Дәурен Айманбетов. 1984 жылы 2 қарашада дүниеге келген. Республикалық, облыстық біраз жыр додаларыны...
Гүлбақыт Берікқызы. Балалық шақ, Алтай, кешкі ас,
Әңгіме
Жұмыстан шаршап келген Алтай кешкі асқа да қарамай төсекке қисая кетті. Бүгін зауытта тексеріс болып, құжаттарын аударып-төңкеріп әбден есін шығарды-ау. Директордың кабинеті мен кадр бөлімі кабинеті арасында біраз сандалды. Кемшілікті, біраз былықты жасырамыз деп бастықтар әбден әуре болды. Аяғында комиссия өкілдерін ресторанға апарып, ең дәмді ас, ең қымбат шараптан алып сыйлап жіберді. Сонымен «құда да тыныш, құдағи да риза» дегендей тірліктің біткен түрі бар.
Алтай бас есепші болмаса да біраз тірліктің басын қайырып жүр. Бүгін де жұмысына бастық риза сияқты. Енді міне жалғыз жаумен айқасқандай тұруға шамасы жоқ. Асүйден Гүлайымның «Әй, тамаққа келсеңдерші! Осы неге бірден келе қалмайсыңдар а! Міндетті түрде шақыру керек па?!» деген ащы даусы шықты. Далада ойнап жүрген Дәулет пен Рахат та анасының даусын естісе де ойын қызығынан шыға алар емес. Ал олармен ойнап жүрген Мақсат бірден үйге жүгіріп кірді. Қолын жумастан дастарханға отыра қалды. Көзімен дастарханды бір шолып шығып, қамырға қолын созуға жеңгесінен бата алмады. Мақсат қыдырып қалаға келген.
«Алтай көкемнің үйіне барам, Дәулет, Рахат бәріміз ойнаймыз» деп келген. Алтайдың інісі Мараттың үлкен ұлы. Жеңгесі Гүлайым бұл баланың үйлеріне келгіштегенін ұнатпайтын. «Өзіміз тамақты зорға тауып, өйтіп-бүйтіп жеткізіп отырғанда бұл да бір артық ауыз болды бізге. Өзі қомағай тағы» деп бұрқылдап жүргені. Қазір де балаларынан бұрын жүгіріп келгенін жақтырмағаны анық. – Әй, қол жумай дастарханға отыр ма? Бар қолыңды жуып кел!- деді де дауысын алғашқыдан қатты шығара, - Дәулет, Рахат, кіріңдер үйге тамақ ішеміз. Сендерге артық алып қалған етім жоқ. Бәріміз бірге отырып жейік,- деп ала көзімен Мақсатқа бір қарады. Ол болса қарны ашқан болса керек жеңгесінің қас-қабағына қарауды қойып тамақты бастап кетіпті. Алтай орнынан әрең тұрып дастархан басына келді. – Бисмилляхи рахмани рахим дастархан бай болсын, тоқ болсын, уайым-қайғы жоқ болсын – деп ал бастаңдар,- деді. Алтайдың шаршаңқы түрін аңғарған Гүлайым : - Мына түріңмен дүкенге қалай бармақсың?- деді. – Әй, қайдам, бүгін шамам жоқ. Дәулет пен Рахатты жіберем-ау өткендегідей. Қазірден жұмыс істеп, еңбектеніп үйрене берсін.
– Қарауыл болған қайбір еңбек дейсің?!
– Мейлі, ол да жұмыс емес па, азды-кем ақша табады дегендей
– Бала емес па, бүлдіріп алып жүрмесін әйтеуір. Досыңнан ұят болып қалмасын, - деп анасы балаларына қарады. Дәулет пен Рахат күзетшілікке бүгін өздері баратынына қуанышты. Білдірмеуге тырысса да іштегі қуаныш жүздерін бал-бұл жайнатты. Дүкен Алтайдың үйінен аса алыс емес еді. Он бес, жиырма минуттық жер. Үйлердің арасымен төте жолмен жүрсе он-ақ минутта жаяулатып жетуге болады. Алпамыс деген досының азық-түлік дүкені. «Күзетшіні алыстан іздемей-ақ, соған төлейтін ақшаны саған-ақ берейін» деп досы айтқан соң түнделетіп қарауыл болып жүрген. Шаршап, шалдыққан күні өз орнына балаларын жіберіп көрді. Жіберерін жіберіп алып Гүлайым екеуі уайымдайтыны тағы бар. «Тыныш болса игі. Алла тыныштығын бере гөр» деп құдайдан тілейді. Зауыт бірде істеп, бірде тоқтап қалып жүр. Істегеннен тоқтайтын кезі көп. Ол кезде айлық төлемейді. Азық-түлік, киім-кешек береді. Жұмыстан шығып басқа жұмысқа кіретіндей барлық жерде сол. Күндерін әрең көріп жүрген халық. Десе де бұдан қиын заманды көрген ел мойымайды. «шүкір, тәубе» деп барына қанағат етеді. Жетпей жатса да той-томалағын жасап, кісі күтіп, қонаққа барып жүр.
Дәулет пен Рахаттың арасы екі жас. Рахат биыл оныншы сынып, Дәулет сегізінші сынып оқиды. Үлкен ұл осы оқу жылын аяқтап, Алматыға оқуға түспекші. Инженер болғысы келеді. Былтыр тоғызыншы сыныптан кейін колледжге түспекші еді, оған анасы жібермеді. «Кішкентайсың, үлкен қалада қиналып қаласың, келесі жылы барасың» деп көндірген болатын. Бар ойы Алматыға кету болған соң ба оқудың тезірек аяқталуын тілеп, асыға күтіп жүр. Сабағы да жаман емес. Физика, география пәндерін зейін қойып оқиды. Дәулет болса ағасына қарағанда тентектеу бала. Нақты қойған мақсаты да жоқ. Ағасы сияқты Алматыны да аңсамайды. Әлде оқу туралы ойлау ертерек болған соң ба әйтеуір бейқам жүргені. Досы Талғат екеуі елден жасырынып темекі шегіп, қызыққа батып жүр. Әнеугүні соңғы сабаққа қатыспай екі тал темекіні шеккен болатын. Бастары айналып, аспанға қараса бар дүние шыр айналғандай болады, сол күйді сезгендеріне риза. Тиын-тебен тапса бір-біріне ымдап түсіндіріп қояды. Өздерін жігіт сезініп, ересектер әлеміне қадам бастық деп есептесе керек.
Талғат пен Дәулеттің жасырын құпиясын сыныптастары шетінен біле бастады. Қатарлары қалыңдай түсті. Енді олар алты-жеті бала жасырынып темекі шегуді әдетке айналдырған болатын. Тек көрші мектептің жоғары сынып оқушылары бастарына бәле болып жабысып алғаны. Бірінің тәуір киімін тартып алады, бірінің тиын-тебенін алып қояды. «Жоқ» десе тоқпақтайды кеп. Тиынның бар, жоғын білу үшін әлгі жоғары сынып балалары бұларды біртіндеп секіртіп қояды. Егер тиынның сылдыры естілсе соңғы тиынға дейін алып қояды. Өткенде осындай «тексерістің» бірінде сыныптасы Жарас «менде тиын жоқ, аулақ кет! Киімімді де бермеймін» деп қасарысқан болтын. Әлгілер аяусыз соққыға жықты. Жарастың басы жарылды. Басынан сорғалаған қанды көргенде бәрінің есі шығып, қорқынышты қойып Жарасқа жақтасқан болатын. Қып-қызыл төбелес болып әлгілер тым-тырақай қаша жөнелді. Сол кезде біріксе қарсы тұра алатындарын білді. Балалар өздерін батыр сезінді. «Енді бұл төбеттерге бір тиын бермейміз» деп келісті. Дәулеттің осындай қызық өмірі өзіне ұнап-ақ жүр. Бүгін дүкенге барса өткендегідей тиын алмақшы.
Әкесінің досы Алпамыс ірі ақшаны алып, майда тиындарды үлкендеу ыдысқа салып үстелдің астыңғы жағында шкафқа қойып кететін. Онысы азанда қайтарымға ақша болсын дегені. Күзетші болып келген алғашқы күнде Рахат пен Дәулет дүкеннің ішін қызықтап толық шолып шыққан болатын. Сөйтіп екеуі тиын толы ыдысты көрген. Тура қазына тапқандай бір-біріне қарап, одан қайта тиынға қарап жұтынып қояды. Алуға батылы бармады. Кім біледі санап қойған шығар. Келесі күні әкемізден сұраса қайтеміз деп тиынға тиіспеді. Енді Дәулет осы жолы алуға бел байлап отыр. «Соншама тиынды санамайтын шығар, қанша барын білмейтіні анық. Аз ғана аламын» деп іштей жоспар құрып жүр.
Ағасы екеуі төте жолмен жарыса жүгіріп он-ақ минутта дүкенге келіп жетті. Қас қарайып қалған шақ. Ішке еніп бұрыштағы креслода үнсіз ғана отырулары керек. Әкесі дүкендегі ешбір затқа қол тигізбеуін қатаң ескерткен. Дәулет терезеден сыртқа көз тастап, ешкім жоғына көз жеткізген соң, ағасына қарап: - Өткендегі тиындар тұр ма екен, көрмедік пе? – деді қуланып. – Қой әкеміз білсе аямас. Ешнәрсеге тиіспеңдер деді ғой
– Көргенде тұрған не бар, көрейікші,- деп ақша тұратын жерге жетіп барды
– Дәулет, әкеме айтам сені, оңдырмайды сосын!
– Мә, сағааан, бері кел, мынаны қара! Өткендегіден де көп ақша сияқты! Дәулеттің екі көзі жайнап кеткен. Рахат та таң-тамаша. Екеуі де ақшаны алғысы кеп зорға шыдап тұр.
– Екеуміз бір-бір тиыннан алсақ ешкім байқамайды, сөз берем!- деді Дәулет ағасына қулана қарап.
– Мейлі, тек бір-бір тиыннан ғана алайық.
Өмірінде алғаш рет ұрлық жасаған Дәулеттің қолдары қалтырап кетті. Қолын қалтасына салып тиынды алып көрген сайын мазасы кете берді. Ұйықтай да алмады. Ағасы да сондай мазасыз күйді бастан кешіп жатқанын сезді. Тек таң ата екеуі де сеспей қатып ұйықтапты.
Бұл ұрлық жиі қайталанатын болды. Әкесі Алтай өз орнына күзетшілікке жіберген сайын ақша алуды әдетке айналдырды. Әсіресе Дәулет бір-екі тиын емес, уыстап алудан да қорықпайтын болды. Алғашқыдай қолы да дірілдемейді. Жүрегі дүрсілдеп, мазасы қашпайды. Бірақ кейінгі кездері дүкеннің иесі бірнәрседен сезіктенді ме тиын салатын ыдысты кішірейтіпті. Алғашқыдай көл-көсір тиын қалдырмайтын болды. Кеше барғанда тіпті кеседей ғана кішкене ыдысқа тиын қалдырған екен.
– Бүгін тиын алсақ, біліп қоятыны анық. Өзі санаулы ақша, тиіспейік, – деді ағасы қабақ түйіп. Аз ғана тиынды көрген Дәулеттің көңіл-күйі түсіп кетті. «Жарайды» деп мыңғырлай айтып, креслоға отыра қалды. Дүкен иесіне өкпелі өзі. Бүгін тиын алсам, ертең достарыммен бөліссем деген жоспары құрдымға кеткеніне ашулы.
Алпамыс досының балалары майда тиындарды алып жүргенінен сезіктенген болатын. Алғашқыда мән бермеген. Күннен күнге көп тиын алған сайын ыдысты кішірейтіп отырды. Соңында тіпті кішкентай ыдысқа ғана санаулы тиын қалдырған болатын. Досымен сөйлесіп балаларының теріс қылығын айтайын деп оқталғанмен, айтпады. Дұрыс түсінбес, достығымызға кірбің түсер деп қорықты. Аз тиын қалдырсам менің білгенімді балалар да ұғар деп ойлады.
Ұрлыққа үйренген Дәулет оңай келген ақшаны ойланбай жаратуды жақсы көріп қалған болатын. Есейгенде де дәл осылай ұрлық жасайтынын, бірақ ол кезде ешкім оны аямайтынын Дәулет әлі білмейді. Ұрлық түбі қорлық екенін ол кеш түсінеді.
Тараз қаласы
Мәдениет порталы