«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көрнекті ақын, Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйл...
Айнаш Қасым. Сапар
Самырсын мен қарағайдың иісі аңқыған тақтайлардан қиюластырылған, оң жағында кішкентай терезесі, ортасында есіктің өзі жоқ, тек орны ғана бар лыпының қабырғасына арқасымен тіреліп тұрған күйде көз ілеспес жылдамдықпен биік таулар мен асқар құздарды қиялап, шырқау биікке әуелеп, ұшып келе жатты. Жеті қат көкті кесіп өтіп, көз көріп, құлақ естімеген жаққа, тіпті басқа бір кеңістікке, бәлкім өзге бір әлемге кетіп бара жатқанын іші сезді. Артына қарайлаған жоқ.
Бағана көз шырымын алмақ болып, жатын бөлмесіндегі төсегіне жантайған кезде көрші бөлмеде ұлы ұйықтап жатқан болатын. «Мен кетіп, ол қалып қойды-ау... Мен жоқта оның ертеңгі күні не болмақ?» деген алаңдаушылықтан да ада. Қызы мен күйеу баласын, кішкентай жиенін де ойлап, қамыққан жоқ. Жүрегінде мойынсұнудан басқа ешқандай сезім болмады. Қорқыныш дегенді жүрегінен алып тастағандай. Лыпының ұша бермей, соңында бір жерге тоқтайтынына сенімі зор болғандықтан, діттеген жеріне жеткенше орнынан тапжылмай, сақтанып, ашық есіктен тысқа құлап кетуден абай болуды ғана ойлады.
Ғаршыға бойлаған соң бұрын-соңды көрмеген, естімеген, сезбеген, тіпті елестете де алмаған бөгде ғалам, бөтен дүниеге енді. Енді таңданыстан өзге сезімді бастан кешкен жоқ. Сәлден соң ұшқан күйдегі жағдайға да бойы үйреніп, терезеден сыртқа көз тастап, айналадағы көріністерді тамашалауға көшті. Тосын дыбыс, абыр-дабыр, айғай-шу естілмеді. Сол кезде жирен түсті бір мақұлықтың лыпыға ілесіп, алысқа ұзамай, маңайлап жүргенін көрді. Тіпті терезеге жақындай түсті. Бажайлап қарағанда оның тұрқын сөзбен сипаттауға келмейтін алып сиыр екенін түсінді. Ұшатын қанаты болмағанымен, салмақсыздықта мамықтай қалықтап жүрді.
Зәңгі баба тұқымының мейірімге толы тұнық қара көзі мен баяу қимылы одан келетін қауіп жоқ екенін, керісінше осы сапарда үрейге ерік бермеуі үшін қасынан табылып, қолдау үшін жіберілгенін сездірді. Жол-жөнекей одан басқа да мақұлықтар мен ғажайып көріністер кездескенімен, маңызды болмағандықтан санада сақталмауы үшін олардың сұлбалары көмескі тартып, реңктері солғынданып, бейнелері бұлдырап, айқындылықтан айырылып, бір-бірлеп назардан тыс қалып жатты.
Бір кезде жасыл желекке оранған, әсем шаһардың үстінде ұшып бара жатқанын, төменге көз тастағанда ғимараттардың жатаған екенін байқады.
Қалай қонғаны, қалай кіргені есінде жоқ, жинақы, мұнтаздай бөлменің төрінде отыр екен. Бөлмеде жанға жайлы, мамыражай тыныштық орнаған. Өзінен басқа адам баласы көзіне түспеді.
Міне, қызық... Сусындар мен жеміс-жидек, тағы да басқа тағамдар қойылған, беті нәзік ақ шілтермен жабылған табақ әуеде ғайыптан пайда болып, бәлкім, самал желдің лебімен қалықтап жетіп, алдына қойылды. Таңданысы арта түсті. Ойында қаумалаған мың сан сұрақ. Сол сәтте қолтықтарына ақ түсті мата қысқан, өздері де аппақ киінген екі әйел заты бөлмеге енді. Оларды көріп қуанып кетті. Мән-жайды осы кісілерден сұраймын деп ойлады. Қолдарындағы заттары төсек орынның жаймалары мен жастыққаптар мен орамалдарға ұқсады. Жас шамаларын ажыратып үлгермеді.
Олардың жүзінен мейірім, бәлкім нұр төгілгенімен, бет-әлпеттерін де тап басып, сипаттай алмайды. Екеуі жымиған күйде оң жақта тұрған үстел жақты бетке алды. Бір қырымен тұрған күйде заттарын үстелдің үстіне жайғастырып, қыртыстарын жазып жатқандай көрінді. Қазір сұрамаса, олар көзден таса болатындай, қайтып келмейтіндей көрінді. Дегенмен олар асығатын емес. Қимыл-қозғалыстары баяу, орнықты, салмақты.
Орнында отырған күйде сәл алға ұмсынды.
– Қыздар...
– Қыздар деймін...
Өзі дауыстап айттым деп ойлағанымен, дауысы шықпаған сияқты. Олардың да естіген, естімегендері белгісіз, бірақ екеуі бір мезгілде жүздерін бұрды. Енді байқады. Сұлу деуге келмегенімен, сүйкімді, адам жанына жылу ұялататын жандар екен. Мейірбан медбикелерге ұқсатты. Олардың қарағандарына шаттанып, сұрақтың астына алды.
– Қыздар, айтыңдаршы... Мен қайда келдім?
– Бұл қай жер?
– Қай қала?
Сауалды бірінен соң бірін төпелетіп қойып жатқанын өзі де аңғармады.
Қыздардың бірі тілге келіп: «Алаңдамаңыз. Сіз жақсы жерге келдіңіз. Бұл – ізгі жандарға арналған мекен», – деді.
«Қала қалай аталады?» деген сұрағын қайталағанда қыздардың бірі: «Дербисали», – деді.
Көзін ашқанда үйінде, өз төсегінде жатқанын көрді. Жалма-жан сағатқа қарады. Ұйықтап оянғанынан бері екі сағат қырық жеті минут өтіпті. Осы сапар өзіне бар болғаны екі-үш минутқа ғана созылғандай көрінді.
Мәдениет порталы