Біздің заманымызға дейінгі V-IV ғасырларда қазақ жерінің солтүстігін мекендеген ежелгі адамдардың тұ...
Дихан Қамзабекұлы. Әлихан Бөкейхан – ұлттың мыңжылдық арманы туғызған тұлға
Бүгін – Әлихан Бөкейханның туған күні. Алаш көсемінің туғанына – 155 жыл. «Қазаққа қайтсем де қызмет қыламын» деген тұлғаның мерейтойы қалай аталып өтпек? Әлихантануда атқарылмаған қандай игі істер бар? Біз бұл туралы ғалым, профессор, Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлымен тілдескен едік.
– Әлихан Бөкейхан кім? Алаш көсемі, ұлт зиялысы, қоғам қайраткері. Біздің білетініміз – осы. Жалпы, оның қайраткерлігіне шынайы баға берілді ме?
– Әлихан Бөкейхан – қазақтың мыңжылдық арманы, намысы, мұңы туғызған тұлға. Қазақтың мыңжылдық арманы не еді? Қазақтың азат болғаны, елдің дамуы, өркендеуі, ақжарылқап заманға жетуі, жақсылық көруі, игілік көруі. Халықты ойлаған жан осылай армандар еді. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазаққа бір сапа керек болды. Әлихан сол сапаны сезініп, жауапкершілікті түйсініп туған тұлға секілді. «Хан баласының мойнында қазақтың өтелмеген қақысы бар еді, соны ақтауға тырысам, қазаққа қайтсем де қызмет қылам» деп айтатыны бар. Сол айтқанындай, хан баласының қақысы – дұрыс билік жүргізу, елді үлкен жауапкершілікпен басқару. Әлихан осыны бала кезінен сезінгені байқалады. Ол қайда оқыса да, қандай қызмет атқарса да, осыны біліп, зерделеп және бір кездегі ата-бабалары басқарған Қазақ хандығын жаңа заманға үйлестіре алған тұлға ретінде көрінеді. Егер шындап келгенде, қазақтың үзілген мемлекетшілдік арқауын жалғаған тұлға деп айтар едік. Соның құрылымын ақылмен де, тәжірибемен де жасай білген тұлға. Тарихта мұндай тұлғалар сирек туады.
Бірінші, әрине болашақ мемлекеттің, яғни болашақ құрылымның жобасын айқындай алу. Және соны сол кезеңдегі шындықтың аясында көре білуі. Ол кездегі шындық не? Біз отарланған елміз. Ресей империясының қол астындамыз. Сол империяның қол астындағы елді құқықтық мемлекетке айналдыруды мақсат тұтты. Еуропалық бағыт ұстанған құқықты елі болса деп армандады. Әлихан қазақтың шындығы аясында болжам жасай алды әрі соны жүзеге асырудың тетіктерін ойластыра білді. Бұған оның мақалалары, зерттеулері, жобалары жауап бере алады. Оның қайраткерлігіне шынайы баға берілді ме деген сауалға айтарым, әр ұрпақ ауысқан сайын өз бағасын беретін болады. Өткен ғасырдың 90-жылдары Әлиханның еңбектері енді ақталып, ғылыми айналымға түскен кезде біз оны оқып таңғалғанбыз.
Осындай пікір айтқан тұлға осыдан 100 жыл бұрын туғанына таңданған едік сонда. Ол кісінің түрлі тақырыптағы ғылыми- зерттеулеріне, мақалаларына қарап, өресіне, біліміне қайран қалғанбыз. Біздің қазіргі буын Әлиханға ең жоғары бағасын беріп қойды. Мемлекетшіл және мемлекетті, яғни шашылған халықты жинап, соны басқарудың жөнін білген әрі соны дұрыс үйлестіре алған тұлға ретінде танимыз. Президенттің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласындағы тұжырымдамалық ойлар Әлихан дәуіріне берілген шынайы баға деп есептейміз. Бұйырса, бұл ойлар әлі де толықтырыла жатар. Жалпы, біздің Алаш мұрасы, Алаш тұлғалары алдындағы парызымыз әлі де көп. Оны орындауға тиіспіз. Кітаптары жарияланды, аз таралыммен болса да оқырманға жетіп жатыр. Оның кітаптарын кез келген кітапхана төрінен табуға болады. Бірақ ары қарай дамытып әкету, оны жеткізу, ол үшін үлкен әлеует керек. Әлеует дегеніміз – көзі ашық азаматтар. Мәселен, мұғалімдер өз пәніне қарай, Әлиханның ғылыми жазбаларын түсіндіре алса, онда жас буынға тұлға мұрасы дұрыс жетеді деген ойдамын.
– Ол Ақпан төңкерісінен үлкен үміт күтті. Бірақ үміті ақталған жоқ. Оның думадан кетуіне не себеп болды?
– Тарихты білетін адамдар аңғаруы тиіс. Әлихан Бөкейхан бірінші Мемлекеттік думаның ғана депутаты болды. Бұл – 1906 жыл. 1905 жылы сайлау науқаны жүрді. 1906 жылдың басында олар депутат болып, Петерборға барып, думада жұмыс істеді. Бірақ бірінші Мемлекеттік думада бар болғаны үш ай ғана жұмыс істеді. Үш айдан кейін Николай патша таратып жіберді. Екінші дума 1907 жылы шақырылды. Оған Әлихан мүше болған жоқ. Төңкеріске дейін төрт-ақ дума болған. Соның екеуінде ғана қазақ депутаттары бар. Әрине, Әлихан Ақпан төңкерісіне үмітпен қарады. Жалпы, ресейлік зиялылар да Ақпан төңкерісіне үмітпен қараған. Үміт ақталуы тиіс еді. Тіпті, қазақ зиялылары да «Қазақ» газетінде «Жаңа өмір басталды. Жаңа өмірге етек-жеңімізді жиып, күш-қуатымызды біріктіріп барайық» деген сияқты сөздерді жазып жатты. Бірақ бұл жерде большевизм немесе большевиктер өздерінің саяси амалдарымен ұтысқа шығып кетті. Лениннің большевиктер партиясы күш алып кетеді деп ешкім ойлаған жоқ. Уақытша келді деп ойлады. Ары қарай азамат соғысына ұласты. Азамат соғысы деген атаудың өзіне де әлі жан-жақты қарауымыз керек деп ойлаймын. Егер азамат соғысы кең дәрежеде, өздері анықтаған бағытында күресіп жатса, онда қабылдауға болар еді. Өкінішке қарай, олар біржақты, яғни большевиктердің қырып-жою саясатын жүргізді. Ондай «соғысты» азамат соғысы деп айта аламыз ба? Сондықтан азамат соғысына басқаша баға беру турасында тарихшылар, саясаттанушылар ойлануы керек секілді. Алашшылдардың үмітінің ақталмау себебі – большевиктермен одақтасқан партиялар, одақтаспаған партиялар бар, осының барлығы да «жеңіс болса, Ақпан төңкерісінің жеңісіне сай істер атқарылса» деп ойлады. Бірақ оның бәрі де жүзеге аспады. Алаш партиясының, Алашорда үкіметі мүшелерінің 1919 жылдың ортасына қарай қашып-пысып, алғаш Семейге топтасуы, одан кейін олардың жасырын қызметке ауысуының өзі сол кездегі аса қиын, аса күрделі саяси жағдайды анықтап тұр.
– «Алаш» идеясын зерттеушілердің арасында олардың өзара бірлігі, идея ауызбіршілігі болмағанын айтатындар бар. Біреулер автономияны қолдағаны анық, біреулер қолдамады дегендей... Олардың көзқарасы неге үйлеспеді?
– Біз тарихқа қараған кезде бүгінгі күнге қарағандай қарауымыз керек. Адамның болмысы, таным-түсінігі көп өзгере қоймайды. Мәселен, қазір де түрлі пікірталас бар. Ой-пікірлер де сан алуан. Ол кезеңде де зиялылардың пікірлері бір-біріне қайшы келіп, қабыспаған тұстары болды. Егер Алашқа көп мүмкіндік бермесе, олардың саяси аренаға шығып, ел басқаруына мүмкіндік тумаса, «аттың жалында, түйенің қомында» еңбек етсе, оларға қайтіп кінә артар едік?! Оның үстіне, «азамат соғысы» кезеңінде әр қаланы большевиктер жаулап алып жатты. Олар ең әуелі Патша үкіметімен одақтасқан адамдарды қуғындады. Атып тастады. Революция уақытының сотсыз атып тастайтын кезі болатын. Алашты да революцияның жауы санап, оларды да бірден тұтқынға алып, түрлі амал жасағанын біз жақсы білеміз. Осының барлығы да тез шешім қабылдап, тез күрес жүргізуіне тура келді. Ақтар мен қызылдардың соғысы жылдарында кей қазақтарға шекара асуға тура келді. Бірыңғай большевиктік бағыттағы азаматтарды зерттеген ғалымдар 90-жылдардың басында Әлихан, Ахмет, Халелдің мақалаларынан жұлып алып, кейбір сөздерден олардың алауыздығын көрсеткісі келді. Меніңше, мәтіннен бір ғана сөйлемді жұлып алу дұрыс емес. Ол қиянат болады. Оның ар жақ-бер жағында не айтты, соны зерттеп, зерделеп алу керек. Сонда ғана ой тұтас шығады.
– Этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, тарихшы, публицист. Соған қоса, ормантанушы әрі мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қойған адам. Саяси тұлға қиын-қыстау кезеңдердің өзінде осыншама ғылымды қалай меңгерді? Әрі біз білмейтін тұлғаның тағы қандай қасиеті бар?
– Әлихан Омбыда, одан кейін Санкт-Петерборда оқыды. Мұның барлығы да ХІХ ғасыр. Ол 1894 жылы кәсіби орман экономисі деңгейіндегі маман еді. Сол кезде ол Ресейдегі түрлі саяси қозғалыстарға атсалысты. Барлық саяси мектептен де, өмірлік мектептен де ХІХ ғасырдың соңында өтіп қойды деп есептейміз. Оның студент күнінен ғылымға қызыққанын байқауға болады. Ол алғашқы қызметін Омбыда бастады. Сонда жүріп, түрлі саланы меңгеруге тырысқанын көреміз. 1903-1905 жылдары Щербина экспедициясында үлкен ғалым, маман ретінде көрінді. Ауыл шаруашылығы қоғамының Омбы бөлімшесінде, содан кейін орыс географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімшесінде қызмет етті. Мұның бәрі негізінен қоғамдық жұмыстар. Бірақ осылардың өзі Әлиханның сол кезеңдегі орыс империясы ғалымдарымен тең дәрежеде пікірлесе алатын деңгейде қалыптасқанын көрсетеді. 1903 жылы шыққан әйгілі «Ресей: отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деген еңбек бар. Соның 18 томындағы еңбегі өте іргелі, жан-жақты түсіндірген жұмыс. 1917 жылы төңкеріс болды. Одан кейінгі қиындықтар, большевизмнің жеңуі – содан кейін де Мәскеуде отырып, түрлі экспедицияға, түрлі жобаға қатысқан. Орталық Азия және Қазақстанға қатысты жобаларын жүзеге асыруға қатысқан ғалым ретінде көрінеді. Оның әдеби сынға байланысты «Қазақ» газетінде жазған мақаласы бар. Сол мақаласында: «Мен жетіскенімнен сыншы болған жоқпын. Осыған пікір айтушылар сұрады» деген сияқты ойын жазады. КСРО халықтарының орталық баспасы деген болды. Оны қазақтар күншығыс халықтары баспасы деп атаған. Сонда шыққан кітаптардың барлығына дерлік алғысөзді Әлихан Бөкейхан жазған. Сөйтіп, ғылыми аппаратын негіздеп отырған. Тұлғаның сол кездегі жазған алғысөздері мен пікірлерінің өзінен іргелі ғылыми еңбек жасауға болар еді. Әлиханның бұл бағыттағы еңбегі де тұлғалық қасиетін анықтайтын сүбелі дүние. Әрине, оның біз білмейтін ашылмаған қырлары да болуы мүмкін. Болашақта әлихантанушылар жаңа тың деректерді ұсынып жатса, оның өзі ғылымға қосылған үлкен жаңалық болар еді. Әлиханның сол замандағы Ресейден тыс тұлғалармен байланысы туралы айтуға болады. Макс Кучинский деген немістің ғалымы болған. Соның Қазақстанға келуіне Әлиханның да еңбегі зор. Неміс ғалымы өзінің кітабында бұл туралы жазады. Большевизм орнағаннан кейін Ресей қайраткерлері революциялық жеңісті батысқа насихаттауды өздеріне мақсат тұтқан. «Біз жаңа мемлекет болдық. Бізден үлгі алыңдар» деген сияқты. Сол жылдары Ресейге қызығып, жан-жақтан келе бастаған шетелдік ғалымдарды Әлихан да өздеріне тарта бастаған. Оның ішінде тек саясаткерлер болған жоқ. Түрлі ғылым иелері бар. Орталық Азияға бет бұра бастаған кезде оларға ақыл-кеңес айтып отырған.
– Әлихан тақырыбын зерттеушілер өте көп. Әлі де бұл тақырыпта зерттелмеген дүниелер бар ма?
– Алаш тақырыбын қаузап, насихаттап жүрген азаматтардың барлығының іс-әрекетін қолдаймын. «Алаш – менің ғана тақырыбым», не болмаса «Алашты зерттеп жүрген азаматтардың тақырыбы» деп айту келте ойлау болады. Бұл тақырыпқа кез келген азамат бара алады. Тіпті, большевизмді зерттеп жүрген тарихшылар да бұл тақырыпқа келіп жатса, оған біз қуануымыз керек. Әлихан мұрасы Сұлтан Хан Аққұлы бастамасымен шыққан 15 томдықпен түгесіліп қалды деп айтуға болмайды. Оның өзінде де зерделейтін тұстары көп. Бұл – жаңа заман ғалымдарының еншісіндегі дүние. Мәселен, Алаш арыстарын алғаш ақтай бастаған тұста Әлихан туралы жазылған деректер екі-ақ пайыз болатын. Одан бері 30 жылда қаншама құнды дүние табылды, жазылды. Әлиханның Мәскеудегі тұрған үйі бір жарым бөлмелік пәтер ғана. Сонда отырып, дүниенің жұмысын атқарды. Аядай бөлмеде қызы, жиені (Смағұл Сәдуақасұлының ұлы Ескендір) үшеуі бірге тұрып, таудай іс бітірді. Көп уақытын кітапханаларда, мұрағатта өткізгенін шамалауға болады. Әлихан көркем фильмге, көркем әдебиеттің кейіпкеріне айналды. Башқұрт зиялылары туралы жазылған көркем роман бар. Соның ішінде кейіпкер ретінде Әлихан да жүр. Мұның бәрі бізді айрықша қуантады. Әлихан тақырыбын зерттеу бүгін де, келешекте де көкейкесті болары сөзсіз. Бір ғана Щербина экспедициясын алайық. Қаншама құнды дерек бар. Бұл экспедиция Ресей империясының мақсатымен жасалса да, оның алды-артында Әлихан сияқты мықты тұлғалар тұр.
Сондықтан бұл құндылық жойылмайды. Патша үкіметі кезінде де, кейінгі 1917 жылдың аяғынан 1919 жылға дейінгі аралықта да өмірінің бәрі күреспен өтеді. Уақытша үкіметтің комиссары болып бекітілді. Ол кезеңде де өмірі тыныш болған жоқ. «Менің мақсатыммен, мүддеммен үйлеспеген соң кадеттен шықтым» деп жазғаны бар. Әлихан қайда жүрсе де, қазақ халқы үшін қызмет атқарды. Мемлекеттік думаның жанындағы мұсылман фракциясы ұйымдастырған мұсылман съезі деген болған. Сонда Әлиханның «Бақытсыз Жамалды» ислам құндылықтары негізінде талдайтын сөздері бар. Мәселен, ол Науан хазіретті Ломоносовқа теңейді. «Ломоносовтың еңбегі қандай болса, Науан хазіреттің еңбегі сондай» деп жазады. Қуғындалды, абақтыға жабылды. Бір рет ақтап алғанымен, өмірінің көп уақытын Мәскеуде өткізді. 1925 жылы Голощекин Қазақстанға басшы болып келгеннен кейін оны қаралап, «қазақ зиялылары Әлиханнан кеңес алып отырады» деп жазған хаттары да бар. Мұндай дүние өте көп. Жалпы, ұлт зиялысының жазған еңбектерінің бағасы әлі де жоғары. Оның зерттелуге тиіс тағы бір құнды дүниелері – аудармалары. Ол әлихантануда ескеріліп жүретін сала болуы тиіс. Толстой, Чехов және Еуропаның бірқатар ақын-жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударған адам.
– Қарағандының Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан есімі беріледі деген ақпарат шығып еді. Өкінішке қарай, аудан аты берілген жоқ. Неге?
– Әлихан Бөкейханның 145-150 жылдығында Қарағанды өңірінде болдық. Сол жылдары облысты басқарған әкімдердің бәрі де уәде беретін. Облыстың қазіргі әкімі Жеңіс Қасымбек мырзаның берген сұхбаттарында «бұл мәселе күн тәртібінде тұрғаны» айтылады. Уақыт келе шешілетін шығар деген үміттеміз. Ауданға, көшеге не мектепке есімін бергеннен көп нәрсе шешіле қоймайды. Оның ар жағында оның мазмұнын толтыру деген үлкен мақсат тұр. Жалпы, Әлиханның есімін Қазақстандағы беделді жоғары оқу орнына беретіндей уақыт әлдеқашан жетті. Бұл тәуелсіздіктің талабы деп ойлаймын. Оның да шешімі бола жатыр. Мұны да уақыт көрсетеді.
– Биыл – Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы. Алаш көсемінің 150 жылдығын атап өту үшін әлихантанушылардың елден қаржы жинағанын жақсы білеміз. 155 жылдық қалай аталып өтпек?
– Үлкен мәдени деңгейдегі іс-шараны атап өту нақтыланды. Ол: Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы мен Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығы. Алаштанушылар Әлиханның мерейтойы атап өтілу керек екені айтылған кезде көңіліміз тоғайып қалды. Ірі қалаларда тұлғаның мерейтойына қатысты ғылыми конференциялар басталды. Одан бөлек, театрларда ол туралы спектакльдер қойылатын болар. Ал 150 жылдығында қаржы жинағаны туралы естімеппін. Ол қандай қаржы екенін де айта алмаймын. Жалпы, қайраткердің 150 жылдығы бастамашы топтың ұйымдастыруымен атап өтілді. Сол кездегі Қарағанды облысының әкімінің қолдауымен 15 томдығы жарық көрген. Ол еңбек Қазақстан ғана емес, шетелдік кітапханаларға да таратылғаны – қуанышты жаңалық.
1991-1992 жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитетінен рұқсат алып, Сұлтан Хан Аққұлұлы екеуміз біраз жұмыс істедік. Алаш зиялыларының бір-біріне жазысқан хаттары тіркелген. Соны көшіріп, ғылыми айналымға енгіздік. Соның ішінде бір хат менің көзіме оттай басылды. Бір жапырақ қағазға әдемі төте жазумен жазылған. Әлиханның Дінше Әділовке жазған хаты екен. Ол 1923 жылы жазылған. Мырзағали Есполұлы деген азамат арқылы хатты жолдаған. Хатта: «Бауырым Дінше! Хатыңды алдым. Қуанып қалдым. «Шолпанға», «Темірқазыққа» неге мақала жазбайсың? Сендей білімі бар жазбаса, кім жазады? Не балаларға сабақ беріп, не жорналға, газетке мақала жазып, Алашқа қызмет қылмасақ, не қазақ тілінде кітап жазбасақ, өзге жол бізге бөгеулі ғой. Сүйдім. Әлихан» делінген. Осыны оқып, қайран қалғанбыз. Бір парақ қағаздың төрттен бір бөлігіндей ғана. 1923 жылы ол қызметте жоқ. «Темірқазық» дегені – Мәскеуде шығатын журнал. «Шолпан» – Ташкентте шығатын журнал. 1925 жылы Әміренің Парижге баратын сапары туралы жазылған хаты бар. Мұның бәрі Мәскеуде отырып жазылған хаттары. Оның бәрін НКВД қолға түсіріп отырған.
Дінше Әділов – кейін қазақтың мемлекеттік театрының директоры болған азамат. Жалпы алғанда, Әлиханның қазаққа істеген қызметі орасан зор. Оның айтқан әрбір сөзі ерекше. Маған соның ішінде бір сөзі айрықша ұнайтын. Оны тіпті дәптеріме де жазып қойғанмын. «Жылап мұратқа жетем деу – аш түйенің күйсеуі сияқты дәрменсіздік». Осы сөз менің ойымда қалыпты. Тағы бір әдемі сөзі бар: «Өз күшіне сенбеген адам да, халық та ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды». Әлиханның аманаты осындай сөздерінде, ойларында тұнып тұр деп есептеймін.
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС