Он адамға «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Алматы қаласы күні қарсаң...
Президенттік әдеби сыйлық тағайындалды
1 маусым күні ҚР Мәдениет және спорт министрі Оралов Асхат Раздықұлы бірқатар жас қаламгерлерді қабылдап, әдебиеттің қазіргі ахуалы, жас ақын-жазушыларды толғандырған түйтікілді мәселелер және олардың шығармашылығын ынталандыру мақсатында қолдау көрсету механизмдері т.б. жөнінде пікір алмасты.
Жас жазушылар шығармашылықты қолдау үшін әдеби байқаулардың аздығы, қазіргі ақпараттық технологиялар барынша дамып жатқан заманда кітап нарығын әлемдік үрдіске сай дамыту, әдеби байқалуларды әділ бағалау механизмдерін жетілдіру, «Шабыт» халықаралық шығармашылық фестиваліні әдебиет аталымын қайтадан қосу, т.б. туралы өз ұсыныс-пікірлерін айтты.
Қабылдау отырысын қорытындылаған ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов елімізде биыл тұңғыш рет дарынды жастарға мемлекеттік қолдау көрсету, ақын-жазушылардың жаңа буынын қалыптастыру мақсатында Президенттік арнаулы әдеби сыйлық табысталатындығын хабарлады. «Мұндай бастамалар отандық әдебиетті дамыту үшін ғана емес, қазақ тіліндегі контентті көбейту үшін, әсіресе балалар әдебиеті саласындағы контентті көбейту үшін қажет. Бүгінде министрлік театр өнеріне үлкен көңіл бөліп отыр. Біздің мақсатымыз-отандық авторлардың қойылымдарының санын арттыру. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін жас драматургтер маңызды рөл атқаратынына сенімдімін»,- деп атап көрсетті Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.
Президенттік әдеби сыйлықтың төрт аталымы бойынша үздік иегерлер анықталмақ. Олар: проза, поэзия, драмтургия және балалар әдебиеті. Әр аталым бойынша жеңімпаз анықталып, үздік деп танылған туынды иесіне 4 миллион теңге сыйақы беріліп, «Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың лауреаты» атағы, диплом мен төсбелгі табысталмақ.
Президенттік әдеби сыйлыққа 18-35 жас аралығындағы қаламгерлер өз туындыларын ұсына алады. Өтінімдер 2023 жылдың 1-30 маусымы аралығында қағаз және электронды нұсқада қабылданбақ. Мұндағы басты шарт – Президенттік әдеби сыйлыққа ұсынылатын жұмыс бұған дейін халықаралық және ұлттық байқалуларға қатыспаған, тың туынды болуы керек екен.
«Таяқ жерге тасталды, міне, жарыс басталды», - дегендей, ақындар, прозаиктер, драматургтер мен балалар тақырыбына қалам тартып жүрген шығармашыл жастар үшін бұл дарын қуатын, қалам қарымын танытарлықтай ерекше шығармашылық аламан болатыны анық. Президенттік әдеби сыйлыққа үміткердің жас мөлшері отыз беске дейін болуының өзі үлкен мүмкіндік, айрықша ерекшелік. Жастарды шығармашылық қолдау деген – осы. Ендігісі – алда тұрған азғана уақытта қаламды көсілте, нық сілтеу ғана. Уақыт межесі сөреден ұзап үлгерді, әне-міне дегенше мәрелі күнге де сырғып жетіп келеді. Сондықтан асығу керек!
Қазақ, орыс, ағылшын тілді контентке әдеби өнімдер ұсынушы, отандық ғаламторлық әдеби жобалар рейтингінің көшін бастап келе жатқан, оқырман қарасы мол «Әдебиет порталы» Президенттік әдеби сыйлыққа ұсынылып жатқан жастардың шығармаларын өз платформасында жариялап оқырмандарға ұсынуға әзір екендігін ұйымдастырушылар назарына сала кету де артық болмас. «Қазан аузы жоғары», жас жүйріктер!
Қазақстандық жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттік арнаулы әдеби сыйлық тағайындау қағидаларын бекіту туралы толық ресми ақпаратпен мына сілтеме бойынша таныса аласыздар.