Кеше елордада басталған Азия қаламгерлерінің І форумы аясында бас қаланың Абай мен Сембинов көшелері...
Нұрхалық Абдырақын. Синтез Сатан
Әңгіме
Қар торғай бастанып жауып тұр, кіршіксіз ақ ұлпа, қалықтап балаша мәз болып, көктен түсіп келе жатыр «осындай пәктеніңдер деп», біздің әр біреумізге ескертетіндей, оны тыңдайтын адам жоқ, мамық түйіршіктің алды күстана табандардың астына мыжылды....
Сатан атасының зейнет ақысын кепілге қойып, қарызға алған машинасымен, байдың ерке шолжақ қызының атындағы ерен базарға (супер маркетке) барды, әйелі екеуі жыл бойы ауыздарынан жырып, түсте ас ішпей, кеште баласын түлкі құрсақ жатқызып, жинаған ақшаларына кинодан көрген кәнігі байларға еліктеп, неше түрлі тағамдар және ащы су мен тәтті судың түр-түрін алды, көлігінің жүк салғыш сандығы лық толды.
Мұхиттың аржағындағы қоқыстан теріп әкеліп сатқан қулардан алған жаман ескі көлігі өзінің көк түтініне өзі қақалып, көксау шалдай біраз ышқынып барып, зорға оталды.
Таң атқанша қуаныштан шыдамы таусылды, келер күнді сағынды. Ұйқысы келер емес, бала кезі есіне түсті. Егемендік алған сол жылдар шешесі қолынан жетектеп балабақшаға апарған, жұрт кедейліктің қамытын мықтап киген сол кездің өзінде, жаңа жылды асқан шат көңілмен тойлайтын. Бүкіл қоғам желтоқсан айы туғаннан басқаша қуанып, корпаративтік бас қосу, туыстық дастархан, т.б. деп мол дастархан жасап тойлайды.
Бұлардың бала бақшаның қақпасының сыртында әлем-жәлем шырша, оған ілінген сан мың түрлі сылдырмақ, құбылмалы қоңырау, шарлар күлміңдеп тұратын, соның жанында сақалы етегіне түскен, шойқы маңдай, қызыл көз, картошка мұрынмен екі беті үсінген орыс шал, қазақтың жап-жас қызын қолтықтап бастарын қозғай теңселе ән салып тұратын. Қазақтың қызын орыстар қолтықтаса қатты жарасады екен-ау деп, риясыз сәби көңілмен ойлаушы еді.
Бақшаның іші тіл жетпес сан мың ертегі әлем, күлекештенетін мың сан қуыршақ пен сайқы мазақ әйкелдерге толып, үлкен бөлменің қақ төрінде даладағыдан басқаша жасыл шырша тоқтаусыз жанып-өшіп, көз қысады. Балаларды құлашын жая құшағына тартады, бұлар бақыттан балқып, шыршаны айланып бірін-бірі тоқтаусыз қуалай беретін, қуып жеткендерді сүйістіретін, өзінің көршісі Гүлбаранды қанша қусада жете алмай, өзі жек көретін мұрнынан маңқасы аққан Алманы қуып жетіп состиып тұрып қалатын, тәрбиешілері шапалақ соғып қолпаштап, аузынан арақ мүңкіп, ала бөртіп тұратын.
Түс болғанда тағы сол Гүлбаранның жанындағы төсеке жатып ұйқтағанды жақсы көруші еді. Желтоқсан айы толығымен жаңа жыл деген мерекелік көңіл-күй бұлардың діліне сол кезден мықтап сіңген. Одан үлкен мереке еш болмайды, қазір қайдағы бір «рахмет айту күні», «науырыз», «тәуелсіздік күні», «қыздар күні» дей ме? Мереке көп бірақ еш қайсысы Сатанның жүрегінен орын алмаған. Ана науырызды да жаңа жыл деп қояды, сонда бізде екі жаңа жыл бар ма? Жыл бреу, Құдай біреу, адам біреу болыпқана жасайды сонда жаңа жыл қалай екеу. Біреуі өтірік... Жаңа жылда ақ мұртты, қызыл сақалды орыс шалы мен қазақттың қызы қоржындарына қол салып, тек қана орысша тақпақ айтқан балаға не ілінсе соны талғамай бере береді, сонда Сатанның қолына бір сәбіз тиіп еді, аузына салғанда пыласымас екен, артынша өзінің орысша тақпақты жақсы айта алмағанын ойлап, орыс шалды жек көрген жоқ.
Таңда атты, дастарханды толтыра жайып қонақтарын күтті, Саттанның әйелі Қазаны әбден қызғанда сұйық майдың үстіне шаж еткізіп пиязды салып жіберді, артынша етті шыжғырады, оның артынан іле-шала сәбіз, кәртоп, тағы басқа нәрселерді төкті-ай келіп, кенет ойына осының ішінде қазақ қайсысы деген ой сап ете алды, әрине қазақ ет кәріс пияз, сәбіз ұйғыр, кәртоп орыс деп күбірледі, мүлде бөтен аты жоқ синтез бір тамақ пісті. Бір-бір ескі көлікті тізгіндеп келіншектерін қолтықтап, қызара бөрткен жас пен жасамыстар столдың төңірегіне қонжиды.
Күлкілері басында әуелеп, қалжыңдары қан жүгіртіп, бір жетісіп қалды, өз ара тост айтып, стакан соғыстырып, шат көңілмен шарықтап, шаңарақты өз әлдерінше жырға бөледі. Рухани аш адамдар әрине ән мен биге, арзан күлкі мен мәнсіз сөзге тояттанады...
Ащы суға әбден бас қойды, бүгін ішпегенде қашан ішеміз дейді, бірін-бірін қамшылап, шылқия мас болды. Мылқау қараңғы түн. Аспаннан сұмдық-сұмдық қара күштер түсіп жатты, жердегілері де олардың тобын толықтырып, адамдардың көздеріне көрінбей қаскүнемдігін бастап кетті... Аталарынан көргені бойынша қолдарын жайып, сағат тілі он екіні көрсеткенде тілек айтты, далаға шықты, қытайдың салюттарн аспандата атты, тарс-тұрс, от шашулар толассыз атылды. Алжыған әкесі «не боп кетті, немістер кеп қалды ма?», – деп орыс-неміс соғысына қатысқан жастық шағын есіне алды.
Үйге қайта кірген олар тағы шайтан суды сімірді, бірінің келіншегіне бірі көзі түсті, шайтан шығар жол көрсетті. Ішінде біреуі, бүгінгі мерекелік си болсын, келіншек ауыстырайық, достығымыздың ең биік шыңын осылай дәлелдейік деп қуана тіл қатты. Бәрі үнсіз келісті, жарық сөндіріліп, білгендерін жасады...
Тіл, діл, рухани жаңғыру, қазақтану, Ұлы Даланың жеті қыры және ұлттық дүниетаным т.тт елдің бір жылда жиғаны түгеліммен көкке ұшты, шайтандар оларға орыс шалмен қазақ қызы болып елестеп санасының шаңын қағып, әуелгі құлдық сабаға қайта қайтарды.....
Түннің ең соңғы бөлегі түгелдей қызыл-қырғын соғысқа ұласты, қалың төбелес, тіс сынды, көз шықты, мұрын сынды, маңдай жарылды, келіншектері сақшыға қоңыру шалды, сақшылардың уақты жоқ...
Өзімен-өзі тілін шайнап Сатан қорада жалғыз сұлап жатыр, оның жиркенішті тәнін рухы әлі тастап кетпеді... иті қожайынның қолын, аузын жалап жатыр. Сатан өзін өзі жақсы білмейді... ол бір түрлі синтез жан. Сатан қыста жаңа жыл деп котоликтердің Рождествосын шынай жүрегімен тойлайды, жыл бойы жиғанын дастарханға салып, әйтеу бұл мерекені әдемі өткізеді, 31 желтоқсанда жаңа жыл деп телеарнадағы патшамен румка соғыстырады, біраз күннен соң солар сияқты қаңтарда қара бура жарағанда мұзды жарып қабанша гүрілеп суға шомылып діни рәсім жасайды, қытайларша торсылдақ атады, кәрістерше шаш өсіреді, Армениядарша темекі шегеді, шамасына қарамай түркітерше кинуге тырсады, Литвалықтарша арақ ішеді. 8 науырызда қыздарға гүл беріп, шампан ішкізіп ақысына олардан бірдеңе дәметеді. 22 науырызда тағы да жаңа жыл деп ақшаңқан киіз үйдің арасында бір күн болсада ұлттық киім киіп қазақ болып өзін алдайды, бірінші сәуірде онысына өзі сенеді.
Оразада ауыз бекітіп Аллаға құлшылық жасап жүрді, Құрбан айта құрбан шалады, «ұлы отан соғысы» деп жеңіс күнін әлі тойлайды, ерлер күні деп орыс әскерінің құрылған күнін еске алады, Жұма намазға ана-санда барады, кейде қайтыс болған кісінің құран хатым дастарханы жұма намазбен қатар келсе парыз болған жұманы тәркі етіп, ішіп-жейтін астың басына жүгіреді, ел қатары қол жайып мешіт ауласындағы хатымханада былық етпей отыра береді...Ол өзіне не ыңғайлы соның бәрін ақылымен жасай бері, онда отан, ұлт деген түсінік атымен жоқ. Әр мерекенің артына бір сәт үңіліп ойланбайды...бәрін өзінше синтездеген...
Итінің қарны тойды, қожайын шөлден қаталады, айқайлады.....иесіне адал жануар бір аяғын көтеріп аузына сарыды...
Мәдениет порталы