Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі өнер саласы өкілдерін қолдау мақсатында жаңа...
Алмахан Мұхаметқалиқызы. Қазақтың тұңғыш фотографы
1839 жыл Францияның Париж академиясында Луи Дагер мен Джозеф Ньепс деген ғалымдар фотографияны ойлап тапқан. Үш жылдан соң, 1841 жылы Жәңгір хан Ордасында мектеп ашқанда арнайы фотограф алдырып, оқушылармен бірге суретке түскен. Жәңгір мектебінен шыққан қазақ зиялыларының көпшілігінің суреті бар.
Ал қазақтың тұңғыш фотографы – Шәңгерей Бөкеев екенін көп ешкім біле бермейді. Жәңгір ханның немересі - Шәңгерей Бөкеев, оның бабалары Бөкей, Шығай, Жәңгір, Сақыпкерей 1801 – 1845-жылдары Еділ мен Жайық өзендерінің аралығында өмір сүрген. Бөкей ордасының хандары болған. Әкесі Сейіткерей мен анасы өмірден ерте өтіп, Шәңгерей 5 жасында туыс ағаларының қамқорлығында өскен. Алғашында Орда қаласындағы мешітке қарасты медреседе оқыған, кейін Астраханьдағы гимназияда, Орынбор қаласындағы кадет корпусында білім алған. Ата дәулетінің арқасында жасынан оқып, ғылымға қолы жетеді. Астраханда реальдық училищені бітіргеннен кейін, Орынбордағы әскер бастықтарын даярлайтын кадет корпусына түседі. Бірақ Шәңгерей онда екі-ақ жыл оқиды.
Ш.Бөкеевтің негізінен қазақтың жаңадан қалыптаса бастаған жазба әдебиетіне көп еңбек сіңірген.
Жоғарыдағы үйдің суретін Шәңгерей түсірген. Бұл – өзі қоныс еткен, бір кездері Жәңгір ханның жазғы ордасы болған Көлборсыдағы үйі. Дәл осы үйде тұңғыш қазақ газеті «Қазақстанның» (1911-1913 ж) редакциясы болды. Шәңгерей үйінде Ғұмар Қараш пен Елеусін Бұйринге газет шығарумен айналысуға жағдай жасайды.
Жаңалықтан қалыспаған қазақ фотоөнерді де жақсы меңгерді. Шәңгерейдің суреттері арқылы талай белгілі тұлғалардың бейнесі бізге жетті.
«Сегіз қырлы, бір сырлы» деуге лайық Шәңгерей шығармашылық жұмыспен айналысумен ғана шектелмей, ғасырдан астам халықтың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін көптеген фотосуреттерді бүгінге жеткізді.
Фотоаппараттың туған жылы тарихқа ресми түрде «1839-жыл» деп жазылса, қазақ азаматының қолына оның бір данасы 1901 жылы барлық құрал жабдықтарымен тиген екен. Петербордың 100 жылдық мерекесі қарсаңында қонақ ретінде шақырылған Шәңгерей Бөкеевке ІІ Николай патшаның өзі тарту еткен көрінеді. Яғни Ш.Бөкеев оған Санкт-Петербург қаласына барған сапарында ие болыпты.
Өмірінің соңына дейін туған өлкесінде ғұмыр кешеді. Хандық дәуірді аңсаушы болса да, жаңашылдыққа мықты құмар кісі болыпты. Бірнеше зерттеушілер оны "қазақтың тұңғыш кәсіби фотографы" деп атайды.
Ақын, бірнеше шығармалар мен аудармалардың авторы болған Шәңгерей велосипедке де қызығушылық танытқан. Өлеңін айтып, домбырасын тартып, жүргенде велосипедпен жүреді екен.
Ақын музыканы да қатты ұнатқан. Тіпті өзінің фонографы болған. Музыканы тындағанда киіз үйді қараңғылап қояды екен. Сонымен қатар, ол сурет өнерін де жоғары бағалаған.
Көкірегі ашық, көзі ояу, Шәңгерей өз заманында әрдайым «трендте» болған.
Осындай тыңнан жол салған жаңашыл қазақтың еңбегін насихаттап, фото көрме ұйымдастырып, жастарға өнеге ретінде насихаттай берсе үлгі тұту деген сол емес пе?
Мәдениет порталы