Біздің елдегі музейлер өздерінің бейініне (бағытына) сай келмесе де ақын-жазушылардың тойын атап өті...
Қ. Ахметжанның «Қазақ батырларының қару-жарағы» көрмесі ашылады
2023 жылдың 28 сәуір күні сағат 16:00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде тарих ғылымдарының кандидаты, қару зерттеуші-этнограф, суретші Қалиолла Ахметжанның «Қазақ батырларының қару-жарағы» атты көрмесі өтеді.
Көрменің мақсаты – көрермендерді суретші және қару зертеуші Қ.С. Ахметжанның көркемдік және ғылыми шығармашылығымен, оның шығармашылық еңбегінің соңғы жылдарында жасалған ғылыми-көркем туындылармен таныстыру, өскелең ұрпақ бойында патриоттық рух қалыптастыра отырып, дәріптеу әрі насихаттау.
Суретші Ахметжан Қалиолла Саматұлы көркем шығармашылықпен қатар, ғалым ретінде 40 жылдан астам қазақтың дәстүрлі қару-жарақтарын, жалпы Қазақстандағы көшпелі халықтардың қару-жарағын зерттеп келеді. Бұл тақырыпта оның 120-дан астам мақаласы мен 6 монографиясы жарық көрген, ол еліміздегі қазақтың дәстүрлі қару-жарақ тарихын зерттеуші, жалғыз білікті маман.
Қ.С. Ахметжан әр дәуірдегі көшпелі жауынгерлердің қару-жарақ жиынтығының көптеген ғылыми-графикалық реконструкцияларын жасады, сол үшін еліміздегі және шетелдегі ғылыми қоғамдастықтың жоғары бағасына ие болды. Бұл заттардың кейбіреулері бір кездері қазақтың атақты батырлары ұстаған, олардың ұрпақтары мен музейлер коллекцияларында сақталған ескерткіш бұйымдардың қалпына келтірілген көшірмелері. Олардың қатарында Бөгенбай батырдың дулығасы, Қабанбай батырдың шарайнасы, Арыстан сұлтанның қалқаны, шарайнасы мен найзасы, Жанқожа батырдың селебесі және т.б. құнды заттар бар.
Көрмеде қазақ жауынгерлерінің шабуыл қаруларының және қорғаныс жарақтарының әртүрлі түрлері мен типтерінің реконструкциялары: ату және суық қарулар және олардың жабдықтары, жауынгерлік бас киімдері, сауыт-саймандары көрсетіледі.
Аккредитацияны nmrk.muzei@mail.ru поштасына 27 сәуір күні сағат 18:00-ге дейін жіберу қажет.