Орталық Азия елдері арасындағы туризм ынтымақтастығын жандандыру мақсатында Түркістан-Самарқан бағыт...
Бокстан Қазақстан командасы Олимпиадаға аттанады
Бүгін бокстан Қазақстан командасы Жапония астанасы Токио қаласын бетке алады. Бас бапкер Ғалымбек Кенжебаев былғары қолғап шеберлерінің Олимпиада қарсаңындағы жаттығу жиыны қалай өткені жайлы айтты деп, хабарлайды "Мәдениет порталы" OLYMPIC.KZ сайтына сілтеме жасап.
Боксшылар Олимпиада қарсаңында жаттығу жиынының екі кезеңін өткізді. Алдыңғы жиында жалпы дене жаттығуына көңіл бөлсек, соңғы кезеңде техниканы жетілдіруге күш салдық. Еліміздегі үздік боксшылармен спаррингтік кездесулер ұйымдастырдық. Мұның барлығы Олимпиададағы жекпе-жектер кезінде спортшыларымызға көмек болары анық. Арнайы физикалық жұмыстар өткізгенімізді де айта кету керек.
Былғары қолғап шеберлері үшін Олимпиада ең ұзақ дода болмақ. Өйткені, бокс бәсекесі 24 шілдеде басталып, 8 тамызға дейін жалғасады. Аса ауыр салмақтағы боксшылар Токио турнирінің шымылдығын жабады.
Біз бір апта бұрын ұшып барамыз. Жеті күн бойы өзге елдің табиғат жағдайына бейімделіп, карантин талаптарын сақтаймыз. Ұлттық құраманың екінші және үшінші нөмірлі боксшылары спаррингтік кездесуге келіп, бас команда жігіттерін шығарып салды. Баршаңызға көп рахмет! Жігіттердің спорттық бабы жоғары. Енді мінез көрсетіп, моральдық тұрғыдан мықты болу керек, - дейді бас бапкер.
Естеріңізге сала кетейік, Токио Олимпиадасына қатысатын боксшылар анықталған болатын.