Манарбек Қыдырбайұлы – МХР-дың Баян-Өлгеий аймағына қарасты Көксерке тауының бөктерінде...
ҰЛТТЫҚ ТАРИХИ ТАНЫМДЫ ШЫҢДАЙТЫН ЕҢБЕКТЕР
Ұлттық сана тарихи таным мен тәжірибеден құралады. Сана ұлттың өмір сүру формасының бірі ретінде аса маңызды мәнге ие болады. Ал тарихи таным ұлттық сананы қалыптастырудың басты тетігі болса, тарихи тәжірибе ұлттық идеяға айналған танымды іске асыратын, халықты жасампаздыққа жұмылдыратын үлкен мәдени-рухани күш. Осы дүниетанымдық ұстаным ұлттық идеяға айналатын тарихи танымды қалыптастырушы шығармашыл тұлғалардың қызметі мен руханиат алдындағы еңбегінің қаншалықты маңыздылығына баға берудің басты өлшемі болса керек.
Тәуелсіздік кезеңдегі қоғамтанушы ғалымдардың мемлекеттік бағдарламаға айналған тәуелсіз тарихи сана қалыптастырудағы ізденістері аз болған жоқ. Осы идеологиялық майданда ғылыми пікірталастан саяси күреске дейінгі аралықта қызмет еткен ғалымдардың да қатары аз емес. Әйтсе де аламан жарысқа түскеннің бәрі бірдей мәреге жете бермейтіні тағы бар. Ол мәреміз – айтқан ойының, жасаған ғылыми тұжырымының, көрсеткен саяси-азаматтық өнегесінің елдің игілігіне – ғылыми терминологиямен айтқанда ұлттық идеяға айналуы екендігі даусыз. Осы мәреге жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар, миллионнан дүлдүлдер ғана жете алатыны да ақиқат.
Руханиат майданында оза шапқан шығармашыл тұлғалардың ғылыми ортада мойындалуы бар да олардың мемлекеттік деңгейде мойындалуы бар. Екеуінің арасы кейбір жағдайда аспан мен жердей қашық болса, мемлекеттік және ғылыми мүдде үндескен жағдайда басқаша болады. Әңгіменің түйіні ғылыми шығармашылықтың мемлекеттік сыйлықпен марапатталуы жайлы болып отыр.
«Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасының А. Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссиясына биылғы жылдың үміткерлері қатарында бір топ танымал ғалымдардың еңбектерін ұсынғандығына орай өз пікірімді білдіргім келгені мені осындай ойларға жетеледі.
Бірден басын ашып айтатын жайт, бұл ұсыныстың жылдағы процедурадан басты ерекшелігі - авторлардың дербес, жеке орындаған, бірақ көтерген ұлттық идеясы ортақ еңбектерін «Ұлттық санадағы мемлекетшілдік пен бірегейлік: тарихи және әдеби зерттеулер» тақырыбына топтастыруында болып тұр. Осы кезге дейін мемсыйлыққа негізінен жекелеген шығармашыл тұлғаларды ұсынуға басымдық беріліп келгендігі белгілі. Халықаралық Нобель сыйлығының өзіне тұтастай авторлар ұжымдары ұсынылатындығын ескерер болсақ, бұл тәжірибені республикалық сыйлықтың байқауына да қолдануға болады емес пе?
Циклды ғылыми еңбектері бір тақырыпқа топтастырылып, мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған ғалымдар елімізге танымал тарихшы, әдебиеттанушылар. Атап айтқанда, Сыдықов Ерлан Бәтташұлы, Қамзабекұлы Дихан, Жұртбай Тұрсын Құдакелдiұлы, Қойгелдиев Мәмбет Құлжабайұлын еліміздің ғылыми қауымдастығы мойындаған, өздерінің шығармашылық әлеуетімен ұлт руханиатына өлшеусіз олжа салған ғалымдар деп танимыз. Міне, осы ғалымдардың еңбектері мемлекеттік сыйлықпен марапаттау байқауына қытысу үшін қоғамдық ойдың талқысына ұсынылып отыр.
Көптің талқысына ұсынлғандықтан да авторлардың еңбектеріне жекелей тоқталғанымыз орынды болар.
ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Е.Б.Сыдықовтың мемсыйлыққа ұсынылған «Российско-казахстанские отношения на этапе становления тоталитарной суперэтнической державы» (2010) атты монографиясы тақырыпқа қатысты қазіргі кездегі қазақ-ресей саяси-идеологиялық қарым-қатынасына қатысты ұстанымдарды айқындайтын ғылыми тұжырымдар ұсынған еңбек деп бағаланады. Тарихи тұлғатану бағытында жарыққа шығарған «Жамбыл» (2015), «Құнанбай әулетінің тарихы» (2021), «Ахмет Байтурсынов – Учитель Нации» атты кітаптары ұлттық сананы жаңалауға қосылған тың тұжырымдарымен ерекшеленеді. Ол тұжырымдарының қолданбалық маңызы үлкен деп білеміз.
Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған келесі автор ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Дихан Қамзабекұлы Алаштануды әдеби тұрғыда жаңа танымдық биіктерге көтерген бірегей ғалым. Оның қаламынан туған «Алаштың рухани тұғыры» (2008), «Алаш арқауы» (2017) және «Түркі алқасы» (2021) атты зерттеулерінің де ХХ ғасыр басындағы алаштықтар көтерген ұлттық идеяларды тәуелсіздік құндылықтарымен ұштастыра алуымен құнды. Дәстүрлі қоғамның мәдени-рухани құндылықтарын ұлықтаған алаштық қайраткерлердің шығармашылық мұрасын, олардың саяси-азаматтық өнегесін бүгінгі тарихи таным мен тәжірибеге енгізуге бағытталған автордың шығармашылық кредосы ғылыми ортада үлкен жетістік ретінде бағасын алып келеді.
Келесі авторымыз Т.Қ.Жұртбай ғылыми қауымға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы, әдебиет сыншысы ретінде кеңінен танымал. Оның ұлт руханиятына жаңа ағыс, тың толқын болып қосылған қомақты да іргелі еңбектерінің арасынан М.Әуезовтің шығармашылығына арналған «Бесігіңді аяла!...» (2003) монографиясы, «Безвременье: Трагедия Семиречье (литературно-историческое исследование повести М.Ауезова «Лихая година») ( 2017 г.) зерттеуі және «Дәрілқарап (Абайдың сыртқы әлемі: әдеби-салыстырмалы талдау)» (2021 ж.) еңбектері байқауға ұсынылыпты. Сірә, байқауға ұсынылған тақырыппен үндес еңбектер топтастырылған болуы керек. Аталған еңбектер Т.Жұртбайдың шығармашылық биігіндегі ғылыми зерттеулер. Әдебиеттануға өз бағыты, өз зерттеу тәсілдерімен және ең бастысы өзінің көркемдік-танымдық ұстанымдарымен келген ғалымның шығармашылық өнегесі Абай мен М.Әуезовты ғана емес, сонымен бірге басқа да шығармашыл тұлғаларды жаңа қырынан танудың, танытудың ғылыми мектебінің іргетасын қалады. Бұл еңбектердің де ұсынған тұжырымдары тарихи танымды жаңалауда, оны тәжірибеге ұластырудағы қолданбалық мәні үлкен.
ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор М.Қ.Қойгелдиев тәуелсіздік кезеңде Отандық тарих ғылымында алаштану ғылыми бағытын қалыптастырушы, осы бағытты зерттеудің методологиялық ұстанымдарын орнықтырған ғалым. Мәмбет Құлжабайұлы қазіргі кезде тәуелсіз тарихи таным қалыптастыруда батыл да дәйекті тұжырымдарымен отандық тарих ғылымының көшбасшысы ретінде мойындалған ғалым. Оның «Алаш қозғалысы» атты екі кітаптан тұратын монографиясы, «Қорғансыздың күнін кешкендер» (2019) атты монографиялық зерттеуі, «Қиянат анатомиясы» (2020) еңбектері ұсынылыпты. Осы еңбектердің ғлыми жетістіктері тәуелсіз тарихи танымды орнықтыруға қызмет етеді. Аталған еңбектердегі ғалымның басты методологиялық ұстанымы тарихи сананы кеңестік идеологияның ықпалынан арылту (десоветизация). Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша құрылған республикалық комиссияның мүшесі ретіндегі белсенді қызметі ғалымның ұзақ жылдар бойы осы тақырыпты зерттеген тәжірибесі мен теориялық-методологиялық білігінің нәтижесі. Осы бағыттағы ғалымның кеңестік модернизацияға балама ретінде ұсынған дәлелдері мемлекеттік идеологияның ұстанымдарынан орын алуға әбден лайық.
Қоғамдық ойдың талқысына ұсынылып отырған еңбектер қазіргі кезеңдегі тарихи сана қалыптастырудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға тікелей бағытталған және осы бағдарламаның міндеттерін іске асырған, отандық қоғамдық ғылымдарды теориялық-методологиялық және концептуалды тұрғыда жаңалаған, сонымен бірге тарихи танымды тәжірибеге ұластыратын қолданбалық мәні зор еңбектер.
Ұлттық тарихи сананы шыңдаған осы еңбектер топтамасы ғылым саласындағы мемлекеттік сыйлыққа әбден лайықты.
ТҰРСҰН Хазретәлі, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті