Құлтөлеу Мұқаш. Ақ көбелек

ӘДЕБИЕТ
4084

Әңгіме

Бұларды кейде жебеуші-періштеге балайды.

*   *   *

Ығы-жығы қала көшелерінде жүйткіген жедел жәрдем көліктерін күнде көрер еді. Алматыдай алып шаһарда жүрек талмасы ұстаған немесе толғақ қысқан, қатты жарақаттанған, күйген, уланған дегендей түрлі жағдай жиі қайталанып жатпай ма. Осыларға дереу қол ұшын созуға ұмтылатын дәрігерлік бригаданы жұртты өлім-жітімнен құтқарушы құдіретке ұқсататыны жоқ емес.

Бірақ белгілі шақыруға асыққан бұлардың да қалың кептелісте сарнаған сиренасы төбе құйқаңды шымырлатып, ышқынып тұратын кездері бар. Кейбіреу бұлардың да жолын кес-кестеп, қия бастырғысы келмейді. Әдейі істей ме... Неткен қасақылық! Әлгіндей ауыр ахуал өз басына түссе қайтер еді...

Арагідік осындайды байқап жүретін Ерғозы күндердің күні сонау көліктің бірінде мен де отырармын-ау дегенді қаперге алмапты. Апақ-сапақта базбір бұзақының пышағына ұрынамын деп кім ойласын. 

Мамырдың мақпал кешінде немере інісі Мәдікен екеуі қонақтан шыққан соң сыңсыған қарағаш бағын өздері туып-өскен Қарқаралы қарағайларымен салыстырып, абыр-гүбір әңгімелесіп келе жатты. Айнала төңіректе хош иісі бұрқыраған бөртегүл мен шырша да мол. 

Қараңғылық қойнауында қос қапталдан төнетін әлсіз шам жарығынан жанары жарқылдаған ағайынды екеу киімі ағараңдап, сонадайдан ерекше көрінеді. Биік тал-дарақтың арасын қақ жарған жалпақ дәліз іспеттес аллея бойында жүргінші қарасы сирек. Түнерген бұлтты аспан майда самал құшағында мүлгіген ну тоғайға самарқау қарап қоятындай. Ел аяғы басылған тымық шақ-тын. Тек алыстан естілер-естілместей ақырын сылдыраған жылға үні құлаққа жетеді. 

Әлден мезгілде тұстарынан дабырлап өте берген жастар тобы арасынан біреу темекі сұрады. 

– Шекпеуші едім, – дейді бұл бас шайқап.

– Немене жүз жасамақ ойың бар ма? 

– Әлбетте!..

Күле жауап қатса да, мұндай сөзді уытты әжуа деп түсінді ме, кілт едірейе қараған әлгінің жолдастары ду ете қалады: 

– Ха-а... Қарай гөр мынаны! Басына бәле тілеген сорлы ғой...

Еліріп, ұрынарға қара таппай келе жатқан масаң жігіттер екенін сонда ғана аңдайды. Ішкілік кісіні кейде жынды қылып жібермей ме. 

Сонау алғашқысы соқтығуды жалғастырып ежірейе түсті. Тұрпаты Ерғозыдан ірі емес. Орта бойлы ғана. Алакөлеңкеде милығына баса киген қара бейсболка астынан шығатын зәрлі үні сұмдық озбырлығын аңдатқандай: 

– Аяған шылымыңды шайнатып жегізейін бе өзіңе осы, а?! 

Жасы отыз төртке енді іліккен мұның да өрлігі бір басына жететін. Әуелдегі сөзін нығыздап және қайталады: 

– Өй, айттық қой, бауырым... Тартпаймын мен темекі! 

– Ах-х, сүмелек... Бірдеңе дегісі келеді-ей тағы өзі! 

– Е, баршы жөніңе, айналайын... 

Сол-ақ екен, үш-төртеуі тарпа бас салып жабыла кетті. 

Лезде ширыққан бұл да тайынған жоқ. Шыр айналып қорғанысқа көшіп, өзіне қарай өңмеңдеп баспен сүңгіген біреуін ә дегенде-ақ сатыр еткізіп қалпақтай түсірді. Әйткенмен, көптің аты көп, жан-жақтан қаумалап, адым аштырар емес. Апыр-топыр аяқ дүбірі мен сарт-сұрт жұдырық дыбысы бір минуттейге созылған. 

Ең ғажабы, ырсылдап, өршелене шабуылдаған топ бір кезде кейін серпіліп, бытырай қашады. 

Осы сәтте бұл сол жақ бүйірінің жып-жылы болып кеткенін сезінді. Одан сұр шалбарының бір балағы мен аппақ футболкасының етек тұсы демде қара түске боялып, шылқылдап қоя бергенін байқайды. Денесіне пышақ тигенін түсінген. Ет қызуымен аңдамапты. 

Жарақат орнын алақанымен жапқанмен, атқылаған қанның ішке кетуінен де сақтанып, қатты абдырады. Тіпті, бұрқылдап, күшейіп барады. 

Аяқ астынан басталған төбелес сәтінде сасқалақтап кейін шегінген студент інісі аңырып анадай жерде тұр. 

Бір уақытта жарадан ауырсынудың орнына маңдайы жіпсіп, тұла бойы балбырай бастағанын аңғарған Ерғозы айғай салды: 

– Мәдікен! Дәрігер шақыр! Тез!.. 

Кітапқұмарлықтың пайдасы шығар, қансырап өлу – ең жайлы ажалдың бірі дегенді ертеректе оқып қалғаны бар-тын. Адам ондайда бойы бусанып, біртіндеп рахаттанып, ұйықтап кететін көрінеді. 

Зәресі ұшты. 

Мән-жайды ұққан бауыры апалақтап, телефонына ұмтылады. 

Әйелі Жәлила сегіз-тоғыз жасар ұл мен қызды ертіп елдегі жақын туыстың тойына аттанған-ды. Өзі жұмыстан босай алмай, мына бауырымен үйде қалды. 

Келіншегі мен балаларын вокзалдан көңілсіздеу шығарып салып еді. Тіпті, жол бойы өңі сазарып, қабақ ашпапты. 

Кейде адамның жігерін жасытып, еңсесін езуге аңдаусыз айтылған әзіл де жетіп жатпай ма.

Басшысынан сұрануға кірген әйелін кеңсе албарында тосып тұрды. Шыға бергенінде ауыздағы турникеттің таяқшасы зайыбының етегін іліп көтеріп, жамбасын жарқ еткізгені. Жұртшылық алдында ыңғайсыздау сәт туындап, қызарақтаған Жәлила, сасқаннан ба, сақылдап күледі: 

– Көтек! Бір жерімізге кіріп кетер ме екен мына пәле... Қызығын енді көреміз бе деп жүргенде... 

Күзет қызметкері бастаған төрт-бес еркек ыржалақтап, мәз боп жатыр. Сөлекет сөз күйеуінің жан-жүрегін қияқтай осып түскенін қайдан білсін. Бұл іштей жиырылып, қатты қабаржиды. Жолдасының қалжыңын жеңілтектік, тіпті, опасыздық, сатқындық белгісі деп қабылдапты.

Енді, міне, соған қабаттасып, бүйіріне бодау қадалғанын көрмейсің бе... Арада үш сағат та өткен жоқ-ау...

Құдай қарасқанда, жедел жәрдем машинасы жылдам жеткен. Демалыс күні көшелердің біршама босай қалғаны да абырой болғандай. 

Мәдікен жарақаттың ауыр екенін барынша түсіндіргендей – зіңгіттей екі фельдшер қатар келіпті. Суық қарудың іркесе-тіркесе екі жерден сұғылғанын сонда білді. Екпе жасалған-жасалмағаны есте жоқ, әйтеуір, дәрігерлер қанды қолма-қол тоқтатты да, жатқызып алып ауруханаға ала жөнелген. Ағаңның қайда орналасатынын білгенің жөн шығар, өзің сосын қайтарсың деп, інісін қоса мінгізіп әкетті... 

Алты қабатты сәулетті аурухананың сенегі де даңғырадай кең екен. Тұс-тұстан салбыраған әйдік люстралар ғимаратты самаладай жарқыратады. Іргені жағалата қойылған қыш құмырадағы жапырағы сойдиған нешеқилы өсімдік көз тартты. Дәлізде әрі-бері жүгірген бірді-екілі қызметші қыздан өзге бейсауат жан көрінбейді. Тек мұны түптегі тепкішек биігінде состиып және екі маман күтіп тұрды. Бұлар да ер азаматтар. Бірі Ерғозы қатарлы да, екіншісі зейнет жасына таяған кісі сияқты. 

Мол спирттің ішінде жүретін кейбір хирургтердің операциядан соң шаршауды басу үшін аздап ішетінін естуші еді. Мына ақсақал да сол сәт қызулау көрінген. Жеткен бойында пышақ кірген қуысқа сабаудай қос саусағын бойлата тығып, ішін әрі-бері жыбырлатып тексеріп көрді де: 

– Ә, өле қоймайсың. Қорықпа! – деді ыржиып. 

Бұл аралықта папкасын қолтығына қысқан полиция өкілі де сап ете түсті. Ол амандаса сала оқиға қалай, қандай жағдайда өрбіді деп Ерғозыны сұрақтың астына алады. 

Одан ахуалды жазбаша баяндап, тиісті орынға арыз беру қажеттігін айтқан. 

– Ештеңе жазбаймын. Әйтеуір өлмейді екем ғой! – деп бұл ащы жымиды. – Тірі болсақ Алла-тағала әлгі иттермен тағы бір жолықтырар... Көрерміз сонда! 

Жақ сүйегі бұлтылдап, тісі шықырлап кеткен жігіттің ызбарын аңдаған полиция абдыраңқырап қалды:

– Жарайды, жарайды... Өзіңіз біліңіз... Әйтсе де біз істі аяқсыз қалдыра алмаймыз. Бақтағы камера таспаларын тексеруіміз керек. Сол себепті сізбен әлі де жүздесетін болармыз. Ойланарсыз. 

– Мейлі. Уақыт көрсетеді. 

Сөйткенше екінші дәрігер белуардан жалаңаш жүрген мұны қызылала футболкасын қолына ұстатып бөлмесіне ертіп апарып, тікесінен тік тұрған бойында жуан шприцпен кеудесін піскілеуге кіріседі: 

– Өкпеге ауа кеткен! Тазаламаса болмайды...

Инені сұққан сайын жанын көзіне көрсетіп, арқа жағынан да, алдыдан да кезек-кезек ұзақ сорып, жарты литрлік банканы қан мен жын аралас көбікке толтырды. 

Одан ренгтен аппаратына түсірген соң күрделі ота жасауа тура келетіні мәлім болған. Қарудың өкпені тесіп өткені анықталған-ды. 

Мұндайды кім көріпті – дереу жетіп келген екі-үш медбике кішкене төрт дөңгелегі бар жылжымалы кереуетке жайғастырды да, шалбармен қоса бұттағы лыпаға дейін сыпырып алып, операцияға дайындай бастады. Тәнін алақанмен көлегейлеп қолайсызданғаны-ай! Сәл соңырақ үстін жалаң қабат ақ жаймамен бүркеді-ау, әйтеуір...

Мыналардың қимылы не деген шалт, тірідей сойғалы жатқан жоқ па өзі деген үреймен: «Наркоз беретін шығарсыздар, ә?!» деп сұрай бергені есінде. Қыздар денесін арнайы маймен сылап тұрып, әрнені айтып алдарқатып қояды. 

Арада қанша уақыт өткені белгісіз, бұрыннан түрлі отырыс-кештерде біршама масайғанмен есін тез жиюға әркеттенетін әдеті бар еді; бәлкім, санасының сергектігінен де шығар, бұ жолы да анестезия уытынан жылдам айығып, серпілуге тырмысқан кезінде хирургтің қол қуатын сезінгендей болады. 

Бірақ, әрине, сол сәтте дүдәмәл күш иесінің кім екенін білуді былай қойып, не пәлеге ұрынғанын, қайда жатқанын парықтайтын жағдайы жоқ-тын. Қандауыр астында тұла бойы бір ысынып, бір суынып, аласапыран түс көргендей, ажалмен арпалысып, талықсып жатты. Ең қызығы, қайдан қаптай жөнелгені беймәлім, маңайындағы мың-сан ақ көбелек араша түсіп, өбектеп денесін желпіп, жанұшыратын сияқтанған. 

Буалдыр мұнар арасында елбелектеген осы қисапсыз қабыршақ қанаттылар кенет жылтылдай шашыраған қып-қызыл от ұшқынына айналып кетеді. Осыған қарап даңқты Александр Македонскийдің құрбысы Таиси арумен қолұстаса жүгіріп, қолбасшы нұсқауы бойынша парсы астанасы Персеполис қаласын өртеуді бастаған екенбіз дейді. Қанжоса ғасырлар тезі арқылы жалыны күйдіріп-жандырған алапат өрт ішімен қазіргі дәуірге дейінгі үш жүзінші жылға қалай өтіп кететіні өзіне де ұғынықсыз; тәрізі, алғашқы өмірім сол кезеңде өткен-ау деп топшылады. 

Енді бір мезет көп көбелек жапалақтаған қарға жалғасқан; дүм орман ортасында оқ пен отқа кеуде төсеп, мұз жастанып, қар жамылған батыр Бауыржан дивизиясы жорықтарында жүрмін деп ойлайды... 

Бұл – дәрігердің қолтық тұстан төстің астына дейін кереқарыс жерді қақ тіліп, өкпені суырып ретке келтірген соң кесілген орынды мықтап қайта біріктіріп тіккен кезі еді. Ерғозы қаншалықты талпынғанымен ауыр наркоз әсерінен мұны да байыптай алмағаны түсінікті.

Әлден уақытта медбикелердің өзара сықылықтай күліп, ұзын дәліз арқылы кереуетті сырғыта итеріп, басқа бір жайға әкеле жатқанын аңғарады. Өлім шегінген секілді. Жара жанға батып, көзінен қызылды-жасылды от ыршып, сонау ырғын көбелектің әлі де қалмай, ілесіп келе жатқанын түйсінетіндей. 

Ақыры қызметші қыздар түкпірдегі күңгірт бөлмеге әкеліп тастады да жайына кетті. 

Реанимация бөлімі еді.

Мұншалықты азапқа түсіріп қойған кімдер? Сонша неге қинайды?.. 

Қимылдайын десе аяқ-қолы таңылып, керулі жатқанын біле бастаған. Дем жетпейтіндей. Булығып, жөткірінгісі келгенде әлдекім көмейіне умаждап, жұдырықтай шүберек тығындап қойған секілденді. Айқайлатпауды көздеген-ау... деп долбарлайды. 

Бір кезде бұлдыраған көгілдір сағым, торғын тұман ақырындап сейіліп, себездеп таң атқандай әсер туды. Сонау көбелек қатары да жекелеп сиреп, тарқағанын аңдайды.

Медбикелердің бірі қайта-қайта келіп қарайлап жүр. Алайда осыны не мазалайды, тілегі қандай деп ойлана қоймайды-ау; үстінен төніп тесіле қарап біраз тұрады да, қайқайып қайта кетеді. 

Әсілі, қызметші қыздың енді өзіне ота жасаған әлгі хирургке ілесіп тағы оралғанында, назар аудартқысы келгендей, ышқына жұлқынған. 

Медбике: 

– Мына кісі бағанадан бері оянуға ұмтылып жатыр. Қызық! – деді дәрігерге аңтарыла бұрылып. 

(Сөйтсе, бұл, шамасы, кешке дейін ұйықтауға тиіс екен ғой. Қыздың таңырқауына қарағанда, өз-өзіне әдеттегі мөлшерден төрт-бес сағаттай ерте келіп алғандай).

– Шеш! Шеш! – деді елулердегі дәрігер. 

Қызметші бикеш «бұғаудан» босатып, аузына кигізілген кислород маскасын сыпырады. Мұның көмекейге кептеп қойған орамал деп ойлағаны ауа генераторы болып шықты!

Көзін ашқан бойда кереует тұсындағы биік штатив басында жылтыраған бүйірлі екі құтыны көрді. Осыдан көктамырға жіңішке түтік арқылы дәрі тамшылап тұр.

Адам қиын отадан кейін аңқасы кеуіп шөлдейтін көрінеді. Қызға алдымен осы жайын айтты: 

– Қарындасым, бір жұтым су берші... 

– Жоқ, аға, болмайды сізге су ішуге!

Дегенмен, жедел басып шығып кетті де, сүлгіні дымқылдап әкеліп кеберсіген ерніне тигізді. 

Мұндайға мейір қана ма; амалсыздан жалына бастайды: 

– Айналайын, осы, өлсем өліп кетейін, тек таңдайымды жібітіп өлейінші!

Бикеш томаға көзін төңкере, алая қарап бас шайқап, бір шөлмек су берген:

– Ешкімге көрсетпеңіз!

– Жақсы, жақсы...

Әжептәуір кең бөлмеде өзінің жалғыз емесін байқайды. Кемінде, бұдан да өзге екі-үш адам бар. Қарсы жақ іргеде жатқан біреу: 

– Сестра-а! Сестра-а-а! – деп талмай сарнаған.

Осы дауысты мұнда есін білмей келген кезден-ақ ести бастағанын түсінді. Сырқаты шыдатпағандықтан қақсайды, әрине. Қайтсін. 

Әлден уақытта үні біртіндеп әлсіреп барып өшеді. Үзілген секілді... 

Екі медбике тіреуіштен салбыраған тефлон түтіктерді қайшымен қидалап, түк болмағандай, мәйтті ортадағы есіктен әрі ың-шыңсыз жылжыта салған. Мүрдехана екен.

Өмір мен өлімнің арасы – қас-қағым ғана... Жан сақтау бөлімі мен моргті тек жұқа қабырға бөліп тұрғанын енді көріп, бойы түршікті. 

Әйткенінше, қыздар шишаны ашуға үлгертпей, мұның да кереуетін түкпірге қарай сырғытады. Орнына бастан-аяқ дәкемен ораулы біреуді әкеліп жайғастырды. Үсті қызылала қаннан көрінбейді. 

Сүт пісірім уақыт өтпей оның да демі таусылды. Бұл байғұсты да дереу мәйітханаға жөнелтеді... 

Қолындағы ыдысты қос қолдап ұстап, бақырайып жатып қазақтың «су ішерлігі бар» деген сөзі тілге оралды. Иә, тірі пенде тырбануын жалғастырады екен. 

Алайда көлденеңінен тілінген кеудесі удай ашып, сыздап, қатты ауыртып, зорға шыдап жатқаны да рас еді. Осыны сезгендей медбике жетіп келіп, лып еткізіп екпе салып кетті. Тыныштандыратын нәрсе болуы керек. Ерғозы судың жартысына жуығын сүйсіне ішіп, сәл орталанған шөлмекті тығындап іргесіне жасырды да, жаны жай тауып, маужырай бастаған... 

Бірер сағаттай шамада сәбидей балбырап оянса, құлағының тұсынан әлдекім сыбыр-сыбыр етеді: 

– Дядя-я... Дяденька! Я пить хочу-у!

Тура жанында айдай бір ару жатыр! Ақ жастыққа жайылған қолаң шашы бұрқырап, үздіге, еміне қарайды. Дауысының жағымдысын-ай. Жан тербейтін сиқырлы әуендей еліктіріп, соңынан мәңгі ілесе бергендейсің... 

Тұңғиық мұң ұялаған аялы жанары мөлтілдеп, жәутеңдей түседі. Бұл да есін жаңа жия бастағандай. Қатты сөйлеуге дәрмені жоқ. Мына жерге қашан келген? 

Ұлты орыс па десе, қасы-көзі – қарақоңыр. Үстіндегі ақ жайманың бір шеті салбырап жерге түсіп қалыпты. Өзі кіндікке дейін жалаңаш. Толықсып құшаққа сыйып кететіндей шағын денелі ғана бикеш. Бұлтиған омырауы аңқиып, уылжып піскен шиедей екі үрпі көз арбайды. 

Жұмақтың хор қыздары деген осындай-ақ шығар... 

Алғашқыда түсім емес пе деп ошарылған. 

Одан тез жинақталып, қақпағын апыл-ғұпыл бұрап ашып, шишаны ұсынады.

Ақ білегі жарқ етіп шөлмекті алған қыз оймақтай аузына тосып суды аз-аздан ұрттап, ұзақ ішті. Одан: 

– Ух-х-х! – деді жүзі раушан гүлдей албырап.

Кенезең кепкен кезде шөл қандырған қандай жақсы. 

Ерғозы жайманы жаппаққа созған қолы тигенде оттай алаулаған дененің лебі шарпып өткендей болады.

Қыз әнтек жымиды. Жалаңаштығына бола қымсынған жоқ. Ажал іргесінде жатқандықтан ба, мұндайда адамды ұят-аят деген аса алаңдата қоймайды екен. 

Жөн сұраса, аты – Рута. Украин көрінеді. Жасы жиырма бірде.

– Есімің не мағына береді? 

– Карпат таулары қойнауында өсетін қасиетті гүл дейді. 

– Ә-ә...

Ерғозы оған түнде операция кезінде мың-миллион көбелек елестегенін айтты. 

– Расында да, жағалай қоршап жанымды алып қалған солар ма екен. Осыдан кейін бұларды жебеуші-періштеге телитініне шүбәсіз сендім! – деді. – Міне, енді көрдің бе, солардың бірі адамға айналып қасымда қалып қойыпты!.. 

Мұны, бір жағынан, әзіл ретінде айтқан еді. 

Қыз аңыра қарайды. Әуелде сөз мағынасын ұға алмай қалған сияқты. Сонан кейін барып мәз болды. Ерғозының өзін тұспалдағанын түсініп, есі шыға шаттанды.

– Мен ғой сонда ол адам?! 

– Иә, сол сен екенсің. Сенің кейпіңде кездесіпті... 

– Рас па? 

– Рас. Екеуіміз мынандай ыңғайсыз жерде кездейсоқ ұшырассақ та жүрегімді жылыттың.

– О-о, шексіз қуаныштымын! 

Көзі боталап, зарығып ұзақ күткен адамымен жолыққандай, Ерғозының қолын аялай ұстап, кеудесіне қысады.

Одан бірталай үнсіз қалып, өзінің мұнда қалай тап болғанын түсіндірді. Сөйтсе, әжесі қала орталығындағы мұраға қалдырған үш бөлмелі үйді құрбы-құрдастарына «жуыпты». Кеш аяғында масайған екі жігіт оңашада зорлауға әрекеттенеді. Солармен алысып қашып жүріп үшінші қабаттан құлап кеткен. Әйтеуір, аяқ-қолы сынғаннан аман. Бірақ іш-құрылысы қатты зақымданған екен. 

– Е-е...

– Айтпақшы, шишаны иемденіп алыппын ғой, – деді жәудіреп. – Сіз де ішсеңізші!

Суды шөлмек аузынан кезек-кезек жұтып, өздерінің бір сәт неке суын бөліп татқандай кейіптерін аңдағанда екеуі де жайраңдай күледі.

Ерғозы бір кезде Рутаның құлағындағы титтей ғана жақұт сырғасын ұстап көріп жатып сонадайдан шаншыла қараған әлдекімнің назарын аңдады. 

Босағаға сүйеніп Жәлила тұр екен. Жылап тұр. 

Не ойлағанын кім білсін. Қапияда жараланып, мүшкіл халге түскен күйеуін аяды ма, әлде мұны тірі көргеніне қуанды ма... 

Ауруханаға қатар келіп, түнделетіп таксимен қайтқан Мәдікеннен жағдайды естіген бойда құстай ұшып жеткен беті сықылды. 

Осы сәтте бөтен бір қызды сипалап жатқан Ерғозы бұл әрекеті үшін онша қысыла қоймады. Әйеліне деген өкпесі тарамаған-ды. 

Наласы негізсіз емес-тін. Кейінде қосағының өзін аса місе тұтпай, сыртқа елеңдейтін ыңғайын аңдаушы еді. Сөз арасында әркім-біркіммен салыстырып отыратын әдет тапқан. Тіпті, кейде «бағының жанбауын» осыдан көргендей, ұрыс-керіс бастайтын мінез шығарды. 

Көрсеқызарлық, ниеттің бұзылуы, ойды он саққа жүгіртетін әрі-сәрілік жүйкені жүндей түте бастамақшы. Ерғозы, тіпті, мұндайдың біртіндеп психикалық ауытқуға апаратынын білетін-ді. 

Зайыбының аузынан байқаусызда шыққан сонау сөз бүкіл пиғылын әшкерелеп бергендей болыпты. 

*   *   *

Ауруханада бір аптадай жатты.

Жәлила үйге жеңіл көлікпен алып қайтқан. 

Екі-үш күн нөсерлете төккен жауын енді ғана тыйылған сәт еді. Айнала-төңіректен әлемет ызғар еседі. Мұның да көкейінен әлдебір сыз кетпеді. Көңілдегі әралуан түйткіл тікенектей қажап, берекені алды. 

Көз алдында шейіт болған сонау палаталас көршілерін ойлайды. Кейін білсе, бірі өзі қатарлы азамат екен. Шебер радиотехник деді. Бүйрегі істен шығыпты. Жастайынан жабысқан дерт ғұмыр бойы діңкелетіп ақыры алып тынған. Екіншісі қырықтан асқан жүргізуші. Жол апатына ұшырапты.

Біреудің ажалы – оттан, біреудікі судан деп жатады. Өлім алдында патшаң да, пақырың да теңдес сияқты. 

Мұндайда пышақ жарақатынан көз жұмған әйгілі Юлий Цезарьдың тағдыры еске түседі...

Ал Жаратушы Ерғозыны не үшін жазалады екен? Жанын да, тәнін де аяусыз осқылап, осындай жағдайлардан сабақ алсын дей ме, әлде қияметтің қыл көпірін көрсетіп тәубеге келтіруді діттей ме? Мүмкін күнәсі көп шығар...

Негізі, жараланатынын үш-төрт сағат бұрын өзі де сезгендей-ақ еді. Қалада тұратын жерлес ағалары Жәлиланың кеткенін білген соң Мәдікен екеуін кешкі асқа шақырған. Үйден шыққан жолда аялдама тұсындағы биіктігі белден асатын темір дуалдан екпіндете ырғып өтіп, автобусқа секіріп мінген-ді. Сонда: «Мұным не? Әлденеден құр қалғандай несіне шошаңдап кеттім; пәле-жаладан сақтаса екен!» деп қуыстанды. 

Ойлағанша, болған жоқ қой... 

Мынау қатыгез дүниеде кісі кеспірлі жауыздар жеткілікті көрінеді.

Қызық болғанда, көп ұзамай «Экспресс К» газеті Рута Н. деген қыз туралы жазыпты. Сонау реанимация бөлімінде айтылған әңгімені айна-қатесіз баяндаған. Қызға қиянат жасаған бұзақылар анықталды дейді. 

Осыдан соң Рутамен жүздесу ниеті туады. Тілшілер арқылы мекен-жайын сұрап білу үміті оянады. 

«Қардың басын қар алар» дегендей, іштегі уытты «умен» басу мақсатымен кештетіп маңайдағы кафеге кіріп, қараңғылау бұрыштағы үстелге жайғасты. 

Даяшыны таңырқатып, ешбір мәзірге қарамастан, соғыстан қайтқан солдатша қырлы стақан толы арақ пен бір кесек қара нанға тапсырыс береді. 

Расында да, бүйірімді тесетіндей Тәңірге сонша не жаздым дегенде, ішкілікке жуықтығы туралы ой жылт етті. Аса салынбағанмен, біртартары бар еді. Ана жолы ағайдың үйінен өзі де шараптан татып шыққан. Сол секілді қыз-келіншек төңірегіндегі әлгіней «серілігі» аса құптай қоятын іс емес-ау... Және мұның да анау албырт шақта абайламай біреулерді жәбірлеген кезі кездескені анық... Иә, өзге де қателік аз емес... деп түйілді.

Көз алдына Македонский мен Баукең кескіндері келеді. Қарап отырса, екеуі де ғұмырында үш мәрте некелесіпті. Қайбір жетіскеннен дейсіз. 

Алдындағы екі жүз грамм зәһарға телміріп ұза-а-қ қарап: «Менің мұңым бұ кісілердің қасыреті қасында ойыншық шығар. Осы, жоқ жерден трагедия жасап алмадым ба; тым кінәмшіл болып кетпедім бе екем» деп күдіктенді.

Шынында да, мәселен, мұның қайғысы Македонский әскері мінген алып кемелерді қақпақыл ойнатқан сұрапыл толқындардың қасында немесе Таиси қойған сұмдық өртпен, яки Бауыржан Момышұлы өткерген алапат майдандармен салыстырғанда тозаң талшығындай болмашы нәрсе емес пе...

Арақты қағып салуға оқталды да тартынып, орнынан тұрып далаға беттеді. 

Шықса, боп-боз ай бұйра-бұйра қою бұлт арасында ойға шомғандай оңаша дөңгеленіп, өз-өзімен сенделіп жүр. Неге екенін, Рутаны елестетті. Мүмкін ол да мұны елегізіп күткен шығар... 

Осы өмірінде ондай сұлулардың біразы ұшырасыпты. Әрине, әрқайсының кеудеде белгілі із қалдырғаны өтірік емес. Тек бәрі баянсыз... Бәрі бір сәттік, бір мезеттік алданыштай жалт еткен өте тұрлаусыз кездесулер екен. 

Көкірегі қарс айрыла күрсінді. 

Одан қызды іздемек ойдан айныған. 

Қайсыбірін іздесін.

Мәдениет порталы

Жаңалықтар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарға қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлайды ma...

Жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысында зорлау туралы көрінеу жалған хабарлау оқиғасы анықталды, деп хабарлайды ma...