

Қазір де жаным ауырып, көңілдің ештеңеге хошы жоқ. Сол мұңымды өлеңге де түсірдім. Ұйқым шайдай ашық, көңіл ояу, түн ортасы тезірек таң атса екен. Шіркін, біздің Ақкиізтоғайдың таңы-ай!» деп жазады. Енді бір хатында: «Жаман ағаңның жағдай жақсарып келеді. Іс те көп, жоспар да көп. Өлең көлдің суындай өніп жатыр. Ақындық ауылының тұрғыны бола бастағандаймын. Көшпелі емес, мәңгілік тұрғыны болсам деп армандаймын. Анау Абай мен Қасымдар соның хас үлгісі емес пе? Жақында Гурьевке Әбіш келді. Ол бүгінде республикалық Мәдениет министрлігінде жауапты қызмет атқарады. 

Алматы жаңалықтарын, әдеби қауымның тыныс-тіршілігін біраз толғап, ел тарихынан байыпты шежіре қозғады. Ойы орнықты, санасы салмақты білгір шешен боп қалыптасқан екен. Біраз күн Рузияның шайын ішіп, кең иығына Ерболат пен Расулды кезек мінгізіп, келген шаруасын бітіріп, Алматыға аттанды» деп Гурьевтегі тіршілігінен хабар берсе, енді бір хатында Меңдекеш былай деп жазған еді. «Сонымен артынып-тартынып Алматыға көшіп келдім. Үй мәселесі қиын болып, көпке дейін қиналып жүрдім. «Мәдениет және тұрмыс» журналы мен «Қазақстан» баспаларында қызмет атқардым. Қала әкімшілігінен денсаулығымды алға салып, үй сұрадым, еш нәтиже шықпады. Табаным тозды, амалым құрыды. Жүйкем жұқарып, жігерім мұқалды. Сосын Л.И.Брежневтің жеке атына жеделхат жолдап, Аллаға сыйынып ақырын күттім. Бір күні бұрынғы Министрлер Советінің Председателі Н.Д. Оңдасынов келе қалды. «Арабша-қазақша сөздік» бастырмақ екен. Ол кісі мені Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жүрген кезінен білетін еді. 

– Жайың қалай , балам? – деді.

– Жайым нашар. Баспанасызбын. Сырқатым да бар. Сын үстінде жүрмін, – дедім. Ақырында Брежневке жеделхат жібергенімді айттым. 

– Япыр-ай, асқындырып алған екенсің. Д.А.Қонаевтың өзіне тоқтауың керек еді, қиын-қиын, – деп бірнеше рет қайталады ол кісі. Алдыңнан асып, арғыға қол ұсыну ылғи да жақсы бола бермейді. Жарайды. Сен үшін Димашқа кірейін, – деді Нұрекең. 

Ертесіне ақсақал маған үйдің берілгенін айтып қуантты.

«Рахмет әке! Қамқорлық еңбегіңіз Алладан қайтсын» дедім. Сөйтіп, жылдар бойы шешілмей келе жатқан баспана жайы 10 минут ішінде шешіліп, жанұям қуанышқа бөленді. 

... Мұқағалиды көріп тұрамын. Күнде жұмысқа бара жатқанда Рузия 1 сомды жаңқалтама басады. 

– Бұның не бәйбіше?

– Мұқағали тағы да кездесіп қалар.

– О, Мұқаңның жөні бөлек қой, – деймін ризашылықпен.

Оның мәнісі: кездесе қалса, арқалы ақын арқырай келіп,«1 сом тапшы, сыраға» деуші еді. Жеңгеңнің еске салып жатқаны сол. Сөз жоқ, Мұқағали мықты ақын. Бүгінгі күн оны түсінгісі келмей түнеріп жүр. Ақынның өз заманы әлі-ақ туады. Оны біреу көріп, біреу көрмейді. Дүние өзгереді...

 САҚЫПТЫҢ САРЫНЫ

1954 жылы шежіреші, хиссашы Смағұл Төлеуовтан «Ләйла-Мәжнүн» кітабын алып оқыдым. Кітапты кейін қайтарып бергенімде, арасында жүрген көне дәптер менде қалған еді. Ондағы біраз хиссалар әдебиетші ұстаз Жанаш Нұрмахан айтқан Жылыой аймағында өмір сүрген Сақып ақын мұрасына сай келеді. Біріншіден Сақыптың өз аты аталады.

Екіншіден жер аттары баяндалады. Үшіншіден оны қолда бар бұрынғы өлеңдерімен салыстырып саралағанда, тілі орамды, екпіні мәнерлі текстен алшақ кетпейді. Төртіншіден Сақып әнші де болған ғой. Бұл жырлар құрылысында майда саз, мақпал әуен, келісті тыныс бар екен. Сонымен «Сақып салған сарындар» деген атпен аз-кем түсінік бере отырып, көне дәптердегі жеті толғауды көпшілік назарына ұсынуды ойлап жүргем.

«Сақыптың сайрауы». Бұл толыққанды толғауда адамгершілік, азаматтық қағидалар насихатталады. Ата дәстүрі үлкенді сыйлау негізгі арқау болған. Сақып ақын алып-қашпа албырт кезінде бір тойда Қашаған ақыннан бұрын сөз бастап, ағасынан төмендегідей сөз де естіген ғой.

«Ей, шырағым Сақыпжан!

Сөз басталмайтын ба еді ағадан?!

Жауапқа кәміл данадан.

Ағасын іні қор тұтқан,

Өз көңілін зор тұтқан

Шығып па ед тәртіп жаңадан?» («Ақын –жыраулар» Қабиболла Сыдиықов)

Бұған жауап ретінде Сақыптың толғауынан үзінді келтірейін:

«Алқынба жүрек, алқынба,

Қаз дауысым қаңқылда.

Қайнаған санам салқында.

Қаумалап келген ағайын

Сақыптан енді ән тыңда!

Қайығың қалса қақырап

Қайрат та керек малтуға.

Азамат болар бозбала

Азбайды сөз бен алтынға.

Үлкенді сыйлау әуелден

Бар еді қазақ салтында.

Қашаған мені қағытты

Ашуы келіп алқымға.

Қандай заман болса да 

Ей, жігіттер! Ес болса

Бұзылмай қал қалпыңда!»

Ұстазының ескертпесінен кейін осылай жырлаған болса, ол 1922 жылдың шамасы болар деп шамалаймын. 

«Баласына айтқаны». Бұл жыр баласына арналған. Бір жылы шілдеде ел аралап келсе, 3-4 қойы қаталап өліпті. Шалағайлық құдық қазбай, қыдырып кеткен баласының қырсыздығынан болса керек.

«Жұтта». Шамасы 1928-1929 жылдары жазылған. Ашаршылық алқымнан алғанда, атақты байлар да өзегі талып өлген ғой. Ақын халықпен бірге қиналып, азып-тозып жүріп, ұрпақты аман сақтап қалу үшін, жан сауғалап қалатын амалың болса, бел байла деп үн қатады.

«Дүние жалған». Бұл жырда ел үшін еткен ерлік еңбекті дәріптейді. Туғаның рас болса, өлуің де ақиқат. Бірақ тіршілік тоқтамайды. Жасарып, жаңарып отырады. Ақынның ойы осылай дейді. 

«Әркімде бар бір тума». Түңлікбай деген біреу некелі әйелінен безініп негізсіз жолға түскен. Оны от басына қарамайсың, өзің неткен шалағайсың деп ұялта отырып, қосағына, балаларына қайта қосқан.

Осы қолда бар шығармаларын оқи отырып, Сақыптың саңлақ ақындығына күмәнданбаймын. Ендігі мақсат- мұрасын іздеу, жинау. Оның сүрлеуі Орал, Ақтөбе, Атырау облыстарының өзімізге жапсарлас аудандары болуы мүмкін. Тіпті Қызылқоға, Мақат аудандарында да оны білетіндер ұшырасуы ықтимал.

 ӨЛЕҢ – КИЕ

«Атымды қойып ата-анам,

Айналған мені гүл қадап.

Анау бір үйде жатаған

Өмірге кеппін іңгалап...» деп жырлағанымдай сұрапыл соғыстың қызған тұсында, 1943 жылы тамыздың 18-і күні іңгәлеп жарық дүниеге келіппін. Әжем Злиха, әкем Назар мен анам Сарбөпенің көз қуанышы боппын. Әкем соғыстан броньмен қалып, колхоз басқарған адам. Соғысқа кеткендер аман оралсын, ортаға келіп қосылсын, Жеңіс орнасын деген ниетпен атымды Аманқос деп қойған екен. Екі апам Нұржамал мен Балтөренің ініге ықыласпен төккен мейірім шуақтары мен аялы алақандары балапан қанаттарымның ерте қағуына ұмтылдырды. 

Әттең, сол екі апайымның біреуі Нұржамал мен үшін өз шыбын жанын құрбан етіп, көзсіз ерлікпен қаза тапты. Жол ортасында қаннен қаперсіз ойнап отырған ойын баласымын. Кенет жолға қарай шаңдатып келе жатқан машинаны көзі шалып қалған Нұржамал апам тұра ұмтылған. Жанұшыра жүгіріп келеді, машина да тақалып қалады. Сөзсіз шопыр мас. Басқару тетігіне ие бола алмай, машина дөңгелектерін жол аңғарының екі жағына кезек-кезек соғады. 

Әйтеуір Нұржамал апам бұрын жетіп, мені жол жиегіне қарай қағып үлгереді де, өзі машина астында қалады. Мені тосын келген ажалдан алып қалған туған апам Нұржамалдың алдында қарыздармын. Ол уақытта өзім ес білмейтін жаста болсам, Нұржамал апамның он жасқа енді тола бастаған шағы шығар. Кейін ес білгенімде маған бұл қайғылы оқиғаны үлкендер айтып берген еді. Бірақ бұл тақырыпты жазу мен үшін өте ауыр болды. 

Балалық шағымда есімде қалған тағы бір оқиға болды. Бірде ақшам кезінде ойын балаларымыз, үйдің бір бұрышында асық ойнап, ортадағы үстелде үлкендер шай ішіп отырған еді. Кенет үйдің есігі қатты соққан желдің әсерінен сарт етіп ашылғандай болды да, мен есікке жалт қарадым. Аузым ашылып, көзі бақырайып бір орнында қатып қалдым. 

Басында тақиясы, үстінде шапаны бар бір қария кірді де, үйдің босағасына малдас құрып, алақанын жайып, бірдеңе деп күбірледі де бетін сипап орнынан тұрып есіктен шығып кетті. Бұл кім? Неге үндемей келді? Үйдегі адамдар ол кісіге амандасып төрге шық демегені қалай деп ойладым да, әжемнің қасына барып, «Әже, әже, көрдіңдер ме? Жаңа үйге бір ата келді ғой. Басында тақиясы бар, шапаны бар. Мына жерде отырды да шығып кетті», – дегенімде, үлкендер не дерін білмей, шошып кетпесін деп, ұшықтап, таңдайымды басып үшкіртіп жатты. 

Осы сурет ойымда сақталып қалды. Алғаш өлең жаза бастағанымда, мүмкін бұл өлеңнің киесі шығар деп те ойладым.Табиғаттың тылсым сырлары терең, тұңғиық қой...

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...