Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Испания Корольдігінің Қазақстан Республикасын...
«СЦЕНОГРАФТАР ӘЛЕМІ» көрмесі ALMATY GALLERU-де өтуде
Бейнелеу өнерінің күрделі де ерекше түрі сценографтардың өнерін негізінен спектакльдерден тамашалаймыз. Театрды синтездік өнер дейтін болсақ, сценография сол синтездің ішіндегі синтез десе артық емес. Ал, қойылымның негізгі идеясын алып шығатын, оған «жан бітіретін» сахна суретшілерінің өнерін жеке-дара тамашалау мүмкіндігі тек арнайы көрмелерде ғана мүмкін және шындығы керек, ондай мүмкіндіктер тым сирек. Осындай сирек көрме оңтүстік астанадағы ALMATY GALLERU-де өтіп жатыр.
Халықаралық театр күні құрметіне ұйымдастырылған көрмеге республика сценографтарының бір тобының, атап айтқанда, есімі көзқарақты қауымға жақсы таныс аға буын Есенгелді Тұяқов, Бақыт Срайылов, Владимир Кужель, Гюзал Мамединова; талантты орта буын Мұрат Сапаров, Қабыл Халықов, Гүлнар Қанафина және креативті жас буын Ерлан Тұяқов, Әнуар Бүркітбаев, Қуат Түстікбаев, Алтынай Жүсіпәлі, Айдана Бейсембаевалардың жұмыстары қойылған.
Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан көрменің ресми ашылуында Республика Суретшілер одағының төрағасы Ө.Жұбаниязов, Театр Қайраткерлері одағының жауапты хатшысы Р.Ағмановалар еліміз сценография өнеріне еңбектері сіңген Е.Тұяқов, В.Гужель, Г.Мамединова, Б.Срайылов, тағы басқаларды Құрмет грамотасымен марапаттады. Ал, көрнекті сценограф Есенгелді Тұяқовқа Театр Қайраткерлері одағының мәртебелі «Дара» төсбелгісі Театр қайраткерлері одағының жуырда ғана өткен пленумында табысталғаны айтылды.
Көрмеде белгілі сценограф, философия ғылымдарының докторы Қ.Халықов пен талантты жас сценограф Қ.Түстікбаевтың «СЦЕНОГРАФИЯ: қазақ драма театрындағы қойылымдардың көркемдік тиімділігі» атты еңбектің тұсакесері де өткізілді. Философия ғылымдарының кандидаты, белгілі өнертанушы Сәнгүл Қаржаубаева бұл жинақтың мән-маңызы туралы және өте қажет еңбек екенін атап айтты.
Көрмеге келушілер сценографтар спектакльдері көркемделуінің және костюмдердің суреттік нұсқаларымен танысты.
Ал, осы көрмені ұйымдастыруға бастамашы болғандардың бірі, белгілі сценограф Мұрат Сапаровтың айтуынша, болашақта көрменің ауқымы кеңейіп, жүйелі түрде өткізілу мәселесі қарастырылуда.
Ә.Жазкен
Мәдениет порталы