Өнер иесі ауруханада жатқан жерінен видео жариялады. Танымал айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның ден...
Елордалықтар тұңғыш рет Ұлттық домбыра күнін атап өтпек
Елордада Ұлттық домбыра күнін мерекелеу жоспарына арналған баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Баспасөз мәслихатында Ұлттық домбыра күнінің құрметіне Астанада 1 шілдеде халықтық серуеннің өтетіні белгілі болды. Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов мәлім еткендей, ауқымды шараға келушілер қазақтың ұлттық аспаптары музейінің қонағы болмақ.
«Домбыраның күмістей сыңғырлаған үні төгіліп тұратын мұндай ауқымды шара елордада бұрын-соңды болмаған. Халықтық серуен 1 шілдеде «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда өтеді. Мұнда киіз үйлер тігіліп, қазақ ұлттық аспаптарының музейі жұмыс істейді. Қонақтар Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Ахмет Жұбанов сияқты ұлы тұлғалар, музыканттар ойнаған домбыраларды өз көзімен көреді. Келушілер назарына киіз үйлердің ішінде қазақ халқының басқа да ұлттық аспаптарының түр-түрі қойылып, домбыра жасау барысы көрсетілетін болады. Музыканттар халық шығармаларын орындайды, Ортеке өнерін көрсетеді», - деді Болат Мажағұлов.
Мерекенің көркін еліміздің мыңдаған музыкант-домбырашысының қатысуымен өтетін «Домбыра - асыл мұра» концерті келтірмек. Сахна төрінде Айгүл Үлкенбаева, Нұржан Тәжікенов, Асылбек Еңсепов, «Арт Домбыра» триосы, МузАрт, Секен Тұрысбек, Бекболат Тілеухан, Айтқалы Жайымов, Айтжан Тоқтаған ағаларымыз өнер көрсетеді. Мұнымен қоса, көрермен қауым Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық аспаптар оркестрі, «Отырар Сазы» ұлттық аспаптардың фольклорлық-этнографиялық оркестрі, Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясының ұлттық аспаптар оркестрі, Тәттімбет атындағы академиялық ұлттық аспаптар оркестрі және Ақтау қаласының Қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің өнерін тамашалайды деп күтілуде.
Айта кетейік, Ұлттық домбыра күнінің құрметіне өтетін серуенде ниет білдіргендердің барлығы сахнаға шығып, домбырада ойнау өнерін көрсете алады. Негізгі талап: домбырашылар «Көңіл ашар», «Адай», «Балбырауын», «Ерке Сылқым», «Сарыарқа» күйлерін жатқа білуі қажет. Бүгінге дейін мерекелік кешке қатысуға www.asyldombyra.kz сайты арқылы ниет білдіргендердің саны 1300 адамнан асады. Естеріңізге сала кетейік, қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында 14 маусымда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шілденің бірінші жексенбісін Ұлттық домбыра күні етіп белгілеу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.