Родион Белецкий. Жалындаған жастық шақ

ӘДЕБИЕТ
1953

(Екі бөлімді комедия)

Аударма Қазақстан авторлары қоғамының қорғауында. Аудармашының рұқсатынсыз сахналауғаболмайды!

Редакция

Қатысушылар:

Женя / Жандос

Вася / Айдос – ескі достар.

Димочка / Барболсын.

Катя / Ләззат.

Милиционердың дауысы.

Бірінші бөлім

Васяның пәтері. Атшаптырым бөлме. Түн. Дастарқан басында ескі достар: Вася, Женя және Димочка отыр. Үстел үстінде ашылған арақ, рөмкелер, тіскебасар және телефон тұр. Васяның қолында – қойын дәптер.

ЖЕНЯ: (Васяға) Сенде ана бір қыз бар еді ғой... (Көрсетіп). ...көзімен.

ВАСЯ: Болған. Телефон нөмірін таппай отырмын. Е-е-е, есіме түсті!

ЖЕНЯ: Сөйтіп?

ВАСЯ: Есіме түсті, одан қайыр жоқ, бірақ... байға шығып кеткен. Бақытты отбасы, күйеуі – баскесер.

ЖЕНЯ: Құдай сақтасын!

Вася қойын дәптерін зерттеп әуре.

ДИМОЧКА: Жақсы отырмыз ғой. Қыздардың не қажеті бар?

ВАСЯ: Саған керек болмаса, жайыңа отыр.

ДИМОЧКА: (Васяға) Әйеліңнің көзіне қалай шөп саласың, ұят емес пе?

ВАСЯ: Қатты ұялып отырмын.

Қойын дәптерін ақтаруда.

ЖЕНЯ: Міне, нағыз үйленетін адам. Бай емес, бақ боп қонады!

ВАСЯ: Бар! Есімі – Анжела!

ЖЕНЯ: Неткен тамаша, неткен азғын ат еді.

ВАСЯ: Митинода тұрады.

ЖЕНЯ: Таксимен жиырма-ақ минутта жетіп барасың.

ДИМОЧКА: Жігіттер, кеш боп кетті. Келмейді.

ЖЕНЯ: Келгенде қандай. (Васяға) Телефон соқ. Ең бастысы қызықтыру керек.

Вася тұтқаны алып, нөмірін тереді.

ЖЕНЯ: Ол не істеуші еді?

ВАСЯ: Актриса.

ЖЕНЯ: Біз жақта Калягин бар де.

ВАСЯ: Тұтқаны көтермейді.

ЖЕНЯ: Күте тұр. Ваннада жалғыздықтан ботадай боздап, естімей жатыр-ау.

ВАСЯ: Алло.

Вася тұтқаны қолымен көлегейлейді.

ВАСЯ: Еркектің даусы.

ЖЕНЯ: Көршісі ғой.

ВАСЯ: Оның көршісі жоқ.

Вася тұтқадан қолын алады.

ВАСЯ: Ассалаумағалейкүм! Кешіріңіз, Анжеланы телефонға шақырып жібересіз бе?

Осы сөзден соң, Вася тұтқаның арғы жағындағы ұзақ-сонар әңгімені байсалды қалпынан танбай тыңдап тұрады да, телефонды орнына қояды.

ВАСЯ: (Женяға) Сені өмірде дарынсыз бұзақы деп атап па еді, біреу?

ЖЕНЯ: Басқа нөмірлер бар ма?

ВАСЯ: Жоқ. Ескі қойын дәптерімде болған, бірақ Светка лақтырып жіберді. Сенде ше? Әлгі мақтаулы жезөкшелерің қайда?

ЖЕНЯ: Үйде ұмытып кетіппін.

ВАСЯ: Өтірік айтқансың ғой, онда.

ЖЕНЯ: Жоқ.

ВАСЯ: Гетералармен моншаға барғаның, денешынықтыру институтындағы жүзгіш қыздармен жүргенің, бәрі өтірік боп шықты ма?

ЖЕНЯ: Бұ сөзден кейін сенімен қалай сөйлесем? Ендігіде, қақ ортамызды қара тас бөліп тұратын болады.

ВАСЯ: Саған қызыға да қызғана қарағам. Сөйтсем, ақымақ болыппын!

ЖЕНЯ: Қой, қатты кетпе. Қазірде... одан бұрын болашағың зор.

ВАСЯ: Шынында да, күлкілі жағдай.

ЖЕНЯ: Нағыз күлдіргі жағдай мынау, жігіттер. Мен бір танысымды білем. Үйіне қызу барғанда қатыны хоккей таяғымен қақ маңдайдан переді екен.

Вася орнынан атып тұрады.

ВАСЯ: Не дедің?

ДИМОЧКА: Қойыңдаршы, жігіттер, сабыр етіңдер! Одан да, тартып жіберейік.

ВАСЯ: (Димочкаға) Мені тоқтатқаның дұрыс болған. Әйтпесе, мына жерді қанға бояр ем.

Вася орнына отырады.

ЖЕНЯ: (Васяға) Айып етпе, достым.

ВАСЯ: Үйленбесең ғана кешірем.

ЖЕНЯ: Мені делқұлы көресің бе? Мынау ғой қызсырап жүрген.

ВАСЯ: Онда, кешірем.

ЖЕНЯ: Болды ғой!

ВАСЯ: Не дедің?

ЖЕНЯ: Айтарымды айттым.

Вася орнынан қарғып тұрып, Женяның жағасына жармасады. Женя да қайтар емес.

ВАСЯ: Не дедің?

ЖЕНЯ: Аузыма қақпақ қоясың ба?

ДИМОЧКА: Сендерге не болды, жігіттер? Доғарыңдаршы, бұндайды!

Вася мен Женя бірден орындарына отыра қалады.

ЖЕНЯ: (Димочкаға) Екеумізді немене татуластырып отырсың? Ең ақылдысың ба не?

ВАСЯ: Иә, арамыздағы естісі сен бе?

ЖЕНЯ: Әлде араласқың келмей тұр ма?

ВАСЯ: Еш қатысым жоқ дегендей ме?

ЖЕНЯ: Жігіттікке жатпайды. Одан да мынаны айт, жеңілтек қыз бар ма?

ВАСЯ: Ішті кептірмей жауап бер.

ДИМОЧКА: Жоқ.

ЖЕНЯ: (Васяға) Соған сеніп отырсың ба?

ВАСЯ: Жоқ.

ЖЕНЯ: Мен де. Әбден бұзылғанбыз ба?

ВАСЯ: Басқасын қайдам, бала кезден бері сотқармын. Балабақшадан да қуып жіберген.

ЖЕНЯ: Көзіне тура қарап тағы да сұрайық.

ВАСЯ: Сұрайық!

Женя мен Вася Димочканың қарсысына отырып, көзіне тесіліп қарайды.

ЖЕНЯ: Дима, өтірік айтып тұрған жоқпысың?

ДИМОЧКА: Жоқ, анамның ақ сүті.

ЖЕНЯ: (Васяға) Көрдің бе, бізбен сөйлескісі жоқ, сыйламайды да.

ВАСЯ: Ренжіп қалайық та!

ЖЕНЯ: Үлгереміз. (Димочкаға) Бар ма, қойын дәптер?

ДИМОЧКА: Бар.

ЖЕНЯ: Әкел көрейік.

ДИМОЧКА: Бермеймін. Ол жақта ештеңе жоқ.

ЖЕНЯ: (Васяға) Көрдің ғой. Ал, менен сұрағанда қолын қайтарғаным емес.

ВАСЯ: Мен де.

ЖЕНЯ: Төртінші сыныпта денешынықтыру киімі болмай, өзімдікін бергем. Есіңде ме?

ВАСЯ: Ондайды ұмытып албасты басып па?!

ЖЕНЯ: Сол кезде жыртып тастаған.

ВАСЯ: Институтта оқып жүргенінде емтиханға қажет деп Шопенгауэрдың кітабын сұрап алған. Өзім дегенде өзегімді жұлып берем ғой. Сол кітапты жоғалтып тынды, әумин болды ғой, әйтеуір.

ЖЕНЯ: Иә, сол кезде жылағаның да есімде.

ВАСЯ: Рақметі жоқ адам ғой.

ЖЕНЯ: Оны да көңілге алғамыз жоқ...

ВАСЯ: Өйткені, сыйладық... Ал, енді...

ЖЕНЯ: Кісі қызығарлық қылығың қалмады. Енді, ренжиміз. Жігітше ренжиміз! Мәңгіге!

Екеуі де орындықты теріс айналдыра отырып, Димочкаға арқасын береді.

ДИМОЧКА: Жігіттер!

Женя мен Вася үнсіз.

ДИМОЧКА: Әзілдерің ғой, иә?!

ЖЕНЯ: (Васяға) Сен қалжыңдап отырсың ба?

ВАСЯ: (Женяға) Қалжыңға қырсызбын ғой, достым.

ЖЕНЯ: А, айып етпегін!

Женя мен Вася үнсіз. Димочка екеуіне қарап, күрсініп, бөлменің бұрышындағы сөмке ішінен қойын дәптерін алып шығып, үстел үстіне тастайды.

ДИМОЧКА: Ал, көріңдер.

Ренжіп отырған екеу елең ете қалысады. Вася бірінші боп дәптерге жармасады. Женя оның қолынан жұлып ап, парақтауға кіріседі.

ДИМОЧКА: Ештеңе жоқ.

ЖЕНЯ: (Димочкаға) Сені кешірдік, сондықтан тыныш отыр.

Женя дәптерді арлы-берлі сапырады.

ЖЕНЯ: Так, Арбузов, автосервис, жоқ ол емес, Буклетов... Жанына «жарымес» деп жазып қою керек.

ДИМОЧКА: Әй, тимеңдер!

ЖЕНЯ: Мақұл, көргенде айта салам.

Женя ары қарай ақтарады. Вася қойын дәптерге оның арқасына артыла қарап тұр.

ЖЕНЯ: Верин, Воротникова. Мынаған миллион берсе де звандамаспын. Жел. Ол да емес. Міне! Клавдия Мих. (Димочкаға) «Мих» деген не?

ДИМОЧКА: Клавдия Михайловна. Көршім ғой. Жетпісте!

ЖЕНЯ: Промашка. Ленский. Моспанов. (Васяға) Екеуміз емес пе? Бізді неге қосып жазып қояды екен, осы?

ВАСЯ: Фамилиямыз бір әріптен басталады ғой.

ЖЕНЯ: Аты-жөніңді ауыстыр. Анаңның фамилиясына өт.

ВАСЯ: Өзім білем.

Дәл осы кезде Вася Женяның қолындағы қойын дәптерді жұлып ап, теріс қарап ақтаруға кіріседі. Женя артынан кеп, қылқындырады. Вася қарсыласып, парақтап әуре.

ВАСЯ: (айқайлап) Алақай, таптым, таптым!

ЖЕНЯ: Қайсы?

ВАСЯ: Міне. Эн Ха (Димочкаға) Эн Ха деген кім?

ЖЕНЯ: Эн Ха-сы несі?

ВАСЯ: А, білем. Бұл – Бойдақтың Үміті.

ЖЕНЯ: (Васяға) Сені ақыл-есі дұрыс адам ба деп жүрсем, қатты қателесіппін.

ДИМОЧКА: Біздің Химтазалау дегені ғой!

ВАСЯ: Сонда да, телефон шалып көрейік. О жақта дәу-дәу қатындар жұмыс істейді.

ЖЕНЯ: (Васяға) Берші!

Женя қойын дәптерді Васяның қолынан тартып алады да, шетке қашады.

ЖЕНЯ: Әдепсіз!

Женя дәптерді парақтайды.

ЖЕНЯ: Оттай ыстық құшақтар, сүйгенде ем болар еріндер, адамның есін шығарар айғайлар, қайдасыңдар? Тыныш, тыныш! Соңғы «Я» әрпі қалды. Мұқият бол!

Женя парақты аудармастан, қос қолын дәптер үстіне қояды.

ЖЕНЯ: Сезіп тұрмын, ол – осында. Менің өмірбақи іздеген адамым.

ДИМОЧКА: Жә-жә...

ЖЕНЯ: Атын атама! Өзім табам. «Я»-дан басталатын небір ғажап есімдер бар: Ядвига, Яна...

ВАСЯ: Яга.

ЖЕНЯ: Т-с-с-с.

Женя қозғалмай тұрады да, көзін жұмып, бірден ашады.

ЖЕНЯ: Білем, оның аты – Ярослава! Ішкі даусым солай деп жатыр. Ярослава күтіп отыр. Мен саған барам, сүйіктім!

Женя дәптердің соңғы бетін ашып, ұзақ қарап тұрады.

ВАСЯ: Не? Не бар екен?

ЖЕНЯ: (паузадан соң) Ярославль дөңгелек зауыты.

ДИМОЧКА: Иә, о жаққа жұмыс бабымен барғам.

ЖЕНЯ: (Димочкаға) Мына жерде есі дұрыс нөмір жоқ қой. Сене алмай тұрмын. Сонда, біз оқыған ерлік дәрістері ауаға ұшты ма?

ВАСЯ: Әрине. Қыз әкелсек болды, әтек ұқсап қашады. Ертең... жұмысқа барады екен.

ЖЕНЯ: Дмитрий, бүйтіп зорықпа. Айнаға қарашы, түрден түр жоқ. Көзің – қып-қызыл, алақ-жұлақ етеді...

ВАСЯ: Ұртыңнан сілекейің шұбырып...

ЖЕНЯ: Қолың қалтырап...

ВАСЯ: Және...

ЖЕНЯ: (оны тоқтатып) Көңіліне қаяу түсірмейік.

ДИМОЧКА: Әйелге келгенде нәзікпін ғой, өздерің де білесіңдер.

ЖЕНЯ: Бір сұрақ қойсам ренжіп қалмайсың ба, Дима?

ДИМОЧКА: Сұрақ?

ЖЕНЯ: Иә, қалжыңсыз. Әлгі Леночка не болды, қызық боп тұр!

ВАСЯ: Маған да. Жақсы жұп едіңдер, аяқастынан не болды?

ДИМОЧКА: Мені тастап кетті. Бір журналистпен қолыстасып, көңіл қосты.

ВАСЯ: Қаласаң журналисты өлтірейін немесе ана қатынды. Бір тәсілім бар. Кіндіктен ұрам. Адам соққы тимей жатып жан тапсырады. Қазір көрсетем.

Вася Женяның жанына жақындап, боксшы секілді тұра қалады.

ЖЕНЯ: Құтырған пәлекет. Кінә – өзіңнен.

Женя да ұрысқа дайын.

ДИМОЧКА: Одан да, отырып ішейік, жігіттер!

ЖЕНЯ: (әйелдің рөлін ойнап) Естідің бе, бізге ұсыныс жасады. Сен келісесің бе, құрбыжан?

ВАСЯ: (ол да ойнап) Білмеймін. Байым бар ғой.

ЖЕНЯ: Менің де! Бірақ, ол ерекше еркек екен.

ВАСЯ: Бопты.

Достары дастарқан басына отырады. Димочка арақ құяды. Жастар рөмкелерді алып, алдына қояды.

ВАСЯ: Кетіп қалған жар үшін!

ЖЕНЯ: Және біз үшін!

Достар алдыдағы арақты көмейіне аунатып жібереді.

ЖЕНЯ: Ашты екенін неге айтпадыңдар?

ВАСЯ: Ал, маған ұнады. Балалық шағым еске түсті.

ЖЕНЯ: Неге?

ВАСЯ: Бала кезім әркез жадымда жаңғырып тұрады.

ЖЕНЯ: Дима, сенен бұрыннан сұрайын деп ұмытып кете берем.

ДИМОЧКА: Бір кеште екі сауал! Мынаны тоқтатасың-ау!

ЖЕНЯ: Мен бар ғой, бір өзім-ақ үш... төрт бөтелкені тауыса алам. Сонан соң Васьканың «Запорожецын» айдап кете берем.

ВАСЯ: «Окада» де.

ЖЕНЯ: Маңызды емес. Өміріңде қанша әйелмен кездестің?

ВАСЯ: Біреуін білеміз. Ол арам еді ғой, иә, Евгений?

ЖЕНЯ: Рас айтасың, Василий. Сонымен болды ма?

ДИМОЧКА: Жалпы...

ЖЕНЯ мен ВАСЯ: Жалпы?

ДИМОЧКА: Тағы біреуі болған. Кездейсоқ. Ленка кетіп қалғанда, оған қасарысып... Жеңіл жүрісті қыз еді. Жезөкше! Қысқасы, қызықты ештеңе болған жоқ. Кейіндері өкініп қалдым.

ЖЕНЯ: Демек... Бәрекелді! Онда, кел соған телефон шалайық.

ДИМОЧКА: Менде нөмірі жоқ. Бәрі кездейсоқ болды дедім ғой.

ВАСЯ: Дұрыс, қойын дәптеріңде жоқ екен. Дегенмен, дәл сондай нөмірлер тез жатталады емес пе?

ДИМОЧКА: Жоқ! Жетер! Бұл туралы айтқым келмейді.

ЖЕНЯ: Мәссаған! Дала – қараңғы. Қыз-қырқын жоқ. Оған қоса, ең жақын досың сөйлескісі келмей отыр. Бұндайда тек ішу керек. (Димочкаға) Үндемей арақ құйшы!

Димочка мақұлдағандай басын изейді.

ЖЕНЯ: Бір әңгіме айтып берейін, қызық болсын.

Женя әңгіме айтып, ал Димочка арақ құйып отырғанда, Вася Диманың үстел үстінде жатқан қойын дәптерін байқап қап, бірден ақтаруға кіріседі.

ЖЕНЯ: Мен Мысырда тұрған кезімде...

ДИМОЧКА: Өтірік, Мысырды өмірі көрген адам емессің.

ЖЕНЯ: Көргем. Бала кезімде!

ДИМОЧКА: Бала кезіңде әке-шешеңмен Бостандық 6 көшесінде, тоғызыншы қабатта тұрғансың. Тура менің жоғары жағымда.

ЖЕНЯ: Әңгіме тыңдағың келе ме, жоқ па?

ДИМОЧКА: Жоқ.

ЖЕНЯ: Онда сөзімді бөлме. Сөйтіп, Мысырда тұрған шағымда... Ол кезде баламын ғой. Каирдегі үйіміз... (Димочкаға) Не боп қалды?

Димочка басын шайқайды.

ЖЕНЯ: Содан... Каирдегі үйімізде өте қырсық мысырлық қатын болған. Үшінші подъездегі Лена ападан аумайтын. Есіңде ме?

Димочка басын изейді.

ЖЕНЯ: Балалармен «чеканочка» ойнап жүргенде, әлгі қақпас терезеден басын шығарып: «Оңбай кеткір, жүгермектер! Желкелеріңді үземін! Кетіңдер!» – деп мысыршалап боқтайтын.

Димочка күледі.

ЖЕНЯ: Олай болса, сол үшін іш...

ВАСЯ: (аяқастынан) Таптым!

ДИМОЧКА: Нені?

ЖЕНЯ: (Димочкаға) Мән берме, ол өмірдегі орнын тапты. Ұрттап алса болды, әркезде жоғалтқанын табатын әдеті. Олай болса, сол үшін іш...

ВАСЯ: Қыздың телефон нөмірін таптым!

ЖЕНЯ: Қай жерден?

ВАСЯ: Диманың қойын дәптерінен. Сыртында жазулы тұр екен. Байқамағанбыз ғой. Міне, Катя, жүз тоқсан бес...

ЖЕНЯ: Қайсы, көрейін!

Женя Васядан дәптерді тартып алады.

ЖЕНЯ: Расында да, Катя екен. Телефонды сызып-сызып тастапты, бірақ тануға болады. Сонымен, достым, бұл кім? Шыныңды айт.

ДИМОЧКА: Маңызды емес. Әкел бері.

ЖЕНЯ: Маңызды емесің не? Керісінше, мұқтажбыз ғой!

ДИМОЧКА: Өтінем, дәптерді қайтаршы.

ЖЕНЯ: Әуелі, Катя деген кім екенін айт.

ВАСЯ: (күтпеген жерден) Білем!

ЖЕНЯ: Нені білесің?

ВАСЯ: Катяның кім екенін! Бұл жаңағы... жеңіл жүрісті...

ЖЕНЯ: Мүмкін емес.

ВАСЯ: Шын айтам.

ДИМОЧКА: Жоқ, ол емес. (Женяға) Дәптерді бер дедім!

Димочка Женядан қойын дәптерді алмақшы болады, ол қашып, ұстатпай жүреді.

ЖЕНЯ: Алдымен айт, сол қыз ба?

ДИМОЧКА: (ашуланып) Жоқ! Әкел бері!

Ызадан қып-қызыл боп кеткен Димочка қойын дәптерді Женядан тартып алып, бөлменің бұрышындағы сөмкеге салып қояды.

ЖЕНЯ: Не болды, Дима? Ренжіп қалдың ба?

ДИМОЧКА: Жоқ!

ЖЕНЯ: Әй, қайдам.

ДИМОЧКА: «Жаңылмайтын жақ жоқ», бәрі – дұрыс.

ЖЕНЯ: Кешірші, достым.

ДИМОЧКА: Кешірім сұрама. «Бәрі – дұрыс» дедім ғой. Керісінше, мен артық ішіп қойған секілдімін. Барып ұйықтайын. Таңғы тоғызда жұмыста болуым керек. (Васяға) Кіші бөлмеге жатсам бола ма?

ВАСЯ: Әрине.

ДИМОЧКА: Қайырлы түр.

ЖЕНЯ: Қайырлы түр.

ВАСЯ: Қайырлы түр.

Димочка бөлмеден шығарда ішінде қойын дәптері бар сөмкесін алып кетеді. Достары оны көзбен шығарып салады. Дима кеткен бойда-ақ бір-біріне жалт қарайды.

ЖЕНЯ: Нөмірді жаттап алдың ба?

ВАСЯ: Иә!

ЖЕНЯ: Мен де. Жүз тоқсан бес...

ВАСЯ: Үш, үш, үш, алты.

ЖЕНЯ: Сенімдісің бе?

ВАСЯ: Толық сенімдімін. Телефонды неге өшірді екен? Арланған шығар. Екінші рет звандамас үшін. Ол ұяттан бір күн бұрын туған жігіт қой, өзің де білесің. Практикада бұрағыштың өзін ұрлаудан ұялғаны есіңде ме? Неге сонша қобалжып кетті екен, а? Жас кезіндегі күнәларын ұмыта алмай қиналған-ау, сірә! Телефон соғайық!

ЖЕНЯ: Иә, тек шуламайық.

Женя тұтқаны алады.

Үйінде болмай қалса ше? Оларда қазір жұмыс қызық жатыр ғой.

ВАСЯ: Тәуекел. Клиенты келмей қалуы да ықтимал. Ондай да болады ғой.

Женя нөмірді теріп, қайтадан тұтқаны орнына қоя салады. Бөлмеге жартылай жалаңаш Димочка кіреді.

ДИМОЧКА: Будильникты ұмытып кетіппін. Өзім ояна алмаспын.

Димочка серванттан будильникты алады.

Ал, жақсы жатып, жайлы тұрыңдар! Қайырлы түн!

ЖЕНЯ: Қайырлы түр.

ВАСЯ: Қайырлы түр.

Димочка бөлмеден шығады. Достары тың тыңдаған соң, Женя қайтадан тұтқаны көтеріп, нөмірді тере бастайды.

ЖЕНЯ: Алло. Бұл Катя ма екен? Қайырлы кеш. Сізді оятып жібергем жоқ па? (тұтқаны қолымен жауып, Васяға) Даусы ше, ә-ә-ә-әдемі ғой. (телефонға сөйлеп) Рақмет, қуаныштымын. Сізді Дмитрий Вашестовтың досы мазалап тұр. Ондай адамды танисыз ба? (тұтқаны қолымен жауып) Әй, досым-ай, мынауың әлі ұмытпапты! (телефонға сөйлеп) Сізге сәлем айтып жатыр. Сұрасам бола ма екен, жеті түнде немен шұғылданып отырсыз? Кітап оқып? Біз де. Бізі кім дейсіз бе? Дмитрий және мен – Евгений. Тағы бір досымыз бар, ол туралы білу маңызды емес.

ВАСЯ: Қалай маңызды емес дейсіз бе? (телефонғаайқайлап) Менің атым – Василий!

ЖЕНЯ: (Васяға) Тыныш-ей! (телефонға сөйлеп) Жиналып, бірге кітап оқысақ қайтеді? Аса қиын емес қой. Көшеден көлік тоқтатып, үйге келіңіз. Біз Тушинода тұрамыз. Панфиловшылар қаһарманы 9, 37-ші пәтер. Келесіз бе?

ВАСЯ: Шашының түсі қандай екен, сұрашы?

ЖЕНЯ: Тоқтай тұршы-ей.

ВАСЯ: Сұрашы, сұрашы.

ЖЕНЯ: (телефонға сөйлеп) Кешіріңіз, шашыңыздың түсі қандай? Жақсы. Сау болыңыз.

Женя тұтқаны орнына қояды.

Келгенде көресіздер дейді.

ВАСЯ: (қатты қуанып, айқайын тежеп) Келеді, алақай!

Достар орындарынан қарғып тұрып, шаттанғаны сонша жабайы папуастар биін билейді, үнсіз сахна. Кенеттен Вася кідіріп қалады.

ВАСЯ: Тоқта! Бағасын сұрамаппыз да ғой.

Сахна қараңғыланады. Жиырма минут өтеді. Васяның пәтері. Женя мен Вася ашық есік аузында тұр. Васяның қолында – калькулятор. Бір нәрсені мұқият есеп жатыр. Басын шайқап, қайтадан батырмаларды басып, есептейді. Женя Васяның арқа тұсынан калькуляторға қарауда.

ЖЕНЯ: Бір түні екі жүзден аспайды деп айттым ғой, саған.

ВАСЯ: Сен қайдан білесің?

ЖЕНЯ: (білгішсініп, қуақылана сөйлеп) Білем ғой.

Женя Васядағы калькуляторды тартып ап, өздігінше есептеп, досына көрсетеді.

ВАСЯ: Менде жүз елу бар. Телевизор алам деп жиған ақшам ғой.

ЖЕНЯ: Түгел жұмса.

ВАСЯ: Кейін жартысын қайтарып бересің.

ЖЕНЯ: Сол да сөз боп па?

ВАСЯ: Дима ана қызға ақша берген бе екен, қалай ойлайсың?

ЖЕНЯ: Оның көзі жәудіреп тұрған соң, аяған ғой. Ал, екеуміздің арсыз екеніміз түрімізде тұр. Бізден өкіртіп алады-ау.

ВАСЯ: Менде жүз елу ғана бар.

ЖЕНЯ: Саспа, келісем ғой.

ВАСЯ: Бірақ, бірінші мен кірем.

ЖЕНЯ: Жартысын қайтарып берем дегенімді ұмытпа. Былай істейік, бір-бір рөмкеге арақ құйып алайық. Ол кірген бойда-ақ ұсынамыз. Кімдікін бірінші ішсе, сол алғашқы боп кіреді.

ВАСЯ: Осы сенің таппайтының жоқ-ей. Жақсы, келістік.

Достар бөлмеге барып, бір-бір рөмке алады.

ВАСЯ: Айтпақшы, онымен қалай сөйлескенім дұрыс?

ЖЕНЯ: Кәдімгідей. Қобалжыма. Оған да, бізге де аян нәрсе.

ВАСЯ: (кенеттен) Лифт!

Қолына рөмкелерін ұстаған жастар ашық есіктің аузына жақындайды. Мына жақтан Женя мен Вася, ана жақтан Катя келе жатып, бір мезетте, бір жерде түйісіп қалады. Катя – бойы ұзын, сымбатты, сыршыл, талғаммен киінген, жиырмадан енді асқан сұлу қыз.

ЖЕНЯ: (Катяға) Қоңырауды баспаңыз!

КАТЯ: Сәлеметсіз бе?! Тура таптым ба? Дима Вашестовтың достарысыз ба?

ЖЕНЯ мен ВАСЯ: С-с-сәлем бердік. Дәл өзі!

Достар әрқайсысы бір-бір рөмке ұсынады, қызға.

ЖЕНЯ: Айып добы!

КАТЯ: Рақмет, ішімдікке жоқпын.

Женя мен Вася бір-біріне көздерін төңкере, таңғала қарайды.

КАТЯ: Дима қайда екен?

ЖЕНЯ: Тыныш!

КАТЯ: Қайда, Дима?

ЖЕНЯ: Ауырып қалды.

КАТЯ: Тыныштық па?

ЖЕНЯ: Алаңдауға себеп жоқ. Тамағы ісіп кетті. Аспирин мен балды араластырып асап алды да, аяғын ыстық суға булап, жылы оранып жатып қалды. Сізден кешірім сұрап, мазаламауын өтінді. Мына жерге өтіңіз. 

Катя бөлмеге кіреді. Женя мен Вася кідіреді.

ВАСЯ: Ана қызың аса кірпияз ғой, тегі.

ЖЕНЯ: Енді, ол елдің есігін күзетіп, вокзал араламайды ғой. Үйінде отырып-ақ адам қабылдайды, телефон қоңырауына жауап береді.

Екі дос та бөлмеге енеді.

ЖЕНЯ: (Катяға) Жайғасыңыз. Өзіңіз көріп отырғандай, достар боп бас қосып, кішігірім дастарқан жайған ек.

ВАСЯ: Арақтан аз-маз көрмедіңіз бе?

ЖЕНЯ: Әдепсіз досымды кешіріп қойыңыз. Арақты жеңген жалғыз адам болса, бұл – мынау.

ВАСЯ: Онда, пепси-коладан құяйын!

КАТЯ: Жарайды.

Вася бөтелкені ала сап, Катяға пепси-кола құйып береді. Катя бокалды алып, арлы-берлі зерттей қарап барып ішеді. Пауза.

ЖЕНЯ: (Катяға) Қалай жеттіңіз бе?

КАТЯ: Жаман емес.

ВАСЯ: Ал, біз сізді күтіп қалдық. Алаңдадық.

КАТЯ: Менің денсаулығым үшін іштіңіздер ме?

ЖЕНЯ: Күлетіндей дәнеме жоқ. Шын!

ВАСЯ: Сұлу екенсіз.

КАТЯ: Рақмет.

ВАСЯ: Өте тартымды екенсіз.

ЖЕНЯ: Екеуі бір ғой.

КАТЯ: Рақмет.

ВАСЯ: Және... қалай еді... жеңсікқұмарсыз. Секс-уалдысыз!

КАТЯ: Тағы да рақмет. Бірақ, тақырыпты басқа жаққа ауыстырсақ.

ЖЕНЯ: Мәселен, сіздің қаламақыңызға қарай ма?

КАТЯ: Қаламақы?

ЖЕНЯ: Тура-тура! Бір сеансыңыз үшін менен және менің беймаза досымнан қанша сұрайсыз?

КАТЯ: Қандай сеанс?

ЖЕНЯ: Нақтырақ айтқанда, сыршылдық... интимдық кездесу үшін?

КАТЯ: Кездесу? А, кездесу! (олардың ойынына қосылып) Аса қымбатқа түспейді. Сездерге – тегін.

ЖЕНЯ: Неге?

КАТЯ: Көргеннен-ақ ұнап қалдыңдар. Көңіліме жаққандардан ақы сұрамаймын. Ұстанымым сондай. Кейде, адам ұқсап ләззат алғым келеді.

ВАСЯ: Бәрекелді, осы принципіңізден айнымаңызшы.

КАТЯ: Қай жерде өтеді, сеанс? Жұмыс істейтін орынмен танысып шығайын.

ВАСЯ: Жүріңіз көрсетейін.

Вася жатын бөлменің есігін ашады. Ішіне кіреді.

ВАСЯ: Мархабат. Міне, мынау менің жатын бөлмем. Жақында ғана ішін жөндеп, әктеп-сылап, қалпына келтіргем.

КАТЯ: Жинақы екен.

ВАСЯ: Жиһаз сатып алдым. Мысалы, төсек, міне! Жұп-жұмсақ. Тексеріп көресіз бе?

Женя терезе жанына барып, сырттай бақылап тұрады.

ЖЕНЯ: (Васяға) «Запорожецың» көрінбейді ғой.

ВАСЯ: Көзіңді ашып қара, әне тұр ғой. Қанша рет қайталайын, «Запорожец» емес, «Ока»!

ЖЕНЯ: «Ока» да көзге шалынбайды.

ВАСЯ: (Катяға) Қазір.

Вася терезеге жақындап, қарап тұрады.

ВАСЯ: Мүмкін емес. Қырсық! (Катяға) Кешіріңіз, қазір келем. Асүйдің терезесінен қарайын.

Вася бөлмеден шығып кетеді. Женя жымиып, Катяның қасына барып, қолын созады.

ЖЕНЯ: Жүріңіз, жатын бөлмені мен-ақ таныстырайын. О жерді қожайыннан артық білем. Оған күмәніңіз болмасын!

Катя Женяның білегінен ұстайды. Екеуі бөлмеге енеді. Дәл сол кезде Вася ішке жүгіріп кіреді. Жатын бөлменің есігін жұлқылайды. Жабық.

ВАСЯ: Оңбаған!

Ол бір нәрсе есту мақсатында құлағын есікке тосады. Нәтижесіз. Сонан соң есіктің тесігінен сығалайды. Түк көрінбейді. Сонан соң тізерлеп, есік пен еден арасындағы саңылаудан қарайды. Сол кезде бөлмеден қатты дыбыс естіледі. Есік ашылғанда, бір қолымен басын ұстап, тізерлеп Женя келе жатады.

ЖЕНЯ: Темір табақты неге іліп қойғансың?

ВАСЯ: Әсемдік үшін.

Женяның артынан өзін емін-еркін ұстаған Катя шығады. Қолында – ішке қарата қисайған табақ. Ол достардың үстінен аттап-бұттап бөлмеге өтіп, орындыққа отырады.

ЖЕНЯ: Жындыбассың ба?

КАТЯ: Иә.

ЖЕНЯ: (Васяға) Қолынан сүйейін десем... табақпен сүйкеп жібергені!

ВАСЯ: Ауырды ма?

ЖЕНЯ: Сезбей қалдым!

ВАСЯ: (Катяға) Соғысудың қажеті қанша? Мұнда не үшін келгеніңді түсінбедің бе?

КАТЯ: Кітап оқуға шақырдыңдар. Қара таниды екенсіңдер. Тамаша. Міне, куәлігім. Оқыңдар. Бір жағынан есептеңдер. Мектепте үйреткен болар? 

Катя Васяға куәлігін береді. Ол түсінбей құжатқа қарауда.

ВАСЯ: (оқиды) Екатерина Ивановна Слюсарева...

ЖЕНЯ: (бұлқан-талқан боп) Әкеші-ей, бері!

Женя Васядан куәлікті жұлып алады да, ұзақ қарайды.

ЖЕНЯ: (Васяға) Қораға кірдік!

ВАСЯ: Үйленген бе екен?

ЖЕНЯ: Ақымақ, ол кәмелетке толмаған!

ВАСЯ: Рас па, түріне қарасаң ұқсамайды ғой.

КАТЯ: Әкем – милиция бөлімшесінің бастығы. Паспортта суреті тұр.

Екі дос суретті кезек-кезек зерттейді.

ВАСЯ: Майор екен! Негізі, қызы шамалы анандай, ал әкесі мент болатын кез кездесе ме, өмірде?

ЖЕНЯ: Қазір бәрі кездеседі. (Катяға) Бізді бопсаламақшысыз ба?

КАТЯ: Жоқ, түрмеде шірітем.

ВАСЯ: Неге?

КАТЯ: Жай әншейін. Профилактика үшін.

ЖЕНЯ: Тыңдаңызшы, Екатерина, бұл – әділетсіздік қой. Сізді қонаққа шақырдық. Өзіңіз келдіңіз. Жақсылап қарсы алдық, қонақ қылдық. Саусағымыздың ұшы да тиген жоқ... десек болады!

ВАСЯ: Не үшін түрмеге?

КАТЯ: Соны қалап тұрмын. Екі аптадан соң он сегізге толам. Сөйтсем, әлі ешкімді түрмеге қамамаппын. Енді, осы олқылықтың орнын толтыруым керек.

ВАСЯ: (Женяға) Әзілдеп тұр ма?

ЖЕНЯ: Жоға да! (Катяға) Әкеңізге не істеп жүргеніңізді айтып береміз.

КАТЯ: Сізге емес, маған сенеді ғой. Мені күштеп үйге кіргіздіңіздер деймін. Жермен жексен қылады.

ЖЕНЯ: Катяжан, сіз ақылды қыз ретінде...

КАТЯ: Ақымақпын!

ЖЕНЯ: Сонда да, келіссек болатын шығар?

КАТЯ: Қалайша?

ЖЕНЯ: Үлкен өмірге қадам басқалы отыр екенсіз. Аса үлкен емес ақша берсек қалтаңызды теспес!

КАТЯ: Ол ақша мен көрсетіп жүрген қызметтен жоғары ма?

ЖЕНЯ: Әрине.

ВАСЯ: (Женяға) Менде басқа ақша жоқ. Қазір жұмыссызбын ғой.

ЖЕНЯ: «Запорожецты» сатасың.

ВАСЯ: «Оканы» деші.

КАТЯ: Сөйтіп, қанша ұсына аласыздар?

ЖЕНЯ: Қазіргі қаржылық жағдайды есепке алғанда...

КАТЯ: (сөзін бөліп) Қанша?

Телефон шырылдайды.

КАТЯ: Әкем-ау, шамасы. Қайда кеткенімді біледі ғой.

ВАСЯ: (Женяға) Тұтқаны көтер.

ЖЕНЯ: Жоқ, үйдің иесі – сен емес пе?!

Вася ақырындап телефонды алады.

ВАСЯ: Алло. Алло. Света? Сәлем. Жақсы. Ештеңе. Үйде, сол. Женямен арақ ішіп отырмыз. Әрине, екеуміз ғана.

КАТЯ: Қызық екен. Берші, телефонды!

ВАСЯ: Жоқ!

Катя Васяның қолынан телефон тұтқасын тартып алады.

КАТЯ: Алло. Әйелісіз бе? Мен Василийдың ескі құрбысымын. Жаңа төсек-орын жабдықтары қайда екенін сұрай салшы деп жатыр, күйеуіңіз. Жатын бөлмеде, гардеробта. Рақмет. Сау болыңыз.

Катя телефон тұтқасын орнына қояды.

ВАСЯ: Не істедің қу түлкі?

Вася орнынан атып тұрып, Катяны ұрмақшы болады. Женя оны ұстап қалады.

ВАСЯ: (Женяға) Келсе, құртады ғой!

ЖЕНЯ: Жоқ, жете алмайды. Өйткені, ол кезде түрменің төрінде отырасың.

КАТЯ: Ол мені балағаттады ма? Ұрмақшы болды ма? Дәл қазір алып кетсін бе, сендерді? Тұрыңдар, қане!

ВАСЯ: (Катяға) Не дедің? (Женяға) Не деді, түсінбей қалдым.

КАТЯ: Тұрыңдар дедім!

ВАСЯ: (Катяға) Сен қызды бар ғой...

Катя тұтқаны көтереді.

КАТЯ: Тұрыңдар, онда әкеме звандай салам.

ЖЕНЯ: (Васяға) Соңғы рет бөлімшеге қашан түсіп ең?

ВАСЯ: Анау бір кезде, сенімен бірге.

ЖЕНЯ: Оңдырмай ұрып еді ғой. Қазір одан да жаман дейді ғой. Одан да, тыңдай салайық.

Женя мен Вася жерден көтеріледі.

КАТЯ: Жатыңдар!

ЖЕНЯ: Кешіріңіз, қай жерге?

КАТЯ: Жерге.

ВАСЯ: Ешқашан!

ЖЕНЯ: (Васяға) Жуан резеңке дубинканы есіңе түсірші!

Вася ауыр күрсінеді. Екі дос еденге жатады.

ЖЕНЯ: (Васяға) Темекі тауып алдым.

ВАСЯ: Жолың болғыш пәле екенсің.

КАТЯ: Тұрыңдар!

Екі дос орындарынан көтеріледі.

КАТЯ: Түзел, тік тұр!

Женя мен Вася бұйрықты орындайды.

ВАСЯ: (Женяға) Расында да, әкесі мент екен.

КАТЯ: Ән-ге бас!

ЖЕНЯ: Қалай сонда?

КАТЯ: Маған ән айтып беріңдер.

ВАСЯ: Бізді мазақ қып отыр ғой.

ЖЕНЯ: Дұрыс айтасың.

ВАСЯ: Жоқ. Айтпаймын.

ЖЕНЯ: «КПЗ»-да айтқызады.

КАТЯ: (Васяға) Дәл солай!

ЖЕНЯ: (Катяға) Қандай ән тыңдағыңыз кеп тұр?

КАТЯ: «Я помню чудное мгновенье...».

ЖЕНЯ: (Васяға) Қарашы, қалжыңның түбін түсіреді екен.

ВАСЯ: Бірақ, Құдай ми бермеген!

КАТЯ: Ал, бастаймыз!

ВАСЯ: Сөзін білмеймін.

ЖЕНЯ: Әуенін білесің бе, не?

ВАСЯ: Білем.

ЖЕНЯ: Мені таңғалдырудан танба!

ВАСЯ: Мен «ля-ля» деп тұрам.

ЖЕНЯ: Өзің біл. Бір, екі, үш, төрт!

Достар қосылып ән айтады: «Я помню чудное мгновенье...». Екінші шумағында есік ашылып, ішке тұрсишең Димочка кіреді.

ДИМОЧКА: Тойып алыпсыңдар ғой! Тағы бір бөтелке әкелгенсіңдер ме?

Дима Катяны көріп тосылып қалады. Олар бір-біріне қарап тұрады.

ДИМОЧКА: (Катяға) Сәлем. Мұнда қайдан жүрсің?

ЖЕНЯ: Біз шақырдық.

ДИМОЧКА: Ақыры, әлгі телефонға қоңырау шалған екенсіңдер ғой.

ЖЕНЯ: Басымызға пәле болды, сол. (Васяға ашуланып) Сол ойды бірінші боп сен айттың емес пе?!

КАТЯ: Әне, аурушаң достарың да келді. Ал, бәріміз бірге құрметпен қарсы алайық. Қане!

Катя қол шапалақтайды, оның артынан Женя мен Вася қайталайды.

КАТЯ: Қараңдаршы, сәл қозы қарны шығып, қоң бітіпті. Ұйқысы – тыныш. Қарны – тоқ, уайымы – жоқ. Маған киінгені ұнап тұр. Кәстөмі қиялыма қанат бітірді. Сендер де сөйтіп киініңдер. Ал, шешініңдер!

ДИМОЧКА: Не боп жатыр, мұнда?

ВАСЯ: Мына қыз бізді соттамақшы.

КАТЯ: Шешініңдер дедім ғой!

ЖЕНЯ: Белуарға шейін бе?

КАТЯ: Тұрсиға шейін! Жылдамдатыңдар!

Женя мен Вася жейделерінің түймесін ағыта бастайды.

ДИМОЧКА: Тоқтаңдар, жігіттер! Не істеп жатырсыңдар?

КАТЯ: Шешініңдер!

ДИМОЧКА: Доғарыңдар, ол сендерге ештеңе істей алмайды.

КАТЯ: Сенімдісің бе? Шешініңдер!

ДИМОЧКА: Киініңдер!

КАТЯ: Шешініңдер!

ДИМОЧКА: Киініңдер!

Димочка мен Катя бір-бірінің көзіне қарап, екеуіне бұйырып тұр. Женя мен Вася жейделерін бірде шешеді, бірде киеді.

ДИМОЧКА: (Катяға) Не істеп тұрғаныңды білесің бе, өзі?

КАТЯ: Жоқ, білмеймін. Неге маған сол күйі телефон соқпағаныңды, ал сенің орныңа осы екі ессіз звандағанын түсінбедім. Неге менімен жезөкше ұқсап сөйлеседі?

ДИМОЧКА: Басқа қыз келеді деп ойласа керек.

КАТЯ: Басқа? Кеш көңілді өтіп жатыр де.

ДИМОЧКА: Нөмірді шатастырып алған ғой.

КАТЯ: А, солай ма екен?

ДИМОЧКА: Сенің алдыңда неге ақталуым керек?

КАТЯ: Ақтал деп тұрғам жоқ! (мысық табандап, есікке бет алған Женя мен Васяға айғай салады) Тоқта! Қайда барасыңдар?

Екі дос абдырап, дағдарып қалады.

ЖЕНЯ: Байқауымша, арада шешілмеген мәселе бар секілді. Біз кедергі келтірмей кете берсек.

Женя мен Вася бұрылып, қайтадан есікке қарай жүреді.

КАТЯ: Тоқта!

ВАСЯ: Не болды?

КАТЯ: Жиырма минут уақыт берем. Асүйді жылтыратын қойыңдар. Тау боп үйілген қоқысты далаға шығарып, ыдыс-аяқты жуыңдар.

ВАСЯ: О жаққа кірген жоқсың, қайдан білдің?

КАТЯ: Жылтыраған көздеріңнен. Қане, ал-ға қа-дам бас!

Женя мен Вася жуасып, бөлмеден шығады.

КАТЯ: Ал, алдап кеткен бейбақ қызға не дейсің?

ДИМОЧКА: Ешкімді алдаған емеспін.

КАТЯ: Телефон соғам деп уәде берген кім?

ДИМОЧКА: Хабарласамыз дедім.

КАТЯ: Аяғында, мен ғана звандадым. Неге телефоның өмірі бос емес? Өшіріп тастағанбысың?

ДИМОЧКА: Бұзылып қалды.

КАТЯ: Менімен сөйлеспес үшін сөндіріп тастадың ғой, иә?

ДИМОЧКА: Жоқ. Бұзылып қалды.

КАТЯ: Өтірік айтқанда сол көзің тартады.

Димочка бірден алақанымен сол көзін жабады да, қайтадан ала қояды.

ДИМОЧКА: (ызаланып) Шынымды айтайын ба? Окей! Онда тыңда!

Осы кезде бөлмеге Вася кіреді.

КАТЯ: Тыңдап тұрмын!

ВАСЯ: Не ғой... тазартқыш таусылып қалыпты.

КАТЯ: Сабын бар ма?

ВАСЯ: Бар.

КАТЯ: Тамаша.

ВАСЯ: Бірақ, сабын...

КАТЯ: Осымен сөз тәмам!

Вася кетеді.

ДИМОЧКА: Телефонды әдейі өшірдім. Ақылға сыймас нәрсе... күніне жүз рет телефон шалып...

КАТЯ: ...шаңырақ көтерейік деймін бе?

ДИМОЧКА: Иә! Жындануға шақ қалам. Он сегізге де толған жоқсың ғой.

КАТЯ: Екі аптадан соң...

ДИМОЧКА: Әңгіме жаста емес! Екі-ақ рет жолықтық. Міне, бүгін екінші мәрте! Сандырақ! Өзіңді менің орныма қойып көр. Жұмыста отырсың. Бір кезде бейтаныс қыз кеп, сені терезеден көріп, ғашық боп қалдым, маған үйренші дейді.

КАТЯ: Сені терезеден көріп, ғашық боп қалдым, маған үйренші.

ДИМОЧКА: Жоқ!

КАТЯ: Неге? Жаспын, сұлумын. Ақылдымын.

ДИМОЧКА: Күмәнім бар.

КАТЯ: Ағылшын тіліне судаймын.

ДИМОЧКА: Сол жағы ғана болмаса.

КАТЯ: Ата-анам – атақты бай, ықпалды кісілер.

ДИМОЧКА: Әкең нөмірімді карточкадан әперді ме?

КАТЯ: Иә және сотталмаған деді.

ДИМОЧКА: Мен де жаспын, келешегім зор, өмірім алда.

КАТЯ: Неге қырсығып тұрсың? Шаруаға ептімін, тамақтың түр-түрін жасаймын. Окрошка ұнай ма?

ДИМОЧКА: Жек көрем.

КАТЯ: Бойдақ екеніңді білем.

ДИМОЧКА: Құзіретті мекемелердің құлашы – кең ғой.

КАТЯ: Үйленбеуге не себеп?

ДИМОЧКА: Маған қарапайым қыздар ұнайды.

КАТЯ: Мен қарапайым болам. Міне, мынандай!

Катя қолдарын кеудесіне қояды.

КАТЯ: Жақсы әйел болам: жағдайыңды жасап, жұмыстан күтіп ап, үйді жинап, реттеп, кір жуып, бала туып берем. Бір бала – жақсы, екі бала – тіптен тамаша. («Әр кішкентай бала, бір бала жақсы. Ал, бір бала – өкініш орай»).

ДИМОЧКА: Үш, төрт... сегіз, он, іске қосыл! Болды! Осымен әңгімеміз аяқталды. Қазір достарыммен бастаған арақты аяқтаймыз, ал сен әкеңе барасың. Таксиге ақша бермеймін.

КАТЯ: Әңгімеміз тәмамдалды ма? Тамаша! Саған неге жалынып тұрмын, осы? (айғайлап) Ей, жарыместер!

Қолдарындағы суды сілкіп, Женя мен Вася бөлмеге кіреді.

ЖЕНЯ: Әлі аяқтап болған жоқпыз. Ыдыс-аяқ майласып қалыпты.

КАТЯ: Үштен беске шейін отырмақсыңдар ма?

ЖЕНЯ мен ВАСЯ: (бірге) Жоқ.

КАТЯ: Егер мені қатындыққа алмаса...

ЖЕНЯ: Бас тартып тұр ма?

КАТЯ: Иә.

Пауза.

ЖЕНЯ: (Димочкаға) Неге, Дмитрий? Екатерина – ғажап, ынталы қыз.

Женя Васяны шынтағымен түртеді.

ВАСЯ: Рас. Бірақ, мі-не-зі...

ЖЕНЯ: Ештеңе етпес, бір отбасыда бір жынды болу керек.

ДИМОЧКА: Қандай отбасы? Естерің дұрыс па, өзі?

ЖЕНЯ: Үйленетін шағың ғой, Дмитрий. Ет жеп, сорпа ішіп қайтамыз. Мен немесе Василий куәгер боламыз.

ДИМОЧКА: Мына қызға ма? Ешқашан!

ВАСЯ: Адал достарыңды абақтыға қаматпақсың ба?

ДИМОЧКА: Ол мені жұлып-жейді ғой!

ВАСЯ: Жоқ жұлып-жемейді, тек шайнап-шайнап, түкіріп тастайды. Менің қатыным одан да өтеді, бірақ көріп тұрғаныңдай дін аманмын.

ЖЕНЯ: Салт басты, сабау қамшылы боп жүре бересің бе, үйленсеңші. Орнығасың. Толысасың. Еркексің ғой, шешім қабылда. Отбасы құру опырылған сүйек жанында жақсы емес пе?!

ВАСЯ: Қарағай жығудан да оңай!

ДИМОЧКА: (паузадан соң) Жас кетем бе? Сендер кінәлі боласыңдар.

ЖЕНЯ: Әп, бәрекелді.

КАТЯ: Шештіңдер ме?

ЖЕНЯ: Жалпы, иә.

КАТЯ: Ол екі аптада ойынан айнып қалмас үшін, үстілеріңнен арыз жазып қояйын. Іс қозғаймын!

ВАСЯ: Көрдің ғой, тағдырымыз қыл үстінде тұр, Дима!

КАТЯ: (Димочкаға) Кел, сол үшін бір сүйісіп қояйық.

ДИМОЧКА: Өмірім өстіп өте ме?

КАТЯ: Қаламай тұрсың ба?

ЖЕНЯ: Жо-жоқ, қалағанда қандай!

ДИМОЧКА: Жынданып кетпесем жарар еді!

Димочка мен Катя сүйіседі.

ВАСЯ: Мен неге әйел боп жаралмадым екен?

Женя оған таңдана қарайды.

ВАСЯ: (ақталып) Айтайын дегенім, олар қалағанын істейді ғой.

Екінші бөлім

Катяның пәтері. Теледидардың даусы қатты естіліп тұр. Димочка алжапқышын алдына тағып, үтіктеу тақтасы жанында үтіктің қызған-қызбағанын тексеріп тұр. Әлі жөнді қызбағанын байқаған соң: «Бойдақ жігіт көп қой, өмірде...» деп әндете бөлмеден шығып, шаңсорғышпен оралады да үйді тазартуға кіріседі. Есіктің қоңырауы соғылады. Димочка оны естімей қалады. Тағы да қоңырау соғылады. Димочка шаңсорғышты өшіріп, есікті ашады. Босағада Женя мен Вася тұр. Васяның басы – таңулы. Қолында – қағазбен оралған, жібек лентамен байланған зат бар.

ЖЕНЯ: (Димочкаға) Әйелің үйде ме?

ДИМОЧКА: Жоқ.

Женя мен Вася үйге рұқсатсыз баса-көктеп кіреді.

ЖЕНЯ: Аса қуанышты емес секілдісің!

ДИМОЧКА: Сендерді көрем деп ойлағам жоқ.

ЖЕНЯ: Енді кімді, маникюр маманын ба?

ДИМОЧКА: Қазір Катя жұмыстан келеді.

ЖЕНЯ: Ұрда-жық боп жұмысқа тұрған ба?

ДИМОЧКА: Хатшы боп.

ЖЕНЯ: (Васяға) Әне, қара.

Женя иегімен үйдің ішін және Димочкаға нұсқайды.

ЖЕНЯ: Ал, сен күдіктеніп ең.

ВАСЯ: Турасын айтыпсың.

ДИМОЧКА: Немене?

ВАСЯ: Дұрыс айтқандығы туралы.

ДИМОЧКА: Түсінікті. Басыңа не болған?

ЖЕНЯ: Менікі басқалардың басына қарағанда дұрыстау.

ДИМОЧКА: Жай сұрадым ғой. Таңулы екен. Киімдеріңді шешіңдер. Міне, тәпішкелерің.

Димочка достарының алдына тәпішке тастайды.

ЖЕНЯ: Василий, қарашы, марғаулары бар ма екен?

Вася тәпішке киеді. Ал, Женя кимейді.

ЖЕНЯ: (Димочкаға) Айып етпе, аяғым – түйетабан. Вася екеуміз бекер келгеніміз жоқ. Бір жұмыс боп тұр. Айтпақшы, ненің исі? Бәліш пе?

ДИМОЧКА: Тауық қой.

ЖЕНЯ: Екеуі бір емес пе? (Васяға) Рас қой?

ВАСЯ: Одан бұрын, таза ауа аясында.

ЖЕНЯ: Негізі, Вася екеуміз... саған кедергі келтіріп тұрған жоқпыз ба?

ДИМОЧКА: Аяқтап қалдым.

ЖЕНЯ: Шаңды да сүртіп тастадың ба?

ДИМОЧКА: Иә.

ЖЕНЯ: Ернеуліктің де ме?

ДИМОЧКА: Не болды?

ЖЕНЯ: Ештеңе.

Женя әдейілеп теледидарға қарайды.

ЖЕНЯ: Ой! «Санта-Барбара» басталды! (Димочкаға) Ренжіме.

Женя мен Вася бір-бір орындық алып, теледидардың қарсысына отырады. Вася шабаданды жерге қояды. Екі дос үйдің шаруасына байланған әйелдердің рөлін сомдайды.

ЖЕНЯ: (Васяға) Алдыңғы сериясын өткізіп алдым. Күйі бойы байымның жейделерін үтіктеп, нәскилерін жудым. Сөйтсем, өткізіп алыппын. Өкінішті-ақ!

ВАСЯ: Ал, мен көріп шықтым. Балаларды қыдыруға жібердім де, ликер құйып ап, асықпай тамашаладым.

ЖЕНЯ: Немен аяқталды? Мэйсонға не болды?

ВАСЯ: Әуелгіде, әлгі сары әйел үшін азап шекті. Содан кейін оған басқа қыз ғашық боп қалды. Аты кім еді, өзі? Е-е-е, Иден. Жоқ. Жулия.

ЖЕНЯ: Жынды қыз, Жулия – «Әулеттер» телехикаясындағы әйел ғой.

ДИМОЧКА: Мені мазақтауға келдіңдер ме?

ВАСЯ: Ой, Люда, ол ашуланып жатқан сияқты.

ЖЕНЯ: Жоқ, ол адамды солай сыйлайды. (Димочкаға) Келген себебіміз мынау еді ғой. «Бурда» жоқ па?

Димочка ашудан қызара бастайды.

ЖЕНЯ: Жоқ па? Сенде өзі не бар?

ДИМОЧКА: Қане, тұрыңдар!

ЖЕНЯ: (ойынын доғарып) Бұ сөзді бір жерден естіген секілдімін.

ВАСЯ: Мен де.

ДИМОЧКА: Кетіңдер, әйтпесе аямаймын.

ЖЕНЯ: (Васяға) Ол бізді түрмеге қамайды. Тамыр-танысы мықты.

ДИМОЧКА: Жақсы доспыз. Бірақ, ұяттан жұрдайсыңдар. Шыдамның да шегі бар. Қалжыңдарың қытығыма тиіп тұр.

ВАСЯ: Мінсіздікте шек жоқ, досым.

ДИМОЧКА: Бәрін өздерің бүлдіріп ап, тайып тұрдыңдар. Не салам жоқ, не аман жоқ. Келіп-кетуге де жарамадыңдар.

ВАСЯ: Неге келмедім, келдім ғой. Бөлімшеге. Арызды қайын атаң берді. Өңді кісі екен. Формасыз жүр. Жақында полковник болам дейді.

ДИМОЧКА: Той жасадық. Құттықтаған да жоқсыңдар.

ВАСЯ: Құтты болсын.

ДИМОЧКА: Рақмет. Тойымда куәгер кім болғанын білесіңдер ме?

ВАСЯ: Кім?

ДИМОЧКА: Буклетов!

ВАСЯ: Анекдоттарын айтып жүйкеңді тоздырған шығар, иә?

ДИМОЧКА: Үш күн бойы.

ВАСЯ: Саған қиын болыпты. Бірақ, бізді де түсін. Оның туған күнін өзіміздікіндей күттік. Сонан соң, әкемізді таныта ма деп тағы да сезіктендік.

ЖЕНЯ: (Васяға) Немене ақталып тұрсың? Бұл – бақытты адам. Оның жағдайы жақсы: үйлену тойы, бал айы өтті, сыйлықтар алды, сұлу әрі... әлемде жоқ көкбет әйелі бар.

Димочка тістеніп, жұдырығын түйіп Женяға жақындайды.

ДИМОЧКА: Қайталашы, қане!

ЖЕНЯ: Жалмауыз!

Димочка Женяға жұдырық ала жүгіреді. Вася Димочканы арашалайды.

ДИМОЧКА: Әйелімде шатағың болмасын, ұқтың ба?

ЖЕНЯ: (Васяға) Ұстама, жібер! Жібер, көзімді көгертсін! (Димочкаға) Катяны сүйем демекпісің?

ДИМОЧКА: Иә, сүйем.

ЖЕНЯ: Бұйрық беретін пәрменді даусы үшін бе, достым?

ДИМОЧКА: Мені ұнататыны үшін!

Вася Димочканы бөлменің арғы бұрышына итеріп барады.

ВАСЯ: Оқыған-тоқыған, көзі – ашық, көкірегі – ояу азаматсыңдар ғой.

ЖЕНЯ: (Димочкаға) Махаббатының жеткен жері осы ма? Еркек, атлет, арақкеш ең ғой. Қарашы, өзіңе! Енді, еркек емес, езге айналдың. Мен мұны алдын ала сезіп, Васяға айтқам.

ВАСЯ: (жаңғырық ұқсап) Иә, айтқан.

ЖЕНЯ: (жеркене) Идиллия. Шаруашылық. Бақытты жұп қолына ауа тазартқыш алып ап, үйде жүгіріп жүр.

ДИМОЧКА: Менде ауа тазартқыш жоқ. Катя жұмыс істеуге кетті, үй шаруасына үлгермейді.

ЖЕНЯ: Ал, сен ше?

ДИМОЧКА: Екеуміз ақылдаса келе, мен өз еркіммен жұмыстан шықтым.

ЖЕНЯ: Өз еркіммен? О, Тәңірім! Мына адам құритын болды ғой.

ДИМОЧКА: Не деп тұрсыңдар, жігіттер? Бәрі – бұрынғыша. Доспыз. Мен өзгергем жоқ. (кенеттен) Үтік.

Димочка жүгіріп барып үтік сымын суырып, шетке қойып, күйген саусағын сорып тұрады. Достары оған есіркей қарайды. Женя қалтасынан бір бөтелке арақты алып шығады.

ЖЕНЯ: Ал, келіңдер, ақаңнан ауыз тиейік!

ДИМОЧКА: Ішімдікпен де, темекімен де қоштасқам.

Вася қағазбен оралған затты ашады, сөйтсе ішінде үлкен гантель бар екен.

ВАСЯ: Қане, кім көп көтереді екен, көрейік.

ДИМОЧКА: Басқа кезде. Шаршадым. Күні бойы табанымнан таусылдым. Сонда да, үтіктеп үлгермедім.

ЖЕНЯ: Өкінішті-ақ! Бізден мына сыйлықты қабыл ал.

Женя қалтасынан емшекқапты суырып, оны Димочкаға лақтырады.

ЖЕНЯ: Сәл үлкендеу, алайда. Өскеніңде тура келер. Кеттік, Василий.

Женя мен Вася бұрылып, есікке кетіп бара жатады.

ДИМОЧКА: Қайда кеттіңдер, жігіттер? Сендерді сағындым ғой.

Достар осы сөзді күткендей жалт қарайды.

ЖЕНЯ: (Димочкаға) Мені итше сабап, оңдырмай ұрып, ішек-қарнымды...

ВАСЯ: Жалғастырмашы, өтінем.

ЖЕНЯ: Сонда да, шындықтан айнымаймын.

ВАСЯ: Ол өмірі өтірік айтпаған.

ЖЕНЯ: Сонымен... Сүйем-күйем десе сенбе. Билеп-төстегісі келеді. Сені қатының өзіне әбден бағындырған. Сен – құлсың! Екеуіңді байланыстырып тұрған ештеңе жоқ. Алды-артыңа қарамай тайып тұрсаң болады ғой. Қарашы, сен тұрмақ Вася да ажырасып кеткен.

ДИМОЧКА: (Васяға) Ажырастың ба?

ВАСЯ: Толықтай емес.

ДИМОЧКА: Қалай екен?

Вася таңылған басын ұстайды.

ВАСЯ: Ауырып тұр.

ЖЕНЯ: Бірақ, ол – тәуелсіз, маңғаз! Маған қара. Біз – еркін елміз. Білгенімізді істейміз және ешкімнен қорықпаймыз.

Аяқастынан есік қоңырауы соғылады. Женя мен Вася дір ете қалады.

ЖЕНЯ: Кім бұл?

ВАСЯ: Катя ғой!

Женя мен Вася қашу мақсатында бөлмеде арлы-берлі жүгіреді. Бір кезде Женя орнында қатып қалады.

ЖЕНЯ: (Васяға) Тоқта. (Димочкаға) Кім екенін сұрашы.

Димочка есікке жақындайды.

ДИМОЧКА: Кім бұл?

КАТЯ: (есік сыртынан) Мен ғой!

ЖЕНЯ: (Васяға) Мына жаққа.

Вася кір тасын, ал Женя шабаданды алып, терезедегі перде артына тығылады. Димочка есікті ашып, Катяны ішке кіргізеді. Оның бір қолында – азық-түлік толы сөмке, екіншісінде – қорап.

КАТЯ: Сәлем.

Катя Димочканың бетінен сүйеді.

ДИМОЧКА: Сәлем.

Димочка теріс бұрылып, теледидардың қарсысына отырып, сөмке мен қорапты көтеріп тұрған Катяға мән бермейді. Катя заттарды жерге қояды.

КАТЯ: Ауырыңқырап тұрсың ба?

ДИМОЧКА: Жоқ.

КАТЯ: Анам қоңырау шалды ма?

ДИМОЧКА: Жоқ.

КАТЯ: Тағы да қоқыс жәшігіне сағатыңды түсіріп алдың ба?

ДИМОЧКА: Жоқ.

КАТЯ: Енді не боп қалды?

ДИМОЧКА: Тапсырмаларыңды орындап үлгермедім.

КАТЯ: Кешкі асты әзірлеген шығарсың?

ДИМОЧКА: Дәл солай, командир мырза!

КАТЯ: Тамаша! Қазір тамақ ішеміз. Сөйтіп, көңілің жаздай жадырап шыға келеді. Сенің сүйікті шоколадыңды сатып алдым.

ДИМОЧКА: Әуре болмай-ақ қоймадың ба? Шоколад жемеймін!

КАТЯ: Тәттіге тәбетің шабатынын жасырма. Миға пайдалы.

ДИМОЧКА: Маған ми керек емес. Ойланбаймын ғой. Менің орныма шешімді сен қабылдайсың, ал мен тек құптаймын. Бәріне көнем. Басымды шұлғып отыра берем. Міне, былай!

Димочка жиі-жиі басын изейді.

КАТЯ: Дұрыс айтасың, қымбаттым. Мен принтер сатып алдым.

ДИМОЧКА: Қай ақшаңа?

КАТЯ: Сенің жалақыңа.

ДИМОЧКА: Есіңде болсын, соңғысы. Ерік – өзіңде.

КАТЯ: Таңертең сөйлескенімде рұқсат беріп ең ғой. Енді, келісім шарттарды үйге әкеп, осында жұмыс жасай алам.

ДИМОЧКА: Ол ақшаға не сатып алмақшы болғанымды білесің ғой.

КАТЯ: Қазір маусымы емес, сондықтан ойлап жүргем жоқ дедің.

ДИМОЧКА: Өмірбақи армандадым ғой.

КАТЯ: Кешірші, қымбаттым. Ойыңнан айнып қалатыныңды білгем жоқ. Ештеңе етпес, қаржы жиып, келесі жылы сатып әперем. Ал, қазір қарын тоқтап алайық. Қай жерге отырамыз?

ДИМОЧКА: Ваннаға. Шаршап кеттім. Мені билеп-төстегің келеді. Әбден бағындырдыңң. Мен – құлмын! Екеумізді байланыстырып тұрған ештеңе жоқ. Алды-артыма қарамай тайып тұрсам болады.

КАТЯ: Бұл – өз сөзің емес қой.

ДИМОЧКА: Енді кімдікі?

Катя ақырын жүріп, терезедегі пердені ашады. Оның артында Женя мен Вася Катяға арқасын беріп тұр. Қолдарында – бір-бір сусепкіш. Олар емін-еркін гүл суарып жатыр.

ЖЕНЯ: (Васяға) Кактусты суарма. Гүлдері өнбей қалады. Қожайын әйел ренжиді.

ВАСЯ: (Катяға) Бізді қалайша тез таптың?

КАТЯ: Иістен.

ВАСЯ: Арақтан аз-маз тартып жіберіп ек қой.

ЖЕНЯ: (Васяға) Ей, ессіз көлігің төменде тұр ғой.

ДИМОЧКА: Келгеніне ренжіп тұрған боларсың?

КАТЯ: Жоқ, қайта қуаныштымын. (Женя мен Васяға) Қазір дастарқан жаяйын.

ДИМОЧКА: Жоқ. Керісінше, саған ұнамай тұр-ау. Олар – менің достарым. Қалаған кезінде келеді. Ұқтың ба?

КАТЯ: Ұқтым.

ДИМОЧКА: Бірден келісе кеттің ғой, ал іштей қарсысың, білем. Өтірік айтып отырсың.

КАТЯ: Өтірік емес, шын.

ДИМОЧКА: Өтірік. Дастарқан жай да, бізді жайымызға қалдыр.

КАТЯ: Телефонды әкелейін бе?

ДИМОЧКА: Не үшін?

КАТЯ: Осындайда керек болар екі-үш нөмір сақтап қойған шығарсыңдар?

ДИМОЧКА: Әлбетте.

КАТЯ: Үйіме біреуді шақырушы болма.

ДИМОЧКА: Сол жаққа барамыз. Сондықтан, мұнда ұзақ бөгелмейміз.

КАТЯ: Онда, заттарыңды жиып, жезөкшелеріңе тайып тұр. Мен шешеме барам. Қайта келгенде, бұл жерде болмассың деп сенем. (Женя мен Вася) Сендерге де қатысты. Керемет кеш өткізуге тілектеспін.

Катя бұрылып, есікке бара жатады да, босағада кідіріп қалады.

КАТЯ: Қуануға әлі ерте, достар!

Катя пәтерден шығады.

ДИМОЧКА: Қалай сазайын бергенімді көрдіңдер ғой. Ал, сендер еркек емессің деп мазақтайсыңдар.

ВАСЯ: Ұзамай тұрғанда артынан қуып жетсең қайтеді?

ЖЕНЯ: Кешірім сұра. Тізерле, ар көрме, өйткені ренжітіп қойдың.

ДИМОЧКА: Не деп көкіп тұрсыңдар? Бағана басқаша сайрадыңдар ғой, а?

ЖЕНЯ: Айтты екен деп сөзге ере бересің бе? Анау бас па, әлде доп па? Екеумізде ес жоқ, оны білесің. Сандала береміз. Бізді тыңдай берме.

ВАСЯ: Обал емес пе? Жақсы қыз. Сені сүйеді. Саңылаудан сығалап тұрдым. Ондай әйелден ажырама. Аркадий Райкин айтпақшы, «үйленген еркек – үйде, ал бойдақ – барлық жерде қиналады».

ДИМОЧКА: Өтірік айтпа, өзің ажырасып кеттің ғой.

ЖЕНЯ: Әзірге ажырасқан жоқ.

ВАСЯ: Басынан бір қойып, үйінен қуып шықты.

Вася қайтадан басын ұстайды.

ЖЕНЯ: Мені де оңдырмады.

ВАСЯ: Света тойдан соң әйеліңмен жолығып, сырымызды жайып салыпты. Сен бе айтып берген?

ДИМОЧКА: Иә, қинаған кезде.

ВАСЯ: Иуда. Мені табақпен ұшықтады. Мынаны да. Светка үйден қуып шығып, кілтті тартып алды.

ДИМОЧКА: Болды, қақсай берме. Шешіп қойдым. Ажырасам. Ішіп-жеп, тойлап, қыдырып, мына кілемге шырт-шырт түкіріп отырам. (Женяға) Темекі берші.

ЖЕНЯ: Шекпеуші ең ғой?

ДИМОЧКА: Шегем.

ЖЕНЯ: Менде жоқ.

ДИМОЧКА: (Васяға) Темекі берші.

ВАСЯ: Біреу ғана қалды.

ДИМОЧКА: Ештеңе жоқ, сатып аларсың. Сіңіркені де.

Вася Димочкаға темекі де, сіріңке де береді. Димочка шылымды тұтатып, ішке тартып, түтінді будақтатып, әдемі шығарады.

ДИМОЧКА: Өмір бойы пионер болудан шаршадым. Үлкендерді сыйлаймын, әйелдерден қысылам, бәріне орын берем. Енді жағдай басқаша болмақ. Жетер! (Женяға) Бөтелкең қайда? Әкел бері.

Димочка Женяның қолындағы бөтелкені тартып алып, ашып, аузынан жұтып-жұтып жібереді.

ДИМОЧКА: Көрмеген қорлығым жоқ. Ол мені Пугачеваның суретінен де қызғанады. Осымен бітті! Адалдық аяқталып, азғындық басталады. Ойнастықты қатты аңсаймын. Жұмысымда бір қызды болды. Міне мынандай ғой... (көрсетеді) одан кейін мынандай... (көрсетеді) Маған қарап, көз қысумен болатын. Ол кезде бас тартқам, ендігіде тартынбаспын.

Димочка алжапқышты дастарқанға лақтырып, теледидар үстіндегі қойын дәптерді алып, парақтап, тұтқаны көтеріп, нөмірді тереді. Достары оны үн-түнсіз бақылап отырады.

ДИМОЧКА: Айтпақшы, аты – Махаббат! (телефонға) Алло, Махаббат? Бұл мен ғой, Дима. Күтпедің бе? Мен де! Кездессек қалай қарайсың? Қуана-қуана... Саған ба? Күтіп аласың ба? Баррикаднаядағы ортаңғы залда қырық минутта болам. Зымырап барам.

Димочка тұтқаны орнына қояды.

ДИМОЧКА: Міне, өстіп-өстіп адам қалпына түсем. Түр-түсімді ретке келтіріп, сәнденіп барып, жүрегін жаулайын. Е-е-е, ұмытып барады екем, тыққан-пыққан ақшама ковбойлар киетін етік сатып алдым. Қазір!

Димочка бөлмеден шығып кетеді.

ВАСЯ: Мүмкін емес.

ЖЕНЯ: Мүмкін.

Дәл сол кезде ішке Димочка кіредіӘдемі боп өзгеріп кеткен. Аяғында – ковбойлар киетін етік, басында – ковбойлардың қалпағы, аузында – сигара. Ол аяғын талтайтып, бөлменің ортасында тұрады.

ДИМОЧКА: Қалай екен? Мен – қалада қаңғитын Билли Кидпын.

ВАСЯ мен ЖЕНЯ: (айғайлап) Алақай! Йес! Біздің досымыз ғой!

Женя мен Вася Димочканың жанына жетіп барады да, оны құшақтап, үшеуі шеңбер жасап айнала бастайды.

ДИМОЧКА: Алақай!

ВАСЯ: Қыздың бәрі – менікі!

ЖЕНЯ: Ортақ. Азаттық деп осыны айт! Ғұмыр бойы құстар базарында жүріп, бірден еркіндік алған кішкентай қараторғай сияқтысың. Бостандық алғаның сонша, қай жерге ұшарыңды да білмейсің. Таңдай алмай далсың. Оңға, солға, жоғары, төмен. Недеген өрлеу, недеген нәзіктік!

ВАСЯ: Керемет!

ЖЕНЯ: (Димочкаға) Махаббатыңның құрбылары бар шығар?

ДИМОЧКА: Мүмкін.

ВАСЯ: Әр тұрмыс құрмаған әйелдің басы бос құрбылары болады. Қисынға келе ме?

ЖЕНЯ: Келеді.

ВАСЯ: Егер бастары бос болса, демек уақыттары бар. Қисынға келе ме?

ЖЕНЯ: Әрине.

ВАСЯ: Ал, олар бос уақытты үш суперковбойларға жұмсамағанда не істейді? Дұрыс па?

ДИМОЧКА: Иә.

ЖЕНЯ: Сен – данышпансың.

ВАСЯ: Мен көбейту кестесін білем.

ЖЕНЯ: Кешігіп жатырмыз.

ВАСЯ: Сендерді Баррикаднаяға шейін он-ақ минутта жеткізем.

ЖЕНЯ: (Димочкаға) Ол көлігін екі сағат оталдырады.

ВАСЯ: Өтірік. Сәл-пәл итеріп жіберсеңдер болды.

ЖЕНЯ: Алға! Аттан!

ДИМОЧКА: Алға! Аттан!

Вася шабаданды алып, үшеуі де есікке жақындайды. Босағаға жеткенде Женя тоқтап қалады.

ЖЕНЯ: (Димочкаға) Ақшаң бар ма?

ДИМОЧКА: Көп емес.

ВАСЯ: Менде бар. Дөңгелекке жинап жүргем.

ЖЕНЯ: (Васяға) Саған қайтарып береміз.

ВАСЯ: Аузымнан қағынып нем бар еді!

Женя есіктің тұтқасын ұстап, тартқылайды, бірақ ол ашылмайды.

ЖЕНЯ: Тыныштық па?

ДИМОЧКА: Қане, мен көрейін.

Димочка есікті тартқыштайды. Алайда, ол ашылмайды.

ДИМОЧКА: Мүмкін емес.

ЖЕНЯ: Не болды?

ДИМОЧКА: Сырттан құлықтап кеткен. Кілт – өзінде.

ЖЕНЯ: Ойнапсыңдар, онымен!

ВАСЯ: Бізді тәлкек еткені ме? Былай тұрыңдар!

ДИМОЧКА: Керек емес, Вася.

ВАСЯ: Алаңдама, жөндеп берем.

Вася бірнеше қадам артқа шегінеді.

ЖЕНЯ: (Димочкаға) Ол – мықты жігіт. Спортшы. Түр-тұлғасын қарашы.

ДИМОЧКА: Ашуыңды бас, Васяжан.

ВАСЯ: Е-е-е-е-ех!

Вася жүгіріп барып есікке соғылады, есік – орнында, ал Вася терезедегі тамшы ұқсап жерге сырғиды. Достары жанына жетіп барады.

ДИМОЧКА: Сырты – ағаш, іші – темір ғой. Амансың ба?

ВАСЯ: (сандырақтап) Құлыншағымды жақсы көрем, жал-құйрығын тарап қойыңдаршы, ля-ля-ля-ля-ля-ля. Ерттеп мініп, қонаққа барам.

Вася басын артқа шалқайтып, үнсіз жатады.

ЖЕНЯ: (Димочкаға) Марқұмның күнәларын кешіресің бе?

ДИМОЧКА: Иә.

ЖЕНЯ: Мен де. (Васяға) Жатқан жерің жайлы болсын. (Димочкаға) Өз кілтің жоқ па?

ДИМОЧКА: Менікін де әкетіп қалыпты.

ЖЕНЯ: Неге сөйтті екен?

ДИМОЧКА: Білмеймін. Бәрімізге сабақ болсын дегені шығар.

ЖЕНЯ: Әйелің – әрекеттің адамы. Онымен қалжыңдасу – бекер. Әлде, бізді аштан қатырмақ болды ма екен? Бір аптадан соң үшеуміз де қойдан қоңыр боп отыратын шығармыз.

ДИМОЧКА: Асүйде тауық бар.

ЖЕНЯ: Өзің дайындадың ба?

ДИМОЧКА: Иә.

ЖЕНЯ: Жоқ. Одан да, аштан арам қатқаным артық.

ДИМОЧКА: Көршінің балконына көтерілуге болар еді. Бірақ, терезе орнатып тастапты.

ЖЕНЯ: Бақташы ма?

ДИМОЧКА: Иә, дені сау емес.

Вася кенеттен орнынан көтеріледі.

ВАСЯ: Оның не ойлағанын сезіп тұрмын! Қуануға әлі ерте дегені естеріңде ме?

ЖЕНЯ: Содан?

ВАСЯ: Бізді сыртымыздан қамап, өзі әкесіне кетті. Арнайы жасақ кеп, екі аяғымызды бір етікке тыққалы отыр. Бұған қоса, іс қозғауы да ықтимал.

ЖЕНЯ: Қой, қайдағыны айтпа. Қандай іс?

ВАСЯ: Қылмыстық! Ұрлық үшін. Кілтті алған адам, басқаға да қолын сумаңдатуы мүмкін. Мысалы, алтын сақинаға. Кейін бізге сілтей салудан тайынбас.

ДИМОЧКА: Катяның ондай әдеті жоқ.

ВАСЯ: Бар, бар. Әйелдердің қандай кекшіл екенін білмейсің ғой. Саған қорқатын дәнеме жоқ. Екі-үш аптадан кейін келіншегің босатып алады. Сөйтіп, сені мінсіз күйеу қылады. Ал, Женя екеуміздің саудамыз бітті дей бер. Бізге тіс қайрап жүр. Этаппен кетеміз.

ЖЕНЯ: (Димочкаға) Мән берме. Кеше миына суық тиіпті. Тоңазытқыштан сыра алам деп, басы қысылып қалған.

Телефон шырылдайды.

ЖЕНЯ: Әне! Бөлімшеден қоңырау шалып жатыр.

Димочка тұтқаны көтереді.

ДИМОЧКА: Алло.

Димочка тұтқаны қолымен жабады.

ДИМОЧКА: Расында да, бөлімшеден екен.

ЖЕНЯ: Өтірік соқпа!

Димочка телефонның нүктесін басқанда бүкіл бөлмеге МИЛИЦИОНЕРДЫҢ ДАУЫСЫ естіледі.

МИЛИЦИОНЕРДЫҢ ДАУЫСЫ: Кезекші майор Кобелин. Бұл кім екен?

ДИМОЧКА: Дмитрий Вашестов.

МИЛИЦИОНЕРДЫҢ ДАУЫСЫ: Жөнді естілмей тұр.

ДИМОЧКА: Дмитрий Вашестов.

МИЛИЦИОНЕРДЫҢ ДАУЫСЫ: Бұл – Волоколамск бағыты 6, қырқыншы пәтер ме?

ДИМОЧКА: Иә.

МИЛИЦИОНЕРДЫҢ ДАУЫСЫ: Не істеп отырсыздар?

ДИМОЧКА: Қалай дейсіз?

МИЛИЦИОНЕРДЫҢ ДАУЫСЫ: Сол үйде тұрып жатырсыз ба?

ДИМОЧКА: Иә.

МИЛИЦИОНЕРДЫҢ ДАУЫСЫ: Сол үйде тіркеулісіз бе?

ДИМОЧКА: Жоқ.

МИЛИЦИОНЕРДЫҢ ДАУЫСЫ: Түсінікті. Жаныңызда кім бар?

ЖЕНЯ: Евгений Мирский. Не боп қалды?

МИЛИЦИОНЕРДЫҢ ДАУЫСЫ: Және...

ВАСЯ: Василий Майоров.

МИЛИЦИОНЕРДЫҢ ДАУЫСЫ: Екеуіңіз де осында тұрасыз ба?

ЖЕНЯ: Жоқ.

МИЛИЦИОНЕРДЫҢ ДАУЫСЫ: Бәрі түсінікті болды.

ЖЕНЯ: Неге қоңырау шалдыңыз? Бізге қандай айып тағылды?

Тұтқаның арғы жағындағы кісі телефонды қоя салады. Гудок бүкіл үйге естіледі. Вася орнынан асықпай тұрып, телефонға жақындап, нүктені басып, дауысын өшіреді.

ВАСЯ: Біттік! Жасақ жіберілді.

ЖЕНЯ: Бәрі далбаса. Біреудің қалжыңы ғой.

ВАСЯ: Ал, сен қайта звандап, тексеріп көр. (қытығына тиіп) Қалаған қылмысыңды мойныңа іліп береді. Бөтен адамдар үйге кірген. Оған қоса, қызу. Басбұзарлық, ұрлық, қарақшылық. Оларға бір нәрсені дәлелдеу қиын. (Димочкаға) Қайын атаңа хабарласып көрші.

ДИМОЧКА: Ол демалыста.

ВАСЯ: Катя кезекшіге барып жәрдем сұраған-ау. «Бұзақылар үйіме басып кірді, шара қабылдасаңдар», – деуі де мүмкін ғой. Оларға не керек, шаш ал десе, бас алғалы тұр.

ДИМОЧКА: Боп-боз боп кеттіңдер ғой, а? Катяның бұлай істейтініне сенбеймін.

ВАСЯ: Әйеліңді жақсы білеміз ғой.

ДИМОЧКА: Еш дәлелдері жоқ.

ВАСЯ: Табады. (Женяға) Милицияға ұсталғанымыз есіңде ме?

ЖЕНЯ: Иә.

ВАСЯ: Түк істегеміз жоқ. Өнер үшін таяқ жедік. (Димочкаға) Саған айтып па ек? Ол кезде Ярославльда ең. Женя екеуміз сейілдеуге шыққанбыз. Сыра ішейік деп. Қысқасы, Пушкинскаяға жеттік. Үш сағат қыдырдық. Қыз жоқ.

ЖЕНЯ: Екеуі болды емес пе?!

ВАСЯ: Болды. Тверскоймен келе жатырмыз. Екеуінің ізіне түстік. Олар сықылықтап күледі. Жақсы киінген, мүсіні де келісті, ал түрлері жоқтан жоғары. Қыздарды тоқтаттық. «Бір жерге барсақ қалай?» – дедік. «Қайда?» – дейді, олар. Женя циркқа дейді. Әлгі екеуі күліп, ерекше қуанды. Мен де, Женя да шошып кеттік. Біріншісінің аузы толған – алтын, екіншісі – тістен мүлде жұрдай. Шегіне бастадық. Сандалып жүрдік, жүрдік, түк таппадық. Сағат жетіден асты. Қарасақ, МХАТ-қа жетіппіз. Бір кезде, жанымыз өнерді қалады.

ЖЕНЯ: Қол-аяғы дірілдеп кетті.

ВАСЯ: Кірейік десек, қойылым басталып кетіпті. Құлазып қалдық. Содан не керек, театрдың артына бұрылсақ қызметкерлерге арналған есік бар екен. Бірден қойып кеттік. Күзетші: «Қайдан жүрген адамсыңдар?» – деп сұрады. Репетицияға дедік те, ары қарай өттік. Ішінде жарты сағат жүрген шығармыз. Үлкен екен. Дәліз көп. Қарасақ, қарсымызда – темір есік. Ашып, ішіне ендік. Перделердің арасында шатасып қалдық. Сытылып шықсақ, саған өтірік, маған шын, сахнада тұрмыз. Тура спектакльдың ортасында. Көрермен дегенің көп. Артистер таңғалғаны сонша, аңқиып, ауыздары ашылып қалған. Қойылымды тоқтатып тастады.

ДИМОЧКА: Аты қандай еді?

ВАСЯ: Махаббат туралы. Бір актриса қолына гүл ұстап тұр екен.

ЖЕНЯ: Ол соған қарай жүгірді.

ДИМОЧКА: Қалай сонда?

ЖЕНЯ: Тура кейіпкерге тартты.

ВАСЯ: Шығар есік қайда деп сұрайын дегем.

ДИМОЧКА: Содан?

ЖЕНЯ: Ол қыз айғайлап жіберді. Жаңағының даусы тұтас театрды жаңғыртты.

ВАСЯ: Бірден шымылдық жабылды. Жұмысшылар, билет тексерушілер жан-жақтан анталады. Бізді бас салып, менттарды шақырды. Олар жетіп кеп, қолымызды қайырып, бөлімшеге алып барды. Әлгілер шала мас қой деймін, Милиция күнінен соң. Төртеуі төрт жақтан итше тепкіледі. Бетімізді қан жалатты. Сондағы кінәміз – өнерге деген махаббатымыз.

ЖЕНЯ: Сөйтіп, милиционерлер екеумізді де өнерге баулыды.

ВАСЯ: Сол үшін ол оңбағандарды аямаймын!

ДИМОЧКА: Ол басқа бөлімше ғой.

ВАСЯ: Айырма аз. Тұяқ серіппей беріле салам десеңдер, өздерің біліңдер. Ал, мен соңына шейін күресем.

Вася қолына үтік ап, есік аузында күтіп тұрады.

ДИМОЧКА: Қумашы, Вася.

ЖЕНЯ: Мына сұрыңды көрсе, атып тастайды ғой, сорлы-ау.

ВАСЯ: Атсын.

ДИМОЧКА: Шын айтып тұрсың ба, Вася?

ВАСЯ: Иә да!

ЖЕНЯ: Жо-жоқ, мені араластыра көрмеңдер.

Женя шегіншектеп, терезе жанына жақындайды.

ВАСЯ: О жақтан досыңның қалай жан тапсырып жатқаны жақсы көрінер.

ДИМОЧКА: Вася!

Вася үнсіз.

ДИМОЧКА: Вася!

Вася үнсіз. Сол кезде Димочка Васяның қасына тұра қалады. Вася жердегі гантельды Димочкаға ұсынады.

ЖЕНЯ: Екі ессіз, екі топас! Ешкім келмейді. Катя қорқытпақ болды, сендер сеніп қалдыңдар. Қалтыраған қаһармандарым-ай! Сендермен дос боп жүрген мен де жынды екем!

Вася мен Димочка орындарынан қозғалмайды.

ЖЕНЯ: (кенеттен) Құрып кеткір! Сендерді жек көрем.

Женя достарының жанына барып, боксшы сияқты тұра қалады.

ЖЕНЯ: Аман шықсаңдар, анама сәлем айтыңдаршы!

ВАСЯ: Айтатын ешкім қалмас.

ЖЕНЯ: Бопты.

ДИМОЧКА: Жақсы дос болдық, бастан талай қызық өтті.

ВАСЯ: (Димочкаға) Сен мені кешір. Бірінші сыныпта ойыншық солдаттарыңды тыр жалаңаш әйелдің суреті бар қаламға алмастырғам.

ДИМОЧКА: Жоғалтып алдым дегенің қайда?

ВАСЯ: Адал досымды алдап соқтым. Кешірші.

ЖЕНЯ: Оттай береді, ол ойды мен айтқам. Свешниковтың қаламына алмастырайық дегем.

ВАСЯ: Мына сандалбайдың сөзіне сенбе. Ол идеяны мен ұсынғам.

ЖЕНЯ: Сенде туғалы бері идея жоқ қой. Ойды ортаға салдым, ауыстырдық, қаламы сынық болды. Ал, әлгі әйел, міне, мына жерге шейін шешінетін.

ВАСЯ: Енді қайтейін? Маған жететін. Аяғына шейін шешіндіріп не істейін деп ең? (Димочкаға) Парша-паршасын шығардың ба?

ЖЕНЯ: Сен ғой, үстіне отырған.

ВАСЯ: Не дедің?

ЖЕНЯ: Көтетайыңмен басып.

ВАСЯ: Қайталашы, қане!

Вася Женяны таптап, умаждай бастайды.

ДИМОЧКА: Тоқтатыңдар, жігіттер!

ВАСЯ: (Женяға) Қаруың қайда?

ЖЕНЯ: Қажет емес, мен – суперменмын.

ВАСЯ: Бар да, темір сусепкішті алып ал.

ЖЕНЯ: Бұйрығыңды басқаға бер.

Женя терезеге жақындап, сусепкішті ап, бір нәрсені байқап қалады.

ЖЕНЯ: Біздің подъездке милиция көлігі келді.

ВАСЯ: Қайсы?

Вася мен Димочка терезеге жүгіріп келеді. Үшеуінің де көзі – көшеде.

ДИМОЧКА: Милиционерлер көліктен түсіп, подъездке кіріп барады.

ЖЕНЯ: (санайды) Бір, екі, үш, төрт. Болды.

Женя теріс бұрылады.

ЖЕНЯ: Көріп-көріп көзге сүйел шығатын болды.

ВАСЯ: Бес, алты, жеті, сегіз. Сегіз мент, сегіз дубинка.

ЖЕНЯ: (Васяға) Ойымыз – ортақ-ау?

ВАСЯ: Оларды қалай қарсы алған жөн? Тұрып, қолды артқа жіберіп пе, әлде жерге жатып, төбеге қойып па?

ЖЕНЯ: Екеуі де тиімді. Бірақ, орындыққа отырып, қолды тізеге қойған қолайлы емес пе?!

Женя мен Вася үтікті, сусепкішті терезе алдына қойып, орындыққа отырып, қолдарын тізелерінің үстіне орналастырады.

ЖЕНЯ: (Васяға) Түрлеріңді адам аяйтындай... періштедей пәк қылыңдар. (Димочке) Отыр!

ДИМОЧКА: Шошып кеттіңдер ме? Е-е-ех, арландарым-ай! Ештеңе етпес...

Димочка бөтелкені ап, тағы да аузынан ішеді.

ДИМОЧКА: Жалғыз өзім-ақ жайпаймын.

ВАСЯ: Есің дұрыс па?

ДИМОЧКА: Қорқақтар.

ЖЕНЯ: Ол дәу, бірақ қызу. Көметесіп жіберейік.

Достары Димочкаға жүгіріп барып, қолындағы гантельды тартып алғысы келеді. Димочка қарсыласады.

ДИМОЧКА: (айғайлайды) Қолдарыңды тартыңдар, қорқақтар!

Осы кезде сырт-сырт етіп есіктің ашылғаны естіледі. Достар кідіріп қалады да, қайтадан Димочкаға жабылады.

ДИМОЧКА: (айғайлап) Еркек емес, ездер!

Есік айқара ашылады. Достар қаққан қазықша қақшиып тұрып қалады. Босағада – түсініксіз жаратылыс иесі. Анықтап қараса, бұл қарапайым шаңғышы әйел екен. Үстінде – арнайы костюм, аяғында – бәтіңке, қолында – таяқша, басында – дулыға. Ол тарсылдатып, гүрсілдетіп ішке кіреді. Таңғалған достар кері шегінеді. Шаңғышы әйел Димочкаға қарата жүреді. Тоқтап, бас киімін шешеді. Сөйтсе, бұл Катя екен.

КАТЯ: (Димочкаға) Қымбаттым, бұрыннан армандаған заттарыңды әкелдім. Міне, шаңғы, бәтіңке және дулыға. Ала ғой.

Катя дулығаны таңданып тұрған Димочканың басына кигізеді.

КАТЯ: Кешірші, мені. Бекер ашуланыппын. Маған ренжіп тұрсың ба?

Димочка дулыға ішінде бір нәрсе деп міңгірлейді.

КАТЯ: Не дедің, қымбаттым?

Димочка дулығасын шешеді.

ДИМОЧКА: Жалғыз өзің келдің бе?

КАТЯ: Әрине.

ДИМОЧКА: Төмендегі мәшіне ше? Жаңағы жасақ?

КАТЯ: Олар бірінші қабаттағы үйге келіпті. Капитан Новиковты туған күнімен құттықтап шықпақшы екен. Мені үйге шейін жеткізіп салды.

ДИМОЧКА: А-а-а, телефон ше?

КАТЯ: Әзіл ғой.

ЖЕНЯ: Өте күлкілі болды.

ВАСЯ: (сыбырлап) Мен оны бір күні өлтірем.

КАТЯ: (Васяға) Жолай әйеліңе соғып, сөйлесіп, бәрін шешіп келдім. Міне, кілтің, үйіңе бара берсең болады.

Вася кілтті алады.

ВАСЯ: Барғым келмесе ше? Әлі де өкпелімін.

Вася таңулы басын ұстайды.

КАТЯ: (Димочкаға) Сыйлығым ұнады ма?

ДИМОЧКА: Ақшаны қайдан алдың?

КАТЯ: Ал, сен мына бәтіңке мен қолыңдағы затты қайдан алдың?

Димочка алақанын ашқанда, гантель даңғырлап жерге түседі.

ДИМОЧКА: Вася берді.

ВАСЯ: Иуда.

КАТЯ: Сыйлығым ұнады ма?

ДИМОЧКА: (паузадан соң) Ұнады.

Димочка Катяға жақындайды.

ВАСЯ: (Женяға) Бірден беріле салды ғой.

ЖЕНЯ: Ех, маған осындай жар бұйырса ғой.

Димочка мен Катя сүйіседі. Женя мен Вася екеуіне қарап тұрады. Вася басын шайқайды.

КАТЯ: (Женя мен Васяға) Немене қарап тұрсыңдар-ей?

ВАСЯ: Енді не істейік?

КАТЯ: Ән айтыңдар! (Димочкаға) Солай ма, жаным?!

Димочка басын изейді де, екеуі қайтадан сүйіседі. Женя Васяға көз тастайды.

ЖЕНЯ: (Вася) Ал, бастайық! Бір, екі, үш, төрт...

ЖЕНЯ мен ВАСЯ: (бірге) «Я помню чудное мгновенье, передо мной явилась ты. Как мимолетное виденье, как гений чистой красоты...».

Шымылдық.

Аударған: Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы, аудармашы, 

Абай атындағы ҚазҰПУ-і Филология институтының докторанты, 

Әлібек БАЙБОЛ.

 Суретте Камил Муллашевтің картинасы «Жастық шақ»

Мәдениет порталы

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...