Аманқос Ершуов. Жұмекен – жұмбақ ақын

ӘДЕБИЕТ
4985

Аманқос Ершуов

Бұл күнде елдің бәрі Жұмекен Нәжімеденов туралы естелік айтқысы келеді. Жұмекен ағамен жақын араласқандар да, араласпағандар да. Жұмекен – жұмбақ ақын. Бұл атау оған тірі кезінде берілді. 76-жылы Жазушылар Одағының кезекті құрылтайына бардым. Зайыбым Алтын екеуміз «Алматы» қонақ үйінен орын алдық. Сьезд бітіп, 2-3 күн Алматыда демалып қалдық. Сондай күндердің бірінде Жұмекен бізге келіп, «Аманқос, келіп аға-жеңгеңнің үйінен шай ішу керек қой. Танысу, есік ашу шайы. Сондықтан үлкендігімді көрсетіп шақыра келіп едім, жоқ екенсіздер. Ертең сағат 5-те күтеміз» деп қағаз қалдырып кетіпті. 

Күткен уақытта бардық. Нәсіп жеңгеміз кең дастархан жайып, қарсы алды. Жұмекен аға мені өзімсініп көп әңгімесін айтты. Көбісі көңілінде жүрген мұң. Мұң болғанда, әдебиетке байланысты. Шығып жатқан кітаптарына редактор болған адамдар жақсы өлеңдерін жамансынып сызып тастайтын көрінеді. «Олармен айтысып-тартысып жүйкем жұқарып жүр. Мені сірә, дүмбілез ақын қылып көрсету ойларында бар...түсінбейді ғой бұлар» деп күрсінді. Жұмекенді ішімнен қатты аядым. Бірақ қолымнан келер дәрмен жоқ...

Зоология пәнінің мұғалімі бір оқушысынан «Тышқан қанша жасайды?» деп сұрайды. Ол да нағыз қыңырдың өзі екен. «Оны мысықтан сұрау керек» депті. Болды. Бітіп тұрған мысал. Бірақ Жұмекен дәл осы бітіп тұрған жерден өлең табады. Бақса, бұл жерде «Мысық – тәбет, мысық – тілек, мысық – тірлік, мысықтабан саясат» жатыр екен. Оны Жұмекен ғана көріп, Жұмекен ғана ашыпты.

«Жауыздық пен арамзалық бүгінде,

Әр есіктің түбінде.

Аузын аңдып әр іннің,

Әр елдің бір сылдырлатып бұтасын, 

Аш мысық боп дүниені кезіп жүр».

Оның бұл тұстағы айналадағы құбылыстарды қабылдауы және оларды сөзге көшіруі де әдеттегіден өзге, құлаққа тосын естіледі.
«Тасбақалар табысты кісінесіп» немесе: 

«Саусағымен ауаның,

Қара бұлтты ақ шыңға,

Байлап қойып сауамын»

немесе:

«Ал табиғат қайрат жұмсап біз үшін,»

Әр бұтасын мүйіз етіп сүзісіп,

Газ бен удан тұр қорғап...» («Темірқазық»).

Сөз жоқ, бұл жолдарды кез-келген оқырман, тіпті оқыған-тоқығаны көп көзіқарақты деген оқырманның өзі бірден қабылдай қоймайды. Бұл жерде халықтың ойына, мүддесіне, арманына қызмет еткен ірі ақындардың ешбірі де талғамға қызмет етпегенін мойындауымыз керек. Халыққа қызмет ету – талғамға қызмет ету емес. Нағыз ақын оқырман талғамын ылғи да байыту үшін, жаңа биікке көтеру үшін қызмет етеді. Ол оқырман соңынан салпақтап еріп отыратын көнбістік мінезге емес, мүйізі қарағайдай болып көш бастар серкелік мінезге ие. Жұмекен сондай мүйізді ақын.
... Міне, ақын Москвадағы  Пушкин ескерткішінің түбінде тұр. Ақын ақынмен сұхбаттаспақ. Ол өзін, халқын таныстырды. Дала атынан сөз сөйледі. Бірақ Пушкин үнсіз. Оның «көзіндегі ұлы қайғы қабағын көтертпейді». Жаңа заманның, жаңа тірліктің келгенін хабардар еткен ақын енді Пушкинге жарының жазығы жоғын айта келіп:
 «Өсек, ғайбат өрбіткен қай оңбаған,
 Музаң сынды,
 Жарың саған болды адал!»- деп араша түседі.
 Осы кезде Пушкин ескерткіші қалай тебіреніп кетті дейсіз ғой:
 «- Бұйра басын сілкіп тастап ұлы ақын,
 Жүрегінен оң қолын ап,
 Сұрапыл
 Ырзалықпен созды маған
 Бір оймақ
 Қуаныштың шықты бетке нұры ойнап.
 Менің ыстық алақанымды ұстады,
 Қабыршық боп тастар сынып түсті, әне.
 Жазылды да желеңінің қат-қаты,
 Тас тұғырдан түсіп келе жатты ақын».
Жұмекен Нәжімеденов осындай тас ескерткіштің өзін тебірентіп, тас тұғырдан түсіретін құдіретке ие болған кезінде, ақындық талантына әбден кемеліне келіп толысқан шағында көз жұмды. Өлеңімен өзегі өртеніп, теңеулердің буулы теңін ақтарып, асыл сөз іздеп, жыр аспанында оқшау ойлары найзағайдай жарқылдап арынды ақын Жұмекен де өтті дүниеден. Өтті дейміз-ау, оның өлмес өмірі енді басталғандай. Жырсүйер қауым жүрегінде Жұмекенге деген сағыныш бар. Ол – мәңгілік сағыныш. 

   ҚАДІРЛІ ХАМАҢ ЖӘНЕ БІЗ

Анам Сарбөпенің ағасы Смағұл ақсақал ескі хиссаларды жатқа айтатын шешен, домбырашы, шежіреші кісі болды. «Ақындық қасиетің нағашыларыңнан дарыған» деп айтып отыратын анам. Жастайымнан жырқұмар боп өстім. Бірде мектепке жаңадан келген орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қымбат Есқалиева апай маған : Сен, Аманқос, алда келе жатқан қазан төңкерісі күніне арнап өлең жазып келші  дегені. Апай, менің қолымнан өлең жазу келмейді ғой деп едім, мұғалім «қолыңнан келеді, жазып көр» деді. Содан әбден қысылып, үшінші күн дегенде үш шумақ өлең құрастырып , Қымбат апайға бергенімде, көз жүгіртіп оқып шықты да , өлеңді мақтай жөнелді. Сөйтіп мектептің қабырға газетіне шығартып, мені ақын бала атандырып жіберді бір күнде. Содан соң мен қалам ұстап, жаза бастадым. Өз бетімше жүргенім жарамас деп бағыт-бағдар айтар, өлеңіме баға берер білікті ұстаз іздедім төңіректен. Көп ұзамай жолым оңғарылып, ҚазССР-іне еңбегі сіңген мұғалім, әдебиетші,ақын Жанаш Нұрмахановтың шәкірті болдым. Жанаштай ұстаз ағадан соң, Зейнолла Қабдолов, Ғафу Қайырбеков, Берқайыр Аманшин, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Қабиболла Сыдиықов, Меңдекеш Сатыбалдиев сияқты ағалардың тәлім-тәрбиесін көрдім. Алатаудай асқақ тұлғалы Әбу Сәрсенбаев ағаның әкелік қамқорлығы ерекше еді. Айта берсем, жақсылар мен жайсаңдарға ізетті іні болдым, кейінгіге аға болдым. Дүйсенбек Қанатбаев, Тынышбай Рахимов, Дәулеталы Стамбеков сияқты қанаттас рухтас достарым болды. 

«Алдыңғы толқын ағалар , кейінгі толқын інілер» дегендей , әдебиеттегі рухани жарасымдылық, сыйластық қай кезде де бағалы емес пе?! Хамаң, (Хамит Ерғалиев) мен Айтуар Өтегенов маған рухани жағынан жақын тұлғалар. Бірі-пір тұтар әкем болса, екіншісі-жыр тұтар інім. Алғашқысы- мектеп оқушысы кезінен бастап, әдебиет әлеміне араласқаннан бері ақыл-кеңесін алып келе жатқан ұстазым. Соңғысы - соны тынысты інім, тіпті ағаларымен, үзеңгі қағыса шабатын жүйріктердің бірі. Барлап қарасақ, өмірде аға мен інінің бас қосуы , ақылдасуы, ой бөлісуі, кездесуі көп қой. Соның өзі де сондай ерекше емес пе?! 

Біз Атыраудан Алматыға келгенде Бекең (атыраулық жазушы-драматург Берік Қорқытов) екеуміз мейманхана бөлмесіне бірге орналасамыз. Сондайда таңғы сағат сегізде телефон шалу Хамаңның әдеті. 

– Мен оразамды сендермен ашамын -, дейді ол саңқылдап, Сендерден туған топырақтың, даламның иісі шығады, айналайындар. Бас-аяғы екі-үш шыныаяқ шай үстінде небір асыл сөздер ағытылар еді. 1984 жылы Жазушылар одағының кезекті сьезі аяқталып, елге жүргелі тұрғанда телефон шыр ете қалды. Телефон тұтқасын ұстаған Бекең :

– Ассалаумағалейкум , Хамаға – деп жатыр. Аманқос бүгінгі ұшақпен елге жүреді, өзіңіз айтпасаңыз, – деп тұтқаны маған ұстатты. 

– Айналайын, қазір уақыт таңғы сегіз. Мен «Волгамды» Кенжебай балама айдатып, қазір сендерге барамын. Жолдан Берқайыр (Аманшин) мен Мақсотты( Нетәлиев) ала шығамын. Біздің үйден шай ішіп, қой жейсің. Беріктен қысылмаймын, ал сен біздің үйден бұрын-соңды дәм татып көрген жоқсың. Кемпірге осылай тапсырма бердім. Үлкен кісіге күнде дастархан жасап, қонақ күту қиынға соғады,- дейді ағамыз. Енді маған дәлел айтудың реті де болмай қалды. 

– Хамаға , осында Бейнеу аудандық газетінің бас редакторы, ақын Айтуар деген ініңіз жүр дедім сөз орайы келгенде.

 – Онда, сен, Айтуарды тауып ал да, біздікіне баста, – деді ашық дауыспен. Екі-үш жыл партия мектебінде оқып, Алматы өз үйіндей боп кеткен саябақтары көзге ыстық көрінетін, әрі жастықтың ауылынан ұзай қоймаған Айтуар оңайлықпен табылсайшы. Ол күнде қазіргідей ұялы телефон деген жоқ. Жәукен мен балаларға базарлық алам деп дүкен аралап кеткен екен. Табаным тозып әрең дегенде тауып алдым. 

– Хамаң шақырады ,- деймін оған шалқып-тасып. Айтуар аз-кем үнсіздіктен кейін: – Базарлықтың баға жетпес дүниесі Хамаңмен сұхбаттасу ғой. Менің жанұяма апарар үлкен дүнием осы болмақ.Баста, Әбеке, – деді. Әулие ақынның үйіне кіші басымызды иіп біз келеміз. Хамаңның дастархан басы көңілді. Аға-ініге жарасар жұмсақ-жылы әзілдерге толы. Ішімдік атаулыға тыйым салынған кез. Үй иесі «Мынаны Қазақстан мейманханасынан алдым» деді 1шөлмек «Қазақстан» коньягын үстелге қойып жатып.

– Ойбай, Хамаға, мезгілсіз уақытта қалай алдыңыз, біздің де аузымыздың салымы бар екен,- деп Берік аға біраз желпініп қалды. Ағаның алғанын жұту сауап болады, бұған жауап бола ма деп әзілшіл әдетімен маған қарады. Мен Айтуарға қарадым. Әңгіме шарапта емес, пейілде ғой. Сол пейілді ағаларға көрсете алмасым өзіме белгілі. Өйткені, Алматы дүкендері ол сұранысты өтемейді. Жағдай, тәртіп солай ол кезде. Бір кезде Айтуар құлағыма сыбырлайды: Екеуміз мейманхана бөлмесіне барып келейік те, елден ала шыққан шишамды осы ағалар алдына қоялық. Содан біз сыпайы ғана : Бір шаруамыз бар, жарты сағатта ораламыз-, деп рұқсат сұрадық та, айтылған мезгілде келдік. Қолымыздағы ораулы бөтелкені көргенде Хамаң :

– Бұларың не, қарақтарым-ау, сендер менің жас қонақтарым емессіңдер ме? Мына Беріктің шығармайтыны жоқ. Соның жаңағы әзілдеріне бола осынша мазаларың кеткені несі ?! – деп бізді ұялтып тастады. Хамаң бәйбішесі де «керек болса бұл шіркін үйде де бар ғой» деп әжелік кеңпейілділік таныта сөйлеп жатты. 

1993 жылы 50 жылдық мерейтойыма Хамаң Алматыдан Ақкиізтоғайға 

«Осындайда жер шалғайлығы опық жегізеді де отырады. Ізбасарым Аманқостың 50 жылдық мерейтойына қатыса қалғанда , білгізер лебізім жыр достарының талайын соны-соны ойларға тоғытар еді. Соған жетелейтін қуат, осы жігіттің ақындық өнерінде, ақындық болмысында да, шүкір баршылық. Қиындығымен де, қызығымен де ел тіршілігі есейткен ақын Атырау аймағына қарыздар боп қалмайды. Махамбеттің аруағы қолдап, биік мұрат үдесінен шық, қарағым Аманқос» деп ақ тілегін жеделхатпен жолдаған еді.

МАРАТ ОТАРАЛИЕВ

Марат мықты ақын еді. Әзілқой, өзі көпшіл, өлеңдерін Төлеген Айбергенов сияқты жатқа оқитын. Және аяқ астынан суырып салатын. Тақырып тауып берсең, төгіп тастайтын жырды. 1969 жылы жас ақын-жазушылардың кеңесі Алматыда өтетін болып, Марат Отаралиев, Фариза Оңғарсынова үшеуміз бардық. Қонақ үйге орналасқан соң , Марат Жұмекеннің үйіне телефон соқты. Жаңа ғана самолеттен түскенін, шайға баратынын білдірді. Сосын маған бұрылып, «Самолетке қайтар мезгілге билетті алдырып қоймасақ, соңыра билет алу қиын болады. Оған кететін ақшаны Нәсіптің қолына бергеніміз жөн. Әрі екеуміз де ақкөңілміз, қаланың жалаңаяқ қаламгерлері сырамен бірге жұтып қояр» дегені. 

Менен 3-4 көйлек бұрын тоздырған тәжірибесі бар, оның әлгі айтқандары ақыл еді. Марат КазГУ-де оқып жүргенінде, студенттің қалтасында қандай жөнді ақша болсын , таныс біреулер кездесіп қала ма деп, мейрамханаларды аралап келе жатады. Міне, қызық! Тарих ғылымдарының докторы, профессор Қарағұсов деген ағайы жалғыз өзі шөлмектерден шөмеле үйіп арасында отыр. «Ассалаумағалейкум» деп салып жетіп бару ұят, содан сан қайтара тұсынан әрі-бері өтеді. Біраздан соң әлгі кісі мұны көріп қалады да, столына шақырып: Сен баланы өлең жазады деп естідім. Жазғыш болсаң осы отырысымды суреттеп берші деген ғой. Сонда Марат бөгелмей:

«О, менің ішкіш досым, Қарағұсов!

Отырмыз тек екеуміз арақ ішіп.

Сен болсаң-арақтағы кәрі тарлан

Мен болсам- соңыңнан ерген бала күшік» ,– деп өлеңді ағытып қоя береді. Сонда Қарағұсов: Әй,бала, өлеңіңе ризамын. Бірақ  мына сөзіңді өзімнен басқа ешкім естімесін, – деп тапсырады. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» дегендей, бұл шумақ бүкіл Қазақстанға жайылып жүре береді. Сол жолы Жұмекен осы оқиғаны еске алған болуы керек, Маратты қалжыңдап былай деп қарсы алғаны:

 Бір ұлды болған екен Отарәлі,

 Арақты бөшкесімен қотарады.

 Аяғын әзер басып келе жатса

 Қаланың тұра қашар сотанағы... 

Жұмекен Мараттың өткір мінезін суреттегені ғой. Жұмекен үйіндегі әдебиет, жалпы өнер, мәдениет туралы әңгіме сағат күндізгі 8-де басталғаннан түнгі 2-ге дейін созылды. Несін айтасың, о да бір естен кетпес басқосу еді.

 АЛМАТЫ – АРМАН ҚАЛА 

Талай рет жанашыр ақын ағаларым Алматыға шақырса да, туған ауылды қимадым. Меңдекеш Сатыбалдиев туыстық жағынан жиен боп келеді біздің әулетке. Атам Ершудың қызы Аққылаң апамыз Меңдекештің бір анасы болатын. Меңдекеш ертеректе : «Алматыға көшпек ойыңның соңына қашан нүкте қойылмақ? 1962 жылы « Жұлдыз» журналы жас қаламгерлерді таныстырды ғой, сонда Мұқағалиды, Қайырханды, өзіңді Зейнекеңнің (Зейнолла Қабдолов) жақсы атағаны жұрттың жадында болар. Қысқасы, ол ортаға сен өгей емессің. Маған ұнамайтын жерің: бойкүйезсің, жанаярсың» деп өкпелеп әрі ақылын айтып хат жазғаны бар еді. Мен ауылда өстім, ауылдың ауасы жаныма дауа.

1963 жылы Гурьев педагогикалық институтының 2-курс студенті кезім. Алматы өнер ордасы ғой, сондағы ҚазГУ-ге ауыссам деген ой да келді. Жазушылар Одағы сонда. Осы ойымды группалас жолдастарға айтып едім. Олар: облысыңды, үйреніскен білім ордасын қалай қиып кетпекпісің, Алматыға барғанда атың оза ма, қайда да ізденіс, еңбек керек қой. Талаптансаң ,тауға шығарсың, жерде қалмассың, әйтеуір. Одан да стипендия алған соң, группаластар болып, ақша жинап берейік, барам десең, бар, көріп қайт десті. Сәті келгенде, жолдастарым біраз қаражат тауып, улап-шулап шығарып салды. Бұл -Алматыға бірінші баруым. Осыны ескеріп, сол кезде Алматыда оқып жүрген ауылдас ағайыным Жақсылық Сәрсеновпен бірге жолға шықтым. Поезд 3-4 күн жүріп, түнде барады екен. 

Жақсылық ағам жалдаған үйіне қонаққа апарып, ертесіне Жазушылар Одағына жеткізіп тастады. Қасиетті ақ ордаға оң аяғыммен аттап кіріп, кабинеттің есігінің сыртындағы жазуға қарап, тұрсам, « Әдебиет кеңесшісі Б. Аманшин» деген есім көзіме оттай басылды. Берағаңды бұрыннан танимын. 1960 жылдары Жазушылар Одағының Гурьев облыстық бөлімшесін басқарып, өлеңдеріме біраз талдау жасап аяқ алысымды құптаған.

 – Аманқос, келіп қалдың ба? Ауыл-ел аман ба? Өзің көргендей мен осында жасап жатырмын. Сен бұл сапарыңда біраз ақсақалдардың батасын алып, ағаларыңның алдынан өтерсің. Мен Жұмекен ағаны сұрадым. «Лениншіл жаста» әдебиет бөлімін басқарып отырғанын білдім де, ендігі барар жерім –сол деп шығып кеттім. Берағаң: қазір түс мезгілі, кешкі 6-дан қалма, біздің үйге барамыз деді үнінен жылылық, жүзінен қамқорлық танытып. Келсем, Жұмекен бұйра шашы бұрқырап, бірдеңе жазып отыр екен. Біраздан соң басын көтеріп, «Сен кім боласың?» деп үн қатты. Аты- жөнімді айтып, біліскен соң, орнынан ұшып тұрып «бауырым екенсің ғой» деп бауырына басты. Көзінің оты ұшқындап, қасыма отырып, ақыл-кеңестерін үйіп-төкті.

 5-6 өлеңімді алып қалып, «Лениншіл жаста» шығарған еді. 


  АҚКИІЗТОҒАЙ – АЛҒАШҚЫ ӘДЕБИ МЕКТЕБІМ

Сонау алыста қалған балалық шағым. Ойында ештеңе жоқ ойынмен өткен күндеріміз. Енді есейген шақта көрген түстей көлбеңдеп, сағымдай бұлдырап, елес боп еліктіреді. Ұмытқаным да, ұқпағаным да көп екен. Бар баланың әдеті үлкендерді төңіректеу емес пе?! Біздің ауылда да көне сөздің көмбесі - қазына қарттар бар еді. Ойыннан жалыққанда соларды тыңдап өстік. Біріне түсіндік, біріне түсінбедік. Смағұл ақсақал  Дон Кихот пен Мюнхаузен хикаяларынан бастап, Нұрпейіс Байғанинге келіп тірелетін. Оның «Нарғыз» поэмасындағы алып  Нарғызды көргендігін, басқа да осы өңірдің жайларын жатқа соғатын. Еліктіре, екпіндете баяндайтын. Біздер күш атасы Қажымұқанмен Нарғыз күрескен шығар, қайсысы жықты екен деп, қолдағы бар қиялға берілетінбіз. Ал, Шәдір қария: 

 «Қарағым, қатарласым, құрдасым-ай,

 Шақшамды өзіме бер мырзасымай.

 Арқамда қызылшаның жемі қалды

 Қышуы басылмайды қыз қасымай», - деп әндетіп отырып, Аралбай мен Қашағаннан жырлап кететін. Белгілі ақын, қайраткер інім Өтеген Оралбаевтың әкесі Оралбай да орамды сөздің  иесі еді.

«Оюланған жиегі,

Ақ көйлегін киеді.

Шәкеш құйған қою шәй

Домбырамның тиегі», – деп бейтаныс жыршылар, әншілер айтатын әлдебір әуенге басатын.

 «Дегенде Шәпибай-ау, Шәпибай-ау,

 Атымды талға байлап келдім жаяу.

 Атымды талға байлап келсем жаяу

Шапибай-ау отыр екен ұйқылы-ояу» -, деп шырқай беріп, байқадыңдар ма, мына әннің қылығын? Мына бұраңдаған жолға, мына далаға қалай еркелейді, ә? Дала туғандығын істейді, қара пәлесін, қазақтың халық әндері даласынан, кеңістігінен, шексіз биік аспанынан айнымайды ғой. Байқайсыңдар ма, жол созылды, ән де созылды, жол қайырылды, ән де қайырылды. Жаңа екеуі құшақтасып қалғандай болды ғой. Табиғат неткен шебер! Осы ескі әндерден даланың исі шығады. Өз исіңді танисың. Қаның тулайды! Осы күнгі әндер сүйте ме?!»деп халық әндерінен сыр-сипат іздеп отыратын Шафих Ізбасов ағамыз ескілікті әңгімелерді, пайғамбарларды көп білетін, майын тамызып баяндайтын.

Бұл маңды Қайшыбай, Кенжебай, Шолан, Шотық, Қашқын, Әнес, Баздан, Қожан сияқты айтқыштар толықтыра түсетін. Менің алғашқы әдеби мектебім – осылар. Көмейден төгілген көркем сөз құдыреті мені осылайша ақын еткен болар. Таңдайыма жыр тамызған болар...

Автор жайлы:

Аманқос Ершуов 1943 жылы 18 тамызда Атырау облысы, Жылыой ауданы Ақкиізтоғай ауылында дүниеге келген. Ауылда отырып, әдебиеттің көшінен қалмай, талай сүбелі шығармаларын дүниеге әкелді. Ондаған кітаптардың авторы. Сонау алпысыншы жылдардың басында академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың назарын жалғыз шумақ:

«Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар,

Байқасақ аспанда да алалық бар.

Біреуде жас та болса даналық бар

Біреуде қарт та болса шалалық бар...» деген өлеңімен өзіне аудартып, дуалы ауыздың батихалы батасын алған ақын өмірден өткенше нұрлы нысанасынан ауытқып көрген емес.

 1974 жылы оның тұңғыш жинағы «Көкжиегім-келешегім» жарық көрді. Ақынның тұңғыш жинағы оның болашақ асуларына еркін бағытталған маяк іспеттес туынды еді. 

«Сенімнің сексен теңін арқаладым,

Ат басын енді қалай тарта аламын.

Ақтарып отырған соң қариялар

Келешек күндерімнің әр парағын». Бұл бәйгеге қосылған тұлпардың мінезі. Осы жинақтағы мына бір шумақ ақынның халық алдындағы антындай естіледі.

«Тамшыдан жатса да әзір көл құралмай,

Аумайды күн жолынан енді маңдай.

Мен жоқпын мынау жайсаң дүниеде

Сендерді қалар болсам сендіре алмай».

Биыл ардақты ақынның туғанына 80 жыл толып отыр. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, Аманқос ағамыздың туған ортасы, қаламдас аға-інілері, замандастары туралы жазған шағын естелігін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. Естеліктерде өткен күннің , өткен уақыттың тынысы бар, қуаты бар.

 

Естеліктерді  дайындаған ақынның қызы, ақын, филология  ғылымдарының кандидаты Маржан Аманқосқызы Ершу


Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...