Қазақстан – жаңа геосаяси жағдайда

Жаңалықтар
873

Ғаламдық геосаяси жүйе сан қырлы және өте күрделі. Ресейдің Украинадағы басқыншылық соғысы, Израиль мен Палестина қақтығы, Тайвань дағдарысы, Балқандағы, Приднестровьедегі шиеленіс, Армения- Әзірбайжан қарым- қатынасы тағысын тағы. Жер-дүниені соғыс өрті шарпып тұрған осынау алмағайып заманда Қазақстанның жан-жақты ойластырылған, көпе-көрнеу бұрмалаушылығы жоқ көпвекторлы саясат ұстануы – біздің елді түрлі жанжалдардан аман сақтап келеді. 

Әйтпеген жағдайда, әлемде жер аумағы бойынша 9-орында тұрған, қолайлы географиялық тұстықта орналасқан Қазақстан Қытайдың, Ресейдің, Еуропа Одағының, АҚШ-тың және ислам әлемі мемлекеттерінің стратегиялық мүдделері қарама-қайшылықтарда жатқан аймақ болып табылады. Сонымен қатар, Қазақстан Ресей мен Батыс арасындағы диалогты қайта бастау үшін «мүмкіндіктер терезесі» немесе «ашық есік» бола алады. Осы мәселелерді ұтымды шешу Қазақстан Республикасы дипломатиясының икемділігіне байланысты, геосаяси мәртебесіне тікелей әсер ететіні сөзсіз. Алпауыт мемлекеттердің қарама-қайшы мүддесі түйіскен аймақта көпвекторлы сыртқы саясат ұстануы Қазақстан дипломатиясынан ерекше ақылгөйлікті, айлакерлікті танытуды талап етеді. 

Қазақстанның геосаяси басымдықтары ұлттық мүддемен айқындалады. Ел дипломатиясын экономикалық, энергетикалық және қаржылық мәселелерге баса назар аудара отырып, көпвекторлы деп анықтауға болады. Мұндай сыртқы саяси мінез-құлық моделіне сүйенуі мемлекет қуатын кеңейтеді және айтарлықтай экономикалық пайда табуға мүмкіндік береді. Сол себепті украин мәселесінде бейтарап ұстанымға сүйеніп, абай болуға тырысады. Бұл қолда бар қаржылық-экономикалық мүмкіндіктердің сыртқы қатынас арналарын жоғалтпауға және Батыс елдерімен де, Ресеймен де жағымсыз тенденциялардың көрініс таппауына жол бермеу жоспарынан туындап отыр. Сол арқылы ұлттық мүддені қорғай отырып, Батыс елдері мен Ресей арасындағы нәзік тепе-теңдікті сақтап қалуға тырысады. 

2022 жылы 2 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясы Ресейдің агрессиясын айыптайтын қаулы қабылдады. Оны 141 мемлекет қолдап, 5-уі қарсы дауыс берді, 35-і, оның ішінде Қазақстан «қалыс қалды». Жақын көршілеріміз – Қырғызстан мен Тәжікстан да қалыс қалуды жөн көрді. Өзбекстан мен Түрікменстан дауыс берген жоқ. Бұл жерде назар аудартатын бір нәрсе, Түркия НАТО-ның мүшесі бола тұра санкцияларды қолдамады, сонымен қатар, Үндістан мен Қытай да қарсылық танытты. 

7 сәуірде Ресейдің БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Кеңесінен шығарылуы туралы дауыс беру кезінде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан оған қарсы дауыс берді, Түркіменстан дауыс берген жоқ. Қазақстан Ресейдің арнайы әскери операциясы басталғаннан кейін бірден украин жағдайына қатысты өзінің ресми ұстанымын жариялады. Мәселен, 2022 жылғы 1 наурызда «Аманат» партиясының съезінде Қ. Тоқаев Қазақстанның Ресей мен Украина арасында делдал болуға дайын екенін мәлімдеді. Қазақстан Президенті Украина дағдарысының негізгі себебі –Минск келісімдерін орындамау деп атап өтті. 

2022 жылы 1 сәуірде Қазақстан Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Т. Сүлейменовтің ЕО елдеріне сапары кезінде Қазақстан Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтейтінін және Қырымның мен Донбас пен Луганск республикаларының Ресейге қосылуын мойындамайтынын мәлімдеді. Мұндай мәлімдеме Қазақстанның ЕО-мен экономикалық қарым-қатынасты сақтауға және терістіктегі көршінің Қазақстанның солтүстік аймақтарына көз алартуына қарсылық амал ретінде туындауы да ғажап емес. Қазақстан мен Ресей Федерациясын 7,500 мың шақырымдық әлемдегі ең ұзын шекара байланыстырады. Қазақстанда 3,5 млн-ға жуық орыс диаспорасы тұрады, сонымен бірге 1 млн-ға жуық этникалық қазақтар Ресей азаматтары болып саналады. Оған қоса, Қазақстан да, Ресей де – Еуразиялық экономикалық одақтың мүшелері. 

2023 жылы 28 ақпанда АҚШ-тың бастамасымен Орталық Азия елдері сыртқы саяси ведомство басшыларының C5+1 форматындағы кездесуі өткізілді, оның шеңберінде Украина дағдарысы талқыланды. Кездесуде АҚШ Мемлекеттік хатшысы Э. Блинкен екіжақты қатынастардың құндылығын және республикалардың егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын жақтайтынын атап өтті. Аталмыш басқосу АҚШ-тың сыртқы саясатында Орта Азияның маңыздылығын көрсетті және украин мәселесінде АҚШ-Орта Азия ынтымақтастығын нығайтуға, сондай-ақ құрылық елдерінің Ресейге қарсы саясатты қолдауын, санкция талаптарын сақтауын талап етті.

Украинаның айналасындағы оқиғалар мен Ресейге салынған санкциялық блокада Орталық Азия елдері үшін елеулі сыртқы және ішкі саяси сын-тәуекелге айналды. Оның үстіне Ресей Орталық Азия елдері үшін тарихи және экономикалық серіктес болып келді. Аймақ елдері екіжақты қатынастар деңгейінде де, көпжақты форматтар (ҰҚШҰ, ЕАЭО) желісі бойынша да тығыз байланыста. 

Ресейдің Украинадағы әскери операциясының басталуына байланысты ҰҚШҰ-ның арнайы операцияға қатысуы мүмкін деген мәселе ашық көтерілді. РФ ресми БАҚ-тарынан, Кремльдің сойылын соғушы ақпарат көздерінен бұл туралы бірқатар мәлімдемелер де жасалынды. Алайда, ҰҚШҰ-ға қатысушы елдердің Ресейдің Украинадағы басқыншы саясатына әскери қолдау көрсетуге келісімін беруі өте күмәнді болып көрінді. Қазақстан билігі бітімгершілерді Украинаға жіберу мәселесін қарастырмайтындығын бірнеше рет мәлімдеді. 

Айтайық, Қытай мен Батыс коалициясы Қазақстанға айтарлықтай ықпал еткенімен, Қазақстанда Ресейдің ықпалына қашанда өктем болған. Оған тарихи, экономикалық байланыстар, энергетикалық қуат көздерінің нарық дәлізі, сондай-ақ солтүстік шекаралас қалаларындағы этникалық орыстардың үлесінің көптігі себеп болып отыр. Кейде ресейлік саясаткерлер мен лауазымды тұлғалар солтүстік жерлеріміз бен аумақтарды тарихи «орыстардікі» деп атайды және оларды қайтару жөніндегі ойларын әредік ашық түрде айтып жүр. Осыны ескере отырып, Қазақстан үшін Украина-Ресей мәселесі екі елдің ғана тартысы емес, ең алдымен өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікке тікелей қатысты. 

Батыс пен Ресейдің ара-қатынастарының нашарлауы, біріншісінің екіншісі қатысты енгізіп отырған санкциялары Қазақстанға да теріс әсерін тигізе бастады. Біріншіден, Украинадағы әскери операцияға байланысты туындаған көші-қон мәселелері. Соғысқа шақыртудан қашқан ресейліктердің Орта Азияға, соның ішінде Қазақстанға қарай жаппай ағылды. Соғыс өрті қазір күн санап өршіп келеді, басқыншылар майдан даласында топ-тобырымен жаппай қырылып жатыр. Егер жағдай осылай жалғаса беретін болса, Ресей жалпы әскери мобилизация жариялауы мүмкін. Онда терістіктен ауғандардың қарасы бұған дейін ауғандардың санынан бетер көп болуы мүмкін. Екіншіден, теңге бағамының тұрақсыз экономикаға теріс әсер етті. Мұның соңы халықтың тұрмыс-тіршілігіне қиындық туғызып, әлеуметтік наразылықтардың өршуіне алып келуі ықтимал. Ең үлкен проблема – Қазақстан экономикасын Ресейге салынған санкциялардың салдарларынан қорғау. 

Қазақстанның 2022 жылы сыртқы сауда айналымы $134,4 млрд. астам құрады (2021 жылы - $101,5 млрд) Экспорт – $84,4 млрд (2021 жылы - $60,3 млрд.), импорт – $50,1 млрд ($41,1 млрд). Оның ішінде Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы $26,1 млрд-қа жетті. Ресейдің 12 шекаралас субъектілерінде 26 миллион адам тұрса, Қазақстанның шекаралас өңірінде 5,6 млн адам немесе Қазақстан халқының 31% қоныстанған. Сондай-ақ Еуропалық Одақпен сауда-экономикалық байланысымыз жоғары. Оның үлесіне біздің сыртқы сауда айналымы мен тартылған шетелдік капиталдың жартысына жуығы тиесілі. Қазақстан-ЕО-ның 2022 жылғы тауар айналымы $41,8 млрд. (экспорт $33,8 млрд., импорт - $7,9 млрд) АҚШ долларын құрады. Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара сауда 2022 жылы $3,05 млрд., бұл өткен жылмен салыстырғанда 37,2% - ға артық ($2,2 млрд.). 

Ресей-Украина қақтығысы басталғалы бері РФ-ның қаржы секторына, жеке және заңды тұлғаларға, жоғары технологияларға, әскери мақсаттағы өнімдерді және мұнай-газ жабдықтарын жеткізуге тыйым салу, әуе көлігіне қызмет көрсету, көлік және визалық бағыттарға қатысты санкциялардың 10 пакеті енгізілді. Мұндай жағдайда Қазақстанды Ресейдің санкцияны айналып өту алаңы ретінде пайдалануға жол бермеу – аса маңызды шарттың бірі. Өйткені ол Қазақстанға қатысты қайталама санкциялар енгізу салдарына әкеп соқтыруы ғажап емес. Еуропалық Одақ Кеңесі санкцияны айналып өтуге көмектесуді қылмысқа теңестіру туралы шешім қабылдағанын атап өткен жөн. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы Қазақстанды санкцияларды айналып өту алаңына айналдырмас үшін бірнеше рет кеңес өткізді. Осы тұста мүше елдердің арасында Еуразиялық одақ шеңберінде тауарлар мен қызметтердің жүріп-тұру бостандықтары туралы шарт бар екенін де ұмытпау қажет. 

Қазақстан үкіметі Ресейге қарсы санкциялардың ел экономикасына теріс әсерін болдырмау, оның ішінде қайталама санкцияларға жол бермеу бойынша жұмыс жүргізуде. Осыған орай, Үкіметтік деңгейде тұрақты негізде Еуропалық комиссиямен және АҚШ әкімшілігімен кеңес жүргізілуде. Қазақ Үкіметі 1 сәуірден бастап Ресейге қайта экспорттау бойынша ел арқылы өтетін тауарларды қадағалау тетігін іске қосты. 

Қазақстан әлемнің барлық елдерімен достық қарым-қатынастарды терең дамытып, жаһандық басқаруға белсенді қатысады және елдің даму мүдделері мен қауіпсіздігін қорғай отырып, өзекті мәселелерді шешуді ілгерілетуді жалғастыруда. 

Қазіргі кезде еліміз әлемнің 186 мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатты және 70 мемлекетте 104 шетелдік мекемелер ашылды. 2020 жылғы наурызда «2020-2030 жылдарға арналған сыртқы саясаттың жаңа тұжырымдамасы» қабылданды, ол қазақстандық дипломатияны одан әрі жетілдірудің негізі болып саналады. Бұл құжат халықаралық аренада ұлттық мүдделерді ілгерілетудің стратегиялық басымдықтары мен тетіктерін айқындайтын базалық қағидаттарды қалыптастырады. Тұжырымдама сыртқы саяси бағыт негіздерінің сабақтастығын – көпвекторлықты, тепе-теңдікті, прагматизмді және ұлттық мүдделерді қорғауды көздейді.  


Дәулет АСАУ

Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...

Спорт

Қазақстандық Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иан Гэрри арасындағы айқасқа екі аптадан сәл-ақ астам у...