Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады madeniportal.kz.«Гейдар Әлиев атындағ...
Ерлан Мазан. Қытайлық компаниялар не үшін қорқыныш тудырады?
Өткен посттарымыздың бірінде Кения еліндегі Қытай бизнесіне қарсы шерулер туралы бейнежазба салған едік. Ендеше инвестицияны аямай құятын Қытай компанияларының соңғы жылдары не үшін дамушы елдерде сүйкімі қаша бастады?
Біздің ойымызша оның мынадай бірнеше себебі болуы мүмкін.
Әлбетте, ең әуелі бұған батыстық үгіт-насихат әсер етпей қойған жоқ. Өте-мөте Си Цзиньпин билікке келгелі авторитарлық-қытайлық режімнің демократиялық жүйеге жасайтын ықтимал ықпалы мен қаупі, жасырары жоқ, кейде асыра бағаланып, ол әлемде синофобияны өршіте түсуде. Әлемдік негізгі ақпарат көздерінде көбінесе жағымсыз, сүйкімсіз кейіппен суреттелетін Қытай билігінің көлеңкесі қытайлық инвесторларға да түседі, әлбетте. Бұл ретте батыстық ақпараттың қуатына таң қалмауымыз мүмкін емес. Дегенмен, шын мәнінде бізге синофобия қажет пе? Оның қандай жағымсыз салдары болуы мүмкін? Бұл, әрине, ойлануға тұрарлық тақырып. Дегенмен, бұл мәселенің бір қыры ғана.
Шындап келгенде, қытайлық компаниялардың жағымсыз әсер тудыруының әлдеқайда терең себептері бар.
Біріншіден, Қытай әлемдегі ең қуатты елдердің бірі болғанмен, бұл елде құқықтық жүйе орнықпаған. Басқаша айтқанда, Қытай – құқықтық мемлекет емес. Сондықтан, қытайлық кәсіпорындар заң бойынша жұмыс жүргізуге дағдыланбаған, олар көбінесе Билік-бизнес одағы үлгісімен жұмыс жүргізеді. Яғни, кез келген қытайлық кәсіпорын үкіметпен тіл табысуды басты мақсат етеді, оның үстіне Қытай елінің шетелге инвестиция салуды қолдау бойынша стратегиясында Үкімет-үкімет үлгісіне басымдық берілген, басқаша айтқанда, Қытайдың монопол ұлттық кәсіпорындары шетелдік үкіметтермен тікелей келісімге отырады да, жергілікті тұрғындармен санаспайды. Бұл, әрине, қарапайым халықтың ызасын тудырмай тұрмайды.
Екіншіден, қытайлық компаниялардың көбісі табиғи ресурстарды игеру және инфрақұрылымдық құрылыстар саласына инвестиция салуға бейім. Бұндай жобалар, әлбетте, көбінесе экологиялық зардаптарға алып келеді. Өкінішке қарай, қытайлық кәсіпорындар, сол елдегі 70 жылдан бергі тәжірибе бойынша, экологиялық зардаптарға өте-мөте немқұрайды қарайды, экологиялық зардаптарды жоюдың тәжірибесі мен мәдениетін қалыптастырып үлгермеген, пайдасын алса, басқасымен шаруасы болмайды, бұл харекеті оларды жағымды етіп көрсетпесі анық.
Үшіншіден, қытайлық кәсіпкерлер, қытайлық мәдени дағды бойынша, басқа халыққа сенім артпайды. Дәстүрлі қытай мәдениеті, қытай емес халықтарды тойымсыз, алаяқ, жалқау, азғын бейнесінде сыйпаттайды, сондықтан, олар жергілікті кәсіпкерлермен ынтымақтастыққа аса сақтықпен қарайды, көбінесе, өз-өзімен сыбайласып, пайданы неғұрлым өзіне көбірек қалдыруға тырысады және жергілікті тұрғындарды менсінбейді, жұмысқа тартқысы келмейді. Сондай-ақ, олар үшін қытайлық арзан жұмыс күші әлде қайда қолайлы екені тағы бар.
Төртіншіден, бәрінен бұрын, қытайлық компаниялар нарық қағидалары бойынша әрекет етпейді. Себебі, Қытай толыққанды нарықтық мемлекет емес. Қытай өзінің нарықтық жүйесін қытайлық-социялистік нарықтық экономика деп атайды, бұл жүйенің ерекшелігі: мемлекеттік капитализмның басым үлесі, монополия және мемлекеттің экономиканы көрнеу реттеп отыруы. Бұл әділетті бәсекелестіктің кепілі емес. Сондықтан, қытайлық кәсіпкерлер нарықтық бәсекемен, заңмен емес, келісілген жасырын ережелермен жұмыс жасауға мәжібүр, әсіресе жеке кәсіпкерлер. Қытайда, сарапшылардың пікірінше, таза бизнеске орын жоқ, ол көтерілу, көктеу үшін көке табуы керек. Осы машығын шетелдерге де ала барады. Қытайлық кәсіпорындардың батыстық өркениетті елдерде емес, дамушы елдер деп аталатын, заң үстемдігі орнықпаған, азаматтық қоғам иниституттары жетілмеген, демократиялық-құқықтық жүйесі нашар дамыған, әділетті бәсекелестік қалыптасып үлгермеген мемлекеттерде жолы болғыш болатындығының себебі осында.
Қысқасы, қытайлық компаниялар қорқынышты емес, онан гөрі қорқыныштысы әділ бәсекелестік пен шынайы демократияның болмауы. Халық шетелдік инвестицияға қарсы емес, шындап келгенде, инвестиция үшін адам құқықтары мен құқықтық реформалар туралы қосымша шарттар сұрамайтын қытайлық компаниялардың елдегі онсызда жетілмеген бәсекелестік ахуал мен құқықтық жүйені онан сайын қиындатып, жемқорлықты өрштіп, авторитарлық жүйе мен мемлекеттік монополияның экономикалық негізін нығайта түсуінен қорқады.
Ал қытайлық инвестицияның артындағы үкіметтік қолдау, қытайлық компаниялардың армия тараппен, сол елдегі Ұлттық қауіпсіздік органдарымен байланысы туралы айтып жатудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Ал қауіпті сейілтетін жалғыз жол – шын мәніндегі әділ бәсекелестік пен әділетті, демократиялық қоғамның орнауы.