Бейімбет Майлин. Құла ат (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
5156

әңгіменің аудио нұсқасы

Ымырт жабылған шамада бір кішірек ауылға келдік. Ауылдың маңайы басын қоян мүжіп бақартып тастаған, қалың күртіктен әр жерде бір тырбиып сирек шырпы қатарлап соққан аққала. Екі-екі үйдің жамаулы терезесінен жылтыраған шамның оты көрінеді. Желсіз тынық кеш. Пештің моржасынан шыққан көк ала түтін тіп-тіке болып аспанға созылып жатыр. Малдың бәрі қораланған. Жыбырлаған жәндік жоқ.

Келген бетімізбен шеткі үйге тоқтап, атқосшымызды рұқсат сұрауға жібердік. Бұрын танымайтын жер болғандықтан сұраусыз кіріп баруға ұялдық. Шыбыртқы сүйретіп кірген жолдасымызды лапаста жатқан кәрі төбет барқылдап үріп қарсы алды. Ширек сағат шамасында қайта шықты:

–Байы түссін, қатыны түспесін дейді.

Қазақ ғұрпында байы тұрғанда қатын сөзі онша елең қылынбайтындықтан секіріп түсе қалдық. Төбесі майысып құлауға тұрған лапастан еңкейіп жүріп отырып, шала жабылып саңылауынан жарық көрініп тұрған ескі есікті сықырлатып аштық. Үйдің ішін қаптаған түтін аралас бу бетке жылы дымқыл болып тиді. Кетік қара шөмішпен құлаштап қазан сапырып жатқан үй қожасының қатыны есіктен кірген ыңғайымызда көзге түсті. Бізге қабағын түйіп, түнеріп бір қарады да, жүресінен отыра кетіп шыпшамен пештің отын көсеп-көсеп қалды. Сұршалау келген, қабағы тікірейген, танауы делдектеу адам екен, қалпыңда, пішінінде ашу ызғары бар.

–Тентіреп... келетін болса күндіз келсе қайтеді екен, – деп күңк ете қалды.

Ұзынша үйдің ортасын кірпішпен бөлген екен. Біз кірген есік — асхана жаты. Үйдің төр жатыңда жалпылдақ шамға төніп; жаныңда шашы жалбыраған кішкене қыз бала бар, екі аяғын көсіліп үй қожасы отыр екен. Шоқша сақалды, қара бұжыр кісі мұртын таңқитып қырып тастаған.

–Жоғары шығындар, — деп, өзі төсегінің үстіне жылжып отырды.

Біз шешіндік. Кішкене қыз жатқан күйі бізге аз-кем қарады да, жүгіріп шешесіне барды. Ашулы бәйбіше шарт еткізіп баланы салып жіберді.

Үй қожасының жебесі тікірейейін деді. Өлімсіреп отырған адамдай көзін қысыңқырап алады екен:

–Қой-ей, қатын! Уа, ит, балада нең бар? Қонақты шақырып келіп отырған бала емес қой, – деді. Бір жатынан қатынына ұрысқан болып көрінсе де, бір жаты әзіл секілденді. Біз жымиып күлген болып амандастық. Сөзі дыбырлау, өйтсе де көп сөйлеуді сүйетін адам секілденді. Біздің ата-тегімізді, қайдан келе жатқанымызды қалдырмастан сұрады:

–Қаладан шықтық дейсіздер той, оңда жай барып па едіңіздер? Тері-терсектің бәсін білген жоқсыздар ғой?..

Әңгімені бірден саудадан бастап жөнелді. Биылғы соғымда пәлен тері алғанын, қаладағы Кәкім деген ноғаймен таныс болып, сол арқылы бірталай пайда қылғандығын, тері жиып жүргендегі қиыншылықтарын қалдырмастан айтты. Менің жанымдағы да әңгімеден құр алақан кісі емес, бірақ мынаған төтеп бере алмады. Бұл екінші әңгімеге бұрса, үй қожасы сауданы әкеліп тықпалай береді. Ақырында мен туралы сөз қыла бастады.

–Бұл бала мұғалім.

Мұғалім деген сөзді естісімен-ақ аулындағы мұғалімдерді жамандап ала жөнелді.

–Тәйір, баяғыдай оқытатын молда қайда? Осы күнгілердікі бір әуре. «Арба», «шанамен» балалар не оңбақшы. Сылқымның баласы осы ауылдағы мұғалімнен бес жыл оқып еді, кеше әкесі өлгенде иман айтуға жарамады. Бес жыл оқып иман айта алмады деген не масқара?..

Әрі қарай соза берейін деп еді, әлдене есіне түскендей мүдіріп тоқтады. Менің жөнімді бейнелеп сұрай бастады.

–Бұл кісі елде оқыта ма, әлде қалада ма?

–Қалада оқытады.

–Басқа қызметте де бар шығар...

–Бар...

Басыла қалды. Әлгі айтқан сөзін жұқалап жона бастады.

–Мұғалімдерді айыптай беруге де болмайды. Өзімізден де бар, мұғалім мектеп салып беріңдер деп жылда зарлайды. Мен көнетін-ақпын. Бірақ басқалары кертартпалық қылады... — Қарқынды әңгіме басылып, азырақ дем алып отырғанда, «Кеш жарық!» деп екі жігіт кіріп келді. Жалпылдақ шамның түтіні үйдің ішін тұмандатып, көмескіге айналдырғандықтан, келгендердің қандай адам екенін сырт кісіге айыру қиын еді. Үй иесі соларға бұрылды.

–Қайрош, үйде ме едің?

Сағымайдың келінін, Жамақтың қатынын азғырып қашырғандығы, әкесінің бес қарата сатқандығы, бетін беру үшін содия мен песірінің бір ат алғандығы сөз болды.

–Біздің ауылнай мен Жәкең де бос қалмаған көрінеді. Бір сиыр алыпты ғой, — деді Қайрош.

Сөздің аяғы Сапар мен Сейіттің тамырлығына тірелді.

–Сейіттің қатыны Сапардың баласын құттықтай келді деп еді, не қылған екен, білдіңдер ме? – деп үй иесі сұрау қойды.

–Құла атты қалай келіпті.

–Беріп пе?

–Бермейіін шығар. Малымыздың басы деп Сапар безілдеп отыр ғой.

–Әй, бере алмас, бере алмас, деді үй иесі, ақылы бар адам құла атты қолдан шығармас болар. Құла мал қасиетті келмек дейді. Пайғамбар ғалайсалам кәпірлермен соғысқанда ылғи құла ат мініп шығады екен. Бұрынғының сөзі де онша теріске кетпейді-ау, әкем марқұм құла аттың қасиеті туралы көп сөз айтушы еді, бәрін де ұмытып қалыппын. Есте қалған біреуі бар секілді еді, айтайыншы, қонақтарға ермек болсын, – деді.

Аяғын жиыңқырап отырып сөз бастады.

–... Баяғыда бір бай болыпты. Жылқысы көп болса керек. Бір үйір қасқыр, ішінде бір басшысы бар, күн сайын жеп жылқысын бітіретін болыпты. Бай ашуланып, елінің адамын жиып, жүйріктігі ұшқан құспен таласатын аттарын мініп қуыпты дейді. Топ қасқырдың ортасындағы басшысы қашып бара жатқан күйі жанындағыларға: «Қандай ат келеді екен, қараңдар!» — депті. «Көк ат келеді», — депті жанындағы қасқырлар. Сонда басшы қасқыр тұрып: «Көк ат келе жатса, тау мен тасқа қашыңдар, табаны тез тілініп мамырлап қалар», — депті. Тау мен тастың арасымен біраз қашып барған соң, тағы қаратса шұбар ат келе жатқанын айтады. «Шұбар ат болса күннің астына қарай қашыңдар, көзі талып шаба алмас», — депті. Бірсыпыра шапқан соң тағы сұрапты. «Құла ат келе жатыр» десіпті. Сонда қасқырдың бастығы тұра қалып: «... болмады. Құла ат келсе құлатар, бәрімізді сұлатар; енді топтарыңды жазып, не көрсеңдер де бет-бетіңмен көріңдер...» деген екен, — дейді.

Үй иесі ертегісін аяқтап, «дұрыс па» дегендей бізге қарады. Менің жанымдағы жолдасым, молданың өкшесі қисық деген адам күнәлі болады-мыс дейтіннің бірі болғандықтан үй иесінің ертегісін шын ықыласпен тыңдап:

–Жарықтық, құла мал қасиетті болады екен-ау, — деп қозғалып қойды.

Атқосшымыз да жел өкпелеу, сөзге кіріспей қалмайтынның бірі еді, құла аттың әңгімесіне олда бірдемені жалғастырғысы келді.

Бір-екі рет үй иесіне қарап айтайын десе, ол тері әңгімесіне кіріп үлгергендіктен қыңыржақтап езімізді айналдырды.

–Апырым-ай, биылғы құла атты тектің қасына саттым-ау...

–Мен сатпа дегенде тіл алдың ба, — деп жолдасым кейіген тәрізденді.

–Сатпасқа амал болмады ғой. Әжем қайтқанда тәрекейіне Жағыпардан азырақ ақша алып жұмсап едім. Екі күннің бірінде сұрап жанымды жағадан алды. Содан қысылғаннан саттым...

* * *

Құла аттың, үй иесі мақтаған көк сиырдың терісінің әңгімесі біткен кезде бәйбіше бөлме жақтан самаурын әкеліп бағанның қасына орнатты. Құманшаны самаурын төбесіндегі кәмперкеге орната бергенде құманша аунап кетіп, ішіндегі шәйі самаурынның оттығына төгілді. Жайнап тұрған шоқ «быж»... етіп, буы, түтіні төбеге шапшыды...

–Адыра қалғыр! Қараң қалғыр!... — деп қатын құманшаны ұстап алды.

–Ә, атаңа нәлет... – деді байы, – сен-ақ күйдіріп болдың-ау... кісі де кетер. Үйде оңаша қалармыз...

Көзін алартып қатынына байы қарады. «Сандалмашы»деген тәрізденіп қабағын түйіп байына қатыны қарады. Екеуінің де көз қарастары ұзамай бір төбелес, жанжалдың барлығын еріксіз сездірді.

author

Бейімбет Майлин

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...